Ұстаздар сайты u-s.kz Сайттың атауы www.u-s.kz
» » Сөз –жібек жіп, ой –кесте


Сөз –жібек жіп, ой –кесте

Кеш тақырыбы Сөз –жібек жіп, ой –кесте

Мақсаты:  1) оқушылардың қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен  білімдік деңгейлерін байқау, саралау;   2)оқушыларды  адами қасиеттерге насихаттау, шыдамдылыққа, бірін-бірі тыңдай білуге, топ болып жұмыс жасауға  тәрбиелеу;
                     3) тіл мен әдеби, логикалық тапсырмалар арқылы оқушылардың рухани дүниесін, шығармашылық қабілетін дамыту, ізденуге, шапшаң ойлап, тез топшалауға  дағдыландыру;
 (Бұл сыныптан тыс іс-шара 8-10-кластар арасында ұйымдастырылады.Әр  кластан бес оқушыдан  құрылған  топ  қатыстырылады. Әр топтың аты, ұраны, топ басшысы болады.)
Сайысты жүргізуші:
Жүректе қайрат болмаса, 
Ұйықтаған ойды кім түртпек? 
Ақылға сәуле қонбаса, 
Хайуанша жүріп күнелтпек.
Малда да бар жан мен тән, 
Ақыл, сезім болмаса, 
Тіршіліктің несі сән, 
Тереңге бет қоймаса?!-деп қазақтың бас ақыны Абай атамыз жырлағандай,    білім мен тапқырлықты, ақыл мен саналылықты насихаттайтын апталығымыздың соңғы күні 8-10-класс оқушыларымен ұйымдастырылып отырған ««Сөз –жібек жіп, ой –кесте»» атты  тіл мен әдебиет сайысына қош келдіңіздер!
Сайыс үш кластың оқушыларынан құрылған үш топтың білім жарыстыруымен ерекшеленеді. Сайыстың кезеңдері мынадай:
1. «Бізді таны!»Топты топ басшылары таныстырады (аты, ұраны,топ мүшелері);
2. «Тіл – айна» бөлімі (Бұл бөлімде оқушылар адамзаттың ең қасиеттісі, қадірлісі тіл арқылы өз білімдерін, сана-сезімдерін, білім-біліктерін сынға салады.Тілдің адам мәдениетінің айнасы екеніне көз жеткізеді. Қойылатын сұрақтар салт-дәстүрге, қазақтың ырымдарына, әдеби-мәдени байлығына, тіл туралы айтылған ұлы тұлғалардың ойларына қатысты болады. Әр топқа бес сұрақ қойылады, ойлануға 10/15 секунд уақыт беріледі.)
3. «Дара дарын»бөлімі (Бұл бөлімде оқушылардың жан-жақтылығы, интеллект деңгейі, эрудициясы сыналады. Әр түрлі тақырыптардағы қызықты логикаға құрылған тапсырмалар беріледі.)
4. «Саған  сенеміз!»бөлімі (Бұл бөлімде топ басшылары  сайысқа түседі. Тез жауапқа құрылған он сұрақ қойылады.)
 - Сайыс болған соң, жеңуші мен жеңілуші болары даусыз. Сондықтан сайысқа төрелік жасау үшін қазылар алқасын  сайлап алайық. Директордың тәрбие істері жөніндегі орынбасары Қанатова Гүлназия апай мен қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі  Риза  Өтежанова апай, 10 «Б»класс оқушысы Мұрат Айдана. Қазылар әр сайысты бағалап отырады,барлық сайыс бөлімдері аяқталған соң,  жеңімпаз топты кеш соңында жариялайды.     Қатысушыларға сәттілік жолдас болсын!
1. Жайыңды көпке таныстыр,
Ақыл мен білім табыстыр.
Ұрандап намыс қоздырып, 
Өзгемен білім жарыстыр,-деп, «Бізді таны!»бөліміне кезек береміз.
2. Ана тілі  -қазағымның қаймағы,
             Тілің -сенің өміріңнің айғағы.
