|
|
Мұстафа Шоқай – Алаштың зиялысы
Қазақстан Республикасының ғылым және білім министрлігі
Маңғыстау облысы
Түпқараған ауданы
Жалау Мыңбаев мектеп-гимназиясы
Бағыты: Қазақстанның тарихи ескерткіштері және болашақ дамуы бар
саяхат маршруттары
Секциясы: Тарих
Тақырыбы: Мұстафа Шоқай – Алаштың зиялысы
Авторы: Ағатаева Балдырған
10-сынып оқушысы
Жалау Мыңбаев мектеп-гимназиясы
Түпқараған ауданы
Маңғыстау облысы
Жетекшісі: Төлеуова Анар Қаражігітқызы
жоғары санатты қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі
Мазмұны:
- Кіріспе: -------------------------------------- 3-бет
Мұстафа Шоқай – Алаш алыбы
- Негізгі бөлім: ------------------------------- 4-14-бет
- Мұстафа Шоқай баһадүрдің өмір деректері
- Танымал саяси дода ортасында
- Мұстафа Шоқай фашистер қолынан өлді ме?
- «Түркістан үшін жан беру – бәрімізге бір мақсат»
- Тәуелсіздік – Мұстафа Шоқай мен Алаш көсемдерінің басты арманы.
- Қорытынды бөлім: ------------------------- 15-16-бет
Шоқайтану ілімін толықтыру – ұрпаққа міндет
Кіріспе
Алаш алыптары шоғырына жататын арыстарымыздың әрқайсысының тарихтағы орны айрықша. Әйтсе де, Мұстафа Шоқайдың өзге қайраткерлерден, замандастарынан ерекшелігі неде дейтін болсақ, ең әуелі, Мұстафа Шоқай – Түркістанның тұтастығына толық сенген, сол жолда басын бәйгеге байлаған қабырғалы да сан қырлы қайраткер. Саяси көзқарас кеңістігі тұрғыластарынан әлдеқайда кең болған ол қазақтың тәуелсіздігін күллі Түркістанның тәуелсіздігінен бөліп қарамаған.
Екіншіден, Алаш арысы - көреген көсем. Көптеген қайраткерлер большевиктермен ымыраға келуге болады деп шешкенде, Шоқай жаңа биліктің алдамшы уәделеріне сенбеген. Тіпті Ташкентте билікті қолға алған большевиктер Шоқайдың Түркістан Халық комиссарлары кеңесінің (Үкімет) төрағасы болуын сұраған. Алайда, олардың түпкі пиғылын ерте аңғарған Шоқай бұл ұсыныстан бас тартқан. Кейінірек Тбилисиде, Ыстамбұл мен Еуропада жүргенде де большевиктерден арнайы шақырту алғанына қарамастан, олармен ымыраға келмеген.
Шоқайдың тағы бір қыры, ол – қазақтың, тіпті Түркістанның тарихында саяси эмиграцияны алғаш бастаған тұлға. Оған дейін біздің тарихымызда шет елдерге шыққан адамдар болғанымен, саналы түрде, күрес жүргізу үшін эмиграцияға кеткен тұлғалар болған емес.
М.Шоқай қызметін жөнімен әділ бағалау тұрғысында, бұл тақырыпқа сонау кеңес заманының өзінде-ақ алғаш түрен салған жазушы Әнуар Әлімжанов еді. Тәуелсіз заманда тарих ғылымдарының докторлары Мәмбет Қойгелді, Көшім Есмағамбетов, Дархан Қыдырәлі, Гүлжауһар Көкебаева, академик Досмұхамед және Тимур Кішібековтер, жазушы-тарихшы Бейбіт Қойшыбаев, зерттеуші мұрағатшы Ғазиза Исахан, жазушылар Әкім Тарази, Оразбек Сәрсенбай, ақын Қасымхан Бегманов, Байбота Серікбайұлы Қошым-Ноғай, журналистер Жарылқап Қалыбай, Әбдімүтәл Әлібеков және басқалары Мұстафа Шоқай қызметінің әр қырынан келіп қалам тартты. Бұл орайдағы жұмыстарды тұжырымдай келе тарихшы Талас Омарбеков: ғылыми жұмыстар өзімізде де, шетелде де қорғалды. Бір адамның өмірін зерттеуге қатысты біраз жұмыс жасалды. Яғни, мұстафатану саласы ғылыми тұрғыдан алғанда бір жүйеге түсті, деп бағалайды.
Ең күрделі мәселе – «Мұстафа Шоқай гитлершілермен ауыз жаласқан, азиялық тұтқындарды кеңес өкіметіне қарсы соғысуға үгіттеп, олардан «Түркістан легионы» деген жасақ құруға қатысқан, Отанын сатқан опасыз, дұшпан» деп кеңес өкіметі таққан айып. Бұл айып шындықты бұрмалау екендігі қазір дәлелденіп отыр. Жазушы, қоғам қайраткері Ә. Әлімжанов «Мұстафа Шоқай. Ол кім?!» деген мақаласында «Мұстафа Шоқайұлы ешкімнің ақтауына мұқтаж емес. Ол өзін-өзі шығармаларымен, ерлігімен ақтап отыр. Оны тарих пен уақыт ақтады. Түркі тілінде сөйлейтін халықтар оның өзіне лайық бағасын беруде» деп жазған екен. Әнуардай көрнекті қайраткердің бұл тұжырымының дұрыстығын өмірдің өзі көрсетті. Енді Мұстафа атамыздың өмір жолын, қызметін талдайық.
Негізгі бөлім
Мұстафа Шоқай 1890 жылы 25 желтоқсанда Сырдария губерниясы, Ақмешіт уезі, Наршоқы деген жерде дүниеге келген. Көрнекті қоғам қайраткері, Түркістан Автономиясының жетекшісі. Қазақ ойшылы, оқымысты, мемлекет және қоғам қайраткері. Ақмешіт (қазіргі Қызылорда) қаласында дүниеге келді. Ол - белгілі Торғай датқаның немересі, Ер Шоқай - бектің ұлы. Нағашылары Хиуадағы қазақ хандары тұқымынан.
Мұстафа бастауыш білімді ауылда ата-анасынан алады. Осыдан соң Ташкенттегі орыс гимназиясын және Петербург университетінің заң факультетін үздік бітіріп шығады.
1912 жылы түрік-балқан соғысы бұрқ ете қалғанда, ол Түркияны қолдау қоғамына белсене араласты. Мұстафа Шоқай Мемлекеттік Думаның Мұсылман фракциясы Саяси бюросында Түркістан халықтарының бірден-бір өкілі болды. Думаның 1916 жылғы көтеріліске қатысушыларды жазалаушы казактардың айуандық әрекеттерін тексеру үшін комиссия құру туралы шешім қабылдауы барысында М. Шоқай шешуші рөл атқарды. Мұстафа, сондай-ақ, Құрылтай жиналысындағы "Түркістан халықтарының құқығын қорғау" жөніндегі өкілдер комиссиясын басқарды.
