Ұстаздар сайты u-s.kz Сайттың атауы www.u-s.kz
» » Мектепалды даярлық – білім бастауы


Мектепалды даярлық – білім бастауы
«Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында» мектепке дейінгі ұйымдар мен мектептер арасындағы байланыс басты мәселе болып отыр. Бұл мәселенің негізгі басты проблемасы жүйелі оқуға дайындау. Мектепалды даярлық балалардың психикасының басты ерекшелігі – баланың тез қабылдайтындығы. Осыған байланысты мағлұмат беретін сөздерді оңай меңгереді. Балада тіл мен танымдық процестерді игеруге деген құлшыныс байқалады. Осы шақта тіл екі бағытта дамиды: бірінші бағытта сөздік қоры қарқынды жинақталып, айналадағы адамдармен сөйлейтін тілдің морфологиялық жүйесі меңгеріледі, тілдің әсерімен танымдық процестер: зейін, қабылдау, ес, елестету, ойлау жаңаша өзгерістерге ұшырайды. Сөздік қордың артуы мен танымдық процесінің дамуы тұрмыс пен тәрбие жағдайына тікелей байланысты.
Баланың психикасын дамытудағы басты фактор – баланың өзіндік нанымын дамытуға көңіл аудару. Баланың жан дүниесімен сырласу арқылы оның бойында ұнамды қылық пен жағымды мінез қалыптастыру, айналасындағы адамдармен қарым-қатынас жасауға ұйрету. Көңілі көтеріңкі бала өзі істеген әрекеттерді сенімдіділікпен орындайды. Сабақ процесінде баланың ойлау әрекеттерін өрістету үшін оқып-үйретуге қажетті нәрселерін ұстатып, түрлі әрекеттер жасау тиімді. Әр алуан қимыл-қозғалыстар арқылы бойындағы күш-қуаты мен іс-қимылын жетілдіретін қызықты ойындармен шұғылдандыру қажет. Ондай ойын түрлері баланың сан қилы ситуациялық жағдайға шапшаң икемделуін дамытып, олардың тапқырлығы мен оралымды болуын талап ететін жарыс түрінде ұйымдастырған негіз. Мектепалды даярлық тобында оларды оқыта отырып, алдына мынадай қағидаларды мақсат етеді:
1. Әр баланың бойындағы жеке қабілетін анықтау.
2. Баланың бейімділігіне қарай қабілетін шығармашылық дағдысын қалыптастыру үшін оларды жеткілікті түрде жаттығу жұмыстарымен, көмекші құралдармен қамтамасыз ету.
3. Балалардың ерекше және пайдалы деген ойларын, пікірлерін, еңбектерін бағалап, мадақтап отыру.
4. Сұрақ қоя білуге және жауап беруге үйрету.
Мектепалды даярлық тобындағы балалар өзінің алдына қойған белгілі бір ойларын, мақсаттарын шындық жолмен шешуге тырысады. Ол өзіне нақты жағдайды көз алдына келтіріп, өзінің танымында әрекет етеді. Мектепалды даярлық тобындағы балалардың жеке тұлғалық дамуы жаңа білімді меңгеруімен, жаңа сапа мен қажеттіліктің пайда болуымен сипатталады.Баланың сезімталдығы, интеллектуалдылығы, іс-әрекеті, күш-қайраты дамиды.
5-6 жастағы балалардың сөздік қорының дамуы негізгі екі бағытта жүреді: біріншіден сөздік көбейеді, тілдің морфологиялық жүйесін меңгереді; екіншіден сөз-таным процесі қалыптасады(зейін, ес, ақыл-ой, қиял, қабылдау). Осылар арқылы сөздіктің кеңеюі, грамматикалық қатарының дамуы өмір жағдайынан туындайды. Көркем әдебиет бойынша балалар сурет негізінде сөйлеуге, ойлау қабілеті арқылы сөз, сөйлемдерді байланыстырып айтуға, жұмбақ шешуге, жаңылтпаштарды жаңылмай айтуға, ұлттық салт-дәстүріміз бен ұлттық киім үлгілері, ою-өрнектің сырларымен, табиғаттың таңғажайып сыйларымен, тәрбиелік тағылымы мол әңгімелерімен танысады. Мектепалды даярлық тобындағы балада жеткілікті дамыған қиял қалыптасады. Бала