Ұстаздар сайты u-s.kz Сайттың атауы www.u-s.kz
» » Мүсірепов Ғабит Махмұтұлын еске алу кеші


Мүсірепов Ғабит Махмұтұлын еске алу кеші

Мүсірепов Ғабит Махмұтұлын еске алу кеші

Жүргізуші 1: Қайырлы күн құрметті қонақтар, озық ойлы оқырмандар! Бүгінгі «Көркем сөздің шебері» атты қазақ әдебиетінің классигі, XX ғасырдың ұлы суреткері, көрнекті қоғам қайраткері Мүсірепов Ғабит Махмұтұлын еске алу кешіне қош келдіңіздер!

«Ғабит Мүсіреповті мақтаудың керегі жоқ. Ғабит Мүсіреповпен мақтануымыз керек»,- деп  З. Қабдолов ағамыз айтқандай, Ғ.Мүсірепов қалдырған мол әдеби мұра - халық қазынасы, ел мақтанышы.

Дүниенің бүгінгісі ертеңгісі

Кеше мен арғы күннің жаңа елесі,

Біркүндік өмірі бар көбелек те

Сол күннің айтып кетер ертегісін:

Құдай-ау, қандай ұзақ өмір еді,

Кеше жоқ, келер күн жоқ, бір күнгісі!

Қалған мен өте шыққан бір күндікті

Ұмытпас баласы мен немересі,

Олардан естімейме шөбересі! - деп Ғабит атамыз қойын дәптерлерінің бірінде жазып өткен болатын. Олай болса, Ғабит Мүсірепов кім?

Құралай: Мүсірепов Ғабит Махмұтұлы - қазақтың әйгілі жазушысы, қоғам және мемлекет қайраткері, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі, әдеби сыншы, аудармашы, Социалистік Еңбек Ері, Қазақстанның халық жазушысы, Қазақ КСР Ғылым академиясының Абай атындағы және Ш.Уәлиханов атындағы мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты.

Жүргізуші: «Халқымыздың өткен ғасырда бастан кешкен сан қилы күрделі тағдыры Мүсіреповтің құдіретті қаламы арқылы өзінің көркемдік бейнесін тапты. Оның әдебиеттегі зор еңбегі көзі тірісінде өзінің жоғарғы бағасын алды» -деп бағалаған болатын еліміздің Президенті Н.Ә.Назарбаев.

Жұпар: Ғабит Махмұтұлы Мүсірепов- 1902 жылы 22 наурызда қазіргі Солтүстік Қазақстан облысының Жамбыл ауданы Жаңа жол ауылында кедей шаруаның отбасында дүниеге келген.

1916 жылы 14 жасында -Обаған деген жердегі нағашысының көмегімен орыс мектебіне окуға түседі.

1923-26 жылдары -мектепті бітіріп, Преснегорьковтағы екі кластық орыс мектебін, жұмысшы факультетінде (рабфак) оқып, ауыл шаруашылық институтында оқиды.

1929-30 ж  «Қос Шалқар»«Талпақ танау», «Ана туралы новеллалар», «Автографиялық әңгіме», «Көк үйдегі көршілер», «Күсен»,«Қыз Жібек», «Қозы Көрпеш-Баян сұлу», «Ақан сері — Ақтоқты», «Аманкелді», «Қынаптан қылыш т.б, «Қазақ солдаты», «Ұлпан», «Оянған өлке», «Кездеспей кеткен бір бейне» 

1931-44 ж  Шекспирден: «Антонин мен Клеопатра», М. Горькийдің «Өлімді жеңген ана» , «Адамның анасы»  шығармаларын аударды.

1958 ж Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесіне,  КСРО Жоғарғы Кеңесіне депутат болып сайланды.

1962,1972,1974 ж 3 мәрте Ленин,1975 ж 2 мәрте Еңбек Қызыл Ту, 1982 ж «Халықтар достығы» медальдары.

1970 ж Қазақстан Мемлекеттік сыйлығын алды.

1977 ж Қазақстан Ғылым Академиясының Ш.Уәлиханов атындағы сыйлық алды.

