Ұстаздар сайты u-s.kz Сайттың атауы www.u-s.kz
» » Шәкәрім поэмаларының этнографиялық негізі


Шәкәрім поэмаларының этнографиялық негізі
Шәкәрім поэмаларының этнографиялық негізі

Г.С.Апеева
Филология ғылымдарының кандидаты

Шәкәрім поэмаларында қазақ халқының ғасырлар бойы қанына сіңген әдет-ғұрпы, салт-санасы, тұрмыс-тіршілігі мен іс-әрекеті қоса қамтылып, ұлт психологиясын пайымдауға жол ашқан.
Махаббат трагедиясын тақырыпқа ала отырып, соның негізінде өрбіген оқиғалар желісі арқылы ақын қазақ ортасын бүкіл бітім-болмысымен, бар шындығымен мүсіндеу мүмкіншілігін көздеген. Бұл ретте ақын поэмаларындағы басты тұлға халық бейнесі. Ол – поэмада кемелдігі мен тереңдігі астасқан, қайшылықты күрделі образ. Поэмадағы қалған әрекеттің барлығы да осы халық бейнесінің, қоғам келбетінің шынайы қалпын көрсетудегі құралы, идея алып шығудағы қосымша факт, ақын дүниетанымына негізделген өмір материалы. Осы тараптан ақын ойының жүзеге асуының бір көрінісі оның поэмаларының этнографиялық негізінде екендігі айқын.
Ең әуелі, оқиға өткен дәуірдегі қазақ ортасы мен оның тұрмыс жайы, наным-сенімі суреттелген кей тұстарға көңіл бөліп көрелік. Жаз жайлау, қыс қыстаудағы қазақ жұртының көшпелі қалпы әрекет барысында көрінеді.
Киіз үй, малды айнала шарбақ қорған,
Там, қора жоқ, кісісі төртеу ғана [1, 297-б.].
Сырт қарағанда ымыралы, қонақжай, мамыражай күн кешкен момақан ғана халықтың өз ішіндегі дау-дамайы бір басына жетерлік, талас-тартысы айтып тауысқысыз. Ерегіскен рулар үшін біріне-бірі негіз боп, келесісін тудыруға себеп болып отырған жер дауы, жесір дауы, мал дауы, құн дауы мәселелері поэма өзегіне айналған. Ақын Кебектің бір ауыз сөзі арқылы сол кезеңнен көрініс келтіреді.
Соғысқа сылтау таппай отырғанда,
Бүлдірмелік Матай мен Тобықтыны.
Адам түгіл мал үшін ел шабады,
Қыз болсаң да білесің елдің жайын [1, 305-б.].
Қалқаман мен Кебектің пайымдауларында бұл жасаған істерінің жеңіл жолы барымтамен шектелер деген де үміт бар. Олар соның өзі ел ішін үлкен ылаңға сала ма деп ойлайды.
Барымта алмай бітімге көнсе елің,
Қанша мал алса аярым жоқ қой менің.
Ауыл шауып, мал алып, қан төгілер,
Ойла! Қалып жүрмелік теріс батаға! [1, 301-б.].
Бір қарағанда, барымта сөзінің берер мағынасы баршаға белгілі. Алайда өзге де кейбір сөздер тәрізді барымтаның да қолданылу ыңғайына қарай мағыналық реңкке ие болатыны байқалады. Ғалым Р.Сыздықованың түсіндіруінде барымта «дауласқан екі жақтың айыптысы билікке көнбей, кесілген құнды, айыпты т.т. төлемесе немесе түгел төлемесе, даулаушы жақ оны күшпен төлету шарасын істейді... Барымта – би кескен үкімді жазықты жақтың дұрыс орындамағанын даулаушы жақтың дәлелдеу актісі» [2, 45-б.]. Ақынның өзге шығармаларында оның дәл осы мағынада қолданылатыны бар, ал бұл жердегі түсінік біздің контекстегі барымтаның мәнін түбегейлі тауып тұр дей алмаймыз. Қарасақ, «қанша мал алса аяры жоқ» Кебек «барымтасыз бітім» іздеп отыр. Өйткені Матайлар бір пәлені бастаса өз руының да қарап қалмасын алдын-ала сезіп, ел ішілік қалыптасқан дәстүрдің іргесі шетілмесін біледі.
Матай алса, Тобықты тек жата ма,
Азбын деп жанын аяп ар сата ма! [1, 301-б.].
Айтқандай-ақ солай болды. Сөзіміз нанымды болуы үшін оқиғаның өзіне кезек берейік.
«Қыз алды да, жөн жауап бермеді» деп,
Матайлар бір қос жылқы алып кетті...
Тек жатсын ба бұл елдің саңлағы,
Жуантаяқ бір ауыл шапты тағы [1, 304-б.].