өзінің қиялында өзін жақсы көрсететін түрлі жағдайларды ойластыра алады. Ойын барысында қалыптаса отырып, қиял іс-әрекеттің басқа да түрлеріне ауысады. Бұдан шығармашылық сипатында үлкен вариативтік байқалады: бір балалар ақиқат шындықтың қайта құрылуына бағытталса, басқалары фантастикалық бейнелер мен жағдайлардың құрылуына бағытталады Суреттегі ертегілердің ішінен «Мен сиқыршы болсам» деген тақырыпты оқытқанда баланың арманын, қиялын, ақыл-ойының ұшқырлығын байқауға болады. «Арманы бар адамның,бойында қайнар қуаты, алдында жанар мұраты бар» деген дана сөздердің мәні түсіндіріледі. «Бала тәрбиесі-бесіктен» деген тәрбиелік ұғымды әрдайым есте сақтаған қазақ халқы баласын алдымен , халықтық дәстүрде тәрбиелеуді ұстанған. «Автобустағы оқиға» тақырыбын өткенде берілген екі суретті салыстыра отырып, айырмашылығын айыра алады. «Атаңа не істесең, алдыңа сол келеді» мақалының мағынасы ашылып талданады. Халық қашан да өскелең ұрпақты тәрбиелеудің мәнін, оның қиындығы мен қуанышын , одан шығатын нәтижені біліп отырған. Осы тұрғыдан қарағанда, ауыз әдебиетіндегі шағын жанрлар – мақал-мәтелдер, жұмбақтар, санамақтар, жаңылтпаштар, ойын-өлеңдерінің әрқайсысының баланың ой-өрісін, дүниетанымын, қиялын, тілін дамытуда, тәлім-тәрбиесінде алар орны ерекше. Мақал-мәтелдер – ұзақ жылдар бойы халықтың іс-тәжірибесінен түйінделген даналықтың жемісі. Мақал-мәтелдер –әр кезеңде ата-бабалардан ұлағатты сөз, парасатты ой ретінде ұрпақтың еншілеген мол қазынасы. Олар көлемі жағынан шағын болғанымен, мазмұны кең, ойы терең, тілі өткір де бай мұра. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінінде халықтың өмір сүру барысындағы тәжірибесі, көңілге түйген ақылының кені жатыр. Мысалы: тіл өнері, сөз қадірі туралы мақал-мәтелдердің де үйретері мол.
Тіл қылыштан өткір.
Ойнап сөйлесең де, ойлап сөйле,- деп ескерткен.
Мақал-мәтелдер балаға айтатын ойын қысқа да нұсқа түрде жеткізуге үйретеді, сөз қадірін түйсіндетеді.
Баланың ойлау қабілетін дамытатын, танымын кеңейтетін тамаша үлгінің бірі – жұмбақ. Ол халықтың ойынан, қиялынан туған ұшқыр да бейнелі шығармасы. Қазақ халқында жұмбақ ерте заманнан қолданылып, қарым-қатынас жасаудың ерекше бір құралына айналғаны белгілі. Үлкендер арасында адамды тану, сынау, әзіл-қалжың, шешендік шеберлігін байқату ойын түрінде қолданылса, балалар үшін жұмбақты дүниенің қыр-сырын білдіртуге, танымы мен қиялын ұштауға, тіл шеберлігіне, ой жүйріктігіне баулу мақсатында қолданылған. Жұмбақтар нәрсенің, заттың, құбылыстың жалпы сыртқы көрінісін сипаттау, ішкі мазмұнын білдірту, екінші бір нәрсемен салыстыру, нәрсеге теңеу, ұқсату, баламалау, әсерлеу мазмұнында беріледі.Жұмбақтың осындай тілдік ерекшеліктерін балаға анықтап жеткізе білу, туған тілінің байлығын сезінуге, тілдік қолданыс ерекшеліктерін тануға,сөз сипаттау, сөйлеу мәдениетін үйренуге, өз ойын шебер де мәнерлі етіп жеткізе білуіне, шығармашылық қабілетін өсіруге көптен-көп көмегін тигізеді.
Халық ауыз әдебиеті үлгілері ішінде балаларға арналған жаңылтпаштардың да өзіндік мәні бар. Әдетте жаңылтпаштар айтылуы қиын, жеке дыбыстар мен сөздерден тұрады. Мысалы: «р» дыбысын дұрыс айтуды
Торта қойдым,
Орта қойдым.
Орта қойдым,
Жорта қойдым,- деп, жаңылтпаш арқылы үйренеді.