Өкімет басына Уақытша үкімет келген соң, оның басшысы А. Ф. Керенский М. Шоқайға министрдің портфелін ұсынады, бірақ Мұстафа бұл ұсыныстан бас тартады.
1917 жылғы Ақпан төңкерісі М. Шоқай тобының Түркістанда біртұтас Түркістан федерациясы құрамындағы ұлттық автономиялар құруға дайындалуына ықпал етті. Бірақ Уақытша үкімет Түркістан халықтарының өзін-өзі билеуіне қарсы шықты.
1917 жылдың наурызында М. Шоқай Ташкенттегі Мұсылмандар конгресінде құрылған Мұсылман орталығын басқарды. Мұсылман орталығы да автономия құруға әзірлене бастады.
1917 жылдың Қазан төңкерісін түркістандықтар қуана қарсы алды. Бірақ бұл қуаныш ұзаққа созылған жоқ, Кеңес өкіметі де Түркістан автономиясына үзілді-кесілді қарсы болатын.
1917 жылдың 22 қарашасында Қоқанда барлық саяси партиялар мен қозғалыстардың Бүкілтүркістандық конгресі өтіп, онда Қоқан автономиясының құрылғандығы жария етілді. Оның президенті болып Мұстафа Шоқай сайланды. Осы жылдың желтоқсанында М. Шоқай "Алашорда" үкіметінің құрамына кіреді.
1918 жылдың қаңтарында қарулы жұмысшы отрядтары мен қызылгвардияшылар Қоқанды шабуылмен басып алған соң, М. Шоқай Грузияға кетті. Онда ол Кавказ халықтарының демократиялық қозғалысына белсене ат салысады.
1920 жылы қызыл әскер Грузияға кіргенде, М. Шоқай Түркияға қоныс аударды, одан әрі Берлин асып, кейін Францияда тұрақтады. Эмиграцияда жүріп М. Шоқай кеңестік езгідегі Түркістан халықтарының өмірін көрсетуге арналған журналдар мен газеттер шығаруды ұйымдастырып, олардың жұмысына белсене араласады. Стамбұл мен Парижде, Берлин мен Лондонда, Варшавада ол Орта Азия туралы мақалаларын, теориялық зерттеулерін, тарихи және саяси шолуларын жариялады. Ол ұйымдастырған "Жаңа Түркістан" және "Жас Түркістан" журналдары тиісінше Стамбұл мен Берлинде басылып тұрды. Ұлы Отан соғысы басталысымен М. Шоқай тұтқындалып, Париж түбіндегі Компьен концлагеріне жіберіледі. Осында екі апта ұсталған ол кейіннен босатылады. М. Шоқай үйінде ұзақ бола алмайды. Оны әуелі Германияға, кейіннен Польшаға және Украинаға әкеліп, тұтқынға түскен түркістандықтармен жүздестіріледі. Лагерьлердің бірінде қазақтың ардагер ұлы 1941 жылдың 27 желтоқсанында дүниеден өтті.
Гуманист-ойшыл, демократ, энциклопедиялық білім иесі Мұстафа Шоқай ағартушы, Орта Азия мен Қазақстан халықтары тарихы мен мәдениетінің жоқтаушысы болды, ағылшын, француз, неміс, түрік және араб тілдерін өте жетік меңгерді. Бүкіл ғұмырын ол Орта Азия мен Қазақстан халықтарының ар-абыройын қорғауға, шындық үшін күреске арнады. Оның жан-жүрегі өле-өлгенше туған халқымен бірге болды.
Ауыл молдасынан хат танығаннан кейін 1902 жылы Ташкенттегі ерлер гимназиясына оқуға қабылданады.1912 жылы Санкт-Петербург Императорлық университетінің заң факультетін бітірген. Ағылшын, француз, түрік, өзбек, орыс тілдерін білген. Студенттік жылдары империя астанасындағы демократиялық қозғалыстарға қатысады.
Мұстафа алғаш сауатын ашқан Әліш медресесі Шиеліде Сұлутөбенің Наршоқы құмында Шоқай қыстауында болған. Қазір құлаған, орны жатыр, кірпіштері әлі табылады. Екі бөлмелі медресенің бір бөлмесінде балалар оқыған, екінші бөлме мешіт болыпты. Әліш – Шоқайдың ортаншы інісі, яғни Мұстафаның ағасы. Әліш Ташкенттен алдырған Ерім төре деген мұғалімнің мұсылманшылық та, орысша да сауаты болған.
«Мұстафа Шоқай қоры» Наршоқыға бүкіл Түркістан тәуелсіздігі жолындағы күрескер көсемінің туған жері екендігін білдіретін белгі орнатты. Үкімет тарапынан Абайдың Жидебайдағы, Шоқанның Сырымбеттегі үйлері қалпына келтірілгені сияқты, «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында Наршоқыдағы қыстау мен медресе қалпына келтіріліп, тарих ескерткіші ретінде сақталса, мектеп оқушыларын, студент жастарды, облыс орталығына, ауданға келген қонақтарды таныстыруға алып баратын тарихи орынға айналдырса жөн болмас па?!
Үйден алғаш алысқа ұзап шығып Перовскідегі орыс-қырғыз (қазақ) мектебіне оқуға түскенде Мұстафа жеті жаста болыпты. Наршоқыдан Перовскіге оқуға аттану бала Мұстафаның дана Мұстафаға айналар қадамының бастамасы еді. 1910 жылы Ташкент ерлер гимназиясын, 1914 жылы Санкт-Петербург университетінің заң факультетін алтын медальмен бітіріп шығуы оның осы жастайынан мақсаткерлігінің дәлелі.
Зерттеушілер М.Шоқайдың Ташкентте жүрген кезінде түркі халықтарының мәдениетіне, салт-дәстүріне зейін қойып, туысқандықпен етене қабылдауына екі адам айрықша әсер еткен, бірі – татар генерал Сақыпкерей Еникеев, екіншісі – әйгілі этнограф башқұрт Әбубәкір Диваев деген пікір айтады. Түркістан кеңестік автономиясының үкіметіне басшылық жасаған Тұрар Рысқұловтың та түрікшілдік идеяны ұстануына Ә.Диваевтың ықпалы болған көрінеді. Түрікшілдік көзқарас Мұстафа мен Тұрардың тағдырына айналады. Исі түркі халықтарының қамын жеп, кең ауқымда ойлаған көрнекті қайраткерлер сол жолда опат болды.
