Ұстаздар сайты u-s.kz Сайттың атауы www.u-s.kz
» » Бастауыш сыныпта жеке тұлға қалыптастыруда ұлттық құндылықтар негізінде білім мен тәрбие беру


Бастауыш сыныпта жеке тұлға қалыптастыруда ұлттық құндылықтар негізінде білім мен тәрбие беру

Бастауыш сыныпта жеке тұлға қалыптастыруда ұлттық құндылықтар негізінде білім мен тәрбие беру

Шарғабаева Жанаргул Сағынбайқызы

Атырау облысы Жылыой ауданы Құлсары қаласының №7 Е.Халықов атындағы жалпы орта білім беретін мектептің І санатты бастауыш сынып мұғалімі

“Бала тəрбиесі – бір өнер, өнер болғанда ауыр өнер, жеке бір ғылым иесі болуды тілейтін өнер. Баланы дұрыс тəрбиелеу үшін əркімнің өз тəжірибесімен танысу керек”. 

Мағжан Жұмабаев

Бастауыш сыныпта жеке тұлға қалыптастыруда ұлттық құндылықтар негізінде білім мен тәрбие беру

Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейінгі білім беруді дамыту тұжырымдамасында «Білім берудің мақсаты - жылдам өзгеріп отыратын дүние жағдайларында алған терең білімнің, кәсіби дағдыларының негізінде еркін бағдарлай білуге, өзін-өзі іске асыруға, өзін-өзі дамытуға және өз бетінше дұрыс, адамгершілік тұрғысынан жауапты шешімдер қабылдауға қабілетті, дені сау жеке тұлғаны қалыптастыру керек» делінген. Жоғарыда аталған қағидаларды ұстана отырып, Қазақстанда ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтарды, тарихи тәжірибелерді, сан ғасырлық мәдени ұлттық дәстүрлерді ескере отырып, қазіргі білім мазмұнын жаңғыртуда, жаңа талаптар қоя отырып ұлттық рухта болашақ ұрпақты тәрбиелеу керек деп санаймыз.

Ұлттық құндылықтар дегеніміз халқымыздың ұлттық бет-болмысын, ерекшелігін көрсететін мәдениеті, өнері, тілі. Еліміз тәуелсіздік алғалы бері ұлттық құндылықтарымызды дамыту, жаңғырту бағытында келелі жұмыстар атқарылуда. Ғасырлар бойғы ата-бабамыз сақтап келген ұлттық жәдігерлерімізді ұрпақ тәрбиесіне пайдаланып, мақтан тұту аса маңызды.

Бүгінгі ғаламдану процесінде ұлттық құндылықтарды сақтау мен өзінің бет-бейнесін, ізгі дәстүрлерін сақтау жолындағы күрес ұлттық сананы сақтау күресі екенін түсіне отырып, ұлттық тәрбие деп жеке тұлғаның ұлттық сана сезімі мен мінез-құлқының ана тілін, ата тарихын, төл мәдениетін және ұлттық салт-дәстүрлерді меңгеруі негізінде қалыптасуын айтамыз.

Ұлттық құндылықта білім мен тәрбие берудің басым бағыттарының бірі тәрбие жұмыстарының әлеуетін күшейту болып табылады. «Қазақстан-2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында ұлт Көшбасшысы: «Бала тәрбиелеу – болашаққа ең үлкен инвестиция. Біз бұл мәселеге осылай қарап, балаларымызға жақсы білім беруге ұмтылуымыз керек», - деп көрсеткен болатын.

Бүгінгі таңда қазақстандықтардың алдында тұрған міндеттердің бірі -«Mәңгілік Ел» идеясын жүзеге асыру. Бұл идеяны жүзеге асыру үшін мектептерде мақсатты түрде тәрбие жұмыстарын жүргізу, сонымен қатар барлық оқу пәндерінің тәрбиелік мәнін күшейту қажет. Оқытылатын пәндер рухани-адамгершілік қасиеттері мен білім алушылардың патриоттық сезімдерін қалыптастыруға, қазақстандық отаншылдық пен азаматтық жауапкершілік, ұлттық сана-сезім мен толеранттылық, Қазақстанның этникааралық жағдайда қарым-қатынас жасай білуіне бағытталуы тиіс.

