Ұстаздар сайты u-s.kz Сайттың атауы www.u-s.kz
» » Шоқан Уәлиханов


Шоқан Уәлиханов

Шоқан Уәлиханов

І. Кіріспе. Шоқан Уәлиханов өмірі мен шығармашылығы

Ұстаған бағытымыз түзу болғанымен, барды бағалай алмай, үзіп-жұлқып жүріп, қазақтың ардақты ұлы, қоғымдық ғылымдар саласының бәрінде өшпес із қалдырған Шоқанның толық бейнесін әзірге бүкіл бітім-болмысымен жарқыратып жасай алмасақ керек. Мен де соны айтқым келеді.
Шоқанның өмір жолы – елдің тағдыры, халықтың тағдыры. Шоқанның ойы, еңбегі, арман-тілегі еліміздің тарихымен, оның ішінде кешегі, бүгінгі, ертеңгі мәдени өмірмен, өнер өрімдерімен тікелей сабақтасып жатыр. Мысалы, Орта Азия халықтары баяғы заманда іргелі де аумақты цивилизацияны тудырған елдердің бірі болғандығын алғаш таныған, әрі ғылыми тұрғыдан таратып жазған – Шоқан Уәлиханов.
Әрі ол бүкіл саналы ғұмырында елдің елдік дәрежесін көтеруді арман етіп, оның шын мәнінде азат, мәдениетті жоғары елдермен терезесі теңелуін аңсап өтті. Ел тағдыры үшін ой тербеп, іспен көрінді. Тарихы тамырлас, тағдыры сабақтас Қазақстан мен Орта Азия халықтарының тарихын бөліп-жармай, тұтас қарастырды. Ежелгі мәдениеттің жосығын көне дәуірлерден көрсе, сол елдердің болашағы Ресейге қосылу арқылы түбегейлі шешілерін кесіп айтты. Бір ғажабы – орташа ғана білім алған, жасы 25-ке жетпеген жас Шоқанды орыс ғалымдары бірден танып, өз қатарларына алулары тектен тек емес-ті. Шынына келсек, Шоқан 20-21 жастарында-ақ белді-беделді ғалым ғой!
Тарихшы Шоқан көне өнердің сүрлеу соқпақтарын терең ойдың таразысынан өткізіп, жасығынан асылын бөліп, толғана, тебірене зерттеді. Бұрын бір айтқанымдай, Шоқан аңызғақ желден көлеңке, үскірік желден ықтасын іздемей, өмірдің аптапты өтінде қысқа болса да, ойлы, өнегелі өмір кешіп өтті. Өткеніміздің бедері, бүгінгіміздің беделі Шоқан есіміне қатысты қарастырылатындығы сондықтан.
Әдеби тілі бай, «ақын жанды» (Ядринцев) Шоқан бейнелеу өнерінде де үлкен суреткер. Шоқанның зергерлігі сол кезеңде орыс әдебиетін жаңа белге шығарған Пушкин, Гоголь, Лермонтов суреткерлігімен тең. Шоқан суреттері өз тұсындағы ел тағдырының бір шындығы. Ол суреттемелерінде табиғаттың тыныс-тіршілігін, көркем бейненің жан дүниесін, дәуірдің кесек тұлғасын алдыңа жайып салады. Яки, үлкен ұғымдағы сурет өнерінің қырқаларынан көрінетін қылқалам шебері.
Жасыратыны жоқ. Ұлы Октябрь революциясына дейін бізде адам бейнесін суретке түсірген бір-ақ қазақ болды. Оның аты – Шоқан. Адам бейнесін сомдап суреттеуге келгенде күні бүгінге дейін Шоқан картиналарына теңдесетін дүние әлі жоқ қой.
Ертеден белгілі бір қырғыз, бір сұлтан портреттеріне Шоқанның өзін-өзі салған суреті мен сұлулық сымбаты дерлік акварельдерін қоссақ, ұлы ғалыммен бірге болашақ ірі суретшіден де ерте айырылған екенбіз.
Менің осы ғылыми жобамды жазуымның қажеттілігі – дәйекті деректер арқылы Шоқан өмірін оның творчествосымен қабат қарастырып, осы сауалдарға жауап іздеуінде деп білемін.
