Ұстаздар сайты u-s.kz Сайттың атауы www.u-s.kz
» » Алғашқы әскери даяндық


Алғашқы әскери даяндық

Алғашқы әскери даяндық

І. ТҮСIНІК ХАТ
Алғашқы әскери дайындық азаматтарды Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің қатарында әскери қызмет атқаруға дайындық жүйесінің бір бөлігі болып табылатындықтан, қазіргі кезеңде «Алғашқы әскери дайындық» пәнін оқыту Қазақстан Республикасының Конституциясы, Қазақстан Республикасының Әскери доктринасы, «Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері және Қорғанысы туралы» және «Әскери міндеттілік және әскери қызмет туралы» Қазақстан Республикасының заңдарының талаптарына сәйкестікте жүзеге асып отыр.
Алғашқы әскери дайындық – Қазақстан Республикасы азаматтарын Қарулы Күштерде, басқа да әскер және әскери құрамаларда қызмет етуге дайындайтын мемлекеттiк жүйенiң негiзгi құрамы болып табылады. 
Алғашқы әскери дайындық меншік түрі мен ведомствалық бағыныштылығына қарамастан, барлық типтегі жалпы білім беретін мектептерде, орта арнаулы оқу орындарында (колледждерде), кәсіптік-техникалық мектептерде (кәсіптік мектеп) әскерге шақырылуға  дейінгі және әскерге шақырылу жасындағы білім алушы жастардың міндетті оқытылатын пәні болып табылады.
Әскери–патриоттық тәрбие алғашқы әскери дайындықпен тығыз ұштастырыла отырылып, жастардың әскери iстi жақсы меңгеруiне, төтенше жағдайларда қорғанудың тәсiлдерi мен құралдарын дұрыс пайдалана бiлуiне ықпал ете алуы қажет.
 Оқу пәнінің жалпы мақсаттары.
Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінде қызмет ету туралы түсінігін және әскери іс негіздері бойынша оқушылардың білімдерін қалыптастыру; оқушылардың өмірлік қабілеттері мен дағдыларының дамуын қалыптастыруға ықпал ету.
Жастардың алғашқы әскери дайындығы мынандай мақсатта өткiзiлед:
• Қазақстан Республикасы Конституциясының ережелерiн, мемлекет қорғанысының негiзiн жастардың оқып үйренуi;
• Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерiнiң тағайындалуын, оның сипаты мен ерекшелiктерiн, Қазақстан Республикасы азаматтарының қасиеттi борышы ретiндегi әскери қызмет мәнiн, әскери анттың негiзгi талаптарын, Қазақстан Республикасы Қарулы күштерiнiң Жарғыларын жете түсiнуi;
• әскери бөлiмдердегi ұрыстық техника және қару-жарақпен, жеке құрамның тұрмыс-тiршiлiгi және олардың орналастырылуымен танысуы;
• қажеттi әскери бiлiм мен практикалық дағдыларға ие болуы;
• төтенше жағдайларда адамның тiршiлiк әрекетiнiң қауiпсiздiк негiздерiн менгеруi. 
 
 «Алғашқы әскери дайындық» оқу пәнінің міндеттері:
• оқушыларды Қазақстан Республикасы  Қарулы Күштерінде қызмет ету үшін алғашқы әскери дайындықтың теориялық тиянақты білімдері негізінде, Қазақстан Рсепубликасы Қарулы Күштеріне мерзімді әскери қызметке шақырылған азаматтар қысқа уақыт ішінде  мерзімді әскери қызмет өтеу шарттарына бейімделіп, сеніп тапсырылған әскери техника мен қару-жарақты меңгере алатындай жағдайда даярлау;
• оқушыларды Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің қызметі туралы біртұтас түсінігінің өзара үйлесімді жүйесін қалыптастыру;
• оқушыларды қарулы қорғаныс ролі нақты түрде өсіп отырған Қазақстан Республикасындағы өмірге даярлау.
Алғашқы әскери дайындыққа үйретудің басты міндеттері негізінде нақты дидактикалық тапсырмалар қарастырылады, оның ішінде аса  маңыздысы оқушылардың сенімділігін, саналы түрде Қазақстан Республикасы егемендігін қорғау қажеттілігін, әскери  қызметке жауапкершілікпен қарауды қалыптастыру болып табылады.
 Жалпы орта білім беру деңгейі бойынша «Алғашқы әскери дайындық» пәнінің мазмұны пәннің мақсат, міндеттеріне және оқушылардың жас ерекшеліктеріне сәйкес айқындалады.
 Пән бойынша оқу бағдарламасының мазмұнын іріктеуде жалпыдидактикалық ұстанымдар: табиғи үйлесімділік, практикаға бағыт ұстану, сабақтастық, саналылық, көрнекілік, белсенділік, жүйелілік пен бірізділк принциптері басшылыққа алынды. Үздіксіздік ұстанымы оқытудың барлық сатылары арасында әдіснамалық, мазмұндық, оқытудың әдістемесі мен технологиясы деңгейінде сабақтастықты қамтамасыз етеді.
Көрнекілік ұстанымы нақты жағдайда қарым-қатынастың «болуын» көрсететін барлық көрнекілік құралдарын (вербалды, иллюстрациялық, сонымен қатар мұғалім сабақ барысында қолданатын қимыл-қозғалыстар) пайдалану қарастырылады.  
Белсенділік ұстанымы мұнда ұстанымның 3 түрі қолданылады: тұлғалық-бағдарланған, мәдени-бағдарланған, ісәрекеттік бағдарланған ұстанымдары. 
Тұлғалық бағдарланған ұстанымына: адекваттық ұстанымы, даму ұстанымы, психологиялық жайлылық ұстанымы кіреді. 
Мәдени бағдарланған ұстанымының құрамына келесі ұстанымдар кіреді: әлем картинасы ұстанымы, білім беру мазмұнының біртұтастығы ұстанымы, жүйелілік ұстанымы, әлемге деген мағыналық қарым-қатынас ұстанымы, білімнің бағдарланған қызметі ұстанымы, дүниетаным және мәдени стереотип ретінде мәдениетке сүйену ұстанымы. 
Әрекетке бағытталған ұстанымдар тобына оқушының оқу әрекетін реттейтін ережелер кіреді: оқытудың  әрекетшілдік ұстанымы, іс-әрекеттен оқу жағдаятына, іс-әрекеттен өмірлік жағдаяттарға басқару арқылы ауысу ұстанымы, оқу-танымдық іс-әрекеттен оқушының өздік іс-әрекетіне (өзіне жақын аймақта) ауысу ұстанымы, алдағы (спонтанды) дамуға сүйену ұстанымы, креативті ұстаным немесе шығармашылыққа мұқтаждықты және шығармашылық біліктерін қалыптастырушы ұстаным.
Жүйелілік және сабақтастық ұстанымдары қайталау, қорыту жолдары және сабақ, тақырып, бірнеше тақырып, тоқсан және т.б. үдерісінде қажетті материалды жүйелендіру арқылы, сонымен қатар келесі дидактикалық ережелерді сақтау арқылы жүзеге асырылады: белгіліден белгісізге, қарапайымнан күрделіге, үйлестіктен өзектіліктікке.
Пән бойынша оқу жүктемесі. 
ҚР ЖМБС типтік оқу жоспарына сәйкес 10 сыныпта - аптасына 2 сағат және 4 сағат практикалық жаттығулар мен нормативтерді тапсыруға арналған, барлығы оқу жылында 72 сағат. 11 сыныпта - аптасына 2 сағат, оқу жылында 68 сағатты құрайды.
Қыздармен өткiзiлетiн алғашқы әскери дайындық сабағы жекеленген сабақтарды қоспағанда ер балалармен бiрге өткiзiледi. Ер балалар мен қыздарға жекеленген және бiрiктiрiлiп өткiзiлетiн сабақтар №1 кестеде көрсетiлген.
Үйренушiлердiң практикалық дағдылары мен біліктілiктерін қалыптастыру мақсатында нормативтер мен жаттығуларды орындауын тексеру үшiн бақылау жұмыстарына 4 сағат көлемiнде уақыт қарастырылған.
Бақылау сабағының материалдары №2 кестеде алғашқы әскери дайындық бойынша нормативтер және жаттығулар тiзбесімен ұсынылған. 
 Оқу пәні  мазмұнының вариативтік бөлігі негізгі орта білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты шеңберінде қосымша оқу бағдарламасын жүзеге асыруға бағытталған.
Мектептің мүмкіндігін және білім алушылар  мен ата-аналардың талап-тілектерін ескере отырып, мұғалімдер таңдау сабақтарын құрастырады. Мысалы, «Қауіпсіздік әр күні», «Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері – Қазақстан Республикасының әскери қауіпсіздігінің негізі», «Білім және салауатты өмір салты» және т.б.
 
