|
|
Химиялық экспериментті пайдалану арқылы орта мектеп оқушыларының химиялық білімін жетілдіру
Сабырқызы Анель – Алматы облысы
“Cаркан аудандық білім бөлімінің
К.Ушинский атындағы орта мектебі,
мектепке дейінгі шағын орталығымен”
Коммуналдық мемлекеттік мекемесінің химия пәні мұғалімі.
І ОРТА МЕКТЕПТЕ ХИМИЯДАН БІЛІМ БЕРУДЕ ХИМИЯЛЫҚ ЭКСПЕРИМЕНТТІ ПАЙДАЛАНУДЫҢ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ОРНЫ
1.1 Орта мектепте химиялық эксперименттердің педагогикалық орны
Химиялық эксперименттен алынған қорытындылар мен нәтижелердің дұрыстығын тексеру арқылы оқушылардың ойлау қабілеті дамиды, сана - сезімі жоғарылайды. Мемлекеттік білім стандартына сай келетін оқушының білім деңгейіне қоятын талаптың бірі – оның тәжірибе жасау дағдысын қалыптастыру. Эксперименттік сабақ жүргізудің басты мақсаты – химиялық эксперимент жасау арқылы химиялық реактивтерді қолдану дағдысын қалыптастыру. Жалпы білімнің жүйесі - қоғамдық өрлеумен бірге дамып, онымен бірге өзгеріп отырады. Білімді өздігінен шығармашылықпен игеру негізіне және сол білімді жаңа деңгейге көтеруге бағытталған кредиттік оқу жүйесін енгізу оқытудың жаңа түрлерін кеңінен пайдалануды, сабақ жүргізуді мүлдем өзгеше деңгейге ауыстыруды талап етіп отыр. Мұндай түбегейлі қайтадан ұйымдастырудың пәрменділігі мен нәтижелігі сөзсіз әдістемелік жағынан қамтамасыз етілуіне, оқу әдістемелік құралдарының және әртүрлі қосымша әдебиеттердің жеткілікті болуына тәуелді.
Химия - эксперименттік ғылым. Сондықтан оқушылардың оқуға деген қабілетін арттыруда, дербестікке баулуда, тақырыпқа байланысты материал іздеп тауып, білімін толтыруда өткізілетін зертханалық жұмыстың маңызы үлкен. Оқушылардың теориялық білімі зертханалық тәжірибелер арқылы бір зат екінші затпен әрекеттескенде қандай заттар түзілетінін, нәтижесінде байқалатын құбылыстың химиялық мәнін түсінуге қызмет етсе ғана есте жақсы сақталады. Оқушылар теориялық білім алу барысында ғылыми дәйектермен танысқанда зертханалық жұмыстар түрінде өткізілетін химиялық экспериментке сүйенеді. Химиялық эксперимент – ерекше динамикалық, өз бетінше өзгеріп отыратын көрнекі құрал. Зертханалық жұмыстар білім сапасының жоғарылауына көп әсер етеді және оқушылардың өз бетінше жұмыс істеуін қалыптастырады.
Сонымен қатар оқушылардың зерттеу әдісін пайдалана отырып зертханалық-практикалық жұмыстар орындау барысында,эксперименталдық зерттеу машықтары жүйесінің бағытты түрде қалыптасу мәселелері әдістемелік әдебиеттерде жеткілікті дәрежеде жарық көрмегендігін атап кетсе болады. Бұл тұрғыдан А.В.Усованың оқушыларды оқу мен жазуды үйретуден бастап,өз бетінше жұмысын жоспарлауға дейін оқу еңбегінің машықтары мен дағдыларымен қаруландырмай оқу танымдық процестің табысты болмайтындығы жөніндегі пікірі өте әділ болып табылады.