Жаңылтпаштар баланы мүдірмей, шапшаң сөйлеуге үйретеді, тіл мүкістігін түзетеді, сөйлеу манеріне жаттықтырады. Жаңылтпаштар баланы сөз мағынасын бұрмаламай, абайлап, анық сөйлеуге үйретеді. Айналадағы көріністермен, құбылыстармен таныстыратын қызықты жанр. Мектепалды даярлық тобында «Қатынас» білім саласы, сауат ашу және жазу ұйымдастырылған оқу іс-әрекетінде сөйлем, сөз, буын, дауысты, дауыссыз дыбыстарды ажырата білуге үйретеді. ҰОІӘ кезінде балалардың тілін ширатуды сөз, сөйлем ойлау, сурет бойынша әңгіме құрау, ребус сөзжұмбақтарды шешу кезінде ойын өлеңдерінің атқаратын рөлі зор. Ауыз әдебиетіндегі «Қуыр-қуыр-қуырмаш», «Ұшты-ұшты», «Кім керек?» т.б. ойын өлеңдері баланың танымын кеңейтіп, байқампаздыққа, зеректікке тәрбиелейді. Сол сияқты жан-жануарлар, аң-құстар, табиғат құбылыстары жайында «Бір қазан сүт», «Қарға, қарға, қарғалар», «Сауысқан», «Түйе, түйе, түйелер» т.б. өлең-тақпақтар да баланың танымын кеңейтіп, тілдерін ширатады. Мысалы, «Бір қазан сүт» өлеңі арқылы іс-әрекеті кезіндегі қалпын, өзіне тән дыбысталуын біледі, ол дыбыстарды бейнелейтін сөздерді үйренеді. Осыған еліктеп, басқа да құстардың, аңдардың дыбыстануына мән бере бастайды. Балалардың тілін ширатуда, сөздік қорын молайтуда, бейнелі, көркем сөйлеуге үйретуге, сөйлеу мәдениетіне тәрбиелеуде «Қуыршақ театрының» атқаратын маңызы зор. Баланың көркем әдебиетте оқыған қазақ ертегілерін тек қана сөйлем құрап сөздік қорын молайту емес, асқан шеберлікпен рөлдерге бөліп орындауда дауыс екпініне мән беріп, ертегі кейіпкерлерін бейнелеуде жауапкершілікті, шеберлікті қажет етеді. Баланың жағымды және жағымсыз кейіпкерлерді бейнелеуде балаға берер тәрбиенің мәні зор. Мысалы: «Қарылғаштың құйрығы неге айыр?», «Мақта қыз бен мысық», «Қожанасыр мен хан», «Алдар көсе мен Шықбермес Шығайбай» ертегілерін орындауда адам бойындағы жақсы, жаман қасиеттерді, сараңдық пен қулық сияқты мінездерді ажыратып әшкерелейді. Сонымен қатар, балалардың ішінен кейбіреулері дыбыстарға тілі келмей қиналатын тәжірибеде жиі кездеседі. Сондықтан, баланың сөз манеріне зер салу, оны жетілдіру ісі асқан ыждағаттылықты қажет етеді. Сөздің дыбысталу ерекшелігін байқап, үн ырғағына, дауыс екпініне мән беріп, тек сөздің, дыбыстың айтылу мәнісіне ғана емес, сөйлеу мәдениетін қалыптастыру ең басты міндеттеріміздің бірі болып саналады. Баланың ана тілін жүйелі таза, еркін сөйлеу тәсілдерін мектепке дейінгі кезеңде меңгертуге тиіспіз. Мектепке дейінгі қоғамдық тәрбие халыққа білім беру жүйесіндегі сәбилерді жан-жақты тәрбиелеуде ең негізгі , жауапкершілігі зор бастауыш саты болып табылады. Неге десеңіз, адам баласына тән қасиеттер бала бойында осы кезеңде қалыптасады. Сондықтан да мектепке дейінгі тәрбие орындарында жүйелі білім беру мектептегі оқытудың басты ірге тасы болып табылады.
Соңғы жарияланған материалдар тізімі
Балабақшада 2-3 жасар балалардың тілі мен қимыл-қозғалысын дамыту
"Балабақшада ойын арқылы балалардың сөздік қорларын дамыту жолы "
«Балалардың көркем сөйлеу мәдинетін қалыптастыру»
Қоршаған ортамен таныстыру арқылы тілін дамыту.
« Балабақшада мемлекеттік тілді меңгеруде қолданатын әдіс-тәсілдер мен технологиялар»
Халық ауыз әдебиетінің бала тілін дамытудағы ролі Халық ауыз әдебиеті – халық шежіресі
Мектепалды даярлық топтарында ойын арқылы оқыту
Бастауыш сынып оқушыларын шығармашылыққа баулу
Жеткіншектердің ойлау қабілетін дамыту мақсатындағы ойын технологиясының маңызы
Ойын арқылы баланың тілін дамыту (баяндама)
Бөлім: Статьи / Баяндама | Көрсетілім: 4133 | Қосты: NA | Ілмек сөздер:
Информация
Посетители, находящиеся в группе Гости, не могут оставлять комментарии к данной публикации.
Бөлімдер
Ұстаздарға
Ата-аналарға
Біздің мектеп
Баяндама
Эссе
Оқушыларға
Конкурс ең үздік шығарма
Ең үздік шығарма конкурсына арналған. Шығармаларды осы жерде жазамыз