Ұстаздар сайты u-s.kz Сайттың атауы www.u-s.kz
» » Қалиұлының қылқалам әлемі


Қалиұлының қылқалам әлемі

 Қалиұлының қылқалам әлемі

   Өнер әлемі – ешкімнің бара бермейтін, тіпті, кез келгенге есігін аша бермейтін күрделі әлем.   Құдай берген талантың мен таудай талабың болмаса,  ол әлемнің табалдырығын да көре алмайсың. Керісінше біреулерде бәрі де табылып тұрса да, еңбегі мен ізденуі, шыдамы мен төзімі жетпей жолда қалады.  Сондықтан оларға өнер әлемінің есігінен сығалау да бұйыра бермейді. Бәлкім ол –кейбіреуге бұйырмаған бақ, жолықпаған бақыт.Ал бұйырғандары еңбегінің жемісін көріп, талабы мен талантын тоқтатпай  уақытпен жарыса қимылдап, кезегі келгенде бәрін де мойындатады. Сондай тұлғаның бірі – Алматыдағы Жетісу  ауданына қарасты Құлагер ықшамауданындағы №148 мектеп-гимназияның  сурет және еңбек пәні мұғалімі Көдеков Қанағат Қалиұлы. Балапан шағынан бастап   талай шәкірттердің қанатын қатайтып, болашақтарына бағыттаған  ол өзінің 15 жыл ұстаздық ғұмырында шарттылық шеңберінде қалып қойған жоқ. «Тағдырдың бұралаң жолдарын бұзып шығып», тізгінге ерік бермей, ауыздығын қарш-қарш шайнаған  тұлпардай  өнер өлкесіне лап қойды. Сөйтіп өзінің шығармашыл тұлға, дайын қылқалам шебер екенін көрсетті. Өнерге,суретке   өлшеусіз адалдығы  мен  арман-мұратына деген  шексіз махаббатының  арқасында мақсатына қол жеткізді.Оған дәлел: жақында әріптесіміздің   Ә. Қастеев атындағы өнер мұражайында «Жаңғырық» атты жеке көрмесі өтті. Ә. Қастеевтен бастап небір талай дүлдүлдердің, корифейлердің қолтаңбасы қойылған   мұражайда Қанағат Қалиұлының туындысының тұруы  – біз үшін мақтаныш.

   Аталған көрме Қойлышев Серікқұл Құрманқанұлы  жетекшілік ететін   «Отырар сазы» этно-фольклорлық оркестрдің әуендетуімен басталды. Көрмені Қазақстан Республикасының өнер қайраткері, суретшілер одағының мүшесі, профессор Жұмақын Қайранбаев  ашты.    Суретшілер одағының мүшесі және аталған одақтың  тексеру ревизиясының төрағасы  Бертілеуов Рахман,мұражайдың ғылыми қызметкері Сандуғаш Көпбосынқызы,  №148 мектеп-гимназия директорының  орынбасары   Ахметжанов Қазбек т.б. шетелдік өнер мамандары сөз сөйледі.   «Бейбітшілік әлемі» халықаралық қазақ шығармашылығы бірлестігінің  аткарушы директоры және оның жанынан құрылған «Таланттар академиясы» оқу-кеңес орталығының  президенті Аят Мәдібекұлы  әріптесіміздің кеудесін «Бейбітшілік әлемі» алтын медалімен жарқыратты, марапаттап құттықтау сөз айтты.Ән мен биге кезек келгенде №148 мектеп-гимназияның  би үйірмесінің ұстазы Әбдікәрімова Гүлнұр Садырханқызы жетекшілік ететін  «Кербез сұлу» би тобы сахнаның сәнін келтірді.