 1974 ж Кеңес әдебиетін өркендетуде сіңірген еңбегі үшін Социалистік Еңбек Ері құрметті атағы берілді.

1985 ж дүние салды.

1985 ж Алматы қаласының Қарасай батыр көшесінен мұражай, Астана қаласында көше, Балалар мен жасөспірімдер театры ашылып, ескерткіш мүсін қойылған.

Жүргізуші: « Ғабит Мүсірепов көркем әдебиетте де, театрда да, кинода да - өнердің тағы қандай түрі бар – бәрі-бәрінде де сұлулықтың гимн дәрежесіне көтеріліп келе жатқан классик»,-деп Ш.Мұртазаев бағалағандай,

Абзал аға азынаған аязға қайрат көрсеткен айтулы азамат та еді. Ер басына күн туып, етігімен су кешіп – елінің жартысын жайратып салған 1932 жылдың қилы заманында бес азаматтың атынан қылышынан қан тамған жоғары орынға жанын шүберекке түйіп жүріп ашық хат жазған Ақберен азамат болатын. Қаламдас аға-досы Биағаңа – (Бейімбет Майлинге) жала жабылғанда тағы да басын қатерге тігіп, айғайлап ара түскен. «Биағаң халық жауы болса, мен де жаумын!» - деп адам таңқаларлық қайсарлық көрсеткен де Ғабең болатын.

Солақай желөкпе сыншылар атойлап «Абай жолына» көк сүңгі сілтеп, ұлы Мұхаңның басына әңгір таяқ ойнатқанда да ара түсіп, адал, байыпты, мәнді мақала жазып, ашық сайысқа шыққан да Ғабең еді. Талай қазақ жалған, жасырын арыз тоғытып, бірін-бірі даттап, жамандап, қандасын қаралап, арысымызды өлімге қиып, қиянаттан, қарғыстан именбей, зауалдан шошымай, қара жүрек қандыбалақтың қатарын көбейтіп жатқанда, Ғабең ақиқатты ашып айтып, қасқайып қарсы тұрған, азаматтық қалпынан жазбаған әділ аға болды. Міне, осындай Қызыл империяның қылышынан қаны тамып, қаһарына толық мініп тұрған кезінің өзінде Ғабең қаламын қару етіп ерлік жасады.

Арайлым:

Динара:

Қымбат:

Құралай:
Жүргізуші:
 Ғабит Махмұтұлының асыл мұрасы, жүрегін жарып шыққан жан сөзі – бәріміздің рухани азығымыз, мақтанышымыз, қымбаттан да қымбатымыз. Айтулы жазушының адамдық қасиеті, азаматтық тұлғасы – бәрімізге үлгі, өнеге.
Ел тұрмысы қаншалықты ауыр болғанымен, тірлік ағымы өз қалауын алға тарта береді. Сол жылы, яғни, Ғабит өзінің өмірлік тақырыбы болған, әрқашанда сүйсініп, сүйіп жырлаған ана тақырыбына барып, жазу мәнеріндегі көтеріңкі, лепті рухтың да бастауын табады. 1933 жылы ол М. Горькийдің «Адамның анасы» («Рождение человека») және «Өлімді жеңген ана» («Легенда о Тимурлане») деген екі әңгімесін еркін аудара отырып, сәл ықшамдап, кей идеясын өткірлей аша түсіп, кей ойын өзінше, сәл басқаша қорытады. М. Горькийдің «Келді адам өмірге» деген әңгімесіне Ғабит Мүсірепов «Адамның анасы» деп ат қойып, оқырман назарын, шығарманың негізгі салмағын анаға, ананың киелі махаббатына аударады. «Ананың анасы», «Ашынған ана», «Ананың арашасы», (1933), «Ер ана» (1942), «Ақлима» (1944) – қазақ топырағында көктеген туындылар.

Жайна: Ғ. Мүсірепов Ұлы Отан соғысы жылдарында да ана тақырыбына қайта оралып, екі әңгіме жазды. Оның бірі --«Ер ана» (1942). Онда жау уақытша басып алған селода ауру немересімен қалған Наталья ананың партизандар көмген минаны жарып, неміс офицерлері орналасқан мектеп үйін өртеп, ормандағы партизандарға қосылуы суреттеледі. Ал  «Ақлима» (1944) әңгімесінде жалғыз ұлы соғыста ерлікпен өлген ананың майданнан мүгедек болып оралған Сапар деген жігітті асырап алып күтуі, оны өз баласы Қасымнан кем көрмеуі баяндалады.