Мұстафа Петербургте оқыған 1910 – 1917 жылдар Ресейде революциялық ахуал ширығып, түрлі саяси ағымдар гулеп тұрған кезең еді. Алғыр жас осындай өзгерістердің қайнаған ортасында жүріп, пісіп жетілді. 1914 жылдан бастап Мұсылман фракциясының қызметіне тартылып, 1916 жылдан оның хатшысы міндетін атқарды. Ресей Мемлекеттік Думасында Мұсылман фракциясының қазанында қайнап шыңдалған Мұстафаның қайраткерлігін 1916 жылғы оқиға аша түсті. Патша өкіметінің азиялық бұратана халықтар ер азаматтарын әскерге алу туралы жарлық шығаруы қазақ даласымен қатар, Түркістан өлкесінде де наразылық толқу тудырған еді. Патша жендеттері наразылық білдірген көтерілісті аяусыз жаншып басты. Мұсылман фракциясы Мемлекеттік Думада мәселе қойып, Түркістандағы жағдайды тексеру үшін комиссия құруға қол жеткізеді. 1916 жылы тамызда депутаттар А.Керенский мен К.Тевкелев бастаған комиссия Түркістанның Самарқан, Ферғана және Сырдария облыстарында болып, тексеру жүргізеді, бұл жұмысқа Мұсылман фракциясының хатшысы М.Шоқай тілмаш ретінде қатысады. Комиссия мүшелері жермен жексен қиратылған ауылдарды, халыққа жасалған қырғынды көріп, тұла бойлары түршігеді. 1914-1916 жылдары Түркістан аймағы халқының 17 пайызы қырылған екен, атап айтқанда 1 млн. 230 мың адам өлген немесе жоғалған. Осы ретте айта кететін бір жәйт, Түркістан құрамындағы Жетісуда 1916 жылы көтерілген албандардың қырғынға ұшыраған қасіретін ашып жазған Мұхтар Әуезовтің «Қилы заман» романы еді. «Халықтар жандармы» деген айдар тағып, патша өкіметін құлатқанымен, ұлттар теңдігін дәріптегенімен, отаршылдық саясатты сұрқиялықпен жалғастырған кеңес өкіметі екіжүзділік көрсеткені белгілі.
Саяси жұмыстарға белсене араласудың арқасында 1917 жылға қарай М. Шоқай танымал саясаткерге айналып үлгереді. Қазақ еліне, Түркістанға қатысты түрлі жиындарға, құрылтайларға қатысып, оларға басшылық жасайды. Уақытша үкіметтің басшысы А.Керенский министр қызметін ұсынғанда, одан бас тартады. Түркістан жөніндегі ұлттық комитеттің төрағасы болып сайланады. Автономия құру жоспарын ойластыра бастайды. М. Шоқай күллі түркі халықтарының басын біріктірген тұтас Түркістан автономиясын құруды ұсынды. Сол кезде өзбектің Махмуд Қожа Бехбуди деген ағартушы қайраткері «Ұлық Түркістан» газетінде қазақ қандастарға арнап: «Бауырларым, қандастарым, біздің тіліміз де, дініміз де, тарихымыз да бір. Қазір Тәңір жарылқап, бізге үлкен мүмкіншілік беріп отыр. Осы мүмкіншілікті пайдаланып, ел болуымыз керек. Бұдан кейін мұндай мүмкіндік бола ма, жоқ па? Бүгін кеш қалсақ, Түркістан да, Алаш та өз тәуелсіздігінен айырылып қалуы мүмкін. Кейін өкінгенмен пайдасы жоқ, сондықтан қазір бірігейік» деген ашық хат жариялаған. «М.Шоқай өзінің туған елі қазақ халқының тәуелсіздігін Түркістанда көне замандардан бері қатар тұрып келе жатқан туыстас өзбек, қырғыз, түркімен және басқа халықтардың тәуелсіздігінен бөліп алып қараған емес. М. Шоқай үшін Түркістан халықтарының тұтастығы мен Түркістан халықтарының еркіндігі – бірінсіз бір жоқ егіз ұғымдар болған», дейді тарихшы М. Қойгелді.
Ол Түркістандағы бауырлас халықтар бір болғанда ғана ірі боларын, ірі болғанда ғана тірі қаларын ойлаған еді. Мұсекең Түркістан деп шырылдағанда қандай халықтарды, қандай өлкелерді айтқан дейтін болсақ, ол кісі жалпы Түркістанды Батыс Түркістан, Шығыс Түркістан және Оңтүстік Түркістан деп үшке бөлген. Шығыс Түркістан – қазір Қытайға қарайтын Шыңжаң, Оңтүстік Түркістан – қазір Ауғанстанға қарасты аумақ, Батыс Түркістан немесе Ұлы Түркістан – Орта Азия мен Қазақстан. М.Шоқайдың арпалысып жүргені осы – Ұлы Түркістанды құру. 1936 жылы Берлин қаласында Еуропада жүрген Түркістан жастарының алдында сөйлеген сөзінде ол былай дейді: «Бүгін Қазақстан, Қырғызстан, Қарақалпақстан, Түркіменстан һәм Тәжікстан деп, жат үкімет күшін алты жұмхұриетке бөліп тұрған Түркістан – бөлінбес, айнымас бір өлке. Халқының қаны бір, тілі бір, діні бір. … Бәріміздің құбыламыз – өзіміздің ата жұртымыз, өлкеміз Түркістан болмақ! Түркістан үшін өлу, Түркістан үшін жан беру – бәрімізге бір мақсат… Түрік халқы – батыр халық. Түрік халқы – арыстан ер халық. «Кімнен таяқ жегендей біздің түріктің баласы, алдырып жүрген дұшпанға ауызының аласы». Бұл нақыл сөзді ұмытпауымыз керек.
Сол кезде тек қазақ даласы, Түркістан ғана емес, Ресей шет аймақтарының барлығы большевиктердің өкімет билігін өздеріне алғанға дейін мәлімдеген: «Ресейдің құрамына кірген барлық ұлттардың емін-еркін бөлінуге және дербес мемлекет құруға деген құқы танылуға тиіс. Мұндай құқты жоққа шығару және оны іс жүзінде жүзеге асыруға кепілдік беретін шаралар қолданбау – басып алу немесе жаулап алу саясатына барабар» деген ұстанымына сеніп, дербес ұлттық мемлекеттер болмаса, Ресей құрамында автономия құруға ұмтылды. Большевиктер Ресей мен Шығыстың мұсылман еңбекшілеріне үндеу жолдап, уәделерін еселей түсті: «Уақытты өткізіп алмаңыздар, ғасырлар бойы жерлеріңізді жаулап алып келгендерді серпіп тастаңыздар! Ендігі жерде күлге айналған жерлеріңізді олардың тонауына жол бермеңіздер! Өз елдеріңіздің қожайыны өздеріңіз болуға тиіссіздер! Тұрмыс-тіршіліктеріңізді сіздер өздеріңіздің салт-дәстүрлеріңізге сай, өз қалау-ықтиярларыңызға орай құруға тиіссіздер!». Бостандық арманына қол созым қалды деген осы емес пе.