             Енді, міне, «Тіл-айнада»сыналып,
             Желбіресін топтарыңның  байрағы.  «Тіл -айна»бөліміне кезек беріледі.             
І топқа сұрақтар:
1.«Тіл адамның даңқын асырады», «Адам тіл арқылы бақыт табады», «Тіл адамға жапа да шектіреді, абайламаса, басынан да айырады», «Жақсы болғың келсе, жаман сөз айтпа». «Көп сөзділіктен пайда да, жақсылық та көрмейді. Көп сөйлеме. Сабыр қып, әр сөзіңді салмақтай айт», «Он мың сөздің түйінін он сөзбен шеш», «Ақыл көркі – тіл, тілдің көркі – сөз, кісі көркі – жүз, жүздің көркі – көз!» Кімнің сөзі?
 ® (Жүсіп Баласағұн «Құтты білік»)
2.Мына аудионы тыңдаңдар да, қазақтың қай жазушысының, қандай шығармасы екенін, кейіпкері кім екенін толық айтыңдар. Шарты- қазақ туындыларын, өтілген авторлар шығармаларын есте ұстау дағдыларын дамыту, қазақтың ұлы тұлғалары туралы кез келген кезде ой толғай білу. 
® (Ж.Аймауытов «Әнші»әңгімесі, кейіпкері –Әмірқан (Әміре Қашаубаев.)
3.Суретте не бейнеленген? Оның бөлшектерін атаңдар, осы атауға қатысты бірнеше тілек-баталар, мақал- мәтелдер айтыңдар.  
® Бұл –шаңырақ, ол бірнеше бөлшектерден тұрады:
Тоғын - шаңырақтың негізі. Қатты ағаштан жасалып, өрнектеледі.
Күлдіреуіш - Сәмбі талынан иіліп жасалады. Әр иінде 3 күлдіреуіштен 8-ге дейін болады.
Беріктік - Ол күлдіреуіштер ыдырап кетпеу үшін орнатылады, өрнектеледі.
Шаңырақтың көзі - Оған уықтың қаламы кіріп тұрады. Тоғын мен беріктікті шаңырақтың ішкі жағынан өрнектейді.
• Шаңырағың биік болсын! Шаңырағың шайқалмасын! Шаңырақ жарастығы бұзылмасын! Қара шаңырақ иесі бол!...
• Ер — шаңырақ, ел — уық.   
• Шаңырақ сәні – сыйластық.
4. Ең бірінші бақытым – Халқым менің, 
Соған берем ойымның алтын кенін. 
Ол бар болса, мен бармын, қор болмаймын, 
Қымбатырақ алтыннан нарқым менің,-деген жолдардың авторы кім, ақын екінші бақытқа нені балайды? 
 ® Авторы -М.Мақатаев.
 Ал екінші бақытым – Тілім менің, 
Тас жүректі тіліммен тілімдедім. 
Кей – кейде дүниеден түңілсем де, 
Қасиетті тілімнен түңілмедім.
5.Мына клиптегі  әнші кім, орындалған өлеңнің тақырыбын, авторын айтыңдар;  «туған жер»сөзіне синонимдік қатар жасаңдар.
 ® Музыкасы -Е.Хасанғалиевтікі, «Атамекен»әні, авторы –Қадыр Мырза  Әлі.
ІІ топқа сұрақтар:
1. «– Сөзден тәтті нәрсе жоқ. Сөзден ащы нәрсе тағы жоқ. Сөзден жеңіл нәрсе жоқ. Сөзден ауыр нәрсе де жоқ. Сөзіңді тіліңе билетпе, ақылыңа билет. Ақылды сөзіңді ақылсызға қор етпе, ақылдыға айт. Не сөйлейтініңді біл. Кімге сөйлейтініңді біл. Қай жерде сөйлейтініңді біл. Қай кезде сөйлейтініңді біл. Қалай сөйлейтініңді біл. Оны білмесең, сара сөзің шала болады, арты жала болады.». Кімнің сөзі? 
