Соңғы жарияланған материалдар тізімі
Бөлім: Уроки / Ашық сабақтар |
Көрсетілім: 4620 |
|
|
|
«Ұмытылмас ерлік» телекөпірі
«Ұмытылмас ерлік» телекөпірі (сыныптан тыс іс-шара)
Мақсаты:
1.Ұлы Отан соғысы , оның зардаптары, Ұлы жеңістің мән-маңызы туралы мағлұмат беру.
2. Оқушылардың тіл байлықтарын, ойын, мәнерлеп оқу дағдыларын ұштау.
3. Отан үшін жан қиған аталар мен апалардың, қазіргі таңдағы арамызда жүрген ардагерлеріміздің ерліктерін үлгі ете отырып , оларды құрметтеуге тәрбиелеу;
Отансүйгіштікке, елжандылыққа, батылдыққа шыншылдыққа баулу.
Тележүргізуші: Құрметті қонақтар, бүгінгі телекөпір 9-мамыр Ұлы Жеңіс күніне орай «Ұмытылмас ерлік» деп аталады.
Яғни:
Соғысқа кетіп қайтып оралмаған миллиондаған жандардың рухына арналады.
Ұрпағына бейбіт, жарқын, бақытты өмір сыйлау үшін Ұлы Отан соғысында ерлікпен шайқасқан ерлерімізге арналады.
Ерлері ел қорғауға кеткенде шаңырағын шайқалтпаған қайсар аналарға арналады.
Аузындағысын жырып майданға жіберіп, аямай тылда еңбек етіп жеңісті жақындатқан еңбеккерлерге арналады.
Балалық бал дәуренін соғыс өртіне күйдірген сол кездегі балғын бүлдіршіндерге арналады.
Бүгінгі телекөпірге
Тележүргізуші:Танысыңыздар, бүгінгі телекөпірде:
Бірінші «Қан майданда қан кешкендер...» бізге бейбіт өмір сыйлаған ардагерлеріміз,батырларымыз, екінші «Біз соғыстың балалары...» яғни балалық балғын шағын соғыс өртіне күйдірген сол кездің балғын бүлдіршіндері, үшінші «Біз соғысты көрген жоқпыз...» қазіргі ХХІ ғасырдың жас ұрпағы сіздерсіздер және тележүргізуші ......
Хош келіпсіздер!
Соғыс жылдар күнделігінен...
Соғыстың басталуы.
Таң алдында, тәтті ұйқыда жатқан Отанымыздың шекарасынан ұрланып өткен жау оғымен адам баласының тарихында болмаған бір ғаламат соғыс басталды.
Сол күні жау тәтті ұйқыңды ғана бұзған жоқ. Зұлым жау бейбіт өмірге бүлік әкелді.
Қыз жігітімен, ана баласымен қоштасты.
Қырда қойшы қойын тастады, қолындағы таяғын винтовкаға айырбастады.
Ойда диханшы трактордан түсіп, танкіге отырды.
Сол жылдардың бозбала, бойжеткендері ақын болуды, инженер болуды, оқымысты болуды армандаған еді...
Соғыс жылдарындағы ерекше оқиғалар. Қандай жанқиярлықпен Отанымызды қорғадыңыздар, бізге үлгі болардай оқиғалардан мысал келтірсеңіздер.
Қазақ халқының қаһарман ұлы - Батыр Бауыржан Момышұлы
Жадырғын көктем еді. Соғыстың соңғы жылдары.
Менің қоластымда Андрей деген қазақ жігіті болды. Негізі аты Әкімгерей екен, алғаш әскерге алынғанда, тілі келмеген орыстар Андрей атап жіберіпті.
Бірде Начсандиев келіп:
-Қайран қалдым, жолдас полковник!-деді. –Адам да мұнша сірі жанды болады екен. Оның денесінде он алты жарақаты бер екен.Денесінде бір оқ, бір жарқышақ бар екен. Балтыр сүйектері екі рет жарақаттанған екен. Бір бүйрегін алып тастапты. Өкпесіне оқ тигенде операция істеу үшін екі оң сүбе қабырғасын алып тастаған екен. Ішіне оқ тигенде ішектерін де кескілепті. Қалғандары жеңіл желпі жаралар,-деді. Андрей әр госпитальдан кейін соғыс алаңына оралып отырған екен. Бірақ, ол ешкімнен қалыспай шайқасты. Міне осындай ерліктермен жеңіске жеттік.