Большевиктердің уәдесін пайдаланып, 1917 жылғы 10 желтоқсанда Мұхамеджан Тынышбаев пен Мұстафа Шоқайдың бас болуымен Түркістанның ұлттық саяси күштері мен қозғалыстары Қоқан қаласына жиналып, ІV ұлттық құрылтай өткізді. Құрылтай Түркістан мұхтарияты, яғни автономиясы құрылғанын жариялады. Бұл мемлекет кеңестік тарихта мәні кемітіліп, бір қаланың төңірегі деңгейіндегі ғана құрылым сияқты көрсетіліп, «Қоқан автономиясы» деп аталды. Ол кезде Түркістан қаласы да, Ташкент те большевиктер қолында еді. Олардың қолында күш, әскер болды. Сөйтіп, Түркістанда қос өкімет – Ташкентте кеңестік, Қоқанда ұлттық автономия (мұхтарият) жарияланды. Түркістан (Қоқан) автономиясы үкіметін басқаруға Мұхамеджан Тынышбаев сайланды, М.Шоқай сыртқы істер министрі болды, бірақ көп ұзамай Мұхамеджан Тынышбаев қызметтен бас тартады да, 1918 жылғы 2 қаңтардан бастап Премьер-Министр Мұстафа Шоқай болды. Білікті адамдар аз, әскер жоқ, мүмкіндік шектеулі, айнала анталаған дұшпан жағдайында мемлекет құру, көрші елдермен келіссөздер жүргізіп, ынтымақтаса өмір сүру қарекетіне М. Шоқай беріле кірісіп кетеді.
Сол кезде Ташкент пен Түркістанда, Таразда, тіпті Ырғызда Түркістан ұлттық автономиясын қолдаған жиындар өткен. Түркістан ағартушылық, жаңартушылық сипаттағы жәдидшілері жетекшілерінің бірі Абдурауф Фитрат «Хуррият» газетіндегі «Мұхтарият» деген мақаласында былай деп жазыпты: «…түркістандық түріктер арасында бұдан асқан құтты, бұдан асқан қасиетті, бұдан асқан сүйінішті сөздің бар екеніне сенбеймін. Түркістан түрігінің қанын қайнататын, иманын арттыратын бір қуат болса, жалғыз осы сөзде бар: Түркістан мұхтарияты. Елу жылдан бері езіліп келдік, қор болдық, қолымыз байланды, тіліміз кесілді, аузымызға қақпақ қойылды, жеріміз тоналып, малымыз талауға түсті, қасиетіміз кірленді, намысымыз ұрланды, құқығымызға қол сұғылды, адами қалпымыз аяқ асты болды – төзімді болдық, сабыр сақтадық. Күшке сүйенген әр бұйрыққа бас изедік, бойұсындық, бүтін байлық – барлығымызды қолдан бердік. Жалғыз ғана бір пікірді бермедік, жасырып ұстап, орап ұстап, сақтап келдік: Түркістан мұхтарияты! Соттың есігінен жылап қайтқанда, жарықсыз түрмелерде жатқанда, жыртқыш жандармның тепкісіне түсіп, жығылып құлағанда, үйлеріміз өртенгенде, діндестеріміз дарға асылғанда өңіміз қуарып, көзіміз суалып, есімізден танып дүние бұлдыр тартты. Сол кезде түскен рухымызды, езілген еңсемізді көтермек үшін қап-қараңғы соқыр дүниенің жырақ бұрышында бір жарық жұлдыз үміт сәулесін шашып тұрар еді. Түкті көрмейтін көзіміз соны көрер еді. Ол немене еді? Түркістан мұхтарияты!». Міне, бүгінгі Тәуелсіздікке деген қандай құштарлық, ынтығу! Түркістан мемлекеттілігін Мұстафа бастаған түркістандық зиялылар осылай қарсы алған-ды.
Тарихқа «Қоқан автономиясы» деген атпен кірген, алғашқы Премьер-Министрі Мұхамеджан Тынышбаев, одан кейін Мұстафа Шоқай болған мемлекетті Қазақстанға қатысы жоқ сияқты етіп көрсетіп тұрған «Қоқан автономиясы» деген шартты атауы ғана. Сол кезде бүкіл Жетісу, Оңтүстік, Сыр бойы әкімшілік-аумақтық тұрғыдан Түркістан өлкесіне қарайтын, сондықтан Түркістан республикасы дегеніміз (ұлттық болсын, кеңестік болсын) кезінде патша өкіметі бөліп тастаған жарты Қазақстан. Талай зиялымыздың өмірі, қызметі Ташкентпен байланысты болатыны содан. 1924 жылы қыркүйекте Ресей Федерациясы құрамындағы Түркістан автономиялық кеңестік республикасында жергілікті қазақ, қарақалпақ, өзбек, қырғыз, тәжік және түркімен халықтары тұратын аумақтарды ұлттық межелеу нәтижесінде байырғы қазақ жерлері Жетісу, Оңтүстік және Сыр бойы Қазақстанға қосылып, еліміздің, жеріміздің тұтастығы қалпына келді.
Бірақ Қоқан автономиясы (мұхтарияты) екі жарым айдай ғана уақыт өмір сүрді. Түркістан кеңестік үкіметі оған тұтқиылдан шабуыл жасап, озбырлықпен құлатты.құлатты екен деп, мұқалған Мұсекең болмады. 1918 жылы тамыздың аяғы және қыркүйектің басында әуелі Орынборда, одан кейін Самарада Түркістаннан М.Шоқай мен Ұ.Қожа, Алаш көсемдерінен Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, М.Тынышбаев және Башқұрт үкіметінің басшысы З.Уәлиди, басқа да қайраткерлер қатысқан бірқатар маңызды саяси жиналыстар өтеді. Міне, осы басқосуларда олар Алаш, Башқұрт және Түркістан үш өкіметінің «Оңтүстік-Шығыс автономиялық мұсылман өлкелері одағы» федерациясын құру, қазақ және башқұрт әскерлерін бір армияға топтастыру туралы саяси шешім қабылдайды. Мұстафа Шоқайдың біртұтас Түркістан идеясы осылай күні кеше әртүрлі пікірде болған ұлт қайраткерлерінің басын түйістіреді. Қазақ зиялыларының көсемі Әлихан Бөкейханов бастап өткен Алаш және Түркістан мемлекеттерін құру тәжірибелерін сабақтай келе, бұған дейін ұстанып келген «Автономия құру – өз алды мемлекет болу. Мемлекет болып іс атқару оңай емес. Біздің қазақ іс атқаратын азаматқа жұтаң отырған болса, біздің жалпы қазақ қараңғы болса, Түркістан халықтарының қараңғылығы һәм шебер адамның жоқтығы бізден он есе артық», деп бірігуді қажет таппаған бұрынғы ойынан айнығаны осы тұс еді.