Ұлы Отан соғысы жылдарында эвакуациямен Украина, Ресей жерлерінен келген орыс, неміс, шешен, ингуш, татар балаларын қазақтардың асырап алуы көп болған. Ал қол-аяғы бірдей шөрке боп қалған жауынгер жігітті туған анасындай болып күту гуманистік ұлы жүректің ғана қолынан келетін қасиетті іс-әрекет еді. Жазушы осы арқылы ана жүрегінің кеңдігін, махаббатының молдығын асқан суреткерлікпен бейнелейді.

Дана: «Ашынған ана» (1934) әңгімесі 1916 жылғы ұлт-азаттық; қозғалысына арналған. Жалғыз баласының жасын асырып жазып, майданға қара жұмысқа жібермек болған болыс пен оның қолшоқпары Қарасақалға Қапияның пышақ салып, түрмеге түсуі, онда 17 ай отырып, ақыры оны большевиктердің түрмеден босатуы баяндалады. Жазушының суреттеуінше, қиыншылық пен зорлық-зомбылықты көп көріп, азап шеккен: «... Өмір өзін сондай сіліккен. Қазір бұл сондай орасан күшті. Енді өмірді өзі сілкуге жарап  қалған қайратты ана...»

Ал Ғ. Мүсіреповтің «Ананың арашасы» (1934) атты әңгімесінде Антоновтың ақ бандыларының қазақ ауылына ат ойнатып, жазықсыз жандарды атып-асуы, Нағиманы "большевик балаңды тауып бер" деп соққыға жығуы, ананың жан азабына шыдап бағып, ақтар армиясының солдаттарының шымбайына батар сөз айтып, солдаттарды өз командиріне қарсы қоюы, ақыры олардың Антоновты өлтіріп, Қызыл Армияға қосылуымен аяқталады.

Жүргізуші: «Ғабең өмірінің соңғы кезіне дейін туған жеріне, ардақты Қызылжарына, кіндік қаны тамған топырағы Елтінжалға жиі келетін еді. Ғабит ағаға туған жерінің нулы орманы, саумалдай сапырылып жатқан күміс көлі, тіпті, шоқ-шоқ болып өскен көк талы да ыстық, қасиетті еді.

"Дүниеде, - дейді жазушы туған еліңнен артық ел де жоқ, жер де жоқ"деуші еді ,- деп еске алады Ғабеңнің қаламдас достары.

Кезінде Ғабеңнің қалауымен бір ән жазылған. Ол әннің аты- «Қызқарағай» деп аталады. Ендеше, ( Сөзін жазған М.Әубәкіров, әнін жазған Ж. Тұрсынбаев) «Қызқарағай» әнін 5- сынып оқушысы Аманбекова Арайлымның орындауында қабыл алыңыздар.

Жүргізуші: Ғабит атамыздың бойындағы келесі бір сүйсінерлік қасиет ол өнерге деген қамқорлығы. Соның бір айғағы- ақын Мұқағалидың естелігі.

Арайлым: Естелік.

Жансая: М. Мақатаев «Ғабеңе»

Аслан: Қ. Аманжолов «Ғабитке»

Жүргізуші: Әйел,ана,арулар тақырыбына арналған Ғ.Мүсірепов шығармаларының жиынтығы ретінде 1974 жылы жазылған ішіндегі ең көлемдісі де көрнектісі де 1974 жылы жазылған «Ұлпан» романы. ХХ ғасырдың екінші жартсындағы қазақ халқының әлеуметтік өмірін терең зерттей келіп, жазушы тарихи фактілерді, шын өмірде болган оқиғаларды, адамдарды  шығармасына негіз етіп алған. Роман –тарихи  тақырыптағы шығарма, ал Ұлпан өзі тарихта шын болған адам , өз заманынан бұрын туып, арманда кеткен үлкен жанның бейнесі.