Біріншіден, Шоқанның тікелей өзі мен Шоқан салған суреттер, екіншіден, Шоқанға, Шоқан кезеңіне қатысты архивтік деректер мен иллюстрациялық материалдар, үшіншіден, Шоқан туған, өскен, тәлім-тағлым алған, қызмет атқарған, зерттеген объектілер мен өңір-өлкенің тарихи-мәдени ескерткіштері көрнекті өрнектеледі. Өнерге қатысты Шоқан өмірі мен тарихи-этнографиялық фото-шежіре,талдау, түсініктеме, сілтеме бірімен-бірі тұспа-тұс, көзбе-көз, қолма-қол көрсетіледі. Осылайша, өнер тарихшысы, өнер зерттеушісі Шоқанның өмір жолы қазақ халқының мәдениетімен етене жақын баяндалады. Мұнымен қатар Шоқанның өнермен тел өрбіген алапат ой-пікірі, сұлулық сыны төңірегіндегі түсінік-талғам, арман-тілегі, асқақ идеалы недәуір толық берілген.
Шоқанның таланты телегей-теңіз, оның ғалымдық өрістері ұлан-байтақ биіктерге серпіліп жатады. Осы жұмысымда Шоқан көркем-өнер жағынан тағы бір жаңа қарынан толық көрінеді. Біздің ғалымдарымыз осы Шоқанша әр қырынан табыла берсе деп үміт етсек, онымыз орынсыз болмас деймін.

ІІ. Негізгі бөлім.
ШОҚАН. ӨМІР. УАҚЫТ.
А) Құсмұрын.
Қазақ халқының ұлы ғалымы Шоқан Шыңғысұлы Уәлихановтың кіндік қаны тамған Құсмұрын бекінісінің ескі жұрты қазіргі Қостанай облысы, Семиозер уаданы «Шөптікөл» совхозының Киров бөлімшесіне үш-төрт шақырым жерде.
Шоқан туған жері Аманқарағай дуанының (округінің) осында ауысуына орай, жаңа дуан да Құсмұрын болып аталып кеткен. Шоқанның әкесі, майор дәрежесіндегі Шыңғыс Уәлиханов, сол кездері Құмұрын дуанының аға сұлтаны болған.
Мұхамедханафия, яки Шоқан (анасының еркелетіп қойған есімі), Құсмұрын бекінісінің аға сұлтаны үшін арнайы салынған ағаш үйде өмірге келген. Бұл – 1835 жылдың қараша айының іші еді. Нақты күні белгісіз.
Шоқанның анасы Зейнеп – қазақша хат таныған, өз заманының көзіқарақты қыз-келіншектерінің бірі. Оның әкесі – бала жасынан шешендік өнерімен ел ішінде аты аңызға айналған, кейіннен Сібір қазақтары арасынан алғаш рет аға сұлтандық әкімдікке қолы жеткен, атақты Шорман би.
Шоқанның туған жері неліктен Құсмұрын деп аталатындығын жазушы Сәбит Мұқанов «Аққан жұлдыз» романының бірінші кітабында: «Бекіністің сырт желкесіндегі қырқаның тұмсығы сағымды күндері алыстан қараған адамға қонғалы келе жатқан алып құстың тұмсығына ұқсауына қарай» - деп түсіндіреді.
Қасиетті орынды көрмекке Құсмұрынға ат басын арнайы тіреген кісі бір кездері сырты қарағаймен шегенділіп, іші топырақпен шептелген бекініс дуалының бедерін ғана байқай алады. Кезінде «үйрек ұшып, қаз қонған» Құмұрын көлінің де суы тартылып, тұзы бетіне шығып кеткен. Құмы құрылысқа тасылып, құмдауыт қыраттардың да бастапқы бейнесі өзгерген.
Шоқанның Омыб кадет корпусында оқып жүрген кездері практикалық жұмыс ретінде көптеген карта, схемамен қатар түрлі түсті бояумен топографиялық пейзаж жасағандығы белгілі. Сол еңбектердің бірнешеуінде Құсмұрын маңы бейнеленген. 1852 жылы жазғы демалысқа елге келгенде акварельмен салған «Құсмұрын бекінісінің жобасында» сол төңіректегі назарға ілігерлік көріністің бәрі дерлік шартты түрде тартымды таңбаланған. Жобадағы бояу түстерінің көңіл сергітерлік айшықты үйлесімді, орнықты да қонымды көрінетін графикалық қолтаңба жасөспірім суретшінің қалыптаса бастаған профессионалдық шеберлігін байқатады. Топографиялық пейзаждан бекініс пе оның айналасындағы жер-су бедерін, қыстау, әскери казарма, көпір және тағы басқаларды аңғару қиынға түспейді.