…1930 жылы Мұстафа Шоқай революциядан кейінгі кезеңнің сабақтарын тұжырымдай отырып, «Автономиядан – азаттыққа!» деген шағын мақаласында өкінішпен былай деп жазады: «Біздің буыны қатпаған жас ұлт-азаттық қозғалысымыз тарихында уақыты келген сайын еске алатын қаншама тарихи күндер баршылық. Міне, сондай тарихи күндердің бірі 1917 жылдың 10 желтоқсаны болып табылады. Бұл күні Қоқан қаласында жиналған Түркістанның 4-ші жалпы өлкелік құрылтайы Түркістан автономиясын жариялады. Біз бұған Түркістанның бүгінгі ұлт-азаттық қозғалысы жолында салынған алғашқы негіз, бірақ бұл жолда өжет аталмаған қадам ретінде қараймыз. …Он үш жыл бұрын біз ұлт-азаттық қозғалысымыздың программасын жасағанда автономиямен ғана шектелуді дұрыс санадық. Сонда, орыс отаршылдығында болған Польша, Финляндиядан басқа ұлыстар, орыс төңкерісі және орыс демократиясына сенген-ді. Польшалықтар мен финдерден басқа ешбір халық ұлт-азаттығын тез жүзеге асыруды ойлай алмаған еді. …Орыс төңкерісінің демократиясы …бізге өз ұлттық мәселемізді онымен достық және ынсап принциптері төңірегінде жұмыс-талас арқылы жолға салу жөніндегі қанағатшылдығымыздың қателік екенін ашық көрсетіп берді. …Ұлт азаттығы – халқымыздың ең заңды мәселесі. Ұлт азаттығы залымдардың зұлымдығынан, өз мүддесін ойлайтындардың таласынан жұртты және халықты сақтайтын қорған…».
1919 жылғы ақпанда Мұстафа Шоқай Маңғыстауда Форт-Шевченко қаласында кемеге отырып Әзербайжанға өтті. Бұл оның туған жерден біржолата кетуі еді. Еуропа халықтарының да тілін білген Мұстафаны шетелге кетіп, күресті идеологиялық тұрғыдан жүргізуіне кеңес берген Әлихан Бөкейханов болыпты. Елде қалғандар кеңес өкіметін мойындағандарымен, оларды кеңес өкіметі тірі қойған жоқ, тірі қалғандарын дәрменсіз етті. Күресті жалғастырған қазақтан жалғыз Мұстафа Шоқай еді.
Ол Әзербайжанда көп аялдай алмады. Аласапыран заман оны барған сайын елінен алыстата берді. 1919 жылы Грузияға өтіп, Тбилисиде екі жыл тұрды. Мария екеуі сол жерде қайта табысады.
1921 жылы ақпанда қызылдар Грузияны басып алған соң Түркияға кетеді. Туыс ел болғанымен, онда да көп тұрақтай алмай, 1921 жылы көктемде Парижге келеді. Париж түбіндегі шағын Ножан-Сюр-Марн қаласында тұрақтайды.
1924 жылы Түркістан ұлттық бірлігі ұйымы құрылып, оған мүше болады, кейін оны өзі басқарады. Ұйымның «Жаңа Түркістан» («Йени Түркістан»), «Жас Түркістан» («Яш Түркістан») журналдарын ұйымдастырды.
М.Шоқайдың халықаралық байланыстары тек түркі халықтарының өкілдерімен шектеліп қалған жоқ. Ол Украина мен Кавказ халықтарының Еуропадағы өкілдері құрған Прометей одағына кірді. Бұдан басқа, Парижде Кавказ, Түркістан және Украина халықтары достық комитетін ұйымдастырып, оның басшысының орынбасары болып сайланды. Мұстафа Шоқай «Кеңестер билеген Түркістан» және «Қазақ жеріндегі ашаршылық» деген мақалаларында ел жағдайын ашына баяндайды. «Мен большевик Сафаровтың айғақтарына сүйенемін. Ол – ВЦИК-тің Түркістан істері жөніндегі арнаулы комиссиясының мүшесі. Сафаров былай деп жазады («Правда», №133, 20 маусым 1920 жыл»): «Перовскіде (Сырдария облысы) патша жендеті Гержот деген билік етуде. Ол тұтас бір халықты – қазақтарды қырғынға ұшыратты. Соның кесірінен бір миллиондай қазақ аштан өлді», деп көрсетті қолында қайрат қылар дәрмен жоқ қайран ер Мұстафа Шоқай.
М.Шоқайдың шетелдегі саяси қызметінің ең таласты кезеңі гитлерлік Германиямен байланысы. Немістер оны 1941 жылдың жазында Франциядан Берлинге алып кетіп, өз мақсаттарына пайдалануды ұйғарған. Мұстафаны тұтқын түркістандықтардың тізімін жасауға, білімін, мамандығын анықтауға жұмсаған. Осы орайда айта кететін бір мәселе – орыс, славян емес тұтқындардың санын анықтау, олардың көңіл ауанын барлау мақсатында немістер 25 комиссия құрған екен, оларға кеңестік шығыс халықтарының 600-ге жуық адамы – саяси елауғандар тартылыпты.
Тұтқындар лагерьлерін аралап, ондағы адам төзгісіз ауыр жағдайды көргеннен кейін және оны титтей де болса жеңілдете алар амалы жоқтығына күйзелген Мұсекең өзін пайдаланғысы келіп отырған неміс генералы (группенфюрер) С.Иоахим дегенге шарасыздықтан мынадай хат жазады: «Гете, Фейербах, Бах, Бетховен, Шопенгауэр сияқты ұлыларды тәрбиелеген ұлттың тұтқындарға жасап отырған зұлымдығын көре отырып, мен Түркістан легионын басқару туралы ұсыныстан және сіздермен әрі қарай жұмыс істеуден бас тартамын». Бұл өзіне үкім шығарумен барабар еді. Көп ұзамай ол 1941 жылғы 27 желтоқсанда Берлиндегі Виктория ауруханасында жұмбақ жағдайда көз жұмады. «Сүзектен қайтыс болды» деген анықтама толтырылады. Қазір зерттеушілер ол кімнің тарапынан болса да – немістердің, әлде серігі өзбек Вели Каюмнің (легион басшысы болғысы келгендіктен не немістердің жұмсауымен), не кеңес жансызының қолынан қастандықтан өлген деген болжамға келіп отыр.
Бүгінде Түркістан халықтары тәуелсіз мемлекеттер. Қазір түркі мемлекеттері басшыларының, парламенттерінің ынтымақтастығы, мәдени байланыстар сияқты жоғары деңгейдегі қарым-қатынастар Мұстафа Шоқай арманының орындалғандығы.
