Ұстаздар сайты u-s.kz Сайттың атауы www.u-s.kz
» » Мақан Мәмиұлы Баймурзин


Мақан Мәмиұлы Баймурзин

Мақан Мәмиұлы Баймурзин

Гүлнар Серікханқызы Апеева

Қазақ әдебиеті мен мәдениетінде өлкетану мәселесі ерекше маңызға ие. «Отанды сүю отбасынан басталады» деген жаттанды сөз болып көрінгенімен, сол сөздің астарына шын мәнінде көңіл қойып, зейін сала бермейтініміз рас. Ал, шындығында, өзі туып-өскен өлкесін білмейтін жанның өзгеге ден қоя қоюы екіталай. Тіпті басқа елге, өзге жұртқа қызығушылық танытқанымен, өзінің жерін білмегендіктен де оның дүниетанымы жадағай тартып тұратыны екінің біріне мәлім.
Маған осы мәселе төңірегінде алғаш ой салған ғылыми жетекшім профессор Еспенбетов Арап Сләмұлы болатын. 2001 жылы үшінші курста оқып жүрген кезімде қазақ әдебиетінің тарихы пәнінен курстық жұмыс жазатын едік. Соған жетекшімнен тақырып алуға барғанда, ол кісі маған «Өз ауылыңда кімдер бар?»,-деген сауал қойды. Міне, сол сәтте өз ауылымнан шыққан ән мен сөзге жақын қайраткерлерді бір мәрте ой тізбегінен өткізіп шыққан едім. Сол мезеттен бастап, жергілікті ақын-жазушылардың шығармашылығына үлкен мән беріп қарай бастадым. Бұл менің курстық жұмысты «Мақан Баймурзин», дипломдық жұмысты «Ақсуат өңірінің ақындары» деген тақырыпта қорғауыма негізгі мұрындық болды.
Туған елге ат басын көп тірей бермейтініміз рас. Бұл тақырып төңірегінде біраз ізденіс жұмыстарын жүргізу алдағы уақыттың еншісінде. Қазір біз өз кезінде аудан мақтанышы болған Мақан Мәмиұлы Баймурзиннің шығармашылығына, қазақ әдебиеті мен мәдениетіне қосқан үлесіне тоқталғанды жөн көрдік.
Ақсуат жұртын өзінің сегіз қырлы, бір сырлы талантымен тәнті еткен айтулы ақын, сазгер, режиссер Мақан Мәмиұлының есімі ел ішінде өзгеше бір салауатпен аталады. Ақын 1928 жылы осы аталған ауданның Қызылкесік ауылында қарапайым жанұяда дүниеге келген. Ел ішін жайлаған індет салдарынан болашақ өнерпаз туған еліне тек жігіт ағасы болып оралады. 1931-1955 жылдар аралығындағы өмірі Қытай жерінде өткен. Келе-ақ қолына күрек пен қаламды қатар алып, жыл өте келе өнердің әр алуан саласында өз бағын сынаған Мақан ақын жұлдызы жана түскен. Тоғыз түрлі аспапта ойнап, сахараны күңіренткен әнші, композитор, актер, режиссер Мақан ақынның «топ жарған», «сал ақын», «сегіз қырлы, бір сырлы» аталуы қашанда болмасын талант дарынына төреші халық ықыласының кепілі еді.
Тумысынан дарынды ақын өз талантының, еңбекқорлығының нәтижесінде елге орала салысымен-ақ шығармашылық ісін қолға алады. Кезінде ғалым Қ.Мұхамедханұлының «Шәкәрім өз өмірін өзі жазып кеткен» дегеніндей Мақан ақынның елге оралғаннан кейінгі өлеңдері мен «Жылдар атты» поэмасы оның өз өмірінің тұтас шежіресін түзетінін баса айтқан жөн.
Жыл келді мың тоғыз жүз елу жеті,
Жазылып тарқай берді іштің дерті...
Сол жылы лауреат атақ алдым,
Ән мен сөзден жүлдені матап алдым,- деген ақын шығармашылық сараптама ретінде жазылған, өзінің өмірінің бүкіл мәнді кезеңін қамтып, өнер биігінде сатылап өсу деңгейін танытатын осы «Жылдарында» ойын төмендегідей сабақтаған:
Мың тоғыз жүз жетпісте алдым атақ,
Өнерім өркендеді бәрі қаптап.
Бұл жолдардың ақиқатына осы жылдар аясындағы еңбегінің нәтижесі болған әр түрлі дипломдар мен марапаттау қағаздары куә.