Байқаған адамға, барымтаны бастаған Матай руына қажеті мал емес, олар оны керек те етіп отырған жоқ. Ал, керісінше қыз алуын алып ап, тым – тырыс қалып ел ішілік дәстүрге қайшы кеп отырса да, қарымта қайтарған Жуантаяқ-Тобықтының бұл қылғаны қандай іс деген орынды сауал туындайды. Оның үстіне Матайды әбден ызаландырып, шегіне жеткізіп отырған да өздері. Қыз жағынан екі рет елші жіберілді. Ал, Тобықты айлардың жүзі өтсе де сол қалпында қалып, бәтуаға келуге бір де әрекет жасаған жоқ. Бұлай болғанда өткен заманды қойып, бүгінгі күннің өзінде де едәуір бүлікке жол ашатын іс туындап отыр. Осымен байланыстыра қарағанда, барымта сөзінің қосымша тағы бір сипатты мағынасы барлығы рас. Ол ру аралық (жеке адамдар арасында да болуы мүмкін) қатынастың кері нәтижесінде олардың бір-біріне көрсеткен қыры т.т. негізінде келуі керек. Ал барымтадан кейін қарымтаның болуы міндетті тәрізді. Біздіңше, ол «даулаушыға тиісті мөлшерден артық болып кеткен» малды қайтару ғана емес. Сол монғол тіліндегі «қайтару, жауап, есені қайтару» мағынасы дәл. Жауап қатпай қалса, ол келесі ру үшін үлкен сын, намысқа келерлік іс болған. Жаңағы бір тұста қыз жақтан елші жіберілді дедік.
Алдынан бір арылып алайық деп,
Тобықтыға жіберді елші кісі [1, 305-б.].
Алдынан өту – қазақ түсінігіндегі ескілікті, көнеден келе жатқан қастерлі ұғым. Айыптаушы жақтың шешімге барар алдында өзі кінәлі деп тапқан келесі топқа қарасты ісін айтатын болған тәрізді. Ақын поэмаға негіз еткен осы елшілік Еңлік-Кебек тағдырының таразыға тартылар тұсында ерекше маңызға ие, оқиғаны әрі қарай өрбітуге негізгі тиек саналған.
Қырылыспай бітпейміз таусылғанша,
Не Найман, Не Тобықты бірі қалсын [1, 306-б.].
Поэмадағы осы бір жолдардың халық болмысын берудегі қызметі айрықша. Бір жақты бағаламай, тереңіне бойласақ аңғарылатыны осы. Олар өздері дұрыс деп санаған ісіне тым берік, саналарында ұзақ жыл бекіп қалған құбылыстың сәл қиыс кетуі өліммен тең. Өз кезінде өзекті болған ру намысы үшін жандарын аяғалы тұрған жоқ. Бір жағынан қарасаңыз, ойлағанын жүзеге асырмай қоймайтын бір беткей, бір сөзді халық, келесі қырынан қатыгез, қараңғы жұрт қалпы көрініс береді.
Сол кезеңде белең алған келеңсіз көріністің бірі көп әйел алушылық мәселесі де Шәкәрім поэмаларының идеялық аңғарынан тыс қалмаған. Әсіресе, оның «Нартайлақ пен Айсұлу» поэмасындағы шынайы көрінісі өмір шындығын тап басып, өрімдей жастардың өмірін өксіткен өкінішті жай шығарманың бүкіл тақырыптық-идеялық мазмұнына өзек болған.
Шәкәрім поэмаларында жиі қолданылатын сөздің бірі – жесір сөзі. «Дегеннен жесір кетті өлген артық» т.т. Қазіргі біздің түсінігімізде, жолдасы, ері қайтыс болған әйелді жесір деп атайды. Ал, Шәкәрімдегі қолданыс бұл айтқанның үддесінде емес екендігі талассыз. Сондықтан Ш.Уәлиханов түсіндіруіне жүгініп көрейік: «соғыста қолға түскен құлды олжаласқан құл немесе жесір деп атаған. ...Жесір сөзі әйелге қатысты айтылса, қазіргідей тек ері өлген әйелді ғана емес, қалың малы төленген қызды немесе әйелді де дау-шар тұсында жесір деп атаған. Бұл – қалыңы төленген әйелде тұтқын, құл, күң есепті, мал берушінің меншігіне жататын басы байлы болады дегенді білдіреді» [3, 112-б.]. Міне, осы ойды толық қабыл алғанда, Шәкәрім поэмаларының негізіндегі жесір сөзінің астары халық түсінігіндегі дәстүрге қатысты екені расталады.