Асыл жар, ардақты ананың бейнесін халық арасынан шыққан Шынар мен Мүсірептер кемелдендіре түседі. Олардың Ұлпанмен бас қосуы, сыйластығы, аңшылық өнері суреттелген тұстары оқырманның өте сүйсініп оқитын беттері. Бір уез елді билеп билік айтушы, дүйім елдің үлкен-кішісіне басшы, ақылгөй болу—Ұлпан сияқты дана әйелдерге ғана тән қасиет. Ондай қайраткер аналар тарихта болған. Мәселен, Төле бидің келіні Данагүлді, Шыңғыстың анасы Айғанымды бүкіл қазақ елі пір тұтқан. Осындай ерлікпен, ақылды-даналықпен, билікпен, әділдікпен атын шығарған Ұлпан қазақ әйелдерінің жиынтық образы деуге болады. Жазушы жасаған Ұлпан — аналардың анасы, ел билеген көсем, сөз бастаған шешен, аузы дуалы, сөзі куәлі қоғам қайраткері.

Яғни, «Ұлпан» — бүкіл аналардың жиынтық бейнесі тәріздес кесек полотно.

«Ғабит- адам портретін жасауда қазақ жазушыларының ең шеберлерінің шебері»,- деп Сәбит Мұқанов бағалағандай, жазушының осы «Ана» тақырыбындағы шығармаларының бірі «Өлімді жеңген ана» әңгімесінен үзінді тамашалап, шеберлігіне куә болыңыздар.

Т. Молдағалиев «Әйел- сенің ақылшың да, серігің»

Жүргізуші: «Көркем әдебиет деген ең алдымен жанды сөз, тек ғана сыртқы емес, ішкі сөз...» деп Ғабең өзі айтқандай, қанатты сөздеріне құлақ түрейік.

Дана:

Жайна:

Мына бір қызық таяқ – жазушы Ғабиден Мұстафиннің Ғабеңе сыйлығы. Бұл бұйымның бір сыры – мына басындағы қос темірді біріктірсеңіз таяқтың тұтқасы боп шығады да, ал жазсаңыз, кішігірім орындыққа айналады. Одан да қызығы сол – әлгі темірдің астыңғы жағына, дөңгелек ұстынға Мұстафин досының құттықтау сөзі жазылған: «Ғабитке. Тоқалы тепкен, іші кепкен,

Жетпістегі сылаң шалға тартуым. Таяқ – үшінші аяқ. 22.10.1972 жыл. Ғабиден», – деп өрнектелген екен.
Бұл дегеніңіз – бір-бірін жарты ауыз сөзден түсінісетін, қимас көңілдегі дос-құрдастар арасында кездесе беретін кәдімгі қазақы қалжың еді.

Және осындай қалжыңның бірі

Мұхтар Шахановтың естелігі:«Бақиға Ғабең аттанардан екі жыл бұрын Ғабиден Мұстафин екеуін екінші Алматы өзенінің бойына алып барғанмын. Таза ауада біраз серуендедік. Бір кезде Ғабең: 
– Әй, Ғабиден, – деді ескі досына бұрылып. – Енді екі жыл өмір сүрсек, жетпей ме? 
Ғабаң үнсіз бас изеді.
Жүрегім шым ете қалды. Кез келген адамның өз табиғатында өмірге тоймайтыны шындық. Мына кісінікі не деген ынсап, не деген қанағат! Көзді ашып-жұмғанша өте шығатын екі жылды ұзақ ғұмырға санап тұр. Әрі соған мейілінше разы сияқты…
Ой, Алла-ай! Әлгі айтылған сөзге періште әумин дегендей. Бір жылдан соң Ғабиден Мұстафин, екі жылдан кейін өзі дүниеден озды»,- дейді.

Олай болса, Ғабеңнің соңғы сөзіне құлақ түрейік.