Саяси күресте иықтас болып, бір-бірінің қадірін білген замандасы Украина республикасының сыртқы істер министрі, профессор А.Шульгин былай деп жазған екен: «Түркістан бір күндері жаңарып, өз батырларын еске алатынын, Мұстафаға Перовскіде, не Ташкентте ескерткіш қоятынын білмеймін. Бірақ халық оған өз жүрегінен ескерткіш орнататынына кәміл сенемін».
Иә, солай болды. Мұстафа аңсаған, сол үшін күрескен тәуелсіз заман келді. Қазір еліміздегі және шет елдердегі бұрын қол жетпеген құжаттарды саралау, мәселенің ақ-қарасын ашу мүмкіндігі туды.
2010 жылы 28 қазанда еліміздегі «Мұстафа Шоқай қорының» қаражатына Францияның Ножан-Сюр-Марн қаласында Мұсекең тұрған үйдің жанына оның ескерткіші орнатылды. Ескерткіштің авторы мүсінші Амангелді Кененбаев, Қор жетекшісі Базарбай Атабаев – Мұстафамен ауылдас. Б.Атабаев туған жері Сұлутөбеден бір уыс топырақ ала барып, ескерткіш түбіне қояды және елден апарған үш түп ағаш егіпті. Мария Шоқайдың да бейіті қамқорлыққа алынды. Елінің тәуелсіздігі үшін арпалысқан арысқа туған жер топырағы осылай бұйырды. Оның ерлік істеріне халқы риза. Тәуелсіз Отаны, күллі Түркістан жұрты Астана, Ташкент, Бішкек, Ашғабад, Нөкіс, Уфа, Қазан төрінде үлкен ескерткіштер қоятын болар әлі. Әзірге Мұстафа ескерткіші туған жері Шиелі ауданының, Маңғыстау облысының Форт-Шевченко қаласының орталығында қойылған. Саяси қайраткердің Маңғыстау жерінде де ізі жатыр. Теңіз жолы арқылы Бакуге өтерде, жергілікті әкімшілікпен сөйлесіп, идеясын уағыздағаны сөзсіз. Ол туралы шынайы деректердің жарыққа шығуы алдағы болашақ еншісінде.
Мұстафаның қандай жанұядан шыққанын «Қазақ» газетінде 1914 жылы желтоқсанның 10-жұлдызында жарық көрген Закир Гайсин деген кісінің Шоқай қайтыс болғаннан кейін берілген «Ас» қаражатынан байқауға болады. Онда: «Ақмешіт уезіне қараған шашты қыпшақ марқұм Шоқай Торғай баласына ас берілді. Шақырылған елдің бір шеті Қазалы, бір шеті Ташкент болды, үш мыңға жақын жұрт жиналды. Астың бар шығыны бес мың сомнан асты. Бәйгеге 57 ат шауып, 17-сіне бәйге тігілді. Бас бәйгеге 8 сом ақша, екі қара тігілді» делінген. Бұл өте көп қаражат болатын, егер ол кезде бір қой 20-30 тиыннан аспайтын болса. Мұстафа асқа келді ме, әлде жоқ па, ол жағы айтылмайды. Тек, оның Петербург университетінде оқуын бітіріп, енді мемлекеттік емтихан қарсаңында тұрғанын хабарлаған.
Мұстафа бастауыш мектепті Перовскіде, гимназияны Ташкентте үздік бітіріп, Петербург университетіне жолдама алған.
Мұстафаның қоғамдық, саяси көзқарасы сол университетте, одан кейін де қалыптасқан болса керек. Мәселен, Мұстафа Шоқайдың қоғамдық көзқарасы Петербург университетінде оқып жүрген кезінде қалыптаса бастады. Ол кезде Петербургте қоғамдық ой қазанда қайнағандай асып, тасып жататын. Алдымен саяси ойларды қозғаған неше түрлі большевик, меньшевик, эсер, кадет, монархист сияқты партиялар еді. Оған дейін «Земля и воля», «Черный передел», басқа да алдарына мақсат қойған қозғалыстар өршіді. Бұлар тұралы философиялық тұжырымды Г.В.Плеханов кезінде талдап жазған болатын. Жасырын террористік үйым «Народная воля» 1881 жылы император Александр ІІ-нің өмірін үзді.
1911 жылы Киевтегі театрда Николай ІІ-нің көзінше бір студент Ресей премьер-министрі Столыпинді атып өлтірді. Николай ІІ теңіздей толқыған қоғамдық қозғалысты тоқтатудың орнына Ресейді бетіне қоя берді. Артынша 1914 жылы августа басталған бірінші империалистік соғыста Ресей жеңіліске ұшырады. Осының бәрі 1917 жылғы Октябрь революциясына алып келді. Әрине, бұл күрделі ауыр жағдайлар зерек, ойлы жас Мұстафа Шоқайға әсер етпей қойған жоқ. Қазақ елінің ішкі жағдайы мен болашағы Мұстафаны толғандырды. Мәселен, Ресей мемлекеттік Думасына Ахмет Байтұрсыновтың әрекеті арқылы ең алғаш депутат болып сайланған 6-7 қазақ жігіттері Дума трибунасын тиімді пайдаланып, ұлт, жер, отаршылдық мәселелерін өткір сынға салды. Бақытжан Қаратаевтың жалынды сөзін В.И. Ленин өз еңбегінде қолданды. 1914 жылдың аяғында Петербург университетін бітірген Мұстафа Шоқай, қоғам қайраткері Әлихан Бөкейхановпен танысып, ұлт-азаттық ойларын дамытты. Олар патша үкіметінің ұлт аймақтарына қолданған отаршылдық саясатына қарсы айқасқа шықты. Мұстафа Шоқай қазақ халқын, Орта Азия мұсылмандарын отаршылдықтан босатып, тәуелсіз ел – Түркістан Республикасын орнатуға бел байлады. 1917 жылы Ресейде патша тақтан түсіп, Уақытша үкімет орнап, артынша Қазан революциясы жеңіп шыққан кезде, Орынбор қаласында желтоқсанның 5-і мен 13-і аралығында өткізілген, екінші Бүкілқазақстандық құрылтай съезінде баяндама жасаған Мұстафа Шоқай Қазақ автономиялық республикасын жариялауды ұсынды.