 
ІІ.  ОҚУ ПӘНІНІҢ БАЗАЛЫҚ МАЗМҰНЫ
 
Оқытудың базалық мазмұнның тарауларына сағат санын көрсете отырып  сипаттама беру
 
10 сынып
Оқу пәнінің мазмұны мен құрылымы
 
Кіріспе
Жастардың алғашқы әскери дайындығының мақсаты, мазмұны және міндеттері. Қазақстан Республикасының Заңдары: «Қазақстан Республикасының қорғанысы және Қарулы Күштері туралы», «Әскери міндеттілік және әскери қызмет туралы»,  «Ұлттық қауіпсіздік туралы», «Азаматтық қорғаныс туралы». Алғашқы әскери дайындық оқулығы мен бағдарламасының міндеттері, мазмұны.
Алғашқы әскери дайындық бойынша сабақтағы оқушылардың міндеттері мен құқықтары.
 
Қарулы Күштер Қазақстан Республикасы егемендігінің күзетінде
Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздікке ие болуы. Қазақстан Республикасының Конституциялық негіздері мен даму перспективалары. Қазақстан әскери саясатының жалпы принциптері және Қарулы Күштердің ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі рөлі. Қарулы Күштердің қоғамдағы және мемлекеттегі орны. Әскери қолданбалы спорт түрлері - жастарды әскери қызметке даярлаудын негізі.
Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің түрлері, олардың тағайындалуы және құрамы.
Әскери қызмет – сарбаздарда патриотизм мен интернационализм қасиеттерін тәрбиелейтін мектеп.
Қазақстан Республикасының мемлекетік нышандары. Әскери бөлімінің жауынгерлік туы. Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері әскери қызметшілерінің әскери анты. 
Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жалпы Әскери Жарғылары.
 
Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің  Жарғылары:
Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жарғылары: Тәртіптік Жарғының мәні мен маңызы, әскери тәртіпті сақтаудағы әскери қызметшілердің міндеттері.
Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Ішкі қызмет жарғысының мәні мен маңызы, әскери қызметшілердің мінез-құлқы мен әскери әдептілігі.
Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Гарнизондық және қарауылдық қызметтерінің жарғысы. Тәуліктік кезекшінің міндеттері. Қарауылдық қызметті тағайындау және оның міндеттері. Қарауылдық қызмет үшін объектілерді қоршау және постыларды жабдықтау. Сақшының міндеттері.
Тактикалық дайындық
Әскери өнер тактикасының дамуы және бөлімшелердің әскери әрекеттер жүргізу тактикасы. Жаңа қарудың дамуы және жалпы әскери ұрыс жүргізу тактикасы.
Қазіргі заманғы жалпы әскери ұрыс мақсаты, сипаты мен міндеттері.
Ұрыс жүргізу принциптері мен қарсыласқа зақым келтіру құралдары.
Мотоатқыштар бөлімшесін ұйымдастыру. Мотоатқыштар бөлімшесінің ұрыстағы мүмкіндіктері мен жауынгерлік міндеті. Қорғаныстағы бөлімше. Шабуылдағы бөлімше. Мотоатқыш бөлімшесінің жорық, ұрысқа кіру және ұрыс реті. Сарбаздың ұрыстағы іс-әрекеті. Бақылаушы-сарбаз. Қорғаныстағы сарбаз. Шабуылдағы сарбаз.
 