Елбасымыз Н. Назарбаевтың «Қазақстан-2030» Қазақстан халқына арналған Жолдауында «Біздің жас мемлекетіміз өсіп, жетіліп, кемелденеді, біздің балаларымыз бен немерелеріміз онымен бірге ер жетеді. Олар қазақ, орыс, ағылшын тілдерін еркін меңгереді, олар бейбіт, абат, жылдам өркендету үстіндегі, күллі әлемге әйгілі әрі сыйлы өз елінің патриоты болады» деп көрсетілгендей, ертеңгі келер күннің бүгінгіден гөрі нұрлы болуына ықпал етіп, адамзат қоғамын алға апаратын құдіретті күш – білімге тән. Жас мемлекетіміздің болашағы – бүгінгі мектеп оқушылары. Оларға бірдей талап қойып, олардың табиғи қабілеттерін, нақты мүмкіндіктерін анықтап, соған негіздеп оқыту – бүгінгі күннің өзекті мәселесі.
Оқушыларды сөйлеуге, өз ойларын жеткізе білуге, пікір таластыруға тек тестік бақылау кезінде емес, оқыту барысында, күнделікті сабақта, тіпті сабақтан тыс жұмыстарда да (үйірме, факультативтік сабақ, т.б.) қалыптастырып үйрету қажет. Ұстаздың рөлі тек емтихан алып, баға қоюмен шектелмейді, сабақты бере білу мен оқушыларды еңбекке баулып, тәрбиелеу және пәнге қызығуын арттырумен айқындалады. Ал оқушы білімінің сапасы – мұғалім білімділігі мен біліктілігінің, іскерлігінің айнасы, нарық заңдылығына сүйенсек, кез келген өнімнің сапасын өндіруші емес, оны тұтынушы анықтауы, бағалауы қажет. Сондықтан мұғалімнің берген білімін оның өзі емес, басқалардың бағалағаны жөн.
Қазіргі оқытудың ең маңызды міндеттерінің бірі – жұмысты орташа оқитын оқушыға бағдарлаудан бас тарту да, әр тұлғаның ұтымды дамуына жағдай жасау болып табылады. Білім мен біліктің жиынтығы ғана маңызды емес; ең маңыздысы оқушыларды өздігінен білім алуға, шынайы өмірді қайта құруға, оны белсенді пайдалана білуге үйрету екені белгілі. Осыған байланысты алған білімін түсіну проблемасы ерекше көкейтесті болып отыр.Дидактикалық әдебиетте оқушылардың шығармашылық ойлау қабілеттерін дамыту білімді түсінуін қалыптастырудың шарттарының бірі ретінде көрсетілген. М.Н. Скаткин мен И.Я. Лернер: «білімді түсіну оны дәстүрлі емес жағдайда қолдана білуден, эксперименттік есептерді шығарудан көрінеді,» - деген болатын. Осы орайда, эксперименттік есептерді оқушылар жүйелі түрде шығарып отыруы қажет екенін бұл авторлар атап көрсетеді, сонда ғана олардың білімдері берік болады. Химияны оқыту әдістемесінде (С.Г. Шаповаленко, Ю.В. Ходаков, М.Я. Голобродько, В.Н. Давыдов, Н.А. Титов, П.А. Оржековский) оқушылардың шығармашылық қызмет тәжірибесін қалыптастыруға арналған бірқатар зерттеулер бар.
Бұл үшін негізгі құрал ретінде эксперименттік есептер қолданылады. Әдістемеде төмендегідей көзқарас кеңінен тараған: эксперименттік есептерді шығару үшін ең қажетті шарт оқушылардың берік, өздері түсінген білімдерінің болуы (Р.Г. Иванова, А.Г. Иодко және т.б.). Алайда, оқушылардың білім сапасын арттыру үшін химиядан эксперименттік есептердің бүгінгі күнге дейін ролі зерттелген жоқ.Сонымен, дидакт ғалымдардың атап көрсеткеніндей білімді түсінуі үшін эксперименттік есептердің мүмкіндіктері мен осы мүмкіндіктерді жүзеге асыруға арналған химияны оқыту әдістемесінің теориясында зерттеулердің болмауы арасында қайшылық қалыптасып отыр.
