Соңғы жарияланған материалдар тізімі
Бөлім: Уроки / Ашық сабақтар |
Көрсетілім: 30685 |
|
|
|
Махамбет поэзиясындағы батыр бейнесінің көркемдік сипаты
Махамбет поэзиясындағы батыр бейнесінің көркемдік сипаты
Жалпы, қазақ тіл білімінде Махамбет шығармаларына қатысты жарық көрген үлкенді-кішілі ғылыми-зерттеу еңбектер баршылық. Солардың ішінде, ақын шығармаларын тілдік тұрғыдан талдауға, мысалы, ондағы көнерген сөздердің этимологиясын анықтауға арналған академик Р.Сыздықованың, ақын өлеңдеріндегі көркемдеуіш-айқындауыштық тәсілдердің қолданысын қарастырған ғалым Қ.Өмірәлиевтің зерттеулерін айтуға болады. Сондай-ақ соңғы уақытта ақын мұрасын тұтас күйінде зерттеген Ғ.Әнестің «М.Өтемісұлы өлеңдерінің лингвотекстологиясы» атты диссертациялық ғылыми жұмысы бар. Дегенмен, Махамбет шығармалары тек осы аталған ғылыми еңбектер негізінде толық зерттеліп болды деген пікір тумаса керек. Махамбет өлеңдерін оқыған кез келген оқушы оның өлеңдерінен ақынның өмірлік ұстанымын айқындайтын, оны ержүрек батыр ретінде танытатын, тыңдаушының жүрегін тебірентетін аса құдіретті көптеген сөз қолданыстарын кездестіре алады. Бұл орайда, ақынның мектеп бағдарламасында бар «Ереуіл атқа ер салмай» өлеңін оқығанда көз алдыңызға күрескер ақын бейнесі, «Мен, мен, мен едім» өлеңін оқығанда ауыздығымен алысқан «ереуіл ат» үстінде «егеулі найза» ұстап, «Жайық үшін жандасып, Еділ үшін егесіп», «қара қазан, сары баланың қамы үшін» басын өлімге тіккен жаужүрек батыр бейнесі елес беретіні сөзсіз. Бұл Махамбеттің батырлық тұлғасын танытатын, оның жүрегінен шыққан көркем сөздің құдіреті. Ақын өмірінің мәні мен мазмұны болған – еркіндік, сол еркіндікке қол жеткізу үшін болатын күрес – соғыс, сол күрестің қозғаушы күші, шайқастың ұйтқысы – батыр, сол батыр сенер құдіретті күш – көктегі тәңірі, жердегі туған елі мен жұрты, атамекен туған жері Махамбет поэзиясының негізгі арқау өзегі болып табылады.
Батыр ұғымы жаужүрек ақын, ел азаттығы үшін күрескен сөз шебері Махамбеттің көркемдік әлемінде ерекше мәнге ие болған. Ақынның рухани ұранына айналған еркіндікке қол жеткізер бірден-бір айқын бейне оның поэзиясында ер, ерлер деп аталатын ұғымдар арқылы беріледі. Сондай-ақ батыр ұғымына қатысты оның сырт келбеті мен даусын, күші мен шыдамдылығын, айбаты мен мінезін т.б. қасиеттерін көрсету үшін балама теңеу ретінде арғымақ ат, нар түйе, қыран құс, арыстан, емен секілді бейнелі сөздер қолданылады. Бұлардың әрқайсысы халық танымындағы батыр ұғымын нақтыландыра түсетін сөздер. Ұлттық танымда қалыптасқан аңғал, ержүрек, адал батыр бейнесі Махамбет өлеңдерінде тілдің көркемдеуші-айшықтаушы құралдары арқылы бейнелі түрде қолданыс тауып, өткірлене, айқындала түседі. Мысалы: Еңселігім екі елі, Егіз қоян шекелі, Жауырыны жазық, мойны ұзын, Оқ тартарға қолы ұзын, Мен - Өтемістің баласы, Махамбет атты батырмын.
Сонымен қатар, Махамбет поэзиясында батыр бейнесі көтеріліс қолбасшысы Исатай батыр образы арқылы көрініс табады. Жалпы, батыр бейнесін сомдауға қатысты шумақтар ақынның Исатай батырға арнаған өлеңдерінде мол кездеседі. Ақын Исатай батырды жалпақ елдің ғана емес, өзінің де арқа сүйер азаматы, бауырындай болған ағасы ретінде сипаттайды.
Мысалы: Исатай деген ағам бар,
Ақ кіреуке жағам бар.
Немесе: Құрттайымда өсіп ем,
Бауырында паналап,
Алдымда асқар тау еді,
Соңынан ерсем ағалап.
Исатайдың барында,
Екі тарлан бөрі едім.
Махамбет өлеңдерінде халық ұғымындағы батыр бейнесі оның айрықша келісті сырт келбеті мен сымбатты сұлу дене бітімі арқылы танылады. Мысалы:
Кермиығым, кербезім,
Керіскідей шандозым!
Құландай ащы дауыстым,
Құлжадай айбар мүйіздім!
Қырмызыдай ажарлым,
Хиуадай базарлым!
Теңіздей терең ақылдым,
Тебіренбес ауыр мінездім!