Атыс дайындығы
Атыс негіздері. Автоматтың (пулеметтің) тағайындалуы мен ұрыстық қасиеті. 
Автоматтың (пулеметтің) жұмысы және жалпы құрылғысы мен бөліктері туралы түсінік.
Автоматты (пулеметті) бөлшектеу және жинақтау.
Автоматтың (пулеметтің) бөліктері және механизмдерінің жұмысы.
Автоматтан (пулеметтен) ату кезіндегі кідірістер және оларды жою әдістері.
РГД-5, Ф-1, РГО, РГН гранаттарының тағайындалуы, ұрыстық қасиеті.
Гранаттар, оқ-дәрілер және қару-жарақпен жұмыс істеу кезіндегі қауіпсіздік шаралары.
 
Атыс қаруынан атыс жүргізу ережелері мен тәсілдері және жарықшақты қол гранаттарын лақтыру.
Атыс қаруынан атыс жүргізу ережелері мен тәсілдері және жарықшақты қол гранаттарын лақтыру. 
Атыс қаруынан атыс жүргізу және жарықшақты қол гранаттарын лақтыру кезіндегі қауіпсіздік шаралары. 
Ұрыста бақылау және арақашықтықты анықтау.
 
Саптық дайындық
Сап және элементтер. Алдын-ала берілетін және орындалатын пәрмендер. Саптық тұрыс. Пәрмендерді орындау: «Сапқа тұр!», «Түзел!», «Тік тұр!», «Еркін тұр!», «Жинақтал!». 
Орнында тұрғандағы бұрылыстар. Саптық және жорықтық адыммен қозғалыс. Қозғалыстағы бұрылыстар. Қозғалыста және орнында тұрып әскери сәлемдесу. 
Бөлімше сабы. Бір қатарлы саптан екі қатарлы сапқа қайта сап құру және керісінше. Бөлімшенің жазылма және жорықтық сапқа тұруы. 
Қарумен саптық тұрыс. Пәрмендерді орындау: «Бауды босат (тарт)!», «Автоматты-кеудеге!», «Қаруды-арқаға!», «Белдікке!», «Қаруды түзет!».     
 Қарумен қозғалыста бұрылу, саптан шығу және оған қайтып келу.
 
Әскери топография
Жергілікті жерде картасыз бағдарлану. Өзінің тұрған нүктесін анықтау. Жергілікті жерді оқып үйрену, қозғалыс маршрутын таңдау және маршрутта бағдарларды анықтау. Азимут бойынша қозғалу. Жергілікті жерде компастың көмегімен қозғалу және маршрутта кедергілерді айналып өту.
 
Азаматтық қорғаныс
Азаматтық қорғанысының медициналық міндеттері. Оқу орындарында құрылған азаматтық қорғаныстың қалыптасуы және олардың мақсаты. Азаматтық қорғаныстың медициналық қызметінің ұйымдастырылу және міндеттері. Санитарлық дружиналар мен санитарлық постылардың бейбіт және соғыс уақытында өткізетін іс шаралары. Химиялық зақым ошағы мен күшті әсер ететін улы заттар ошақтарындағы санитарлық дружина (пост) жұмысы. Жұқпалы аурулардың негізгі топтары мен бактериологиялық зақым ошағына сипаттама. Карантин және обсервация туралы түсінік. Азаматтық қорғаныс жүйесінде халыққа медициналық көмек көрсету түрлері. Негізгі дүлей апаттың сипаттамасы және құтқару жұмыстарын ұйымдастыру.
 
Медициналық білім негіздері
Жаралар және олардың асқынулары туралы түсінік. Қан кетудің түрлері және оларға сипаттама. Күйіктің пайда болу себептері және оның ауырлық дәрежесі, күйік ауруы туралы түсінік. Шок. Шоктың пайда болу себептері. Жарақаттық шоктың белгілері және ауырлық дәрежесі. 
Жарақаттану және қан кету кезінде көрсетілетін алғашқы медициналық жәрдем. Жгут салу үшін пайдаланатын материалдар. Жгут салудың әдістері. Венадан және капиллярдан қан кетуді тоқтату тәсілдері. Таңғыштың түрлері. Бинтті таңғыштың негізгі типтері. Бекіткіш таңғыш.
Басқа, кеудеге, ішке, шапқа (бұт арасына), аяқ пен қолға таңғыш қою тәсілдері мен ережелері.
Бас сүйегі мен мидың, кеуде клеткасы мен іштің жаралануы кезінде көрсетілетін алғашқы медициналық жәрдем. 
Сүйектің сынуы туралы түсінік және олардың белгілері. Сынық түрлері мен олардың асқынулары. Жарақаттық уыттану туралы түсінік және олардың белгілері. 
Соғып алу, буынның шығуы, сіңірдің созылуы және олардың белгілері. Ашық және жабық сынықтар кезінде алғашқы медициналық жәрдем көрсетудің (АМЖК) жалпы ережелері. Жақтау салудың негізгі ережелері. Бас сүйегі, бұғана, қабырға сүйектері, омыртқа сүйектері, жамбас сүйегі, аяқ және қол сүйектері сынған кезде алғашқы медициналық жәрдем көрсетудің тәсілдері. 
Жарақаттық уыттану, соғып алу, буынның шығуы және сіңірдің созылуы кезінде көрсетілетін алғашқы медициналық жәрдем.
Әр түрлі бақытсыз жағдайларда көрсетілетін алғашқы медициналық көмек. 
Өкпеге жасанды желдету және жүрекке тікелей емес массаж жасау тәсілдері.
 