Қазақстанның әлемдік үрдістерге кірігуі, дамыған елдердің стандарттарына деген ұмтылысы еліміздің жаңа сапалық деңгейге жылдам өту қажеттілігін туындатуда. Осыған орай қазіргі кезде жасалып жатқан реформалар даму институттарының қалыптасуына немесе өсуден тұрақты даму кезеңіне өтуге бағытталған. Қоғамның әлеуметтік-экономикалық және саяси бағыттардағы өрлеуіндегі осындай өзгерістер өмірдің барлық саласындағы шығармашыл тұлғаның мәртебесін көтеріп, мерейін үстем етуде.
Педагогикалық білім дәстүрге бай. Алайда, педагогика сол дәстүрліліктердің бүгінгі күннің мәселесін шеше алмайтын немесе шешудегі тиімділігінің төмен болып тұрған кезеңіне өтті. Осыған орай жүріп жатқан модернизациялау үрдісі - республикадағы білімнің сапасын арттырып, оның халықаралық білім кеңістігіне кірігуіне деген қажеттіліктерін қанағаттандырады, еліміздің өркендеген елдердің қатарынан көрінеміз деген талабына тұғыр болады деп күтілуде.
1.2 Химиялық эксперименттің оқушылардың білімін жетілдірудегі маңызы және рөлі
Орта мектепте химияны оқыту, оқушының үлгерімін арттыру тек мұғалімнің сабақ өткізу әдістемесімен ғана шектелмейді. Себебі, химия бұл күнде тұрмысқа еніп, қажеттілігі күн сайын артып отырғандықтан оны тек теориялық жағынан жетілдіру жеткіліксіз. Сонымен қатар еліміздегі химиялық өнеркәсіптің үздіксіз дамуы, оның технологиялық талабының артуы әртүрлі техникалық схемаларды игеруді талап етіп отыр. Бұл орайда мектепте химиялық ұғымды тереңдетуде сабақта, сабақтан тыс уақытта химиялық эксперимент жүргізу үлкен роль атқарады. Сол себепті оқушылар химияны тек теориялық тұрғыда оқумен қатар практикалық маңызы зор химиялық эксперименттерді жүргізген тиімді.
Химия - жаратылыстану пәндерінің ішінде теориялық – экспериментті ғылым. Химия пәнін оқытуда химиялық эксперимент оқу үрдісінің құрамды бөлігі болып табылады. Химиялық эксперимент жүргізу барысында оқушылардың өзіндік дамуы, химияға деген қызығушылығы артады. Химиялық эксперимент орындалу барысында байқалған химиялық құбылыстар мен үрдістерді түсіндіру кезінде оқушыға химиялық білік пен дағды қалыптасуы жүзеге асады.
Жас ұрпақты тәрбиелеуде, сапалы химиялық білім беру оқушының ой - өрісін дамытып, ғылыми көзқарасын қалыптастырады да, алған білімі химияны күнделікті тұрмыста сапалы қолдануына мүмкіндік береді. Оқушының химияға деген қызығушылығын дамыту үшін мүмкіндігінше олардың өздігінен жұмыс жасауына, соның ішінде негізгі химиялық ұғымдарды жете танып білуіне химиялық эксперимент көмегін тигізеді. Химиялық эксперимент барысында оқушылардың химиялық ұғымдарды түсінуі жеңілдеп, сарамандық дағдылары қалыптасып, қорытынды жасауды меңгереді. Химияда эксперименттік жұмыстарды орындау химиялық тәжірибені (экспериментті) ұйымдастыруға қажетті білік пен дағдыны ғана қалыптастырып қоймай, химия ғылымының маңызды заңдылықтарын түсінуге мүмкіндік туғызады. Практика жүзінде эксперименттер жасауы, оқушылардың алған білімін ұзақ мерзім жадында сақтауына және олардың сарамандық жұмысқа икемділік пен дағдысын қалыптастырады.
Осы заманғы білім беру жүйесінсіз әрі алысты барлап, кең ауқымды ойлай білетін осы заманғы мұғалімдерсіз инновациялық экономика құра алмайтындығымыз жайлы еліміздің президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халықтарына арнаған «Қазақстан өз дамуындағы жаңа серпіліс жасау қарсаңынды» атты Жолдауында ерекше аталып өтіліп, Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін, экономикалық және қоғамдық жаңару кажеттіліктеріне сай білім керектігіне назар аударылған болатын [21].