® (Бөлтірік Әлменұлы -(1771–1854) қазақ  тарихындағы әрі би-шешен, әрі жауынгер-батыр, палуан ретінде танымал болған көрнекті қайреткер.) 
2. Мына  әннің авторы кім? Ол туралы не білесіңдер? 
® («Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек»Шәкәрім Құдайбердіұлы. Ұлы Абайдың дәстүрін жалғастырушы ірі ақын, ғұлама ойшыл, тарихшы, аудармашы, сазгер. Ол бұрынғы Семей облысы, Абай ауданы, Шыңғыс тауының бөктерінде 1858 жылы, 11 шілдеде дүниеге келген. Жиырмадан асқанда ел басқару ісіне араласады. Абай қайтыс болған соң, ақын аға өсиетімен 1905-1906 жылдары қажылық сапармен Араб, Түрік, Еуропа елдерін аралайды. Әлем кітапханаларында білім қазыналарымен танысады. Дін мен философия, ғылым салаларын игереді.  1908 жылдан бастап елден шет кетіп, таза шығармашылық жұмыспен шұғылданады. 
 "Түрік, қырғыз, қазақ һәм хандар шежіресі", "Мұсылмандық шарты" кітабы 1911 жылы Орынборда, "Қазақ айнасы" өлеңдер жинағы, "Қалқаман-Мамыр", "Еңлік-Кебек" поэмалары 1912 жылы Семейде басылып шығады. Орыстың ұлы жазушысы Л.Н.Толстоймен хат алысып, өзін оның шәкірті санайды. 
 1931 жылы бандылармен байланысты деген жалған айыптаумен кеңес қарулы топ мүшелерінің қолынан атып өлтіріледі.
3.Мынау қай құс туралы күй, қай фильмнен? Осы құс атауына қатысты бірнеше ырым-тыйымдар, мақал- мәтелдер айтыңдар. Қазақстанда олар қайда кездеседі, неше түрі мекендейді. 
® Аққу құс. Н.Тілендиевтің  «Аққу күйі», орындаушы -А.Үлкенбаева, Н.Тілендиев бұл күйді «Қыз Жібек»фильміне арнап жазған. Сыбырлақ, сұңқылдақ аққулар Көкшеде, Шығыс Қазақстанда, Ақтауда кездеседі.
• "Махаббаттарың айдында жүзген қос аққудай болсын"
• Аққуды атуға болмайды; аққуды атса, қан шығару міндет.
• Аққу –құстың төресі. 
• Аққуды атпа, досыңды сатпа. 
4.Абайдың қарасөзі тыңдалады, нешінші сөзі екені анықталып, шығарма ішінен идеясын табу міндеттеледі. (19-сөзі, идеясы –естілердің сөзін ескерген кісі өзі де есті болады.)
5. Мына екі өлеңнің айырмашылығы неде?                
                             А) Алыстан «Алаш!» десе, аттанамын,
                         Қазақты «Қазақ» десе, мақтанамын.
                         Болғанда әкем -Қазақ, шешем -Қазақ,
                        Мен неге Қазақтықтан сақтанамын!
                    Ә)Мен қазақ, қазақпын деп мақтанамын,
                        Ұранға  «Алаш»деген атты аламын.
                        Сүйгенім – қазақ өмірі, өзім – қазақ,
                        Мен неге қазақтықтан сақтанамын?!
® Жауабы: Авторларында, 1-өлең М.Дулатовтікі, 2-өлең С.Торайғыровтікі.
ІІІ топқа сұрақтар:
1. Хан Әз Жәнібек халықты жиып:
— Үш арсыз, үш ғайып, үш жетім болады, соны кім табады? — депті. 
Үш арсызды, үш ғайыпты, жетімді атаңыздар.
® Үш арсыз: ұйқы арсыз, күлкі арсыз, тамақ арсыз.
    Үш ғайып: қонақ ғайып, несібе ғайып, ажал ғайып
    Жетім үшеу емес, бесеу кейде жетеу аталады:
Оты жоқ жер жетім,
Басшысы жоқ ел жетім.