Баймурзин – ел ішінде әрбір қырынан кеңінен мәлім өнер иесі дедік. Жоғарыда атаған «Жылдарында»:
Режиссер, композитор, ақын, әнші,
Тігінші, суретші деп елім мақтап,-
деген жолдар осы ойдың үстеме дәлелі. Шындығында айтыскер мақан ақын дауысы Біржан сал мен Мәдидің үнінен кем болмаған десек артық айтпаймыз. Кезінде Қалихан Алтынбаев Ақсуаттан шыққан кей тұлғаларды атай келе:
Дауысқа Біржан салдай мықты Мақан
Солардың ортасынан шықтың Мақан,
деп аса жоғары бағаласа, ақынның өзі енді бір өлеңінде:
Гармон тисе қолыма,
Кетуші едім шешіліп.
Алты қырқа астынан
Тұратын үнім естіліп-
деп жырлайды. Сондай-ақ бесаспап Мақан ақын бірнеше әннің де авторы. Сөзі мен әуенін қатар жазған «Ақ тоты», «Жанерке», «Таң шолпаны», «Өткізбе күнді бекерге» сияқты облыстық композиторлар байқауына қатысқан әндері мен бірнеше сахналық хорлары белгілі. М.Елемесов «Жігіт серігі-өнер» атты мақаласында бұл хақында «М.Баймурзин жолдас әуесқой композитор. Ол шығарған оннан астам ән аудан жастарының арасынгда кеңінен тараған. «Ел жүрегі - партия», «Мұғалімдер жыры», «Ақсуат жастарының вальсі» атты әндері көпшіліктің жүрегіне ұялаған»,-дейді. «Тарбағатай – малды аймақ», «Ақсуат жастарының жыры», «Желдірме Семейім» әндерінің әуені үшін 1962 жылы 8 тамызда дипломмен марапатталған. 1987 жылғы «Иртыш» газетіндегі «И слова, и песня» атты мақалады «М.Баймурзин совмещает в себе организатора художественной самодеятельности и пропагандиста, редактора степной газеты и библиотекаря, лектора и акына», - деген пікір айтады.
«Қызылкесік ауылым» әні осы күні де ауыл жастарының арасында жиі орындалса, «Қызылкесік-Қызылтас» әні біздің бала күнімізде ауыл қарттарының той-томалақта ә дегеннен ауызға ілігері болатын. Алматыда 1993 жылы жарық көрген «Жастық шақ әуендері» жинағына ақынның бес-алты әні енген.
Мақан ақын өнері бір-бірімен ұштас, қоян-қолтық сабақтаса өріледі. Оның актерлік қызметі ең алғаш сықақ оқудан басталған. Семейде он ая баянистер курсында оқып жүріп, қаладан өткен жастар фестивалінде сықақ оқудан бірінші дәрежелі дипломмен мараптаталады. Бұдан кейін іле-шала ауданның өнерлі жастарын бастап, Алматыға барған сапарында да табысты оралған осы жолы ауданның көркемөнерпаздар үйірмесі халық театры атағын алып қайтады. Мейрам Оралов «осы жұрт көңілінен шыққандардың ішінде бір жігіттің үлесі ерекше еді. Ол «Социалистік Қазақстан» газетіне суреті басылып, респубикалық фестивальдің лауреаты атанған Мақан Баймурзин болатын»,-деп көрсетеді.
Мақан ақын он үш жыл бойы халық театрының режиссері болып, үлкенді-кішілі 57 драманы сахнаға шығарған. Алғашқы режиссерлік қызмет Ғ.Мүсіреповтің «Қыз Жібек» пьесасын сахнаға шығарудан басталып, онда өзі Базарбай ролін ойнайды. Оның режиссерлігі турасында М.Ибраев пьесаның декорациясы, костюмдері шығарманың мазмұнымен астасып сахнада шебер қойылуына ерекше мән бере отырып, 1976 жылғы «Лениншіл жас» газетіндегі «Өнер көзі - халықта» атты мақаласында «семей облысында 11 халық театры бар... Облыс аудандары арасында тұңғыш рет «Халық театры» атағын жеңіп алған ақсуаттықтар еді»,-десе, Советхан Түсіпов «Айрықша атап өту керек, театр қатарын нығайтып, оның шын мәнінде халық театры деген атаққа сай жұмыс істеуіне ықпал жасаған, сөйтіп құрылтай шыңдап, сомдандырған адамның бірі – театрдың бас режиссері М.Баймурзин»,-дейді. Ал М.Ибраев «Әсіресе осы спектакльді қоюшы М.Баймурзиннің өзіндік беті, қолтаңбасы айрықша ықыласқа ие болды. Мақан әзірлеген бұл драма талғампаз облыс көрермендерінің көңілінен шығып, аудан өнерпаздары бірінші болып, халық театры атағын жеңіп алды»,-деп ойын қорытады.