Жайна: ТУҒАН ЕЛГЕ СОҢҒЫ СӨЗ
Кешегi өткен Ғабиден досқа: “Ендi екi жыл жүрсек жетпей ме?!” дегенiм бар едi. Сол мөлшерiм мөлшер болды. Қойны суық қасиеттi қара жер құшағына, мiне, мен де кеткелi жатырмын. Үмiтпен, күреспен, сенiммен өткiзген ұзақ ғұмырымды қорыта қарасам, қуанышым да, ренiшiм де мол екен.Жас қазақ мемлекетiнiң биiк туы менiң көз алдымда көтерiлдi. Бүгiнде күллi әлем назары ауған iргелi елге айналдық. Бiрақ әдебиет пен өнер ұлы болмаған жағдайда ұлт ұлы боп есептелмейтiнiн ұмытпайықшы. Жан сүйсiнтер бiрлiк жоқ жерде саналы тiрлiк те жоқ. Кейде мыстың алтынға, қыранның қарғаға телiнiп жататыны – осының кесiрi. Үлкен өнердiң үлкен таза мiнезi болуға керек. Өзiм iргетасын қаласқан қазақтың ата буын әдебиетiнiң атынан өтiнемiн: менi соңғы сапарға шығарып саларда осы ақтық тiлегiмдi еске алыңдаршы.

Қалам ұстауға халiм болмағандықтан, хатты Әлжаппар мен Мұхтарға айтып жаздырдым.

Ал, қасиеттi елiм, жерiм, қиыспас дос-жаран, ағайын-туыс, сәулелi жас ұрпақ, қош, қош болыңдар!

Ғабит МҮСІРЕПОВ

Жұпар:Ғұмыр бойы тыным көрмей арпалысқан Ар үшін,
Шыншыл, адал мінезімен жақын еткен алысын,
Күллі қазақ өнерінің арқалаған намысын
Сенімен де қоштасар кез келгені ме, арысым?!
Саған деген қошеметтің ұлан-ғайыр аумағы,
Табытыңа бас иіп тұр қазақтың бар таулары.
Саған сәлем кең далаңнан – жанарынан жас тамған,
Саған сәлем жас буыннан – жазылмаған дастаннан.
Қай кезде де туған елге деген ұлы махаббат
Өз ұлтының даналарын қадірлеуден басталған.
Ғасырына қуат қосқан даңқыңды ешкім бөгемес,
Қазақтың сөз өнерінен бой көтерген Эверест.
Қадірлім-ау, ескерткіш қып сенің ұлы тұлғаңа
Көк тіреген Алатаудың өзін қойса, көп емес.

Жүргізуші: Міне, бүгін жазушының өнегелі өмір жолы мен артына қалдырған бай мұрасы- оқушысын жақсылыққа, адамгершілікке, Отаншылдыққа, халықтар достығына баулитын қымбат қазына, рухани азық екенін, сонымен бірге біздер үшін тәрбиелік мән- мағынасының да зор екендігін ұғындық. Сөзімді ұлы Абайдың :

Көп адам дүниеге бой алдырған,

Бой алдырып, аяғын көп шалдырған.

Өлді деуге сия ма, ойлаңдаршы,

Өлмейтұғын артына сөз қалдырған,- деген жыр шумағымен қорытындылаймын.


Соңғы жарияланған материалдар тізімі
Лиро-эпостық жырлар
Ғабит Мүсіреповтің «Ананың анасы» әңгімесі
Ғ. Мүсірепов «Ұлпан» романы
Ғ. Мүсіреповтың аналар тақырыбындағы әңгімелері
Ғ. Мүсірепов «Ананың анасы» әңгімесі
Ғабит Мүсірепов «Қазақ солдаты» романы
Ғабит Мүсіреповтың өмірі мен шығармашылығы
Тіл тағдыры- ел тағдыры
Ғабит Мүсірепов Ананың анасы
Ғ.Мүсірепов «Ананың анасы»
Бөлім: Уроки / Әдебиет | Көрсетілім: 11271 | Қосты: NA | Ілмек сөздер:
Информация
Посетители, находящиеся в группе Гости, не могут оставлять комментарии к данной публикации.
Бөлімдер
История
открытые уроки по истории
Педагогика
открытые уроки по педагогике
Биология
открытые уроки по биологии
Информатика
открытые уроки по информатике
Математика
открытые уроки по математике
Физика
открытые уроки по физике
Химия
открытые уроки по химии
Разное
открытые уроки
География
Открытые уроки по географии
русский язык