Елінен ауған ер жетім,
Тыңдаушысыз сөз жетім,
Жоқтаушысыз қыз жетім, 
(Аққу-қазсыз көл жетім,
Қатары жоқ шал жетім.)
2.Аудиодан тыңдаған шығарманың авторын атау, шығарма кейіпкерлері кімдер, оқиға қайда, қалай өтетінін еске түсіру. (Ғ.Мүсірепов «Ананың анасы»әңгімесі, Әйтілес ақсақал, Жуан балуан, әйел, қызы...)
3. «Мен қазақпын»атты Е.Құдайбергеновтің орындауындағы клип көрсетіліп, өлеңнің авторы, оның шығармашылығы туралы сұралады.
   ® Жұбан Молдағалиев (5.09.1920 жылы туған, Орал облысы, Тайпақ ауданы, Сайқұдық ауылы) — қазақ ақыны, жауынгер,Қазақстан Жазушылар Одағының төрағасы, "Мен Қазақпын" поэмасының авторы. Оралда ауыл шаруашылық техникумын (1940) бітіріп, 1940-47 жылы Кеңес Армиясы қатарында болды. Ұлы Отан соғысына қатысты.
Одан кейінгі жылдары: "Лениншіл жас" (1948-52), "Қазақ әдебиеті" (1955-56) газеттері мен "Жұлдыз" журналы (1958-63) редакцияларында, Қазақстан Жазушылар одағында (1953-54; 1963-71ж. 1-секретарь) қызмет іетеді. Алғашқы өлеңі ("Ленин тірі") Орал қаласындағы "Комсомол ұрпағы" газетінде (1939) басылды. Тұңғыш жинағы "Жеңіс жырлары" деген атпен 1949 жылы жарық көрді. Жұбан Молдағалиевтің көптеген поэмаларында азаматтық сарын мен көңіл күйі лирикасы басым. Жұбан Молдағалиев 7-сайланған Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының, Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің мүшесі  болып сайланды. Ж.Молдағалиев екі рет Еңбек Қызыл Ту және 2-дәрежелі Отан соғысы, "Құрмет Белгісі" ордендерімен, медальдармен марапатталған.1988 жылы қайтты.
4.Мынау кімнің, қандай шығармасы бойынша, қай киностудияда түсірілген? 
® (М.Әуезовтің «Көксерек»әңгімесі бойынша «Қырғызфильм» киностудиясында түсірілген. "Көксерек" көркем фильмі 1973 жылы көрермендерге жол тартты. Бүкілодақтық тұсаукесері 1974 жылы 8 сәуірде Мәскеу қаласында өтті.
Фильм драмалық оқиғаларға толы. Ата-анасынан ерте айырылған Құрмашты ағасы Аханқұл (Сүйменқұл Чоқморов) бауырына басады. Фильмде Құрмаштың көрген қиындықтары, оның ағасы Аханкұлдың қаталдығы, әжесінің (Әлиман Жанғорозова) мейірімі, Құрмашқа пана болған Хасеннің тағдыры айқын бейнеленген. Фильмнің бас кейіпкері Құрмаш (Қамбар Уалиев) қасқыр бөлтірігін асырап,  оған «Көксерек» деп ат қояды. Фильм соңында Құрмаш қайтыс болады. 
5.Қазақтың ұлттық ойындары нешеге бөлінеді, бірнеше ұлттық ойындарын атап, олардың қалай ойналатынына түсінік беріңдер. ( «Ақсүйек», «Көкпар», «Қыз қуу», «Хан талапай»т.с.с.)
      ®   Қазақтың ұлттық ойындары бес түрге бөлінеді. Олар: аңға байланысты, малға байланысты, түрлі заттармен ойналатын, зеректікті, ептілікті және икемділікті қажет ететін, соңғы кезде қалыптасқан ойындар. Олардың негізгілерінің өзі жүзден астам. Бұл ойындардың көбінің ежелден қалыптасқан арнайы өлеңдері бар. Өлеңдер ойынның эстетикалық әсерін арттырып, балалардың өлең-жырға деген ыстық ықыласын оятып, көңілін көтереді, дүниетанымын арттырып, еңбекке баулиды, ширықтырып, шынықтырады.
