Ұстаздар сайты u-s.kz Сайттың атауы www.u-s.kz
» » Қуандық пәктік пен сұлулық жыршысы


Қуандық пәктік пен сұлулық жыршысы

Қуандық пәктік пен сұлулық жыршысы

Мақсаты: а) оқушыларға Қарабұтақ өлкесінің төл перзенті, тума талант, дарынды ақын, шайыр  Қуандық Шаңғытбаевтың өмірі мен шығармашылығынан жан-жақты мағлұмат беру, ақын шығармаларын оқыту.
ә) оқушыларды ақын өлеңдерін сүйіп оқуға қызығушылығын арттыру, ақын шығармалары арқылы туған ел мен жерді сүюге баулу.
б) оқушылардың ойы мен поэзия өнері туралы таным-түсініктерін кеңейту, мәнерлеп оқу қабілеттерін дамыту.
Көрнекіліктері: Қ.Шаңғытбаевтың портреті, өлең-жырларынан үзінділер жазылған плакаттар, кітап көрмесі, домбыра.
 
Кештің барысы:
І жүргізуші: Сен сау болсаң, сана, сабыр сарқылмас,
Әділетімнің толы арнасы тартылмас.
Қара дүние қаптап келсе, қаймықпан:
Ажал қаупі ар күшінен артылмас, - деп 16 жасында ар алдында ант берген ақын Қуандық Шаңғытбаев өмірінің соңына дейін өзіндік қағидасынан айнымады. Бүгін біз сіздермен әркімнің маңдайына біте бермейтін қасиеті кірпияз лирик ақын, тума талант Қуандық Шаңғытбаевтың өмірі мен шығармашылығы жайында сыр шертеміз.
 
ІІ жүргізуші: Қазақ өлеңін заманына сай белгілі бір белеске шығаруда Қуандық Шаңғытбаевтың сіңірген еңбегінің қадірі өте зор. Қазақ халық поэзиясының төрінде қасиетті тақ-тәжі бар Қазақстанның халық жазушысы – Қуандық Шаңғытбаев Қарабұтақтай шежіресі мол өңірде дүниеге келген. Қуандық аға біздің мақтанышымыз, үлгі алар бастаушымыз. Олай болса, Қуандық Шаңғытбаевтың өмірі мен шығармашылығы туралы сөзге кезек беріледі. 
Қуандық Шаңғытбаевтың өмірі мен шығармашылығына шолу.
Дайындаған: Төреғалиева Назерке.
 
Әлі күнге арман қуып келем мен,
Қияным мен қиялымды тербеген.
Өзім көрген ағалардың ішінен
Қуандыққа қуанып бір енген ем.
Жадымда оның жалын атқан жыр-әні,
Бақыт болып қарсы алдымнан шығады.
Қуандықтың шәкіртімін дегенді,
Әлі күнге айтқым келіп тұрады, - деп Қуан ағаны өзіне ұстаз тұтып, оның шығармашылығына бас иген қазақтың қайсар ұлы, патриот ақын Тұманбай Молдағалиев секілді осы Қарабұтақ жерінде де шайырды өзіне үлгі қып, ұстаз тұтқан қанша жан бар десеңізші?! Солардың бірі мектебіміздің 9-класс оқушысы Құрымбаева Жансая бүгінгі кеште ақын өз өлеңін арнамақшы. 
 
І жүргізуші: Өлеңсіз менің күнім жоқ,
Оңаза емен олжаға.
Елесе елім ұлым деп,
Жетеді маған сол ғана, - 
деп жырлап, өмірін өлеңмен тікелей байланыстырған Қуан ақын бүгінгі кешіміздің басты тақырыбы.
 
ІІ жүргізуші: Жырлаймын туған жерді мен,
Бөлмеймін бұ жақ, о жаққа;
Сыйлаймын тұтас елді мен,
Айырмай орыс, қазаққа, - 
деген өлең жолдарын ақынның жан тебіренісі деп білеміз. Қуан ағаның туған жер, атамекен туралы ет жүрегіңді елжіретер өлеңдері шығармашылығының тең жартысы деуге болады.
«Қазақстан суреті». Оқитын: Бөлекова Диана.
 
