Соңғы жарияланған материалдар тізімі
Бөлім: Уроки / Биология |
Көрсетілім: 3701 |
|
|
|
Төрт түлік
Сабақтың тақырыбы Төрт түлік
Сабақ мақсаты: .
Білімділік. Мал шаруашылығы және оның негізгі салаларымен таныстыру,
өлкеміздегі мал шаруашылығының дамуы туралы білім беру.
Тәрбиелік. Ата кәсіпті сүюге, еңбекшілдікке,төзімділікке, еңбек адамдарына құрметпен қарауға тәрбиелеу.
Дамытушылық. Қазақстанның мал шаруашылығы,оның дамуы, қол жеткізген жетістіктері туралы, жеріміздегі шаруашылық салалары туралы білімдерін дамыту.
Сабақ түрі: Кіріктірілген сабақ. (биология, информатика, әдебиет, технология)
Сабақ әдісі: топтық, жеке
Көрнекілігі: Компьютер, презентация «Ұлттық тағамдар», «Төрт түлік» слайдтар, интерактивті тақта, MS Excel бағдарламасы, диаграммалар,интернеттен алынған суреттер, тест т.б.
Ұйымдастыру кезеңі.
Сабақтың жоспары:
І. Үй тапсырмасы.
1.Топтың атын, ұранын, төс белгісін таныстыру.
2.Тақырыпты қорғау
3 .Жарнама.
ІІ. Практикалық тур.
1. Ақпараттық сәт.
2. Ақпаратты пайдалана отырып, компьютерде диаграмма сызу.
ІІІ. Қорытынды
Топтарға берілген тақырыптар.
1-топ. Жылқы шаруашылығы және оның салалары.
2.топ. Түйе –төрт түліктің төресі.
3.топ. Ірі қара шаруашылығы, оның негізгі бағыттары.
4.топ. Қой шаруашылығы.
1.Тапсырма.
Топтың атын, ұранын, төс белгісін қорғау.
1-топ. «Қамбар ата» -тобы
Жылқы –қазақ халқының пір тұтатын жануары
Жылқының пірі –Қамбар ата,сондықтан біз осы атауды таңдадық. Жылқы жыл санауында жетінші жыл.
Ұраны:
Асау желмен жарысқан,
Арғымақпыз алысқан.
Сайыстардан қалмаймыз,
Сәйгүліктей самғаймыз.
2-топ. «Ойсыл қара»-тобы
Қазақ халқы түйені төрт түліктің – төресі деп есептеген.Түйе шөлге төзімді мал.Түйенің пірі – Ойсыл қара. Сондықтан, біз тобымызды «Ойсыл қара» деп атадық.
Ұраны: Бойымызға сенеміз,
Біз бәрінде жеңеміз.
Жылға кірмей қалсақта,
Қалыспай-ақ келеміз.
3-топ. Шопан ата-тобы.
Қой төрт түліктің ішіндегі момақан мал. Қой жыл санауында - сегізінші жыл. Қойдың пірі –Шопан ата. Қой да киелі түліктің бірі. Сол себептен біз тобымызды қойдың пірі қолдасын деп «Шопан ата» –деп атадық
Ұраны:
Алға қойлар, алға бас,
Біз топпыз ғой жаңылмас.
Барымызды салайық,
Бас жүлдені алайық.
4-топ. «Зеңгі баба» –тобы.
Сиырдың пірі - «Зеңгі баба». Мүшелдік жыл санауда сиыр – екінші жыл. Сиыр – бір үйдің асыраушысы деп тегін айтылмаған.Себебі сиыр сүтінен қаншама тағам түрі жасалады.Биылғы келген сиыр жылы бәрімізге молшылық әкелсін
Ұраны:
Малды бақсаң,сиыр бақ
Сүт кетпейді шарадан
Біз қалмаймыз сайыстан
Соғыңыздар алақан.
2.Тапсырма.