Тележүргізуші: Рахмет сізге, қандай ерлік!
Қазақстанның халық қаһарманы, жазушы, партизан, полковник.
Қасым Қайсенов - ерлік аңсаған жас ұрпақтың ең сүйікті кейіпкері.
Қасым Қайсенов -ерлік аңсаған жас оқырманның ең сүйікті жазушысы.
Қасым Қайсенов -Тәуелсіз Қазақстанның ең алғашқы Халық Қаһарманы- Ұлттық батыры.
Қасым Қайсенов:
- Мен сіздерге батыр ағамыз Мәлік Ғабдуллиннің ротасында болған батыр ұлымыз Төлеген Тоқтаровтың ерлігі жайлы баяндамақпын.Мәлік Ғабдуллин осы оқиғаны өмір бойы бізге айтып отырушы еді.
1942 жылдың 9-ақпаны …
Шайқас кезінде оқ дәрісі таусылған Төлеген ішінен ауыр жараланды. Төлеген "әуп" деп орнынан атып тұрды да, салбырап шыққан жаралы ішегін қарнына қысып, автоматын қолына ала жүгірген бетімен неміс офицерінің қақ басынан періп жіберді. Офицерді жайратып салып, қайта орала бергенде жаудың қайта атылған пулемет оғы оның кеудесіне тиді. Есіл ер Төлеген осындай ерлік өліммен қаза болды.
Тележүргізуші:
ҚАЗАҚТЫҢ ТЕКТІ ҚЫРАНЫ, жеті қат көкте жаумен қисапсыз жағаласқанда жүрегі әсте шайлығып көрмеген, ел бағына туған қаһарман ұланы ұшқыш -Талғат Бигелдинов.
Талғат Бигелдинов: Мен сіздерге қазақтың батыр ұлы Рақымжан Қошқарбаев жайлы шындықты баяндамақпын. Бұл оқиға Нью-Иорк Таймс газетінде де жарияланды. Кейін бұл жөнінде «Түркістан» басылымына жазған мақаласында Көлбай Адырбекұлы былай дейді: «Шындық қап түбiнде жатпайды». Рас сөз Ерлігі 62 жылдан соң ғана мойындалған Рақымжан Қошқарбаев.
Сол кезде мен 150-шi дивизияның байланыс бөлiмiнiң бастығы едiм. Дивизия командирi генерал Шаталов 30 мамырда 1-Белорус майданының қолбасшысы Жуковқа Рақымжан Қошқарбаев пен Григорий Болатовтың Рейхстаг қабырғасына ту тiккенiн хабарлады»
Әрине, Рейхстагта екі жеңіс туының желбірегені белгілі. Біріншісін 150-ші Идрицк дивизиясының лейтенанты Рақымжан Қошқарбаев пен жауынгер Григорий Булатов 30-сәуір күні сағат 15-00 шамасында халық туын; екіншісін басқа бөлімнің барлаушылары Егоров пен Кантария 1 мамырда сәске түсте Ставка туын тікті. Рейхстагқа тiгiлген туын Қызыл алаңға ұстап шығады. Сол топта Рақымжан Қошқарбаев та болған. Ол Кантарияның қолынан туды жұлып алып: «Бұл туды Реихстагқа бiрiншi мен тiккенмiн»,- деген. Шындықты бiлетiндер оған қарсы келмейдi. Қошқарбаевтың сол туды көпшiлiктiң ортасында ұстап тұрған сурет қазiр бар.
- Тележүргізуші:
Рахмет,сізге. Қазақтың жас қызы Ұлы Отан соғысы жылдары Марина Раскова басқарған 46-гвардиялық түнгі бомбалаушы – ұшқыштар полкінде штурман қызметін атқарған- Хиуаз Қайырқызы Доспанова.