Оқу материалын тақырыптық жоспарлау үлгісі
 
Кіріспе сабақ
Тақырыбы: Жастардың алғашқы әскери дайындығының мазмұны, мақсаты мен міндеттері (1 сағ)
Қазақстан Республикасының  «Қазақстан Республикасының қорғанысы және Қарулы Күштері туралы», «Әскери міндеттілік және әскери қызмет туралы», «Ұлттық қауіпсіздік туралы», «Азаматтық қорғаныс туралы» заңдары және Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Алғашқы әскери дайындық туралы» қаулысы. 
Алғашқы әскери дайындық сабақтарындағы оқушылардың міндеттері мен құқықтары. 
 
 
 
11 Сынып
Оқу пәнінің мазмұны мен құрылымы
 
Кіріспе
Жастардың алғашқы әскери дайындығының мақсаты, мазмұны және міндеттері. Қазақстан Республикасының Заңдары: «Қазақстан Республикасының қорғанысы және Қарулы Күштері туралы», «Әскери міндеттілік және әскери қызмет туралы», «Ұлттық қауіпсіздік туралы», «Азаматтық қорғаныс туралы». Алғашқы әскери дайындық пәнінің мазмұны, бағдарламасы, міндеттері. Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің заңдылық негіздері. Алғашқы әскери дайындық сабағындағы оқушылардың  міндеттері мен құқықтары. 
 
Қарулы Күштер Қазақстан Республикасы егемендігінің күзетінде
Әлемде болып жатқан ғаламды өзгерістер кезіндегі еліміздің әскери қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі Қазақстан Республикасының әскери саясаты жаңа кезеңде.
Қазақстан Республикасының әскери доктринасы, бейбіт уақытта, қауіп төнген және қақтығыс басталған кезде әскери қауіпсіздігiн қамтамасыз ету үшін мемлекет шешетін міндеттер. 
Республиканың Қарулы Күштерін құрудың заңдылық негіздері. Қарулы күштердің мемлекет құрылымында тағайындалуы.
Әскери қызметті өтеудің құқықтық негіздері. Әскери қызметке шақырылушылар мен әскер жасына дейінгілерді әскери қызметке даярлау.  Қазақстанда әскери мамандықтар бойынша офицер кадрларын даярлау. Техникалық және әскери-қолданбалы спорт түрлерін дамыту – жастарды әскери қызметке дайындаудың негізі. Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің дәстүрлері мен даңқты батырлардың ерлігінде жауынгерлерді даярлау. 
 
Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің жарғылары:
Ротаның жеке құрамына арналған казармалық үй-жайлар. Казармада үй-жайларды тағайындау. Үй-жайлар күтіп ұстауға қойылатын талаптар. Қаруды сақтауға қойылатын талаптар. Ротаның мүліктерін және жеке заттарын сақтауды қамтамасыз ету. 
Әскери бөлімшелерді елді мекендерде орналастыру. Өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша өткізілетін іс-шаралар. Өрт пайда болған жағдайдағы жеке құрамның іс-әрекеті. Әскери қызметшінің қоршаған ортаны қорғау жөніндегі міндеттері.
Әскери бөлімнің күн тәртібі. Күн тәртібінде қарастырылатын іс-шаралар. Әскери қызметшілердің қызметі мен тұрмыс жағдайын сауықтыру шарттары.
Әскери қызметшінің денсаулығына медициналық бақылау жасау. 
 
Тактикалық дайындық
Мотоатқыштар взводын, ротасын ұйымдастыру. Штаттық қару-жарағы мен ұрыс техникасы. Ұрыс сипаттамасы және оның түрлері. Ұрыстағы ату. Атыс жүйесі. Атыспен маневр жасау. Бөлімшелер мен атысты басқару. 
Мотоатқыштар бөлімшесінің жорық, ұрысқа кіру және ұрыс тәртіптері. Ұрыстағы өзара қимыл және оның мәні. 
Қорғаныс негіздері. Қорғаныстағы атыс жүйесі. Қорғаныстағы взводтың орны, рөлі мен міндеттері.
Қазіргі ұрыстарда барлау жүргізу тәсілдері мен міндеттері, рөлі. 
Шеру негіздері. Взводтың жорық күзеті. Взводтың бір орында орналасуы. Взвод сақтық күзетінде. 
Қарулы қақтығыстағы арнайы әскери іс-қимылдар. Бөлімшелердің ұрыс тапсырмаларын орындау кезінде блокпостты инженерлік жарақтандыру. 
Танкіге қарсы және жаяу әскерге қарсы қолданылатын негізгі миналар. Жарылмайтын инженерлік бөгеттер. Жарылмайтын және мина-жарылғыш бөгеттерден өту. Техникалық және әскери-қолданбалы спорт түрлерінің негіздері және алғашқы әскери дайындық. 
 
Атыс дайындығы
Мергендік винтовканың ұрыстық қасиеті мен қолданылуы. 
Мергендік винтовканың механизмдері мен негізгі бөлшектері. Мергендік винтовканы бөлшектеу және жинастыру. 
Мергендік винтовканың механизмдері мен бөлшектерінің жұмысы. Мергендік винтовкамен атыс кезінде болатын кідірістер және оларды жою тәсілдері.
Гранататқыштың ұрыстық қасиеті мен қолданылуы. Гранататқыштың негізгі бөліктері мен механизмдері. Гранататқышты толымсыз бөлшектеу тәртібі. Толымсыз бөлшектеуден кейін гранататқышты жинастыру тәртібі. РПГ гранататқышының бөліктері мен механизмдерінің жұмысы.
 
Мергендік винтовка (МВ) мен қол гранататқышынан ату тәсілдері мен ережелері
Мергендік винтовкадан ату үшін атыс орнын таңдап алу. Жергілікті жерде атыс орнын ауыстыру тәсілдері. Атысқа ыңғайлану. Винтовканы оқтау тәртібі. Атыс жүргізу. Атысты уақытша немесе толық тоқтату. Винтовканы тексеру және оғын алу тәртібі. Тасадан ату тәртібі. Әуедегі нысаналарды ату тәсілдері. Гранататқыштан ату тәсілдері. 
 
Саптық дайындық
 Автомобильдер жанына сап құру.  Автомобильге орналасу, отыру және түсу. Машиналар арасындағы ара қашықтық  және қозғалыс жылдамдығы.
Сап пен машинаны бір орында және қозғалыста басқаруға арналған белгілер. 
 