Берілген тақырыпты қорғау.
1.Қамбар ата –тобы.
Жылқы шаруашылығы, оның негізгі салалары.
Жылқы - сүтқоректілер класы тақтұяқтылар отрядының өкілі. Жылқы тұқымдасына Африкада кездесетін жолат, домбай құлан, тарпан,түзат жатады. Қолға үйретілген жылқының арғы тегі жабайы жылқылар- тарпан мен түзат. Жабайы жылқылар тарихи дәуірлерде Еуразияның далалы, шөлейтті аймақтарында үйір-үйірімен тіршілік еткен.Олар ретсіз аулау нәтижесінде жойылып кеткен.Жылқының алғашқы қолға үйретілген Қазақстан даласы деп саналады.Жылқы қазақ халқыныңерекше қастерлеп, пір тұтатын жануары. Жылқының пірі - Қамбар ата. Дүние жүзінде жылқының 250-ден астам қолтұқымдары бар. Қазақстанның жылқы өсіретін асылтұқымды шаруашылықтарында жылқының 20-ға жуық қолтұқымдары өсіріледі.
Жылқы малын тек көлік ретінде ғана емес, оның дәмді еті, шипалы қымызы үшінде өсіріледі. Қымыз халқымыздың кәделі сусыны. Қымыздың 40 жуық түрі бар, уыз қымыз, бал қымыз, бесті қымыз, дөнен қымыз т. б. Қымыздың шипалық қасиетіне шет елдерде көңіл бөле бастады.
2-топ. «Ойсылқара»—тобы. Түйе –төрт түліктің төресі.
Түйе сүтқоректілер класының көнтабандылар отрядына жататын күйіс қайыратын жануар. Түйеде мүйізді тұяқтар болмайды. Табаны жалпақ және астыңғы жағы сүйелді, жұмсақ көнмен қапталған. Түйенің кеудесінде, тізесі мен тілерсегінде сүйелді, сірілі, түксіз тықыр жері болады. Түйе шөккен кезде сүйелді жерлері, ыстық құмның әсерін сезбейді. Осыған байланысты түйе ыстық құмда шыдап, шөгіп жата береді. Түйенің дене тұрқы ірі, оның салмағы 700-800 кг, мойыны иір және ұзын. Құрғақ далалы, шөлейтті аймақта тіршілік етуге бейімделген. Сондықтан халық түйені «шөл дала кемесі» деп атайды. Түйенің арғы тегі—жабайы түйелер. Түйе бұдан 4-5 мың жыл бұрын қолға үйретілген. Айыр өркешті түйенің үйретілген жері – Орта Азия, сыңар өркешті түйенің қолға үйретілген жері – Африка өңірі. Түйені қазақ халқы төрт түліктің төресі деп есептеген. Түйенің қалмақ, қазақ, монғол деген қолтұқымдары бар. Түйе Қазақстанның Маңғыстау, Атырау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Қызылорда, Жамбыл, Алматы және Шығыс Қазақстанның кейбір аудандарында өсіріледі. Түйе сүтінің майлылығы сиыр сүтінен әлдеқайда жоғары. Оның құрамында адам ағзасына қажетті витаминдер өте көп. Шұбат өкпе, асқазан, ішек ауруларына, радиацияға қарсы әсері анықталған. Шудасы -буын, құяң, бүйрек ауруларына ем.
3- топ. «Шопан ата» –тобы. Қой шаруашылығы.
Қой сүтқоректілердің жұптұяқтылар отрядының күйіс қайыратындар тобына жатады. Қой бұдан 10-11мың жыл бұрын қолға үйретілген. Қойдың арғы тегі- жабайы қой муфлон және арқар. Қойдың алғашқы қолға үйретілген жері: Жерорта теңізінің маңы, Орта Азия, Оңтүстік Африка. Қой шаруашылығы мал шаруашылығының басты саласы. Қойдан тұрмысқа қажетті жүн, тері, елтірі,тағамдық өнімдер сүт, ет, май алынады. Қойдың қолтұқымдары: еділбай, бағаналы, қарқаралы, биязы жүнді қой арқар-меринос. Әлемдік сұрыптау жетістіктерінің бірі – Қазақстанда шығарылған арқар-меринос қойы .