І жүргізуші: Жасыл жыр боп жан-жағым жайқалады,
Шалқар шаһар толқиды, шайқалады.
Күлім қаққан көзінен арулардың
Байқалады Балқаштың айтар әні, - 
деп ұлан-байтақ еліміздің әр тауын, әр тасын, әр суын, әр нуын сүйген ақынның атамекенге сүйіспеншілігіне сөз жетпейді.
 
ІІ жүргізуші: Жырлаймын! Ай-күн емес, алыс кезге
Жалынын жас жүректің бағыштағам.
Күмбірлеп домбырада күй боп өтем
Сөнгенше көз алдымнан ғарыш ғалам, - деп туған жерді толғана жырлаған ақынның атамекеннің әсем табиғаты туралы жырлары өте көп.
 
І жүргізуші: Туған жердің топырағын сағынып, тереңнен толғаған ақын жырлары кімнің де болса жүрегін толқытары анық.
«Шаңғытбай қорасында». Оқитын: Төребекова Гүлсая.
 
ІІ жүргізуші: Құшағы кең, қойны сая, төсі күн,
Туған елім, тумам менің, бесігім,
Сенің жалғыз жан тербеген есімің – 
Менің мәңгі сарқылмайтын несібім.
«Туған жер». Оқитын: Құрымбаева Жансая
 
І жүргізуші: Қуан аға бала кезін аңсағанда көкейінен әсем жырлар қалай құйылады десеңізші?! 
 
ІІ жүргізуші: Бала дүние самала таңға таман,
Манаурайды балбырап таңғажайып.
Су мен сала, ну, дала, тау да тамам
Торғын төсін тосады таңға жайып.
«Таң» өлеңі. Оқитын: Жеткергенұлы Әділет.
 
І жүргізуші: Құлақ күйі отаншыл, халықшыл қызулы лирик болғандай. Көп жүрегін өзінен, өз жүрегін көптен тапқан саналы сезімталдық бар. Бұнысы да Қуандықтың барар аңғарын тұйыққа тартпай, ашық, күнес өріске тартатындай.
 
ІІ жүргізуші: Қарабұтақ – Қуандық пен Тахауидың отаны. Ағалардың балалық шағы осы Қарабұтақта өтті. Қуандық пеен Тахауидың қолы жеткен табыстарына, абырой-атақтарына Қарабұтақ өз баласының табысына қуанғандай қуанды, мақтанды. Қуандық пен Тахауиды бірдей көрді. Жұрт Қарабұтақты Қуандық пен Тахауи елі деп атады.
Ән: «Қарабұтақ мектебі вальсі». Сөзі мен әні: Мұрат Қалмағанбетовтікі. Орындайтын: Құрымбаева Жансая
 
І жүргізуші: Ақындар Қарабұтақты өз Отанындай сүйді. Ақтөбеге келе қалса, сапарлары әуелі ұшырған ұясы Қарабұтақтан бастаған.
Қуан аға да, Тахауи аға да 50,60,70 жасқа толуына байланысты мерейтойларында Қарабұтаққа келіп, қасиетті елінің құрметіне бөленді. Туған жердің қадір-қасиетіне ерекше мән берілген, себебі өзі туған жер әркімге қымбат. 
 
ІІ жүргізуші: Жалпы, Тахауи мен Қуандықтың ерекше достығы-құрдастығы, сыйластығы, бір-біріне айтар әдемі, сыпайы әзілдері кейінгілерге үлгі боларлықтай жарасымдылықты Қуандық ағамыздың Тахауиге арнап шығарған «Сырласу» деген өлеңінен айқын аңғарамыз. Ендеше осы өлеңге кезек берелік.  Оқитын: Орақ Арайлым.
 
І жүргізуші: Қуандық Шаңғытбаевтың сазды лирикалық өлеңдерін оқыған сазгерлер үлкен әсерде болады. Қуан ағаның өлеңдеріне көптеген әндер шығарылды. Бұл Қуандық өлеңдерінің өте нәзіктігі деп білеміз. Сазгерді ән шығаруға жетелеп, өмірге талай тамаша ән әкелді. Қуандықтың жырлары жастардың жүрегіне, халқының жүрегіне жарқырап жетіп, жалын құйып, өзінің жарығы мен жылуын дарытуда. Оқыған сайын жаңа сырларын, саздарын төгуде. 
 