Әскери топография
Топографиялық карта жайлы түсінік. Топографиялық картаның қолданылуы. Карталар масштабы және олардың көлемі. 
Карта бойынша қашықтықты өлшеу. Жергілікті жер сипатына байланысты бағыт ұзындығының түзету коэффициентері. 
Координаттар жүйесі. Географиялық және жазық тік бұрышты координаттар жүйесі. Карта бойынша координат нүктесін анықтау. Берілген координат бойынша картаға нүктені түсіру. 
Ақиқат азимут, магниттік азимут, дирекциондық бұрыш. Дирекциондық бұрышты карта бойынша өлшеу. Дирекциондық бұрыштан магнитті азимутқа ауысу. 
Топографиялық картаның шартты белгілерінің түрлері. Биіктіктің балтық жүйесі. Картадағы горизонтальдар сызығы. Картадан абсолюттік биіктік пен ылдидың тіктігін анықтау. 
Жергілікті жерде карта бойынша бағдарлану. Өзінің тұрған нүктесін картадан анықтау. Картаны оқып үйрену, жылжу бағытын таңдау және бағыттың бағдарын анықтау. Жергілікті жерде карта көмегімен жасалатын қозғалыс және бағыт кедергілерді айналып өту. 
 
Азаматтық қорғаныс
Шет  мемлекеттер әскерлерінің ядролық қаруы. Ядролық жарылыстың зақымдаушы факторлары. Ядролық жарылыстың зақымдау әсерінің сипаты.
Химиялық және биологиялық қару, жаппай жою қаруынан жеке құрамды қызметшілерді қорғау және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
Радиациялық және химиялық барлау аспаптары. Зақымдану (залалдану) ошақтарына барлау. Радиациялық және химиялық бақылау посты құрамындағы барлаушының іс-әрекеті. Зақымдалу ошағында объектіде барлау жүргізу кезінде барлаушы буын құрамындағы барлаушының іс-әрекеті. 
 
Медициналық білім негіздері
Науқастарды жалпы күтудің практикалық дағдысы. Ашық және жабық сынықтар кезінде алғашқы медициналық көмек көрсетудің жалпы ережелері. Бинтті таңғыштардың негізгі түрлері. 
Бас сүйегіне, кеудеге, ішке, шатқа (бұт арасына), аяққа және қолға таңғыш салу тәсілдері мен ережелері. Әртүрлі бақытсыз жағдайларда көрсетілетін алғашқы медициналық көмек көрсету. 
 
Оқу материалдарын тақырыптық жоспарлау үлгісі
 
Кіріспе сабақ (1сағат)
Тақырыбы: «Жастардың алғашқы әскери дайындығының мақсаты,  мазмұны және міндеттері»
«Қазақстан Республикасының қорғанысы және Қарулы Күштері туралы», «Әскери міндеттілік және әскери қызмет туралы», «Ұлттық қауіпсіздік туралы», «Азаматтық қорғаныс туралы» Қазақстан Республикасының Заңдары және «Алғашқы әскери дайындық туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысы, сондай-ақ жастарды жедел әскери қызметке дайындау тәртібі туралы.
Алғашқы әскери дайындық сабақтарындағы оқушылардың міндеттері мен құқықтары.
 
I Тарау
Қарулы күштер қазақстан республикасы
егемендігінің күзетінде (6 сағат)
 
1- тақырып:   «Қазақстан Қарулы Күштерінің құрылуы»  (1 сағат)
Қазіргі кезеңдегі Қазақстанның әскери саясатының ерекшеліктері. Қазақстан Қарулы Күштерінің тағайындалуы. 
2 - тақырып:   «Қарулы Күштерді құрудың заңдылық негіздері және Қазақстан Республикасының әскери доктринасы» (2 сағат)
Қарулы Күштерді құрудың заңдылық негіздері. Қазақстан Республикасының әскери доктринасы.
Қазақстанның ішіндегі әскери қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі заңдылық негіздер. 
Әлемде болып жатқан ғаламдық өзгерістер кезіндегі Қазақстан Республикасының әскери қауіпсіздікті қамтамасыз ету саясаты. 
Бейбіт уақытта және қауіп төнгенде, әскери қақтығыс басталған кезде әскери қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін мемлекет шешетін міндеттер.
3-тақырып:  «Әскери міндеттілік және әскери қызмет туралы» 
(1 сағат)
Әскери қызмет өтеудің құқықтық негіздері. 
Қарулы Күштерді толықтырудың түрлері. Әскери қызметке шақырылушылар мен әскер жасына дейінгілерді әскери қызметке даярлау. 
Әскери қызметтен босату жөніндегі заң нормалары. Әскери қызметті өтеу үшін жасалынатын келісім-шарт жүйесі. 
4–тақырып:   «Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің жауынгерлік дәстүрлері» (1 сағат)
Қарулы Күштерінің жауынгерлік дәстүрлері туралы түсінік. 
Қазақстан аумағында әскери істің даму тарихы. Даңқты батырлардың ерлігі. Ұлы Отан соғысы батырлары. Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері әскерлерінің жауынгерлік дәстүрлерін қалыптастыру. 
5-тақырып:  «Қазақстанда әскери кадрларды даярлау» (1 сағат)
Қазақстан Қарулы Күштері жоғары әскери оқу орындарының  құрылу себептері мен тарихы. Офицер кадрларын даярлаудағы мақсаттар мен міндеттер. Офицер кадрларының мамандықтары. Жоғары әскери оқу орындарына қабылдау шарттары мен жалпы ережелері. Техникалық және әскери-қолданбалы спорт түрлерін дамыту - әскери қызметке жастарды дайындаудың негіздері.
 