Хиуаз Қайырқызы Доспанова:
-Мен соғыс жылдары тірі қалғаныма қайран қаламын. Мен тек жерде ғана емес, көкте де күні-түні атқылаған жаумен аспандағы шайқаста 300 рет болып қайттым Ұшақтан 14 рет құлап, аман қалыппын. Төрт мәрте ауыр жарақат алдым, есім жиысымен ұрыс даласына қайта оралып отырдым. Бірде сынған аяғым тез арада әбден жазылып кете қоймады. Мені ұшаққа көтеріп апарып отырғызады. Тапсырманы тыңғылықты орындап аман оралдым.
Тележүргізуші: Ал, осы ғажайып ерліктерді тыңдап отырып сіздерге қандай ой келді? Әлде сұрақтар бар ма?
Жас ұрпақ:
-Соғыс тарихында асқан ерлікті бейнелейтін 28 Панфиловшылар. Олардың 22-сі қазақстандықтар еді.
-Жиырма сегіз, жиырма сегіз – бір ғалам,
Анау жаудың танктері лаулаған.
Ресей кең, Отан кең , артымызда Москва.
Шегінуге хақымыз жоқ , хақымыз жоқ бір қадам,-деген 28 Панфиловшыларды біз ұмытпаймыз.
Біздің сіздерге сұрағымыз бар. Сол 28 Панфиловшылардың ішінде Ақмолалық жерлесіміз болды ма?
Батыр Бауыржан Момышұлы:
- Митченко, Никита Андреевич. 3 сәуір 1910 жылы туған, 16 қараша 1941 жылы қайтыс болған. Аршалы ауданы, с Нововладимировка бөлімшесінде, Сараба ауылдық округінде дүниеге келген. Осы Москва үшін шайқаста ерлікпен қаза тапты.Совет Одағының батыры атағы берілді.
“Әке, есіңізде ме? Майданға кетерде менің маңдайымнан сүйіп тұрып:
“Мә, құлыным, жоғалтпа, -деп бір тал шашыңды жұлып беріп едің ғой.- Жоғалтпа, тығып қой. Мені сағынғанда осы шашты тұтатқайсың. Сонда мен ЕрТөстіктің Шалқұйрық аты құсап жетіп келемін,- деп едің ғой, әке. Мен сенің аманатыңды ұзақ сақтай алмадым. Қырық үшінші жыдың қысында өзіңді қатты сағынып, үй сыртынағы төбеге барып шақпақ тұтаттым. Бір тал шашың лып етіп жанып кетті, бірақ сен уәдеңде тұрмадың, көп күттім, алыста ғой, жете алмай жүрген шығар деп ойладым. Бірақ сен келмедің... Сөйтіп сенің өзіңнен де, көзіңнен де айрылдым, әке. Ендігі көңілге медет етіп келе жатқаным майданнан жазған хаттарың ғана, иә, хаттарың”.
Бұл соғыс жылындағы балалар тағдыры. Байланыс сіздерде, соғыс жылғы балалар!
Соғыс жылғы балалар:
-Біз қазір сексеннің сеңгіріне жақындасақ та, ол кезде небәрі тоғыздан он бес жасқа дейінгі балалар едік. Әкелерімізді майданға аттандырып салып, елдегі шаруашылық тұтқасын өз қолынмызға алдық. Ертеден кешке дейін, қараңғы түн құшағында егін ордық, жер жырттық, станокта тұрып оқ жондық, бомба жасадық, жауынгерлер үшін жылы киім жинастырдық.
-
Аңыздардан тере жүріп масақты,
Рас, рас көзімізден жас ақты.
Бірақ со бір дауыл жылдар, от жылдар,
Бірімізден бір-бір батыр жасапты...
-Майдан даласынан 394 мың қазақ боздақтары қайтпай қалды. Олар біздің әкелеріміз, апаларымыз, аталарымыз, ағаларымыз еді... Бұл соғыс қайғы-қасірет әкелмеген бірде-бір отбасы болмады... Бірінің әкесі, бірінің ағасы қаза тапты. Қаншама жас боздақтардың қыршын жасы қиылды... Ішінде ақын да, әншісі де бар еді. Қауызын ашпай көктей қырқылған сол жастардың ішінде, әттең дариға-ай, қанша Абай, қанша Шоқан кетті екен ...