Сондай-ақ 1918 жылы Қоқан қаласында өткен Түркістан Республикасын орнату жөнінде шақырылған мүсылмандар съезінде Мұстафа Шоқай оның президенті деп қабылданды. Бірақ 20 ақпанда Қоқанда орнатылған кеңес үкіметі мұсылмандар әрекетін талқандап, шешімін жоққа шығарды. Нәтижесінде ежелгі аңсаған Түркістан Республикасын орнату арманы қолдан шығып кеткеніне көзі жеткен Мұстафа Шоқай елін, жерін тастап, Каспий теңізі Баку арқылы Грузияға, одан әрі Қара теңізді кесіп өтіп, Түркияға келді. Арманы – қазақ, Орта Азия елін большевиктер шеңберінен босатып, өз алдына еркін егемен ел ету. Ол үшін әлемге сөзі жететін аудитория керек болды. Түркия жері оған ондай трибуна бола алмайтынын байқады. Оған көптеген халық пен қауымның тоғысқан жері керек еді. Сондықтан Мұстафа Парижге қоныс аударады. Мақсаты – сол жерде журнал шығару, тұркі елдерінің санасын ояту және мақсат еткен жұмысына кірісіп, журнал шығару. Мұстафа «Жас Түркістан» журналын шығарып, оған мақалалар жазып, басты мақсатын іске асыруға кіріседі. Мұстафа – табанды, қайсар қайраткер. Ол жалғыз өзі социалистік жүйеге қарсы шықты. Сталин шырмауынан қазақ, басқа орта Азия халықтарын босатпақ болды. «Қазақ, өзбек, түрікмен, қырғыз, тәжік халқы бірігіңдер! Кеңес отары болудан құтылыңдар, әйтпесе жеке-жеке ұлттығыңнан, айырылып, жойылып кетесіндер!» деп жалынды ұран тастады.
Кельн қаласының жанында тұрған Баймырза Хаит «ХХ ғасырдағы Түркістан», «Ресей мен Қытай аралығындағы Түркістан», «Қенес билігіндегі Түркістан» деген кітаптар жазып шығарды. Автор «Түркістан – кеңес одағының отары» деп жазды. Өз еңбектерінде Баймырза Хаит: «Менің осы еңбектерді жазып шығаруыма Мұстафа Шоқайдың архивтері мен жазбалары көп пайдасын тигізді» деп жазды.
Кейбір басылымдарда «Мұстафа Шоқай Гитлерге қызмет етті, «Түркістан легионына» басшы болды» дейді. Рас, Мұстафаны немістер Парижды алғанда оны түрмеге отырғызды. Кейін босатып, Гитлердің тапсырысымен Берлинге жеткізді. Гитлершілдердің тапсырмасымен тұтқынға түскен мүсылмандар арасында жұмыс жүргізгені де рас. Ол тұтқындар лагерьлерін аралап, мүсылмандарды бөлек есепке алды. Оларды гитлершілдер легионға пайдаланбақ болғаны да шындық. Бірақ Мұстафада қандай ой болды, ол жағы белгісіз. Бірақ ел тәуелсіздігін аңсағаны ақиқат. Мұстафа 1941 жылы 27 желтоқсанда кенеттен дүние салды. Оны «у беріп өлтірген Каюмхан» деген де пікір бар. Бірақ ол қисынға келе бермейді. Өйткені Мұстафа «Түркістан легионына» бастық болып үлгермеген де болар, оның өрнына дәме артқан Қаюмханның оны өлтіруі күдікті. Ол пікірді Мария Яковлевна да айтпайды. Тек Мұстафа өлгеннен соң «Қаюмхан бізге келуін сиректетті» дегені болмаса. Меніңше, Мұстафаның қөзін жойған неміс фашистерінің өзі болуы мүмкін. Мұстафа өз елін қорғады, оны кеңес отарынан босатпақ болды. Сол үшін өмірін сарп етті. Енді неміс-фашистері Орта Азияны өзіне отар етпек пиғылын білген ол қалайша немістің мүддесін қорғайды? Сонда ол Орта Азия халықтарын бір құлдықтан босатып, екінші құлдыққа байлап бермек пе? Бұл ақылға сыймайды. Керісінше, немістерге осы ойын ашық айтқан да болуы ықтимал. Демек, Мұстафа гитлершілдерге де ұнамай, керек болмай қалуы мүмкін. Сондықтан оның көзін жою керек болған шығар.
Кезінде фон Папен (1879-1969) Мұстафаны білген де болар. Гитлер мұсылман халықтары арасындағы жұмысты басқаруды оған тапсырған болатын. Бірақ ол Мұстафамен бір болды ма, ол жағы да белгісіз. Әйтеуір фон Папен де Гитлерге ұнамай, төмендетілді. Ол – шындық. Нюрнберг сотында ол жазадан аман қалды. Біздің айтар ақиқатымыз, Мұстафа фашистік үкіметтің қолшоқпары болған жоқ.
Мұстафа – өз халқын бодандықтан босатып, теңдікке, егемендікке жеткізу үшін басын өлімге тіккен есіл ер, батыр. Ұлы қайраткерлерге биыл 120 жыл толды.
Қорыта келгенде, Шоқай жөніндегі әңгіме әлі де толық, терең зерттеуді қажет етеді. Ол шындық үшін, тарих үшін, әділеттік үшін керек.
Қорытынды бөлім
Түркістанның бірлігі мен тәуелсіздігін ту етіп, оны өмірлік мұратына айналдырған, сол жолда құрбан болған Мұстафа Шоқайдың тұлғасы күн өткен сайын биіктей бермек. Түбі бір түрік жұртының тағдыры талқыға түскен шақта басын бәйгеге тіккен, саналы ғұмырын ұлт мүддесі мен ел мұраты жолына арнаған сан қырлы қайраткер тұлғаның тағылымын арқау еткен еңбектер жаңа,тың деректерге жетелемек.
Көрнектi публицист, қоғам қайраткерi жөнiндегi деректер, оның артында қалған рухани бай мұрасы Қазақстанда ғана емес, Өзбекстан, Түрiкменстан, Ресей, Грузия секiлдi көршiлес елдермен қатар Франция, Германия, Түркияда шашылап жатыр. Оларды жүйелеу мен жинау көп уақыт пен қаржыны талап ететiнi белгiлi. Сонымен қатар осынау мол рухани дүниенi игеру үшiн сол елдердiң тiлiн бiлу қажет-ақ. Мiне, осы тұрғыдан келгенде Астанадағы “Фолиант» баспасынан шыққан Дархан Қыдырәлінің “Мұстафа Шоқай ” деген кiтабының маңызы ерекше.
Мұстафа Шоқайдың саясаткерлiгi, шығармашылығы, түрiкшiлдiгi, "Прометей" қозғалысына, «Түркiстан легионына» қатысы, оның жұмбақ өлiмi және тағы басқа проблемалар жеке-жеке кешендi зерттеудi талап ететiндiгi сөзсiз. Оның Еуропадағы iс-әрекетi жөнiнде сөз қозғағанда оған қамқорлық жасап, қол ұшын созған поляктардың көмегiне тоқтала кету парыз. Мәселен, Ресейден талай қорлық көрген поляктар большевиктер табанына жаншылған орыс емес ұлттарға, оның iшiнде қазақ халқына, Мұстафа Шоқайға деген ерекше ынта-ықыласы туралы мәселенiң өзi арнайы тақырып.