Білім беруді жаңарту Елбасының Жолдауындағы «Мәңгілік Ел» идеясына сәйкес оқу-тәрбие үдерісін оқушылардың патриотизмін, мораль және адамгершілік нормаларын, ұлтаралық келісім мен төзімділігін, физикалық және рухани дамуын, заңды құрметтеуін қалыптастыру міндетін алға қояды. «Мәңгілік Ел» идеясында белгіленген бұл құндылықтар жалпы оқу-тәрбие жұмысының негізі, бастауыш мектепте оқытылатын пәндердің арқауы болуы тиіс. Сондықтан ұстаздарымыз күнделікті кез келген пәнді оқыту барысында әрбір сабақта «Мәңгілік Ел» құндылықтарын оқушылардың бойына сіңіруді естен шығармағаны жөн.
Осы міндеттерді жүзеге асыру мақсатында бастауыш сыныпта әдебиеттік оқу, қазақ тілі, дүниетану, математика, еңбекке баулу, бейнелеу өнері пәндерін оқытуда басым мақсаттарды басшылыққа аламын.

Берген білім мен тәрбиемізден не күтеміз?

Қандай нәтиже шығады?

Оны қалай жүзеге асырамыз?

Деген сұрақтарға жауапты 1-4 сыныпта оқыту мен тәрбиелеу арқылы табамыз.

Әдебиеттік оқу пәні – бастауыш сынып оқушыларының ауызша және жазбаша тілін дамытуды, яғни сөздік қорын байытуды, байланыстыра және грамматикалық тұрғыдан жүйелі сөйлеуге үйретуді, сөйлеу мәдениетін қалыптастыруды көздейді. Ұлттық тәрбие, рухани-мәдени құндылықтар, ана тілі және қазақ халқының салт-дәстүрі негізінде сусындаған жеке тұлғаны қалыптастыруға ықпал етеді. Адамның ішкі рухани жан дүниесі байлығын ашуға, адамгершілікке тәрбиелеуге, тілі мен қиялын дамытуға мүмкіндік береді. 2-4 сыныптарда берілген тақырыптар ата-ананы құрметтеуге, елін-жерін сүюге, отансүйгіштік қасиеттерін оятады. Нақыл сөздерді, шешендік сөздерді талдауда негізі ойды табу, өмірде қолданысқа енгізуге дағдыларын қалыптастыру көзделеді. Үш жүздің билерінің астарлы шешендік сөздерінің негізгі идеясын меңгерте отырып, Жоңғар шапқыншылығы кезіндегі халық басына түскен ауыртпалық, елі, жері үшін күрескен, бір тудың астында бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарған батыр ата-бабаларымыздың ерліктері мен тауып айтылған шешімдерін балаларға ұғындырып отырамын. Балаларды шыншылдыққа, әділдікке тәрбиелеу маңыздылығы басты ұстанымым. Баланы әу бастан дау-жанжалдардың ақ-қарасын аша білуге үйрету. Өз шешімін анық айтуға тәрбиелеу.

Абай Құнанбаев, Ыбырай Алтынсарин, Ахмет Байтұрсынұлы, Мағжан Жұмабаев, Мұхтар Әуезов, Мұқағали Мақатаев, Төлеген Айбергенов шығармалары арқылы оқушы бойына жетіспейтін қасиеттерды дарытамыз. Тек оқулықпен ғана шектелмей, іздену арқылы өздеріне қажетті материалдарды өз бетімен ізеніп, тауып алуға тапсырмалар беріліп отырады. Осы тәсіл арқылы оқушы өз бетімен білім алуға дағдыланады.

Дүниетану пәнін оқытуда «Қоғам», «Туған елОтан» тарауларында ұлттық құндылық негізінде білім мен тәрбие аса жоғары дәрежеде беріледі. «Атаңа не қылсаң, алдыңа сол келер» тақырыбында айтылған өзекті мәселелерді қозғап, қазіргі таңдағы қоғамдағы болып жатқан ұлтымыз жат санайтын тастанды балалар мен қарттар үйінен орын алған аяулы қарияларымыздың көбею себептерін анықтату. Өз ойларын ортаға салып, ата-анасын, қарияларымызды құрметтеуге, бағып қамқор болуға баулимын.

Қазақстанның тарихи-мәдени мұраларын қорғауға, Тәуелсіздік жолындағы құрбан болған батыр апа-аталарымыздың еңбектері мен ерліктерін құрметтеуге тәрбиелеймін. Елбасы саясатының негізгі мақсаттары «Дүниежүзілік қауымдастық құрамында», «Невада- Семей Азаматтық қозғалысы» тақырыптарында таныстырылады. Ондағы мақсат алдыңғы 30 елдің қатарына қандай саясатпен кіре алатынымызды түсіндіру. Оқушы дүниетанымын кеңейте отырып, өз бетімен білім ала алады. Жақсы мен жаманды ажырата алады.

Математика пәні оқу бағдарламасында пәнді оқыту мақсаты – ұлттық және жалпыазаматтық құндылықтар негізінде тұлғаның интеллектуалды дамуының қажетті деңгейін қамтамасыз етуге бағытталған. Егемен еліміздің ертеңін нұрлы етер «Барыс текті намысты ұрпақ» өсіру үшін әсіресе, мына шарттарды есте ұстағанымыз жөн.