Ақсүйек
Ең алдымен, ойнаушылар өзара келісіп, жеңген топ үшін жүлде тағайындайды да, екі топқа бөлінеді. Топ басқарушылар ақсүйекті қайсысының лақтыратынын шешіп алу үшін кезектесіп таяқ ұстайды, таяқтың басына кімнің қолы бұрын шықса, сол ақсүйекті құлашы жеткенше лақтырады. Ақсүйек жерге түскеннен кейін ғана ойыншылар іздеуге шығады. Көмбеде топ басқарушылардан басқа ешкім қалмайды. Ақсүйекті тапқан ойыншы ешкімге білдірмей, көмбеге қашуға әрекет жасайды да, ал қарсыластары біліп қалса, қолма-қол тартып алуға тырысады. Сондықтан ақсүйекті алдымен тауып алған топтың ойыншылары біріне-бірі лақтырып, көмбеге қай топтың адамы бұрын жеткізсе, сол топ ұтқан болады да, жүлдегер атанады. Келесі жолы ақсүйекті екінші топ лақтырады, сөйтіп ойын кезектесіп отырады.
Қыз қуу
Ойын үшін жігіттер мен қыздар іріктеліп, ұшқыр, жүйрік аттарға мініп шығады. Қашықтығы 300, ал ені 30-40 метрлік тегіс, топырағы жұмсақ, ашық алаң таңдалып алынады. Жарыстың басталатын жері – алаңның бір маңдайында қатынасушылар орағытып өту үшін қарақшы қойылады. Бұған көбінесе қызыл жалау қағылады.
Жарыс жекелей де өтеді. Егер екі топқа бөлінсе, онда қыздар мен жігіттердің саны тең болуы қажет. Төрешінің бірінші белгісі бойынша қыз жігіттен 10 метрдей алда тұрып, шабысқа дайындалады. Келесі белгіде олардың екеуі де аттарының басын жіберіп, шаба жөнеледі. Жігіт қызды бұрылысқа дейін қуып жетіп, жең ұшына ілінген орамалды ілгері алып қашуы керек. Егер жігіт сол бетімен – қарақшыдан сөреге дейін қуғыншыға жеткізбесе, онда – жеңгені. Ал егер қыз қуып жетсе, жігіттің атын, әйтпесе өзін қамшының астына алады. Мұнда қыз жеңді деп есептелінеді. 
 Жарысқа қатынасушыға бір-бірінің атын тоқтатуға, алаңнан сыртқа шығуға, қарақшыға жетпей сөреге оралуға рұқсат етілмейді.
Алтыбақан
«Алтыбақан» - қазақтың ұлттық ойыны. Алтыбақанды сырықтың екі басында үш-үштен қосақтап (мосы ағаш сияқтандырып) байлайды. Бақанның аша тармағы сырыққа кигізіліп тұруға тиіс. Алтыбақанды құрастырып болғаннан кейін, оның екі басынан үш қатар арқан байлайды. Арқанның екеуі бір деңгейде, үшіншісі олардан 40-50 см төмен тұрады. Бір деңгейде байланған екі арқанға екі адам қарама-қарсы отырады да, төменірек байланған арқанға аяқтарын тірейді. Бұларды бір адам тербетеді. Алтыбақанда тербеліп отырған екі адам ән салуға тиіс. Алтыбақанды ертедегі ауыл өмірінде жастардың кешкілікте бас қосып, халық аспаптарының сүйемелдеуімен ән салатын, айтысатын, әзіл-оспақ, назды күлкісімен көпшілік болып көңіл көтеретін ойын-сауығы болған. Алтыбақанның дене шынықтыруға да пайдасы мол. Ол – ауылдық жерде әлі де қызықты ойындардың бірі.
ІІІ  «Дара дарын»бөлімі      
 Болашақтың ұрпағымыз зейінді, 
 Бал араша жинап жүрміз  ілімді.