Шәкәрім поэмаларында қолданылатын этнографиялық деректемелердің біршамасы халық бойындағы қазақтық қасиетті, ұлттық танымды әдіптей түседі. Мәселен, «Қалқаман-Мамыр» поэмасының алғысөзінде «Бәкең деп атап кеткен Байбөріні» дейді. Қазақ қашан да құрмет тұтып, ілтипат еткен адамының аяғын жерге тигізбесі хақ. «Нартайлақ пен Айсұлу» поэмасында төмендегідей жолдар бар.
Салты бар бір адамға екі ат тақпақ...
Қазақта, ойласаңыз, осындай көп,
Болады жалған аты шын атқа есеп [1, 333-б.].
Шынында, ат қоюға шебер қазақ халқы үшін адам бойындағы бір қасиеттің өзі-ақ жетіп жатыр. Кеңгірбайдың лақап атына ақынның өзі түсінік жасап кеткен. «Қабекең-Кеңгірбай биге қойылған ат. Қабан сықылды бұрылмайтын мықты деген сөзден шыққан», - дейді. Қайыстың Мәжнүн, Самсының Бірбет, Тіріжетімнің Сарыжетім, Шақпақтың Айдарке аталуының да осындай себептері жоқ емес. Қазақтың ат қойып, айдар тағуы тек адамға ғана қатысты іс емес, ақын поэмаларының өн бойындағы бүкіл жер – су атауларының өзіндік қалыптасу, қойылу тарихы бар. Ақын қазақ халқының осындай өзіндік бір ұлттық қалып-қасиетін поэманың деректілігіне өзек ете білген.
Поэмада Мамырдың жасы он бесте, бірақ ол айттырылмаған. Ақын бұның бір мәнісін халықтың әдебі мен әдеті, ұлттық психологиясы тұрғысынан мейлінше шынайы түсіндіреді.
Байдың көңілі жабырқап қала ма деп,
Жұрт жүрді құда болам дей алмай да [1, 281-б.].
Яғни, жалғыз қызын көңіліне медеу тұтып, ұл санатында ұстап отырған байдың жанын жабырқатуға ешкімнің дәті бара қоймайды.
Поэмадағы Қалқаман мен Мамырдың алғашқы кездескен сәттері де халықтың тұрмыс – тіршілігінен хабар беретін деректілігімен мәнді.
Мамыр жылқы бағады күндіз барып,
Қалқаман Мамырменен малда жүріп,
Біраз сөз сөйлесіпті кез боп қалып [1, 281-б.].
Осы кездесуден кейін олар бастан жасап, сонда жолығады. Ақынның өзі осы арада «Бастан – әке-шешесі үйде жоқта қыз-бозбала мал сойып, құрбыларын жиып ойнайды» деген түсінік беріп өтеді. «Бас таны», «бас танығы» мәнінде қолданылатын бұл салтты ақын өз поэмасына Қалқаман мен Мамырдың маңызды жолығысына, өмірлік шешімі бар шиеленісті тұстың басталуына орнымен қолдана білгенін байқаймыз. Ақын осындай салт-дәстүрлер негізінде поэмаларының халықтық бояуын қалыңдатып, ұлттық сипатын арттыра түседі. Және бұндай этнографиялық деректердің қолданылуы оқиғаның одан әрі өрбуіне, кейіпкерлердің өсіп кемелдену жолына қызмет етіп, шығарма құрылымына өзіндік бедер ұсынған. «Еңлік-Кебек» поэмасындағы аңшылыққа қатысты осы ойды айтуға болады. Алғашқы жауған қардың ізімен аң қуған Кебек батыр «қара жартастың түбіне» қалай келгенін білмей де қалды. Кебектің бұнда келуі оқырманның негізгі оқиғаға келгендігі. Ақын бұдан арғы кезекте оқиғаны қиюластырып әкетеді. Бірден Еңлікке сөз айттырмайды, жақсы таныстық, білістік үшін тағы да этнографиялық фактіге жүгінеді. Бұл арада қазақтың қонақ күту жайына орын берілген. Қазақ халқының қонақты қарсы алғаннан кейін ас беріп, атын жайлайтын қонақжай қалпы көрсетіледі.
Құрт ішіп әбден көңілі жайланған соң,
Бекітіп шарбаққа аты сайланған соң.
Үй иесі қонақтан жөн сұрады,
Асын жеп, әңгімеге айналған соң [1, 297-б.].
Келген қонақтан жөн сұрау-үй иесінің міндетті парызы. Жөн сұраудың да жөні бар, оның үстіне бұрын-соңды табалдырық аттамаған жан үшін қазақ ықыласы ерекше екені белгілі.
Қойшыға да ұстатты сүйек-саяқ,
Ет артынан сорпа ішті бірер аяқ.
Бата қылып, қол жуып болысымен,
Еңлік атты ерттеді айтқызбай-ақ [1, 303-б.].