-Ал, мына өлеңді менің ағам өліп бара жатып қоштасу ретінде анама жолдаған екен. Анам өмір бойы осыны айтып күңіренумен өмірден өтті..
Айбарлы туың, ақ балаң
Алысқа кетті дегейсің,
Ажалменен айқасқан,
Шабыста кетті дегейсің.
Он фашисті бір өзі
Қанға малды дегейсің.
Қайырылуға тынысы
Жетпей қалды дегейсің.
Ана сенің атыңды,
Ақтап өлді дегейсің,
Жүрегінде имандай
Сақтап өлді дегейсің!
Тележүргізуші: Ал енді соғыс жылғы балалардан біз соғысты соғысты көрмеген балалар cіздерге ауыстық. Қандай ой түйдіңіздер?
Жас ұрпақ: Біз Мұқағали Мақатаев өлеңімен бастағымыз келіп отыр.
-Келмесін ол күн, келмесін,
Төнбесін қатер, төнбесін!
Соғыстың өрті жанбасын,
Сәбилер жетім қалмасын!
- Есігіне әр үйдің,
Бесігіне сәбидің.
Мәңгілік бақыт орнасын,
Болмасын соғыс, болмасын!
Мәңгілік бақыт орнайды,
Болмайды соғыс, болмайды!
- Ақ шашты ана!
Саптан шықпай нық басып келесің бе?
Сыздап тұр-ау әлі күн оқ тескен жер..
Қаласыңдар мәңгілік ел есінде,
Ару қыздар – алаулап от кешкендер- Мәншүк, Әлия, Хиуаз апаларыма осы өлеңді арнаймын.
Тележүргізуші: Жеңіс күні! 1418 тәулікке созылған азаттық күрестің соңғы күні! Аспан көгін салюттер шұғылаландырған, құшақтарға көктем гүлдері толған көптен күткен ұлыстың ұлы күні!
-Кек қайтарып фашистен
Соғыс бітті жеңіспен.
Жеңдік жауды күресте,
Жасалсын той мереке!
Сүйінші , халқым сүйінші,
Сүйіншіге - сүйінші!
Шаттан ата-анамыз!
Шаттан ата-бабамы
-Жеңістің туы жалтылдап,
Жығылмай мәңгі тұрады.
Сол тумен өскен аршындап,
Ерлердің бізбіз ұланы!
Тележүргізуші: Сіздер енді образдан шығыңыздар. Енді сіздер көрерменсіздер. Бүгінгі телекөпірден алған әсерлеріңіз жайлы айтып беріңіздер.
Ұстаз: Бұл ұғым әрқайсысымыздың жүрегімізге жақын, жадымызда жарқын болмақ.
Өкінішке орай , уақыт сол ұлы оқиғаларға қатысушыларды біздің қатарларымыздан алып кетіп жатыр. Олар азайған үстіне азайып барады. Бірақ ешкім де, ештеңе ұмытпауы тиіс! Себебі , бұл – біздің тарихымыз, біздің мақтанышымыз, біздің даңқымыз! Солай болғандықтан да өскелең жас ұрпақ, яғни сіздерді біз аға буынның майдан мен тылда көрсеткен ерліктері үлгісінде тәрбиелеу – міндетіміз.
Поппури:
Ән «Әлия», «Қара кемпірдің зары», «Бейбітшілік әні»
Соңғы жарияланған материалдар тізімі
Информация
Посетители, находящиеся в группе Гости, не могут оставлять комментарии к данной публикации.
Посетители, находящиеся в группе Гости, не могут оставлять комментарии к данной публикации.
Бөлімдер
История открытые уроки по истории |
Педагогика открытые уроки по педагогике |
Биология открытые уроки по биологии |
Информатика открытые уроки по информатике |
Математика открытые уроки по математике |
Физика открытые уроки по физике |
Химия открытые уроки по химии |
Разное открытые уроки |
География Открытые уроки по географии |
русский язык |