Академик Әлкей Марғұлан Шоқан Уәлиханов шығармаларына алғы сөз ретінде жазған «Шоқан Шыңғысұлы Уәлихановтың өмірі мн қызметі» атты очеркінде: «Уәлихановтардың айтуынша, Шоқан өзінің атамекенін көгалдандыру, ағаштың жаңа түрлерін өсірумен көп айналысқан. Ол әкесімен бірге өз аулының жанындағы тау іргесіне қайың ағаштарынан әсем аллея орнатқан», - деп әңгімелейді.тумысында ақыл-парасаты асқақ, сезімі сергек, кескін-келбеті келісті Шоқан туған жерінің табиғатына тартқан болса керек... Құсмұрын төңірегі барынша көркем. Саф ауа, саялы бақ, шипалы су...
Жасөспірім Шоқанның өз құралпытастарына қарағанда сана-сезімінің ерте оянып, рухани әлемінің асқақ болып қалыптасуына айтулы ықпал еткендердің бірі – Айғаным. Ә. Марғұланның Айғаным Шоқан үшін: «... халық даналығының сарқылмас бұлағы болған» - деуі сондықтан.
Құсмұрын приказына қарайтын төңірек Шоқанның «Корпустан елге демалысқа барғанда язмыш суреттер» деп аталатын топтамасына енетін... «Елдің жайлағанда (жайлауда) қоған йерлері», «Көкшетау мен Құсмұрын дуандарындағы бекет жолдарының схемалық картасы», «Құсмұрын дуанындағы қыстаулардың жобасы» атты акварельмен салған топографиялық жұмыстарында мейлінше толық көрсетілген.
Қазақ халқы әлі күнге дейін қолдан отрығызылған ағашты, жаңа көктеп келе жатқан шөпті қасиетті санайды. Түркі халықтарында мұндай наным-сенімнің бағзы замандардан келе жатқаны Шоқанның өз еңбектерінің ішінде де айтылады.
Г.Н. Потаниннің естеліктеріне қарағанда, Шоқан Кадет корпусына түспей тұрып сурет сала білген. «орыс қаласының оны таңдандырғаны сондай, ол қала көріністерінің бірін қарындашпе салыпты. Шоқанның Омбыда салған бұл картинасын маған Давшинский көрсетті» - деп жазады ондаған жылдар өткен соң Потанин. Ал Ә. Х. Марғұланның тұспалына сүйенер болсақ, Шоқан суретшілік өнерге деген бастапқы тәлімді әкесі ұйымдастырған Құсмұрындағы қазақ мектебінен алуы да мүмкін. Алайда, ғалымның: «Бұл өнерді ол Құсмұрын бекінісіндегі Уәлихановтардың үйінде ұзақ тұрған орыстың суретші-топографтары мен геодезистерінен үйренді. Оның үстіне, Уәлихановтардың аулына жиі қонаққа келіп жүрген орыс ғалымдары мен білімді офицерлер де қабілетті баланы көркемөнер мен әдебиетке құштарландыра түсті», - деген пікірі көкейге қонымдырақ. Себебі, Шоқанның жастай сурет салғандығы жайлы бертіндері қаншама рет айтылғанымен, оның нақты нені салғаны, дәл кімнен үйренгендігі жайлы сақталған жазбаша дерек жоқ. Дегенмен, он екі жасында сулы бояумен салған «Жатақ» және «Ақшомшы» атты толық қанды тақырыптық картиналарына қарап, Шоқанның өнердің бұл түрімен бала жастан шұғылданғандығын байқай аламыз.
Әдетте бала хат танымай тұрып-ақ сурет салуға құштарлана береді. Шоқан болса, бес жасынан естігені мен тыңдағанын қағаз бетіне жазба түрінде еркін түсіре алған. Мұның бір дәлелі: М. В. Ладыженскийдің өтінішімен әкесіне қосылып, 10 жасында «Едіге» жырын, онан кейін «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырын қағазға жазып алуы болып табылады.