Ет соңынан бата қылу – қазақ халқының қанына сіңген ежелгі әдеті. Поэмада бата беру рәсімі бірнеше жерде белең береді. Соның алғашқысы, жоғарыда Кебектің аузынан айтылды. «Ойла! Қалып жүрмелік теріс батаға!». Қазақ ұғымында қасиетті саналатын бата беру дәстүрі әр мазмұнды сипатта жыр кестесіне өз орнымен танымдық мәнде өрнектелген.
Шумақтың келесі жолындағы қонақ атын қыздың ерттеуі қызық, әзірге біз үшін жұмбақ жайт. (Бәлкім, Еңлік үйдің жалғыз баласы болуы себепті шығар).
Кейіннен Кебектің өзінің ұсталуына мұрындық болған тарту түлкі де халық ішінде қалыптасқан үрдістің көркемдік шешімі. Яғни, аңға шыққан адамның жолай кезіккен жолаушыға не көрген адамына бір аңды байлап кететін болғандығы талқыламаса да қазақ баласына түсінікті ұғым.
Ақын поэмаларында әмеңгерлік, ұрын келу, қалың мал, ілу, жыртыс тәрізді өз кезеңінің келбетін кескіндейтін салт-дәстүрдің құрамдас бөліктері осы әрекеттерге негізделе отырып көрсетіледі.
Қазақ арасында әр алуан түсінікке саятын этнографиялық деректердің қатары оның нәзира үлгісіндегі поэмаларында толыға түседі. Мысал ретінде «Ләйлі-Мәжнүндегі» сүт хақысы, қол ұстау, аманат ету тәрізді тұстарды атап өткіміз келеді. Сол сияқты Мәжнүнді емізген ананың Ләйліге келгенде «емшектің сүті түгіл өзі құруының» себебі ақындық позиция тұрғысынан тартымды шыққан. Яғни іштен туа махаббатпен жаралған бұлардың бір анаға телінуіне жол жоқ, бұл ой оның Ебнсаламмен жұбайлық өмір сүруінен сақтап қалған пері әрекетімен негіздес шығып, ақын идеясына жол ашқан.
Ақын поэмаларының барлығына ортақ сипат беретін қазақ түсінігіне тым жақын, әрі қастерлі таным бар. Ол кейіпкерлердің дәм-тұзы таусылардағы айтар соңғы сөздері, кейінгіге қалдырар өсиеттері. Бұл тұрғыдан бір-біріне танымдас, табиғаты жақын келетін Еңлік пен Мамыр бейнелері. Екеуі де өлім алдында өздерін ойлап тұрған жоқ, олар ертеңіне сеніп, үміттеніп кетіп барады. Мамыр Қалқаманның амандығын дәтке қуат етіп, ендігі жерде соның ертеңін тілеп жатса, Еңліктің ертеңі – бесіктегі бөбегі.
Шәкәрім Құдайбердіұлы поэмалары өзінің тарихи құндылығы, этнографиялық деректілігімен қазақ қоғамының өткен кезеңіндегі дәуірлік сипатын толық тұлғалайтын танымы терең туындылар.
Бұл тұрғыдан ақын поэмалары халық дәстүрінің кешелі-бүгінгі түсінігін танытып, ұлттық реңкін дараландыруымен де құнды.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1 Құдайбердиев Ш. Шығармалары. – Алматы: Жазушы, 1988. – 559 б.
2 Сыздықова Р. Сөздер сөйлейді. -Алматы: Мектеп, 1980. – 126 б.
3 Уәлиханов Ш. Таңдамалы. Алматы: Жазушы, 1985. – 560 б.
Соңғы жарияланған материалдар тізімі
МӘНДЕС, МАҒЫНАЛАС СӨЗДЕРДІҢ ШЫҒАРМА МАЗМҰНЫН АШУДАҒЫ МАҢЫЗЫ
Шәкәрім Құдайбердіұлы. «Еңлік –Кебек»
Еңлік - Кебек дастаны
Шәкәрім өмірі мен шығармашылығы
Шәкәрім Қалқаман-Мамыр
Шәкәрімтану авторлық бағдарламасы
Еңлік - Кебек
Ш.Құдайбердіұлының «Қалқаман - Мамыр» поэмасының басты кейіпкерлері.
Батыр Баян -париоттық шығарма
«Шәкәрім Құдайбердіұлы»
Бөлім: Статьи / Баяндама | Көрсетілім: 3272 | Қосты: NA | Ілмек сөздер:
Информация
Посетители, находящиеся в группе Гости, не могут оставлять комментарии к данной публикации.
Бөлімдер
Ұстаздарға
Ата-аналарға
Біздің мектеп
Баяндама
Эссе
Оқушыларға
Конкурс ең үздік шығарма
Ең үздік шығарма конкурсына арналған. Шығармаларды осы жерде жазамыз