II Тарау
Қазақстан Республикасы қарулы күштерінің 
жалпы әскери жарғылары (5 сағат)
 
1-тақырып: «Әскери қызметшілердің орналастырылуы» (1 сағат)
Ротаны орналастыру үшін қарастырылатын казарма үй-жайлары. Казармадағы үй-жайлардың тағайындалуы. Қаруды сақтауға қойылатын талаптар. 
2-тақырып:  «Үй-жайларды ұстау» (1 сағат)
Үй-жайларды ұстауға қойылатын талаптар. 
Рота мүлкінің және әскери қызметшілердің жеке заттарының сақталуы. Тұрғын үй-жайлардағы температура. Жатын орындарын жарықтандыру және желдету.
3-тақырып: «Әскери бөлімдер мен бөлімшелерді елді мекендерде орналастыру»  (1 сағат) 
Бөлімшелерді елді мекендерде орналастыру. Орналастыру кезінде жүргізілетін іс-шаралар. Әскери қызметшілерге қойылатын талаптар. Өрт қауіпсіздігін сақтау бойынша жүргізілетін іс-шаралар. Өрт пайда болған жағдайдағы әскери қызметшінің әрекеті. Әскери қызметшінің қоршаған ортаны қорғау жөніндегі міндеттері.  
4-тақырып:  «Уақыттың бөлінуі және тәртіпті сақтау» (1 сағат)
Жалпы әскери жарғының әскери бөлімдердегі уақыттың бөлінуіне қоятын талаптары. Әскери бөлімнің күн тәртібі. Әскери бөлімнің күн тәртібінде қарастырылатын іс-шаралар. 
5-тақырып: «Әскери қызметшілердің қызметі мен тұрмысының жағдайларын жақсарту»  (1 сағат)
Әскери қызметшілердің тұрмысы мен қызмет жағдайын жақсарту бойынша жалпы әскери жарғының негізгі талаптары. Әскери қызметшілердің денсаулығына медициналық бақылау жасау, жеке және қоғамдық гигиена талаптарын сақтау ережелері, шынықтыру тәсілдері.
III Тарау
Тактикалық дайындық (11 сағат)
 
1-тақырып: «Мотоатқыштар взводын, ротасын ұйымдастыру және ұрыс іс-қимылдарының негіздері» (2 сағат)
 Мотоатқыштар взводын, ротасын ұйымдастыру. Штаттық қару-жарақ пен ұрыс техникасы. Ұрыс түрлері және оның сипаттамасы. 
Ұрыстағы атыс. Атыс жүйесі. Ұрыстағы маневр. Мотоатқыштар взводының, ротасының жорықтық, ұрысқа кіру және ұрыстық тәртібі. Ұрыстағы өзара қимыл және оның мәні. Бөлімшелер мен атысты басқару.
2-тақырып:  «Взвод қорғаныста» (1 сағат)
Қорғаныс негіздері. Взводтың қорғаныстағы орны, рөлі мен міндеті. Қорғаныстағы атыс жүйесі. Ерекше жағдайдағы қорғаныс. 
3-тақырып:   «Барлау. Барлаудағы взвод» (1 сағат)
Қазіргі ұрыстағы барлаудың рөлі. Барлаудың міндеттері. Взводтың барлау жүргізу тәсілдері. 
4-тақырып:   «Шеру және жорық күзеті» (1 сағат)
Взводтың шеруі мен жорық күзетінің негіздері. 
Жаппай жою қаруларын пайдаланудан қорғану.
5-тақырып: «Бір орында және сақтық күзетте орналасу» (1 сағат)
Взводтың бір орында орналасуы. Взвод сақтық күзетінде. 
6-тақырып: «Жалпы әскери бөлімшелердің шағын аймақтағы соғыс қимылы» (1 сағат)
Қарулы қақтығыстағы арнайы әскери іс-қимылдар. Блокпост бөлімшенің ұстанымның негізгі нысаны ретінде және блокпостты инженерлік жарақтандыру. 
7-тақырып: «Танкіге қарсы және жаяу әскерге қарсы қолданылатын негізгі миналар» (2 сағат)
Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің миналары, олардың тактикалық-техникалық сипаттары мен жалпы құрылысы. Жаяу әскерге қарсы және танкіге қарсы миналар. Олардың арналуы мен құрылымы. 
Танкіге қарсы, шынжыр табанға қарсы және жаяу әскерге қарсы миналардың тактикалық-техникалық сипаттамасы. 
8-тақырып: «Жарылмайтын инженерлік бөгеттер» (2 сағат)
Жарылмайтын бөгеттер. Жарылмайтын және мина-жарылғыш бөгеттерден өту тәсілдері. 
 
 
IV Тарау
Атыс дайындығы (4 сағат)
1-тақырып: «Драгунов мергендік винтовкасының механизмі және негізгі бөлшектері» (1 сағат)
Мергендік винтовканың ұрыстық қасиеті мен қолдануы. Мергендік винтовканың механизмдері мен негізгі бөлшектері. Винтовканың механизмдері мен бөлшектерінің құрылысы, қолданылуы.  Мергендік винтовканы бөлшектеу және жинастыру.
2-тақырып: «ДМВ бөліктері мен механизмдерінің жұмысы»
 (1 сағат)
Оқтаулы кезіндегі Драгунов мергендік винтовкасының механизмдері мен бөлшектерінің жұмысы. Атыс кезіндегі механизмдер мен бөлшектердің жұмысы. Мергендік винтовкадан ату кезіндегі болатын кідірістер және оларды жою тәсілдері. Мергендік винтовкаға қажетті жабдықтардың құрылысы мен қолдануы.
3-тақырып:  «Танкіге қарсы қол гранататқышының құрылғысы, оны ұстау, күту және сақтау»  (1 сағат)
Гранататқыштың ұрыстық қасиеті мен қолданылуы. Гранататқыш бөліктері және  механизмдерінің құрылғысы мен қолданылуы.  Гранататқышты бөлшектеу және жинастыру.
 
4-тақырып: «РПГ гранататқышының бөліктері мен механизмдерінің жұмысы»  (1 сағат)
Оқтаулы кездегі гранататқыш бөліктері мен механизмдерінің жұмысы. Ату кезінде гранататқыш бөліктері мен механизмдерінің жұмысы. Ату кезіндегі кідірістер мен оларды жою тәсілдері. Тазалау және майлау. 
 