ІІ жүргізуші: Қуандық Шаңғытбаев сынды ақиық ақынымыздың көптеген өлеңдеріне ән жазылып, эфирде үзбей айтылып келеді. «Сені ойлаймын», «Есімде», «Әйтеуір сол қыз бір сұлу», «Тербеледі тың дала», «Жалын толы жүрегім», «Көктем вальсі» оқушыларымызбен бірге ұстаздар қауымының сүйікті әндеріне айналып, әсем сазды әндері халық жүрегіне кеңінен ұялаған. Солардың бірі – «Тербеледі тың дала». Сөзі – Қуандық Шаңғытбаевтікі, әні – Сыдық Мұхамеджановтікі.  Орындайтындар: Әбенов Ерсұлтан, Ахотұлы Қуандық.
 
І жүргізуші: Қ.Шаңғытбаев поэзиясы талай жүрекке от берген. Оның жырлары оқырманмен бірге мұңайып, бірге шаттанады. Оның әр шумақ өлеңінен шындық пен ақиқат жеңісі үшін тауға да, тасқа да жар салған ақын жүрегінің үні естіледі.
«Диалог». Оқитындар: Бағдатов Рахат, Есенов Нұржан.
 
ІІ жүргізуші: ...Ақын тарапынан әзiрге титтей де кiнарат байқалмайды. Сол баяғы сырбаз, шаһбаз күйi, қырмызы тiл, қызулы лирик қалпы. Саннан гөрi сапаға әрдайым бүйрегi бұратын, алақанынан аққу ұшырғандай бiрөңкей сазды, сырлы, сымбатты өлең жаза бiлетiн, көбiне үндемей, томаға-тұйық жүрiп-ақ үлкенге де, кiшiге де үлгi, үрдiсiн ұсына жүретiн ақын болмысы, шынында да кiсi қызығарлықтай тұлғалы, тұнық. 
«Менің автопортретім» өлеңі. Оқитын: Нұржанова Қарашаш.
 
І жүргізуші: Қуандық өзінің тұрғыластарындай кез келгенді көки жырлайтын лепірме ақын емес, білгішсініп ойын тұспалдап та жатпайды. Өзін тебіренткен жәйттерді іштей баурап, оқушысын толқыта жырлайды.
 
ІІ жүргізуші:  «Кеңсайдағы бір ой». Оқитын: Әбдікәрімова Менора.
 
І жүргізуші: - Алтынсың, - деп алдағандар тірімде,
Көзім жұмсам, көрмес мені қоладай.
Дүниеге қаланған бір кірпішке,
Сол дүниенің осындай бір обалы-ай!
Қуандыққа соның бәрін ұқтырған,
Әруағыңнан айналайын,
О, Абай! 
Қазақта «ұлы» деген сөз не тіркес қазақ жазба әдебиетінің негізін салушы, ұлы ақын Абайданбастау алады десек, қателеспеген болармыз. Осындай ұлы адамды өзіне ұстаз тұтқан ақындардың бірі Қуандық Төлегенұлы болды. Кезекті ақынның «Абай мен Шоқан ескерткіштері алдында» өлеңіне берелік. Оқитын: Мусаева Айнұр.
 
ІІ жүргізуші: Қуан ақын жәй көзге шалынбайтын құпия көріністерді тез аңғарып, тез байқап, жүрегіне түйе біледі. Бұл өлеңдер оқушысын жайбарақат қалдырмай, үлкен ой тастайды, жан сезімін тебірентеді.
 