Білім - адамзаттың терең және үйлесімді дамуын бекітетін құралдардың бірі, прогрестің, әлеуметтік тұрақтылық пен ұлттық қауіпсіздіктің маңызды факторы. Осыған орай бұрынғы мәдени тәжірибені жеткізуге бағытталған, үлгі бойынша оқытатын репродуктивті, жеке адамның қызығушылықтарынан мемлекеттік мүддені жоғары коятын білімнен адамның өзін танымның биік баспалдақтарына қарай жетектеп отыратын «өмір бойы» алатын білімге бағытталу жүзеге асырылуда.
Химиялық эксперимент арнайы жабдықталған химия зертханасында өтілген жағдайда тиімді нәтиже бере алады. Мәселен, түрлі химиялық ыдыстың, керекті құрал – жабдықтардың кейбір қосымша түрлері (дистиллятор, кептіргіш шкаф, муфель пеші, таразы түрлері, т.б) жеткілікті ұйымдастырғанда оқушыларда пәнге деген ғылыми көзқарас қалыптасады. Оқушылар тапсырмаларды орындау барысында алдымен табуға қажетті затты және соның әсерінен алуға болатын химиялық реакцияны таңдап алып, жалпы химиялық заңдар жөніндегі білімін пайдалануы керек. Олар аспаптарды өздері құрастырады, сарамандық тапсырманы орындайды және әрқайсысы өз жұмысының нәтижесіне сын көзбен баға беруге үйренеді. Химияны оқыту барысында қалыптасатын практикалық икемдіктер нақтыланады [22].
1.3 Эксперименттік есептер және оның оқу процесінде алатын орны
Химиялық есептер – оқушылардың химиядан білім сапасын анықтаудың негізгі құралдарының бірі. Сондықтан бүгінде мектептегі білім беру жүйесінде елеулі өзгерістер болып жатқанда мұғалім үшін басты жетекші мақсат оқушыларды шығармашылық іс - әрекетті меңгертуге бағыттау болу керек. Қазіргі уақытта оқушылар бар білімді жаңа проблемалар шешуде шығармашылықпен қолдана білуі тиіс. Оқытуға осындай көзқарас болғанда оқушылар талдау, салыстыру, тұжырымдау, проблемаларды анықтай білу, жорамал (гипотеза) қалыптастыру, шешудің жолдарын іздестіру, алынған нәтижелерді талқылау, қажет болған жағдайда қайта іздену сияқты қабілеттерін дамытатынын, белсенді ой - әрекетін талап ететін әдіс – тәсілдерді меңгере алады. Химия есептері сан және сапа есептері болып екіге жіктеледі. Сапа есептерін эксперимент есептері деп атайды, өйткені оларда сандық мәліметтер болмайды, химиялық тәжірбиелер жасау арқылы шығарылады. Химиядан білім мен білік қалыптастыруда, оқушылардың алған білімін бақылап, бағалауда эксперимент есептерінің маңызы зор. Эксперимент есептерін шығару арқылы оқушылар теориялық білімін баянды етеді, іс жүзінде қолдана білуге үйренеді. Олар химиялық құрал – жабдықтармен және реактивтермен жұмыс істеу дағдыларын нығайтып, жетілдіре түседі. Эксперимент есептерін үзбей шешіп, машықтанған оқушылар өздігінен жұмыс істей білуге, ұқыптылыққа, өз ісіне сын көзімен қарауға үйренеді.
Соңғы жарияланған материалдар тізімі
Посетители, находящиеся в группе Гости, не могут оставлять комментарии к данной публикации.
Ұстаздарға |
Ата-аналарға |
Біздің мектеп |
Баяндама |
Эссе |
Оқушыларға |
Конкурс ең үздік шығарма Ең үздік шығарма конкурсына арналған. Шығармаларды осы жерде жазамыз |