1. Ұлтымыздың намысын жоғары қоя білетін, елінің сөзін сейлейтін жас ұрпақты баулып тәрбиелеу үшін "мұны білуге саған әлі ерте, оған тыйым саламыз" деген тежеулерді алып тастап, баланы бұғаулы ойдан, шектеулі ұғымдардан құтқару қажет. Мұны баланың ойын еркін айта білуге, білімге жетелеудің бір арнасы деп ұғу абзал.

2. Жас ұрпақты адамға тән табиғи, адами сезіммен өмірді, табиғатты сүйе білуге, құрметтеуге үйрету керек. Ол үшін жанды-жансыз жаратылысты өз дәрежесінде, өз орнымен бағалауға үйрету арқылы тіршілік деген тұтас әлемнің қадір-қасиетін танытқан дұрыс.

3. Жаратылыстың ақиқатын, болмысты ашық, бүкпесіз көрсетіп үғындырған жөн. Өйткені, қазіргі мектеп шындықты үйрету мектебі болуы тиіс. Жоғарыда айтылған басты әрі негізгі қағиданың үшеуі де қазақ халқының ұлттық тәрбие үрдісінен алынып отыр. Халқымыз ез ұрпағын осыларды басшылыққа ала отырып тәрбиелеген. Ата дәстүрінен алшақтап, бүгінгі дәуір талабына ғана иек арту ұшпаққа шығармайды.

Сондықтан ұлттық мектептің басты мақсаты ұлтымыздың мәдени, рухани жолын танып-білуге негізделуі керек. Бұл - ұлттық сана мен нанымды қайта қалыптастыру деген сөз. Ал бүгінгі мақсат-мұрат белгілі. Ол — білімі білікті, дені сау, ұлттық сана-сезімі оянған, рухани ойлау дәрежесі жоғары, парасатты, мәдениетті, еңбеккер, іскер, сондай-ақ бойында басқа да игі қасиеттері қалыптасқан адамзатты оқытып тәрбиелеу, оны дамыту болса, соның бір негізгі нақты жолы математика сабағында қазақтың байырғы қара есептерін оқушының жас ерекшелігіне сай пайдалану. Ал қазақ этнопедагогакасында мектеп тәжірибесінде математиканы оқытуда тиімді пайдалануға болатын материалдар баршылық.

Қара есептер — халықтық қазына. Ол дүниеге бірден келген жоқ, оған халықтың ғасырлар бойы еңбегі, білімі, өнері жұмсалды. Балалардың тілін ұстартып, дүниетанымын кеңейтумен бірге оларды жалпы адамгершілік рухында тәрбиелеуде бұлардың ерекше маңызы бар. Әйткені, оқушылардың математикалық қабілетін дамыту мақсатын жүзеге асыруда қара есептердің алатын орны үлкен.

Мысалы, «Бие байлау» есебі. Шаруаның 17 биесінен 13 құлын болды. Ұлын шақырып алған шаруа:“Қорада үш қазық, теміртоқпақ бар. Ертең бие байлаймыз. Анау ойдым көгалды көрдің бе? Сол жердеп үшкілдеп желі тарт. Оны қалай болса солай емес, қарына 5 биені, көрмесіне 13 құлынды байлайтын болайық. 30 басыңды 30 құлаш жерге байлағанда құлындар биелерге қарап тұрсын, ал биелер желге қарсы тұрсын Ар жағын өзің шеш ”, - деді. Баласы әкесінің сөзін екі етпей, ыждағаттап желіні құрды. Оны әкесі көргенде ұлына дән риза болады. Сіздер желіні қалай тартар едіңіздер?

«Қойшылар» есебі. Бір қойшы екіншісіне:

- Маған 5 қойыңды берсең, менің қойым сенікінен алты есе артық болады, - дейді.

Екінші қойшы біріншісіне:

- Жоқ, сен өз қойыңның бесеуін маған бер, сонда екеуіміздің қойымыз бірдей болады, - деді.

Әр қойшының неше қойы болғаны?

Жауабы: әркімде 19 және 9 қойдан болғаны.

Ойын: «Арзанның сорпасы татымас». Базарға келген қазақ қарбыз сатып алғысы келеді. Таңдаған екі қарбызының біреуінің екіншісіне қарағанда шеңбері төрттен бірге артық, бірақ жарым есе қымбат. Қай қарбызды сатып алам деп сәл ойланды да “Арзанның сорпасы татымас” деген мақал есіне түсіп, қазақ қарбыздың қамбатына алады. Қазақ дұрыс шешім қабылдады ма?