Сондай-ақ Махамбет өлеңдерінде Исатайдан басқа көтерілістің бел ортасында жүрген Қабыланбай, Қалдыбай, Рысалы, Кебек, Ерсары, Жақия т.б. бірқатар батырлардың есімдері аталады. Ал батыр бейнесінің өзегі болып танылған Исатай образы халық танымына сәйкес батырлардың типтік образының жиынтық үлгісі ретінде алынады.
Махамбет поэзиясында батыр ұғымының мазмұнын толық ашу үшін арғымақ ат, қыран құс, қара нар секілді т.б. толып жатқан бейнелі сөздер мен тіркестер кеңінен қолданылады. Қазақ халқының әлеуметтік тұрмыстық өмірінде ерекше орын алатын төрт түлік малға, ұшқан құс, жүгірген аңға тән қасиеттер мен сын-сипаттарды ақын батыр бейнесін сомдау үшін шебер пайдалана білген. Әсіресе, қазақ ұғымындағы «ер қанаты – ат» ақын өлеңдерінде жиі жұмсалады. Мысалы, ереуіл ат, арғымақ ат, көк бедеу, көк жұлын, тарланбоз, тұлпар, құла, құлаша, жирен, күрең, шұбар, күлік, жабы т.б. жылқы малына қатысты қазақы қолданыстар мол кездеседі. Мысалы: Арғымақ, сені сақтадым, Құлағың сенің серек деп, Азамат, сені сақтадым, Бір күніме керек деп. Жабыдан туған жаман ат, Шаба алмайды бөжектеп, Қырдан қиқу төгілсе, Арғымақтың баласы, Шабушы еді безектеп.
Құйқылжыған құла жирен ат мінген,
Құйрық-жалын шарт түйген,
Мен кескекті ердің сойымын.
Көк бедеуді бауырлап, Шабамын деп сен тұрдың.
Көк жұлынды жетелеп, Қабырға, қол сөгіліп,
Арғымақ ат бүгіліп, Талай жүрдік далада, Әділ жаннан түңіліп.
Аса шапқан құлаша ат, Зымырандай болған күн.
Топтан озған тарлан боз, Тұрасынан айырылса, тасты басып тұра алмас.
Күнқақты ердің астында, Көп жүгіретін күлік бар.
Ат туар ма шұбардай, Ер туар ма бұлардай.
Жайықтың бойы көк шалғын, Күзерміз де жайлармыз.
Күлісті сынды күреңді, Күдірейтіп күнде байлармыз.
Осылайша, ер серігі ат ұғымы арқылы ақын өлеңдерінде батыр бейнесі барынша айқындалып, сомдала түседі.
Махамбет поэзиясында батыр бейнесін ажарландыруда арғымақ ат бейнелі тіркесімен қатар нар түйе тіркесі де қолданылған. Қазақ ұғымында төрт түліктің киесі саналатын түйе малына қатысты қара нар, қас үлек, аруана, атан, нар, айыр, жампоз, буыршын тәрізді бейнелі аталымдар батырға тән төзімділік пен мықтылықтың символы ретінде алынады. Мысалы: Толарсақтан саз кешіп, Тоқтамай тартып шығарға, Қас үлектен туған қатепті, Қара нар керек біздің бұл іске. Маң-маң басқан сары атан, маңғыстап шығар өріске.
Немесе: Қалы кілем, қара нар,
Жарасады қатарға,
Аруана жисаң жарасар,
Ұлы күнде сапарға.
Махамбет өлеңдерінде батыр аңсаған еркіндіктің, тәуелсіздіктің символы ретінде құс, қыран құс атаулары да мол орын алады. Жалпы, ақын өлеңдерінде лашын, ақ сұңқар, бүркіт, қызғыш құс, үйрек, аққу, қаршыға, құмай, қоңыр қаз, қарақұс, шағала, қу, қасқалдақ, ителгі, ақ тұйғын, көк үйрек, қалықпан, қырғауыл, бозторғай т.б. толып жатқан құс атаулары теңеу, метафора түрінде жиі қолданылады. Бұл атаулардың мазмұнында шырқау биікке самғай алатын құстарға тән еркіндік, қыран құстарға тән тектілік ұғымдары жатыр. Мысалы:
Мен – қарақұстан туған қалықпан, сөйлер сөзге жалықпан.
Немесе: Мен – ақсұңқардан туған құмаймын, бір сұңқарға жұбаймын.
Сауырыма қамшы тигізіп, Шаппай неғып шыдаймын.
Аспанда ұшқан ақ сұңқар, қолымда тұйғын, лашын.
Қосылған жаста арудың, көре алмай кеттім құлашын.
Қорыта айтқанда, Махамбет поэзиясынан ел еркіндігі үшін ереуіл атқа ер салған батыр ақын бейнесі айқын көрінеді. «Дұшпанына келгенде, Тартынбай сөйлер асылмын» деп ел мұңы, халық қамы үшін сөйлегенде, басына төнетін қатерге қарамайтын өжеттілік – ақынның айырықша батырлық қасиеті.
Соңғы жарияланған материалдар тізімі
Информация
Посетители, находящиеся в группе Гости, не могут оставлять комментарии к данной публикации.
Посетители, находящиеся в группе Гости, не могут оставлять комментарии к данной публикации.
Бөлімдер
История открытые уроки по истории |
Педагогика открытые уроки по педагогике |
Биология открытые уроки по биологии |
Информатика открытые уроки по информатике |
Математика открытые уроки по математике |
Физика открытые уроки по физике |
Химия открытые уроки по химии |
Разное открытые уроки |
География Открытые уроки по географии |
русский язык |