 
V Тарау
Мергендік винтовка (МВ) мен қол гранататқышынан ату тәсілдері мен ережелері (5 сағат)
 
1-тақырып:  «Мергендік винтовкадан ату тәсілдері» (1 сағат)
Мергендік винтовкадан атыс жүргізу үшін орын таңдау. Жергілікті жерде жылжу тәсілдері. Жатып және тұрып ату үшін орынға орналасу. Винтовканы оқтау тәртібі.
2-тақырып: «Атыс жүргізу» (1 сағат)
Атыс жүргізу: көздеуішті қою, винтовканың дүмін қалыпқа келтіру, көздеу тәсілдері, ұрыстық қайырмадағы шүріппені ағыту.
 
3-тақырып: «Атысты тоқтату» (1 сағат)
Атысты уақытша және толық тоқтату. Қаруды тексеру және оғын алу тәртібі. Жатып ату жағдайынан тұру кезіндегі атқыштың әрекеті.
4-тақырып: «Тасадан тірей ату тәсілдері» (1 сағат)
 Ату үшін таса мен тіреудің қолданылуы. Таса артынан атыс жүргізу тәсілдері. Әуе нысаналарын ату тәсілдері. 
5-тақырып:   «Гранататқыштан ату тәсілдері» (1 сағат)
Ату үшін орын таңдау. Гранататқыштан ату кезіндегі қауіпсіздік шаралары. Атысқа ыңғайлану. Атысты тоқтату. 
 
VI Тарау
Саптық дайындық (2 сағат)
 
1-тақырып: «Машиналар жанындағы және машинадағы жауынгерлердің  іс-әрекеті» (2 сағат)
Машиналар жанына сап құру. Машинаға отыру, орналасу және түсу. Машиналар арасындағы ара қашықтық және қозғалыс жылдамдығы. Қозғалыстағы бұрылыстар. Сапты және машинаны басқаруға арналған белгілер. 
VII Тарау
Әскери топография (12 сағат)
1-тақырып: «Топографиялық карта жайлы түсінік. Картамен жұмыс жасау» (1 сағат)
Топографиялық карта жайлы түсінік. Карталар масштабы. Карталардың масштабтары бойынша қолданылуы. Карта масштабының шамасы.
 
2-тақырып: «Карта бойынша қашықтықты өлшеу» (1 сағат)
Карта бойынша қашықтықты өлшеу тәсілдері. Карта бойынша қашықтықты өлшеудің дәлме-дәлдігі. Жергілікті жер сипатына байланысты бағыт ұзындығын түзету коэффициенті.
3-тақырып:  «Географиялық координаттар жүйесі» (1 сағат)
Географиялық координаттар туралы түсінік. 1:10 000 – 1: 100 000 масштабындағы топографиялық карталар бетінің жақтауын ресімдеу. Картадағы географиялық координат нүктелерін анықтау. Географиялық координат бойынша картаға нүкте салу тәртібі. 
4-тақырып:  «Жазық тік бұрышты координаттар жүйесі» (1 сағат)
Жазық тік бұрышты координаталар жүйесі туралы түсінік. Тік бұрышты координаталық тор. Картада пункттің орналасу орнын жуықтап көрсету. Карта бойынша координат нүктесін анықтау. Картаға нүктені түсіру.
5-тақырып:  «Азимуттар мен дирекциондық бұрыштарды анықтау» (2 сағат)
Ақиқат және магнитті азимут, дирекциондық бұрыш. Карта бойынша дирекциондық бұрышты өлшеу тәсілдері. Дирекциондық бұрышты магниттік азимутқа қайта есептеу формуласы және керісінше.
6-тақырып: «Топографиялық карта бойынша жергілікті жерді зерделеу» (2 сағат)
Топографиялық шартты белгілер және олардың түрлері. Балтық биіктік жүйесі. Карта бойынша абсолюттік биіктікті анықтау және картадағы сипатты жазылулар. Картадағы көлбеу сызықтар. 
7-тақырып:  «Жергілікті жерде карта бойынша бағдарлану»
 (2 сағат)
Картаны бағдарлау. Жергілікті жерде картаны бағдарлау тәсілдері. Өзінің тұру нүктесін түрлі тәсілдер арқылы анықтау. Картаны жергілікті жермен салыстыру, картада заттың бейнесін және жергілікті жердегі затты табу. 
8-тақырып:  «Жергілікті жерде карта көмегімен жасалатын қозғалыс» (2 сағат)
Жергілікті жерде карта көмегі арқылы жол бойымен, жолдан тыс, жабық жерлерде және түнде қозғалыс жасау. 
 