  Қанағат Қалиұлының  «Жаңғырық» атты көрмесінде бес жылға жуық  уақытта салған 30-ға жуық картиналары мен 10 шақты ағаш мүсіндері қойылды. Оның «Жаңғырық», «Ақиқат қақпасы», «Шежіре» , «Желтоқсан алауы», «Әділдік», «Жемқорлық» атты т.б. көптеген суреттері өзіндік қолтаңбасы мен стилі бар екенін айқындай түседі.Әртүрлі лирика бағытына ден қойған қылқаламшының суреттерінен тарих көштеріне саяхат жасағандай боласыз. Тарихи-заманауи үлгіде қойылған әр туындысы философиялық ой-түйінмен астасып жатады.  Қазақтың басынан кешкен қилы тағдыры көз алдыңа  келеді. Автордың әртүрлі картинасының палитрасынан – тарихи өршіл рухты, қазақи иісті, қазақы болмысты көруге болады. Жалпы шығармашыл адамның  айналадағы болып жатқан процеске бей-жай қарамайтыны анық. Қалиұлы ол тақырыптарды айналып өтпепті. Қарасаңыз: «Тарих көші»,   «Жемқорлық» ,«Жеңіс» картиналары – контраст бояуы жағынан өзіндік үні басым суреттер.Суретшінің қай суретін алып қарасаңыз да ой түйіндегендей боласыз. Бояуының қанықтылығы – көнеден сыршылдық іздесе,сол замандардан қазіргі ұрпаққа үн тастаған бабалар аманатының үнін естисіз. Суретшінің шығармашылығына өзек болған нәрсе – ескі заман мен заманды үндесіре суреттеу. Осы үндестікті  «Ғасырлар шежіресі»    деген туындысынан аңғаруға болады. 

  Оның мүсіндері де – өз алдына жеке бір әлем. Әсіресе «Жаңғырық» атты еңбегі тұтас екі заманның тынысы мен байланысынан сыр шертсе, «Шежіре», «Батыр», «Әлемге саяхат» атты мүсіндері – тамыры тереңге кеткен ұлттық болмысымызды ашып беруге бағытталған.  

  Суретші-ұстаз – қоғамдық жұмысқа,  №148 мектеп-гимназия  ішіндегі әрлеу, көркемдеу, әсемдеу жұмысына белсене атсалысатын жан.   Оның бір дәлелі: өзі дәріс беретін білім ошағының қабырғаларында ілініп тұрған көптеген картиналар  Қалиұлының қолтаңбасы екенін айта кеткен жөн. Әртүрлі ойға толы   картиналары бала болашағына, ұрпақ тәрбиесіне тазалық жасауды еске салады. «Ұрпақ тәрбиесіне қазір бей-жай қарасақ,ұрпақ болашағы дұрыс бағыт ала алмайды»,– деген автор  «Ұрпақ болашағы», «Айға сәлем», «Отбасы» туындыларында жеңіл әрі нәзік бояуларды орынды қолданған.   Айтпақшы ұрпақ, шәкірт  демекші, сабақтан  тыс уақыттарда өзінің өнерге бейімі бар деген бірнеше оқушылармен тұрақты, жүйелі түрде үйірме жұмысын жүргізіп келеді. Сондықтан да болар көптеген  шәкірттері аудан, қала, республика көлеміндегі бірнеше байқауларға қатысып топ жарып жүлделі орындардан көрініп жүр. Осындай  еңбегінің арқасында былтыр   халықаралық «Бейбітшілік әлемі» – Абылай ханның 300 жылдығына арналған мерекелік «Өшпес рух» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда  «Абылай хан» алтын медалімен марапаттады.  

Біз әріптесіміздің осындай жетістікке жеткеніне қуанамыз.  Ол біз үшін де, біздің мектеп-гимназия үшін де,тіпті, еліміз үшін де – зор мақтаныш!   

   Ұстаздық пен өнер жолындағы жемісіңіз бен жеңісіңізді көре беріңіз, Қанағат Қалиұлы!


Соңғы жарияланған материалдар тізімі
Білімді оқушыларды қалыптастырудың негізгі шарты біліктілік
Өнегелі отбасынан үлгілі ұрпақ өседі
Бастауыштың бағбаны.
Мемлекеттік мекеме мерекесіне арналған сазды бағдарламасы
Өнерің өрге жүзсін, Әйбек!
Атамекен - алтын бесік
Грамматика Құрмалас сөйлемді қайталау Лексика Қазақтың атақты суретшісі
Қуыршақтар әлемі сәндік өнер
Суретші және мен
Дарындылар додасы сценарий
Бөлім: Статьи / Баяндама | Көрсетілім: 1795 | Қосты: NA | Ілмек сөздер:
Информация
Посетители, находящиеся в группе Гости, не могут оставлять комментарии к данной публикации.
Бөлімдер
Ұстаздарға
Ата-аналарға
Біздің мектеп
Баяндама
Эссе
Оқушыларға
Конкурс ең үздік шығарма
Ең үздік шығарма конкурсына арналған. Шығармаларды осы жерде жазамыз