1840 жылдары Тобылда губернатор, кейіннен Орынбор шекара комиссиясының председателі болған генерал М. В. Ладыженский қазақ халқының сот ісіне қатысты ғұрыптары мен ауыз әдебиеті нұсқаларын жинақтауға көп көңіл бөлген. Шыңғыс Ладыженскийдің бірнеше талап-тілектен тұратын өтінішін орындау үшін өз үйіне әйгілі жыршылар мен аңыз-әңгімешілерді, ақын, әнші, күйшілерді шақырғанда, шекаралық басшылықтың тікелей тапсырмасымен Аманқарағай, Құсмұрын төңірегіндегі жүргізілген археологиялық қазба жұмыстарына араласқанда Шоқанды үнемі ертіп жүрген.
Зерделі, зерек Шоқан бес жаста ғана екендігіне қарамастан, Күнтимес пен Қараобадағы қазба жұмыстарынан үлкен әсер алса керек. «Қырқыншы жылдары... Сотников (қазақтарды) қазақтандырғалы жүрсе керек», - деген лақап ел ішінде етек алып кеткен еді», - деп жиырма жыл өткен соң еске алған сөйлемдерінен Сотников жүргізген қызғылықты істер Шоқанның жадында жақсы сақталғандығы байқалады.
Ә.Х. Марғұлан Ш.Ш. Уәлихановтың бес томдық шығармалар жинағының бесінші томына жазған кіріспе сөзінде сол кезеңдегі тарихи-әлеуметтік жағдайды жан-жақты ашып, баяндай келе: «Бәлки, өз халқының тарихына деген сүйіспеншілік (Шоқанға) сол кезде (яки бес жасында) оянған шығар», - деген орынды байлам жасайды.
Шоқанның ағайындары мен бауырларының ішінен әншілік-күйшілік өнерімен ел аузына ілінгендері – ағасы (әкесінің інісі (Ханқожа) мен Сақыпкерей (Қозыке). Екеуінің де фотобейнесі сақталмаған. Қозыкені Шоқанның «Інілерінің портреті» деп шартты түрде аталатын еңбегі арқылы, сол секілді Ханқожаны да Шоқан салған портреттік бейнеден білеміз. Шоқан үш інісінің бейнесін Сырымбет тауының етегінде салған еді...
Ә) Сырымбет.
Шоқан дегенде, Шоқанның туған, өскен мекені дегенде, ең алдымен ойға оралатын өңір – Сырымбет.
Сырымбет атауында, Сырымбет ұғымында бейне бір сиқырлы күш бардай... Төңірегіндегі тұлғасы биік таудың, айдыны шалқар көлдің, жауырыны жазық жазираның бәріне ортақ атау – Сырымбет. Ол өзінен өзгенің шоқтығын төмендетіп, көркін мүлде көмескілеп тастайды. Сондықтан, ауызекі сөзде, тіпті энциклопедиялық басылымда «Шоқан Уәлихановтың туған үйі»... Торғай қолаты қазан шұңқырында жатқан Құсмұрын бекінісі жұртында деуден гөрі: «...Сырымбет даласының оңтүстік жағында», - деп нұсқағанды жөн көреміз.
Г. Н. Потанин «Шоқан Уәлихановтың өмірбаяны туралы мәліметтер» атты естелігінде: «Кейіннен (Кадет корпусының соңғы курстарында оқып жүрген кезімде)... қырғыз даласының географиясы мен этнографиясын зерттеу менің сүйікті кәсібіме айналды және Шоқан өзінің әңгімелерімен менің дәптерімді толтыруға көмектесіп жүрді. Біз, осылайша, қазақтардың сұңқар салып, саяттық құру салтын толық жазып алдық... Шоқан қазақтардың қызық көретін бұл салтымен бала кезінен-ақ шұғылданған болуы керек, өйткені ол сұңқарды қалай баптап күтудің әдісін және де қазақтардың жалпы аңшылық кәсібін өте жақсы білетін. Ол айтып отыратын да, мен жазып отыратынмын, содан кейін ол сұңқардың томағасы мен тұғырының, дауылпаз бен оқ-дәрі салатын құтының, мылтық пен тағы басқаларының суретін салып, менің жазуларымды толықтыра түсетін» - деп жазса, Ә. Х. Марғұлан Шоқан өмірінен осы секілді аса құнды деректер беретін Потаниннің басқа да жазбаларын негізге ала отырып, «Шоқан Шыңғысұлы Уәлихановтың өмірі мен қызметі» атты еңбегінде Шыңғыс қонысын: «Шыңғыс Сырымбетте қысты күндері ғана тұрып, жазды ылғи жайлауда өткізген. Кейде Шоқан мен Г. Н. Потанин да жазғы демалысқа келген кездерінде Шыңғыспен бірге көшіп жүрген», - деп жинақтаңқырап айтады.