VIII Тарау
«Азаматтық қорғаныс» (22 сағат)
1-тақырып:  «Шаруашылық объектілерінің азаматтық қорғанысы» (1 сағат)
Азаматтық қорғаныстың міндеттері мен мақсаты. 
2-тақырып:  «Осы заманғы шет мемлекеттері әскерлерінің жаппай жою қаруы» (5 сағат)
Ядролық қару. Ядролық жарылыстың зақымдаушы факторлары.
3-тақырып:  «Ядролық жарылыстың зақымдау әрекетінің сипаттамасы» (1 сағат)
Ядролық оқ-дәрілер жарылысының зақымдау әсерінің құрамдастырылған сипаты. Зақымданудың координаттық заңы. Зақымдау объектілерін топтастыру. 
4-тақырып:  «Химиялық қару» (2 сағат)
Ұрыстық улы химиялық заттары.  Улағыш заттардың жіктелуі. Химиялық қаруды қолдану қағидалары. 
5-тақырып:  «Биологиялық қару» (1 сағат)
Биологиялық қарудың зақымдау әрекетінің сипаттамасы. Биологиялық құралдардың түрлері және негізгі қасиеттері. Адамның жұқпалы ауруларының сипаттамасы.
6-тақырып: «Жаппай жою қаруынан халықты және әскери қызметшілерді қорғау және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету» (6 сағат)
Жеке құрамды қорғау және қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жүргізілетін іс-шаралар. 
Жеке қорғану құралдары. Зақымданған жерде әрекет жасау кезінде жеке қорғану құралдарын пайдалану.
Бөлімшелердегі жеке қорғану құралдарына техникалық қызмет көрсету. 
Зақымдану аймағынан өту. Зақымдану аймағындағы қирау, су басу және өрт аудандарындағы әскерлердің әрекеті. Қорғайтың ғимараттарда халықты паналату, жұмысшыларды, қызметкеллерді тарату және халықтың эвакуациясы.
7-тақырып:  «Радиациялық және химиялық барлау аспаптары» (3 сағат) 
Радиациялық барлау аспаптарының жұмыс қағидалары мен құрылысы(ИД-1, ДП-22В, ДП-5В, ВПХР мөлшерін өлшеу кешені), тактикалық-техникалық деректері, қолданылуы. Жеке құрамның сәулелену мөлшерін есепке алу. Бөлімшенің ұрысқа қабілеттілігін бағалау. 
8-тақырып: «Апатты жағдайлардағы аудандар мен зақымдану ошақтарында жүргізілетін құтқару және басқада жедел қалпына келтіру  жұмыстары» (1 сағат) 
Ядролық зақымдау ошақтарында жүргізілетін құтқару жұмыстары.
 
9-тақырып: «Зақымдану (залалдану) ошақтарын барлау» (1 сағат)
Зақымдану ошақтарындағы объектілерге барлау жүргізу және ұйымдастыру. 
10-тақырып: «Радиациялық және химиялық бақылау посты құрамындағы барлаушының іс-әрекеті» (0,5 сағат)
Радиациялық және химиялық бақылау посты үшін орын таңдау. Барлаушының барлау жүргізуі, оның міндеттері мен тапсырмалары. 
11-тақырып: «Зақымдалу ошағындағы объектіге барлау жүргізу кезінде барлау буыны құрамдағы барлаушының  іс-әрекеті» (0,5 сағат)
Барлау буынының міндеттері. Бағыт және зақымданған учаскелерді табу кезіндегі барлаушылардың іс-әрекеті. 
 
IX Тарау
Медициналық білім негіздері (30 сағат
12 - тақырып: «Жұқпалы аурулардың негізгі топтары мен биологиялық жұғу ошақтарының сипаттамасы. (12 сағат)
Карантин және обсервациялық бақылау туралы түсінік. Ауру тудырғыш микробтар. Жұқпалы ауруды қоздырғыштар. Аса қауіпті жұқпалы аурулар. Жұқпалы ауруларды жою және шектеу бойынша жасалатын іс-шаралар.
13 - тақырып: «Науқастарды күтудің жалпы практикалық дағдысы» (6 сағат)
Көп қызметті (функционалды) төсек құрылғысы және науқастың орналасуы. 
Науқасты санитарлық өңдеу. Науқасты бөлімге апару. Дене қызуы және оны өлшеу. Қан айналымына әсер ету шаралары. Жүрек, қан тамырлары жүйесінің  қызметі бұзылған науқастарды бақылау және күту.
Ашық және жабық сынықтар кезінде алғашқы медициналық көмек көрсетудің жалпы ережелері. Бинтті таңғыштардың негізгі тәсілдері.    
 
14 - тақырып:  «Дененің әр түрлі бөлігіне таңғыш қою» (6 сағат)
Басқа, кеудеге, ішке, бұт арасына, аяқ пен қолға таңғыш қою тәсілдері мен тәртібі.
15 - тақырып: «Әр түрлі бақытсыз жағдайларда көрсетілетін алғашқы медициналық көмек» (6 сағат)
Үсудің алдын алу және осы кезде алғашқы медициналық көмек көрсету. 
Күн және ыстық өту туралы түсінік, олардың алдын алу және алғашқы медициналық көмек көрсету. 
Электр жарақаты кезінде көрсетілетін алғашқы медициналық көмек және осы кездегі қауіпсіздік шаралары. Суға кеткен кезде көрсетілетін алғашқы медициналық көмек. Жүрек жұмысы мен тыныс алуды қалпына келтіру тәсілдері. 
Улы өсімдіктер және саңырауқұлақтармен уланған кезде, улы жыландар мен жәндіктер шаққан кезде көрсетілетін алғашқы медициналық көмек. 
 

Соңғы жарияланған материалдар тізімі
Әскери бөлімнің Жауынгерлік туы. Жауынгерлік Туының саптағы жағдайы
Жарықшақты қол гранаталары (РГД-5, РГН, Ф-1, РГО)
Қарулы күштер Қазақстан Республикасы егемендігі күзетінде
ОҚУШЫЛАРДЫҢ БІЛІМ, БІЛІК ЖӘНЕ ДАҒДЫЛАРЫНА ҚОЙЫЛАТЫН ТАЛАПТАР
ОҚЫТУДЫҢ ӘДІСТЕМЕЛІК ЖҮЙЕСІНІҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
ҰРЫС АЛАҢЫНДАҒЫ ҚОЗҒАЛЫС
Саптық адым
Республикасы Қарулы Күштерінің Ішкі қызмет жарғысы
Мемлекеттің әскери қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі заң шығару негіздері
Жаппай жою қаруынан әскери қызметшілерді қорғау және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Жалпы әскерлік қорғаныш толымы
Бөлім: Уроки / Ашық сабақтар | Көрсетілім: 11637 | Қосты: NA | Ілмек сөздер:
Информация
Посетители, находящиеся в группе Гости, не могут оставлять комментарии к данной публикации.
Бөлімдер
История
открытые уроки по истории
Педагогика
открытые уроки по педагогике
Биология
открытые уроки по биологии
Информатика
открытые уроки по информатике
Математика
открытые уроки по математике
Физика
открытые уроки по физике
Химия
открытые уроки по химии
Разное
открытые уроки
География
Открытые уроки по географии
русский язык