 Біліктілік сынамақпыз біз бүгін
 Жарқыратып мектепте алған білімді,-деп, үшінші эрудициямыз бен білігімізді көрсететін  «Дара дарын»кезеңіне де келдік.  Бұл бөлімде  әр түрлі пәнге байланысты логикалық сұрақтар беріледі. Өте жеңіл, бірақ ой шапшаңдығын, жүйелілігін, тапқырлығын қажет ететін сұрақтар да осы кезеңде қойылады.           
1-топқа қойылатын сұрақтар: 
1. А қаласынан сағат 8:00-де ұшқан ұшақ Б қаласына қонғанда сағат 10:00 болады. Сол ұшақ Б қаласынан сағат 14:00-де ұшып, А қаласына қонғанда сағат 20:00-ді көрсетеді. Бірдей жылдамдықпен барып келген ұшақтың А қаласынан Б қаласына баруы немесе Б қаласынан А қаласына қайтуы қанша сағат?
®  Жауабы: А мен Б қалаларының уақыттарында 2 сағат айырмашылық бар және екі қала арасындағы сапар 4 сағатқа созылады.
2. Егіз қайың,       Бой-бастары тең өскен.
 Іске дайын,         Бұтақтары бес-бестен.
®   Жауабы: Қол
3. Ұзарған сайын қысқаратын нәрсе не? 
®    Жауабы: Өмір
4. Суды елекпен қалай тасуға болады? 
®    Жауабы: мұз қылып қатырып
5.Жандостың үйінің бақшасында кәрі бір ағаш бар. Әр жылы 25 сантиметр өседі. Жандос 8 жасар кезінде жерден 140 сантиметр биіктіктегі ағаштың діңіне «ЖАНДОС» деп есімін жазады. Жандос 12 жасқа толғанда, бұл жазу қанша сантиметр өскен болады? 
®    Жауабы: Еш өспейді. Өйткені кәрі ағаштардың діңі емес, бұтақтары өседі.
2-топқа қойылатын сұрақтар:
1. Өзеннің бір жағасында 10 метр, арғы жағасында 15 метр биіктікте екі ағаш тұр. Екі ағаштың төбесінде бір-бір құстан қонып тұр. Өзеннің ені 25 метр. Екі құс бір уақытта өзенде жүзіп жүрген бір балықты көріп, тез ұшып балыққа бірдей уақытта жетіп барады. Құстардың жылдамдығы тең болуына қарағанда, балық ұзын ағаштың түбінен қанша метр қашықтықта жүзіп жүр?
®  Жауабы: Құстар бірдей уақытта жетіп барған болса, барған жолдары тең деген сөз, яғни гипотенузалары тең. Пифагор теоремасы бойынша 102 + (25-х)2 = 152 + х2 теңдігі жазылады. Бұл теңдіктен х=10 шығады.
2.  Тау, қыр, жазық, өзен, көл –
 Қабырғада биік тұр.
 Нансаң, кел, өзің көр –
 Бір қағазға сыйып тұр.                                  
®    Жауабы: Карта
3.  Қай жерде жексенбі сенбіден бұрын келеді? 
®    Жауабы: Сөздікте (әліпбиде  «ж»әрпі «с»әрпінен бұрын келеді)
4. 1) Бір сан ойлаңыз!
 2) Бұл санды 4-ке көбейтіңіз!
 3) Оған 18-ді қосыңыз!
 4) Шыққан санды 2-ге бөліңіз!
 5) Нәтижеден 7-ні алыңыз! 
 6) 3-ке көбейтіңіз!
 7) 6-ға бөліңіз!
 8) Баста ойлаған санды алып тастаңыз!
 ®      Жауабы: Нәтиже үнемі 1 шығады.
5. Ақтөбеде біреу Өскеменде жоқ, Алматыда екеу Астанада көп? Ол не? 
®      Жауабы: “а” әрпі
3-топтың сұрақтары:
1. Шәугімдегі суды қайнату үшін отқа қойған кезде басталатын ызыңдаған дыбысты бәріміз естиміз. Бұл дыбыс бара-бара артады және су қайнай бастағанд,а бірден тоқтайды. Судың дайын болғандығын, яғни қайнағандығын осы дыбыстың тоқтағанынан түсінеміз. Бұл дыбыс қалай, ненің әсерінен пайда болады, айтып бере аласыз ба? 