Шоқанның Абылайға қатысты айтқанындай-ақ оның ұрпақтарының да есте қаларлық оқиғаларының бәрі дерлік ән-күй арқауы, аңыз-жыр өзегіне айналып, халық жадында музыкалық-поэтикалық жылнама түрінде сақталған.
Өнер ордасының Көкшедегі сондай кіндігі – Сырымбет, Сырымбет мекен-жайы, яки «Хан ордасы».
Алты жасында Күрлеуіт Қыпшақ Жаманқұлдан «Едіге» жырын тыңдаған Шоқан «Ер Қосай» мен «Ер Көкшені» Атығай Арыстанбай Тобылбайұлынан естіген. Қаракесек Жанақ Сағындықұлынан ел шежіресі мен ауыз әдебиетінің ескілікті үлгілеріне құлағы қанық болған Шоқан нұралық Шөже Қаржаубайұлынан «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырының ең озық нұсқасын жазып алған. Көкесі (әкесінің ағасы) Ханқожадан күй атасы Қорқыттың ботадай боздаған сарынын сан рет тыңдаған. Күй сарынынан ажалмен арпалысты бажайлап, өлімді өнермен, надандықты іліммен жеңуге болар деп түйсінген. Өз құралпыластарынан Ақанның мұңшыл да сыршыл, Біржаннан шабытты да шалқар, Жаяудың (Мұсаның) ащы да асқақ әндерін тыңдаған.
Ол заманда хан ұрпағы талғап ас ішіп, таңдап киім киюмен шектеліп қалмай, «жеті жұрттың тілін білуге, жеті өнердің сырын білуге» тиіс деген түсінік, тарихшылардың айтуынша, әлі ескіре қоймаған. Осы ата парызды Абылай жұрағатының ішінде шын мәнінде дұрыс түсініп, берік ұстаған жалғыз Шоқан болса керек. Өз халқының бүкіл болмысын толық танып білуді көздеген ол өнер мен өмірге, ел мен мекенге, уақыт пен кеңістікке қатысты ойын «Халықтың рухы дегеніміз, оның ақыл-ой әлеміндегі жетістігі»,-деп асқан кемеңгерлікпен тұжырымдаған.
Шоқан Құсмұрын – Сырымбет кезеңіндегі араб, шағатай тілдерін жақсы үйреніп, шығыс әдебиетә нұсқаларымен мейлінше мол танысып үлгірген. Шоқанның шығыс поэзиясын аса сүйетіндігін түркі тілдес халықтарды зерттеу ісіне елеулі үлес қосқан, Шоқанның жақын таныстарының бірі Н. М. Ядринцев: «Шоқан шығысқа тән ұшқыр қиялды әрі ақын жанды адам еді. Ол араб өлеңдерін қатты ұнататын және ол ұстазы Костылецскиймен бірге сол өлеңдерге рақаттынып, тамсанып отыратын», - деп әңгімелейді ол Шоқан Уәлиханов жайлы естелігінде.
Шоқан – суретші... Суретші Шоқанның еңбектерінің ашылып, қазақ бейнелеу өнері тарихына ене бастағалы ширек ғасырға жуықтап қалды. Алайда, біз қазір Шоқан суреттерін көркем дүние тұрғысынан емес, тарихи дерек ретінде тарқатқалы отырмыз. Осы орайда, орыс жазушысы, декабрист А. А. Бестужев-Марлинскийдің мынандай пікірі бар. Ол: «Суретші әрі тарихшы, әрі ақын, әрі философ, әрі байқампаз болу керек, және өзі шыны да солай: Нағыз ұлы суретшілердің бәрі шетінен ғұлама кісілер болған», - дегенге саяды. Марлинскийдің осы бір ұлағатты тұжырымы Шоқан үшін арнайы айтылғандай. Олай дейтініміз, бүгінгі таңда Шоқанның өмірін, Шоқан өскен ортаны Шоқанның тікелей нұсқадан салған суреттерінсіз тарқатып айта алмаймыз.