Өзі әнші, музыка аспаптарының барлық түрінде ойнайтын Мақан ақынның сан қырлы өнері бар. Ол ағаш шебері, етікші, суретші. Аудандық халық театрының қаз тұрған шағында оның осы өнерлерінің ұшан теңіз көмегі тигені анық.
Өнердің әр алуан саласында өзінің айшықты да бедерлі ізін салған ақынның әдебиетте де қалдырған мол мұрасы, қосқан үлесі өзіндік орын алады. Ол облыс көлеміне айтыс ақыны ретінде мәшһүр болған. Өз замандастары арасында үлкен бедел иесі болған ақын турасында С. Түсіпов бірде «мақан есімі жұртшылыққа бұрыннан таныс. Оның кең тынысты үні кім-кімнің де болса жадында. мақанды біз ең бірінші ақын ретінде білеміз. Талай рет облыстық ақындар айтысына қатысып, жүлделі орын алып қайтып жүр»,-дейді. Ел ішінде «Елден ерек мақамы, Баймырзаның Мақаны», сондай-ақ халық өз кезінде сөзге уәж бермеген адамға «мынаған Мақанның мақамы дарыған ба?»,- дейтін сөз тараған екен. Ол алғаш рет 1967 жылы Қазан төңкерісінің 50 жылдығына арналған облыстық ақындар айтысында жүйріктігін танытып, Қалихан Алтынбаевпен бас жүлдені бөлісіп қайтқан жолында-ақ облыс жұртшылығының ризашылығына бөленген. Бұдан кейін де сан мәрте айтыстарда жүлделі орындарға ие болған.
Кезінде белгілі шұбартаулық ақын Төлеу Көбдіков:
Семейде менен басқа сегіз ақын,
Бәрі де тілінен май тамызатын- деп айтыс өнерінің атақты саңлақтарының санатында атаған Мақан Баймурзиннің барлық жиырмаға тарта айтыстары мен өлеңдері, мысалдары, сөзі мен әуенін қатар жазған әндерін, поэмаларын топтастырған мезетте соңына айтарлықтай мұра қалдырған, айтыс өнерінің кезеңдік даму сипатына өзіндік үлес қосқан айтулы ақын екендігі сөзсіз.
Тұрмыс ағымына икемделе мәдени қызмет пен қоғамдық жұмыстарды ұштастырып отырған, бірнеше саланың тізгінін қоса қабат ұстанған ақынның есімі бүгінгі күні аудан тарихында алтын әріптермен жазылып жатса, оның барлығы еңбекпен ұшталған табиғи таланттың жемісі дер едік.
Қазақ әдебиеті мен мәдениетіне елеулі үлес қосқан осындай тұлғалардың шығармашылығын жинақтап, зерттеп-зерделеу күн тәртібіндегі маңызды мәселелердің бірі болмақ.


Соңғы жарияланған материалдар тізімі
Айтыс өнер, айтыс түрлері-қайым, түре және сүре
Абай Құнанбаев шығармашылығы.
Абай Құнанбаев шығармашылығы.
Жырлары мөлдір бұлақтай.
Жырлайды жүрек
ТҰЛА БОЙЫ ТҰНҒАН ӨНЕР БІРЖАН САЛ ҚОЖАҒҰЛҰЛЫ (1834-1897)
Иран Тасқараұлы Тасқара (Ильяшев)
Ауылым - әнім
Қазақ поэзиясының Хантәңірі
Жырлайды жүрек
Бөлім: Статьи / Баяндама | Көрсетілім: 1650 | Қосты: NA | Ілмек сөздер:
Информация
Посетители, находящиеся в группе Гости, не могут оставлять комментарии к данной публикации.
Бөлімдер
Ұстаздарға
Ата-аналарға
Біздің мектеп
Баяндама
Эссе
Оқушыларға
Конкурс ең үздік шығарма
Ең үздік шығарма конкурсына арналған. Шығармаларды осы жерде жазамыз