®      Жауабы: Шәугімнің ішіндегі судың алдымен астыңғы бөлігі қызады. Ыстық жоғары көтерілгенде, түбінде бу көпіршіктері (ауа көпіршіктері емес) пайда болады. Судан жеңіл болғаны үшін, жоғары қарай көтерілген бұл көпіршіктер жоғарыдағы салқындау болған су қабаттарымен кездескен кезде сөнеді. Қаншама көпіршіктің сөнуін біз ызыңдаған дыбыс ретінде естиміз. Қайнау температурасына дейін ысытылғанда, суық қабат қалмайды, сондықтан  ызыңдаған дыбыс естілмейді.
2. 366 күн болатын жылдарда аптаның барлық күндері 52 рет, тек екі күні 53 рет қайталанады. Ал енді  2012 жылы қай күндер 53 рет , 2013 жылы қай күндер 52 рет қайталанады? 
®        Жауабы: Жексенбі және дүйсенбі күндері 53 рет қайталанады.
3. Сансызбыз,  Жансызбыз
Мың-мыңбыз.  Жасырынбақ  ойнаймыз,  Күндіз біз.                                                           
®        Жауабы: Жұлдыз
4. Электровоздың түтіні батысқа қарай созылып жатса, өзі қай бағытқа қарай жүріп жатыр? 
®      Жауабы: Электровоздың түтіні болмайды.
5. Қай сұраққа ешқашан болымды жауап берілмейді? 
®      Жауабы: Ұйықтап жатқан адамға:«Ұйықтап жатырсың ба?» деген сұрақ қойған кезде.
ІҮ. «Саған сенеміз!» бөлімі. Бұл бөлімде топ басшылары  сайысқа түседі. Тез жауапқа құрылған 15 сұрақ қойылады, 1минут ішінде дұрыс, шапшаң жауап берген топ басшысы жеңіске жетеді.
1-топқа қойылатын сұрақтар:
1. Ата Заң қашан қабылданды? (1995 жылы 30 тамызда)
 2. Тәуелсіздік күні қашан тойланады? (16 желтоқсанда)
 3. «Алтын адам» қайдан табылған (Есік обасынан (қорған)
 4. Қазақстанның ең биік тауы (Хан тәңірі)
 5. Қазақстан неше мемлекетпен шектеседі(5) (Ресей, Қытай, Өзбек, Қырғызстан, Түркіменстан)
 6. Қазақстанда қанша облыс бар (14)
 7. Мақал  мен мәтелдің айырмашылығы неде?  (мақалда ой тұжырымды, мәтелде ишара түрінде болады)
 8. Еңбек туралы 3 мақал – мәтел айт.
 9. Қазақ халқының қасиетті сандарын ата. (3, 7, 9, 40)
 10. «Үш бәйтеректі» ата. (Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин, Сәкен Сейфуллин)
 11. «Бес арысты» ата (Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Жүсіпбек Аймауытов)
 12. Өлең түрінде жазылатын шығарма қалай аталады? (поэзия)
 13. Қазақтың атақты палуаны кім? (Қажымұқан Мұңайтпасов)
 14. «Айша бибі» кесенесі қайда орналасқан? ( Таразда)
 15. Шыңғыстауда (Семейде) қандай атақты адамдар туған? (Абай, Шәкәрім, Мұхтар)
2-топқа қойылатын сұрақтар:
1. Алғашқы есептеу құрылғысы …..  (саусақ).           