Шоқанның «Сырымбеттегі Айғаным мекен-жайы» атты еңбегінен өзге «Мекен-жайдың шығысынан қарағандағы көрінісі», «Сырымбет аулында чиновникті қарсы алу», «Ханшаның ескі үйінің сипаты» атты нұсқадан тікелей салынған шынайы суреттемелері мен «Сырымбет тауы», «Сырымбет тауы мен оның төңірегінің схемалық картасы» немесе «Сырымбет тауы төңірегіндегі қазақтардың қаыстаулары мен жайлауларының схемалық картасы» деген топографиялық жұмыстары бар. Шоқан Сырымбеттен өзге тақырыпқа бұлайша қайталап қалам тартпаған, сан рет сипаттап суретін салмаған.
Сөз түйіні: Көкше, Сырымбет, онан, қала берді, Есіл, Ертіс атырабы ықылымнан, із, жосық қалған, дәстүрлі өнері бар өлке. Шоқан соның телегей-теңізінен емін-еркін мейір қандыра сусындай алған. Дарын-талантты, пайымды-парасатты жасөспірім Шоқанның ақыл алыбы, өнер қайраткері, сүлей суреткер болып калыптаса бастауына әжесі Айғаным, әкесі Шыңғыс, нағашысы Мұса, көкесі Ханқожа, сондай-ақ келімді-кетімді орыс интеллигенттері мен ел ішіндегі ақын-жыршы, әнші-күйші, аңызшы-ертегіші, қобызшы-сыбызғышы боп келетін халық өнерпаздары айтулы әсер еткен. Шоқан әрі қазақтың сән өнері мен қолөнері түрлерінен де ауқымды мағлұмат ала алған. Құйма құлақ, зерек Шоқан «сана-сезімі ерте оянып, ой-пікірін үлкендерше тұжырымдайтын» (Ә. Марғұлан) деңгейге көтерілген. Екінші қырынан айтқанда, Кұсмұрын – Сырымбет кезеңінде Шоқан қазақ халқының мәдениеті мен тарихы, оның ішінде тұрмысы мен салты, әдеті мен ғұрпы, өнері мен өлең-жыры төңірегінен университеттік деңгейдегі білім жинақтап үлгірген.
Шоқан Омбыға, осылайша, аяқ басқан еді.
Омбы...
Әкесі Шыңғыс Омбыға оқуға әкелгенде Шоқанның он екі жасқа толар-толмас кезі еді. Бұл – 1847 жылдың күзі болатын.
«Оқу орнына түспей тұрып-ақ сурет сала алатын» Шоқанды Омь өзенінің Ертіске құяр сағасындағы самырсын, қарағайлы орман алқабына орналасқан Омбы қаласы қатты қызықтырды...
«1837 (1834) жылы қазақтың атақты ағартушысы Шоқанның әкесі Шыңғыс Уәлиханов оқып бітірген» Сібір линиялық қазақ әскері училищесі Шоқан түсерден бір жыл бұрын Сібір кадет корпусы болып қайта құрылған. Омбы кадет корпусы атала бастауы 1905 жылдан. Ал, Ұлы Октябрь революциясы жеңісінен кейін Жаяу әскер қызыл командирлері школасы, қазір М. В. Фрунзе атындағы Омбы жоғары жалпы әскери командалық училищесі деп аталады. Училищенің қасбетіне Шоқанға мемориалдық тақта қойылған.
Патшалық Россияда сол кезеңде барлығы жиырманың үстінде кадет корпусы жұмыс жүргізген. Солардың ішінде Орынбор, Омбы, Саратов кадет корпустарында бірен-саран қазақ балалары оқып, тәрбиеленген. Алайда, кадет корпустары әскери негіздегі арнаулы жабық оқу орны саналғандықтан, онда офицерлер мен бай-шонжарлар балаларының ғана түсіп оқу мүмкіндігі болған.