Мұстафаның досы, Украинаның бұрынғы сыртқы істер министрі, профессор А. Шульгиннің: «Мұстафа – Бей мемлекеттік ірі қайраткер, аса көрнекті жазушы әрі журналист болды, бірақ, ол бәрінен бұрын өте тартымды адам еді, өзіндігі мол тұлға еді. Мұстафа – Бейді Түркістансыз көз алдыңа елестету мүмкін емес. Иә, ол өзінің жүрегімен де, өз Отанын, оның өткендегісі мен қазіргі сүрең келбетін бір минут та ұмыта алмайтын. Әйтсе де өзінің дәстүрлеріне адал күйінде қала отырып, ол өз бойына мейлінше әртүрлі адамдарды және бір-бірлеріне түсініксіз дерлік халықтарды өзара байланыстыра алатын әрі байланыстыруға тиісті аса бағалы, адамдық қасиеттердің бәрін дарыта білген еді», - деген сөзі толық дәлел. Шоқайұлының тағы бір досы, бұрынғы Мемлекеттік Думаның мүшесі және Грузия Сыртқы Істер министрі А. Чхенкели былай дейді: «Біз құрған «Кавказ, Түркістан және Украина халықтарының достығы» қоғамында ол, әрине, елінің кеңдігіне қарай тиісті орын алды. Мұстафаның Париждегі, Лондондағы, Женевадағы және Батыстың басқа да орталықтарындағы қайраткерлік қызметі сан түрлі әрі жемісті болғандығы соншалық, олардың бәрін санап шығу мүлде мүмкін емес. Ол менің күткенімнің бәрінен асып түсті, далалық азиатты нағыз халықтың көсеміне айналды. Ол өте сабырлы әрі бірқалыпты еді, бірақ жүрегі ыстығырақ болатын, қашан да өзінің жеке басының қауіпсіздігін ойламай жақындарына жәрдемдесуге құлшынып тұратын. Совет-Герман соғысы кезінде ол соғыс тұтқындарының бір лагерьде өзінің батылдығымен, немістер еврей деп есептеп, атуға кескен бірнеше ондаған грузин жастарын атудан аман алып қалған. Ол өз өмірін қауіпке тіге отырып, кешірілмес қателікті түсіндіру арқылы үкімнің орындалуын тоқтата алды. Міне, біздің Мұстафа осындай тағылық уақытта өмір сүріп, күресе білді. Енді сен, жоқсың, қымбатты досым, бірақ біз де одан жақсы дәуірде өмір сүріп жатырмыз дей алмаймын. Ал сенің есімің мен идеяң қашан да біздің арамызда халықтарымыздың достығының символы болып қала береді»... Міне, Мұстафа – Бей Шоқайұлының иман, парасат ұялаған көлдария жүрегін, ұлы тұлғасын осы жолдардан-ақ терең сезінуге болады.
Бүгін бізге Мұстафа – Бей Шоқайұлының және онымен пікірлес, халықтың бағына туған көксерек топтың тағдырларын ойлап опынғаннан пайда жоқ. Алтын құрсақты айналайын халқымыз ара-кідік болса да алыптарды тумай тұра алмайды. Ендігі үміт соларда... Олар ат жалын тартып мініп, билік тегершігін қолына алып, бізді қыранға шығарып самалдатқанша, бәрібір Мұстафа Шоқайұлын егіле еске алуды қоя алмайтынымыз және ақиқат.
Ақиқат жаршысы, ұлт жанашыры бола бiлген ерекше тұлға Мұстафа Шоқай туралы зерттеу жұмыстары алдағы уақытта да жалғаса бередi, сөйтiп тың туындылар шоқайтану iлiмiн толықтыра түседi, оқушыларын қуанта бередi деп сенемiз.
Пайдаланған әдебиеттер:
- Академик Досмұхамед Кішібеков, доцент Тимур Кішібеков «Қазақ тарихындағы ұлы тұлғалар, қазақ тарихының ақтаңдақ беттері» http://www.alash.kz
- Амантай Кәкен «Түркістан» газеті», №16 (978), 25 сәуір, 2013 жыл,
«Ақиқат жаршысы», http://www.turkystan.kz - «Жас Алаш» газеті, 20 қыркүйек, 2000 жыл, «Мұстафа – Бей Шоқайұлы кеш бізді»
- Тарихи тұлғалар. Танымдық көпшілік басылым. Мектеп жасындағы оқушылар мен көпшілікке арналған. Алматы. «Алматыкітап» ЖШС, 2006. – Мұстафа Шоқай- 68-69-бет
Маңғыстау облысы
Түпқараған ауданы
Жалау Мыңбаев мектеп-гимназиясының
10-сынып оқушысы
Ағатаева Балдырғанның
«Мұстафа Шоқай – Алаштың зиялысы»
атты ғылыми жобасына
Пікір
10-сынып оқушысы Ағатаева Балдырғанның «Мұстафа Шоқай – Алаштың зиялысы» атты тақырыпқа дайындаған ғылыми жоба жұмысы Алаш қайраткері Мұстафа Шоқайдың мұрасын терең игеріп, танытуға арналған. Жұмыста Мұстафа Шоқайдың қазақ ұлты үшін сіңірген еңбектері сараланады. Жеке адамның емес, тұтас ұлт мүддесі үшін еңбек еткен қайраткердің Отанға адал қызмет ету идеясы талданады. Жұмысты жазуда оқушы бірталай еңбектенді. Ақпараттарды саралап жүйелеуде де қиындықтар кездесті. Кейбір деректер Мұстафа Шоқайдың еңбегін теріске шығарған, оның басқаша бет-бейнесін жасаған.
Қазақтың намысшыл ұлт көсемі бола білген Алаш азаматының еңбегіне әділ баға берілу жағы солқылдақтау көрінді. Сондықтан жұмыстың зерттелу барысында кездескен кемшіліктер біраз жүйеленді. Оқушының тиянақты, талапшылдығының нәтижесі осы жұмыс арқылы берілді. Алдағы уақытта да тың мәліметтермен толықтыра береді деген сенім бар.
Ғылыми жетекшісі: Төлеуова Анар
Маңғыстау облысы, Түпқараған ауданы
Жалау Мыңбаев мектеп-гимназиясы
жоғары санатты қазақ тілі мен әдебиеті пәні
мұғалімі
Соңғы жарияланған материалдар тізімі
Посетители, находящиеся в группе Гости, не могут оставлять комментарии к данной публикации.
История открытые уроки по истории |
Педагогика открытые уроки по педагогике |
Биология открытые уроки по биологии |
Информатика открытые уроки по информатике |
Математика открытые уроки по математике |
Физика открытые уроки по физике |
Химия открытые уроки по химии |
Разное открытые уроки |
География Открытые уроки по географии |
русский язык |