Жауабы: Арзанның сорпасы татымас.
Технология, өнер сабақтарын негізгі пәндермен байланыстыра отырып оқытуда оқушы іс-әрекет арқылы білім алады. Өмірге деген, өнерге деген сүйіспеншілігі артады. Өзіне өзі қызмет ете алады. Айналадағы дүниенің қадір қасиетін түсінеді. Өзін тануға мүмкіндік болады.

«Ұлт мұрасы» тәрбие жұмыстарының аймақтық кешенді бағдарламасын жүзеге асыра отырып, оқушыға тәрбие беруде кез-келген тәрбие сағаттарының негізгі мақсаты оқушы бойына отансүйгіш, имандылық, тұлғаның адамгершілік қасиеттерін қалыптастыруына ықпал ету, адамгершілік проблемаларды шешу білігін меңгерту, байланыс жасау бейімділігі мен мінез-құлық мәдениетін дамыту, әдет-ғұрпы мен дәстүрлері негізінде отбасылық құндылықтарды нығайту, өз отбасының, тегінің және социумның тарихына танымдық қызығушылық тудыру.

Әр сынып сағаттарының өтілу механизмін өзгертіп, тақырыптың мағынасына үңілуге, ондағы «Мен не үйрендім? Мен қалай үйренемін? Мен оны қайдан аламын?» сұрақтарына жауапты өз бойынан табуға тарту. «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ», «Ардақта ата-анаңды», «Қарты бар үйдің қазынасы бар», «Құрбан айт туралы не білеміз?», «Мен қайырымды баламын», «Жақсы деген немене, жаман деген немене», «Тәуелсіздік елімнің тірегі», «Елбасы бастаған болашақ» тақырыптарында өткен тәрбие сағаттарында балалар бойына отансүйгіш, имандылық, тұлғаның адамгершілік қасиеттері артады, оянады.

Отбасылық тәрбие беру негізінде өткен ата-аналар консилиумы мен дөңгелек үстелдердің пайдасы орасан зор. Ата-аналардың қоғамдағы болып жатқан діни ағымдардың зияны туралы қаншалықты хабардар екенін анықтау мақсатында, оларға деген көзқарасы қандай екенін анықтау үшін сауалнамалар өткізіп отырамыз.

Сонымен, сапалы білім мен жақсы тәрбие – ұзақ мерзімді талап ететін және екі жақты сипатқа ие болатын күрделі процесс. Ол мұғалім қажырлы еңбегінің нәтижесі ғана емес, ата-ананың отбасындағы тәрбиені ұйымдастыруына байланысты. Бала тәрбиесіне мектеп пен отбасының ықпалы күшті болса, болашақ жас жеткіншектерге берген тәрбиенің нәтижесі сапалы болмақ.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы «Қазақстан жолы-2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» 2014ж 17 қаңтар.

2. Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейінгі білім беруді дамыту тұжырымдамасы.

3. 2014-2015 оқу жылында Қазақстан Республикасының жалпы орта білім беретін (сонымен бірге инклюзивті білім беруді жүзеге асыратын) ұйымдарында ғылым негіздерін оқытудың ерекшеліктері туралы. Әдістемелік нұсқау хат. – Астана: Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы, 2014 ж.

4. Қ.Бөлеев «Болашақ мұғалімдерді оқушыларға ұлттық тәрбие беруге кәсіби дайындау».-Алматы, 2004


Соңғы жарияланған материалдар тізімі
Адамгершілік — рухани тәрбиенің маңыздылығы
Қазіргі таңдағы ұстаз қандай болу керек?
Құқықтық тәрбие
Ұлттық білім беру моделіне менің көзқарасым.
БАСТАУЫШ СЫНЫПТА ЖАС ЖЕТКІНШЕКТЕРДІҢ ОТАНСҮЙГІШТІК ҚАСИЕТТЕРІН АРТТЫРУ
Тұлға қалыптастыруда ұлттық құндылықтар негізінде білім мен тәрбие беру
Тарих және қоғамдық пәндерді оқыту арқылы оқушылардың бойында ұлттық құндылықтар жүйесін қалыртастыру
Қазақ тілі сабақтарында ұлттық құндылықтарды игеру арқылы жеке тұлғаны дамыту
ҰЛТТЫҚ ТӘРБИЕ – ҰЛАҒАТ КӨЗІ
Қазақ этнопедагогикасы негізінде бастауыш сынып оқушыларына ұлттық тәрбие беру
Бөлім: Статьи / Ұстаздарға | Көрсетілім: 7903 | Қосты: NA | Ілмек сөздер:
Информация
Посетители, находящиеся в группе Гости, не могут оставлять комментарии к данной публикации.
Бөлімдер
Ұстаздарға
Ата-аналарға
Біздің мектеп
Баяндама
Эссе
Оқушыларға
Конкурс ең үздік шығарма
Ең үздік шығарма конкурсына арналған. Шығармаларды осы жерде жазамыз