Дегенмен, Шоқан кадеттікке қабылданғанда оты бес жылға жуық үздіксіз жұмыс істеп келе жатқан Сібір кадет корпусы Сібірдің сол кездегі ең жақсы оқу орны деп саналған. Әрі корпустағы оқу-тәрбие жұмысының гүлдену кезеңі де Шоқанның шәкірттік шағымен тұспалдас.
Кадет корпусының оқу мерзімі – даярлық класы екі жыл, негізгі кластары бес жыл, арнаулы класы бір жыл, барлығы сегіз жылға созылған.
Арнаулы класта тактика, артиллерия, далалық фортификация секілді әскери ғылымдар жүретін болғандықтан, хан тұқымынан екендігіне қарамастан, патшалық өкіметке сенімсіз бұратана ұлт өкілі болып табылатын Шоқан арнайы оқу программасы бойынша білім алған. Ол төмендегінше:
«Офицерлер етіп шығару үшін қырғыз сұлтандарының балаларына Сібір кадет корпусында өтуге мүмкін деп саналатын пәндердің жалпы программасы».
Омбы облыстық архивіндегі «Оқу бөлімі бойынша іс... Қырғыз сұлтандары балаларын түрлі пәндер бойынша оқыту жүйесіндегі өзгерістер» атты тарихи документтік дерекке қарағанда, Шоқан 1851 жылы күшіне енген оқу программасының осы жаңа жобасына іліккен де, кадет корпусын 1853 жылы бітіріп шыққан. Шоқанның оқу мерзімінің 7 жылға толмауына қарағанда, 2 жылдық даярлық класын бір жыл ішінде бітіруі де ықтимал.
III бөлім
Шоқан оқыған тұста сәлет өнері кең көлемде жүргізілді. Оқу программасында татар тілі жалпы жүйе бойынша жүргізіледі деп тала салғанымен, ол пән бойынша түркі тілдерінің ішінен қазақ, татар, шағатай тілдері оқып-үйретілді. Шығыс тілдері класында түрік, монғол, араб, парсы тілдерін оқытқан. Алайда, Шоқан «татар тілін жақсы білемін» деп бұл сабаққа қатысқан жоқ. Христиан дінінің сабағы мұсылмандар үшін міндетті емес еді. Шоқан «білгім келеді» деп ол сабаққа да қатысты. Бірінші класта неміс тілін жазбаша да, ауызша да ұғынарлық дәрежеде игерген ол екінші класта француз тілін сөздіксіз оқи алатын халге жеткен.
Шоқанның өте сирек ұшырасатын асқан алғырлығы мен қайталанбас қабілеттілігі жөнінде онымен кадет корпусында қатар оқыған жақын достарының бірі Г. Н. Потанин: «Шоқан тез дамыды, өзінің орыс жолдастарын басып озды», - деп жазса, Шоқанның дарын-талантын бірден байқаған П. П. Семенов-Тян-Шанский: «өзінің орасан зор қабілеттілігінің арқасында Уәлиханов Омбы кадет корпусын үздік бітіріп шықты, кейіннен Шығыс тарихының, оның ішінде қырғыздарға туыстас халықтар тарихының ғұламасына айналды», - деп, Потанин пікірін қуаттай түседі


Соңғы жарияланған материалдар тізімі
"Аққан жұлдыз" атты сыныптан тыс іс-шара
Шоқан – қазақтың тұңғыш ғалымы
Қазақтың көрнекті ғалымы Шоқан Уалиханов
Қазақстан тарихынан әңгімелер
Қазақтың көрнекті ғалымы- Шоқан Уәлиханов
Ш. Уалиханов - қазақтың көрнекті ғалымы
Қазақтың көрнекті ғалымы-Шоқан Уәлиханов
Шоқан Уәлиханов – ғалым
Шоқан Уәлиханов Құрмалас сөйлем
С. Бегалин Бала Шоқан
Бөлім: Уроки / Қазақ тілі | Көрсетілім: 22062 | Қосты: NA | Ілмек сөздер:
Информация
Посетители, находящиеся в группе Гости, не могут оставлять комментарии к данной публикации.
Бөлімдер
История
открытые уроки по истории
Педагогика
открытые уроки по педагогике
Биология
открытые уроки по биологии
Информатика
открытые уроки по информатике
Математика
открытые уроки по математике
Физика
открытые уроки по физике
Химия
открытые уроки по химии
Разное
открытые уроки
География
Открытые уроки по географии
русский язык