2. Күйіс қайратын ірі қара.  (сиыр)
3. Инемен құдық қазғандай(білім)
4. Егінге зиянды шөп(шырмауық)
5. Баласын  «аппағым»  дейді (қарға)
6. Етістің түрі нешеу? (4:өздік, өзгелік, ортақ, ырықсыз)
7. Алланың елшісі кім?( Мұхаммед)
8. «Салмақты» сөзінің синонимі – байсалды, ұстамды, сабырлы
9.Қазақтың жыл қайыруында мешін жылы нешінші орналасқан? – тоғызыншы
10.22 наурыз  қандай мереке? – (Күн мен түн теңелетін Наурыз мерекесі)
11.Ақмешіт қаласының қазіргі атауы – Қызылорда
12.Қазақтағы үш қонақ – (1.арнайы қонақ, 2. Құдайы қонақ, 3.Қыдырма қонақ)
13. «Жабағы жүн» дегеніміз не? – (қойдың көктемгі жүні)
14. Кісі елінде сұлтан болғанша,……………..
15. 4 маусым қандай мереке? (Қазақстанның рәміздері күні) 
3-топқа қойылатын сұрақтар:
1.Он екі мүшеге не жатады?  (бас, екі көз, екі құлақ, мұрын, ауыз, екі қол, дене, екі аяқ)
2.Кіші жүздің  таңбасы, ұраны    (таңбасы – «жебе», ұраны – «Алдияр»)
3. Отырар қаласының ескі атауы – Ясы, Шабғар,Фараб
4.Біздің еліміздегі  Отан қорғаушылар күні (7 мамыр)
5.Әкеңнің қызы саған кім болады(апа  не  қарындас(сіңілі)
6 Фонетика нені зерттейді? (дыбыс пен әріп)
7.Құранда неше сүре бар? (114)
8.Сын есімнің мағынасына қарай қандай түрлері бар? (сапалық, қатыстық)
9.Дөрекі сөздерді тіл білімінде қалай атайды? (дисфемизм)
10.Грамматика қандай бөлімдерден тұрады? (синтаксис, морфология)
11.Әдебиет қай тілден енген сөз, қандай мағына береді? (араб тілі, асыл сөз)
12.Қара сөзбен жазылатын шығарма қалай аталады? (проза)
13. Жыланды  інінен қалай  шығарауға болады?  («Жылы-жылы сөйлесе, жылан інінен шығады»)
14. Тауық түс көре ме? («Тауықтың түсіне тары кіреді»)
15. Етікті қонышынан басуға бола ма? («Қолыңнан келсе, қонышынан бас»)
Мұғалімнің қорытынды сөзі.
 -Құрметті ұстаздар мен оқушылар! 
Тұлпардан тұлпар озар жарысқанда,
Шешеннен шешен озар қағысқанда.
Білімдінің  әрқашан өрісі кең,
Дәлелі – оған бүгін сайыс мына! –деп,сайысты қорытындылау үшін  сөз кезегін  қазыларға беріп, сайысымыздың жеңімпазын анықтайық.(Қазылар сайыс кешінің жеңімпаздарын атайды.)
Сайыс жеңімпаздары «ХХІ ғасырдың біліктілері» атағын жеңіп алса, қалған екі топқа белсенділіктері, жеңіске деген ұмтылысы т.с.с.қасиеттері ескеріле отырып, «Талапты топ», «Ұйымшыл топ»деген номинациялар беріледі.
 

Соңғы жарияланған материалдар тізімі
Ы.Алтынсарин "Өзен"
"Ата мұра- асыл қазынаң!" сайысы
Қызықты математика
Ұлттық ойындар
Шәкәрім өмірі мен шығармашылығы
М Дулатұлы
ЛЕКСИКА ТАРАУЫН ҚАЙТАЛАУ
Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы
Өнер алды - қызыл тіл
Қазақ тілінің білгірі
Бөлім: Уроки / Қазақ тілі | Көрсетілім: 7063 | Қосты: NA | Ілмек сөздер:
Информация
Посетители, находящиеся в группе Гости, не могут оставлять комментарии к данной публикации.
Бөлімдер
История
открытые уроки по истории
Педагогика
открытые уроки по педагогике
Биология
открытые уроки по биологии
Информатика
открытые уроки по информатике
Математика
открытые уроки по математике
Физика
открытые уроки по физике
Химия
открытые уроки по химии
Разное
открытые уроки
География
Открытые уроки по географии
русский язык