І жүргізуші: Қанабек пен Қуандықтың қаламынан туған «Беу, қыздар-ай», «Ой, жiгiттер-ай!» пьесалары республикалық, облыстық театрларға, туысқан халықтар сахналарына шықты, оларға әлi де қаужау болып келедi. Оңтүстiк театрларында қойылған «Құтырғаннан құтылған» пьесасы, Сыдық Мұхамеджановтың музыкасына жазған «Айсұлу» күлдiргi операсының либреттосы, Қазақстанның 40 жылдығына орай қойылған «Алтын таулар» операсының (музыкасы Қ. Қожамьяров пен Н. Тiлендиевтiкi) либреттосы – талантты екi өнерпаздың ұлттық театр өнерiне қосқан қомақты үлесi, бұлардың әрқайсысының көркемөнерлiк шежiремiзде ешқашан сыры кетпейтiн, өз орындары бар. Тек, әттең, жоғарыда аталған қыздар мен жiгiттер жөнiндегi пьесалардың трилогия болып бiткелi келе жатқан «Қайран, қарттар-ай» деген үшiншi бөлiгiн Қанабек-ағамыз Қуандықпен бiрге жазып үлгере алмай кеттi! 
ІІ жүргізуші: Ендігі кезекті Қанабек Байсейітов пен Қуандық аға Шаңғытбаевтың бірігіп жазған пьесасы «Беу, қыздар-ай» қойылымына кезек береміз.
Пьеса «Беу, қыздар-ай»
 
Ән: «Әйтеуір, сол қыз, бір сұлу». Орындайтындар: Әбенов Ерсұлтан, Ахотұлы Қуандық.
 
І жүргізуші:  Ән: «Қарабұтақ  вальсі». Сөзі – Қонысбай Шалғынбайұлынікі, Әні – Мұрат Қалмағанбетовтікі. Орындайтын: Әбенова Динара.
 
ІІ жүргізуші: Қ.Шаңғытбаевтың өлеңдері, жыр шумақтары ғасырдан-ғасырға жалғаса береді. Ақын ағаның есімі жалпы қазақ баласына, жырсүйер қауымға ыстық екені сөзсіз. Ақынның артында қалған асыл мұрасы – өлген жоқ, өлмейді де!..
 
І жүргізуші: «Қуандық Шаңғытбаев поэзиясы қандай ауқымды зерттеудің де объектісіне айнала алатын ғажайып әлем», -деп Сауытбек Абдрахманов айтқандай, Қуан ағаның бүкіл шығармашылығын бір күнде жырлап бітіру мүмкін емес. Қуан ақынның әлемі – шетсіз, шексіз әлем. Осы ұшы-қиыры жоқ әлемнің мәңгі тұрғыны біздер. Бүгінгі кеш – сұлу жырдың жорғасы, маржан жырдың мәртебелі дегдары, өлеңнің өнегелі өлшеміне айналған киелі Қарабұтақ топырағының төл перзенті Қуандық ақынға арналды. 
 
ІІ жүргізуші: Өлеңсіз өмір сүрмеген, өлеңді даңққа айырбастамаған еліміздің адал ұлы Қуандыққа арналған кешімізді аяқтаймыз. Келгендеріңізге шексіз алғысымызды білдіреміз.

Соңғы жарияланған материалдар тізімі
Мұқағали Мақатаев шығармашылығына арналған " Жырлайды жүрек" әдеби- сазды кеш
Сәкен – жырдың сарқылмас дариясы
Өзіңсің поэзия Пайғамбары
Жұбан Молдағалиев бізде қонақта
Сезімге түскен сәулелер
Мен өмірді жырлау үшін келгенмін атты әдеби сазды кеш
«Дауа» атты кітабынан әдеби-сазды кеш
Шақырады көктем
Жырлайды жүрек
Қуандық Шаңғытбаев «Сабалақ» өлеңі
Бөлім: Уроки / Ашық сабақтар | Көрсетілім: 5002 | Қосты: NA | Ілмек сөздер:
Информация
Посетители, находящиеся в группе Гости, не могут оставлять комментарии к данной публикации.
Бөлімдер
История
открытые уроки по истории
Педагогика
открытые уроки по педагогике
Биология
открытые уроки по биологии
Информатика
открытые уроки по информатике
Математика
открытые уроки по математике
Физика
открытые уроки по физике
Химия
открытые уроки по химии
Разное
открытые уроки
География
Открытые уроки по географии
русский язык