Авторлары : И.С. Бутарин.,Ә.Есенжолов,А.Жандеркин. Арқар – меринос қойы өзіміздің Шығыс Қазақстанда өсіріледі.
4-топ. «Зеңгі баба»-тобы. Ірі қара шаруашылығы.
Ірі қараның арғы тегі ертеде Еуразия құрлығының далалы, орманды өңірінде таралған жабайы тур. Ол бұдан 7-10 мың жыл бұрын Жерорта теңізі маңындағы елдерде қолға үйретілген. Көп ауланғандықтан жабайы турлар 17 ғасырлардың басында жойылып кеткен. Сиыр сүтқоректілер класының жұптұяқтылар отрядына жататын күдір тұқымдастар өкілі. Қазіргі кезде дүние жүзінде сиырдың 250-ге жуық түрі бар. Ірі қара қолтұқымдары негізінен екі бағытта өсіріледі. Ірі қара қолтұқымдары: Қазақтың ақбас сиыры, Әулиекөл сиыры, Қырдың қызыл сиыры, Алатау сиыры, Қарала ,Әулиеата т,б.
3. Тапсырма.
Мал өнімдерін жарнамалау.
1. «Қамбар ата» –тобы. Жылқы – өнімін жарнамалау.
Қазы, қарта, жал, жая,
Сүрет, шұжық балдай, ә?!
Қақтыратын таңдайды
Бал қымызы қандайды!
2. «Ойсыл қара» - тобы. Түйе – өнімін жарнамалау.
Маң-маң басқан, маң басқан,
Шудаларын шаң басқан,
Шөл даланың кемесі
Төрт түліктің төресі
Дертке дауа болатын
Шұбаты бар киелі.
3. «Шопан ата» –тобы. Қой – өнімдерін жарнамалау.
Мал өсірсең –қой өсір
Өнімі оның көл көсір,
Кисең киім, ішсең ас,
Іздесең мұндай табылмас.
4. «Зеңгі баба»- тобы. Ірі қара өнімдерін жарнамалау.
Ыстық-ыстық сүт ішсең,
Дәмі кетпес таңдайдан
Бой жадырап кенеттен
Буы шығар маңдайдан
Малды бақсаң,сиыр бақ
Сүт кетпейді шарадан.
ІІ. Практикалық тур.
1. Ақпараттық сәт.
Тақырыбы: Өлкеміздегі мал шаруашылығының дамуы.
Біздің ауыл Архат ауылы деп аталады. Жері шұрайлы,мал өсіруге өте қолайлы өлке.Сондықтанда ата кәсібіміз мал шаруашылығы жақсы дамыған. Кеңес дәуірі кезінде мал басын көбейту, ет, сүт өндіруден Одақ көлемінде алдыңғы қатардан көрініп, екі бірдей Социалистік Еңбек Ері Ө.Қасымжанов, Б.Бағдатовтар шыққан ауыл. Кеңес одағы ыдырығаннан кейінгі кезеңде мал басы шаруа қожалықтарына біріктірілді. Қазіргі күні шаруа қожалықтары мал басын көбейтіп халықты ет, сүт, маймен қамтамасыз етіп отыр. Осы мал шаруашылықтарынан өндірілген мал өнімдері аймақтағы халықты жан-жақты қамтамасыз етіп отыр. Ауыл экономикасын көтеруде аянбай еңбек етіп жүрген еңбек адамдары қаншама. Қиындығына төзіп, еңбегінің жемісін көріп жүрген ата кәсіп иелері де ескерусіз емес Елбасымыз Н.Назарбаевтың «Құрмет грамотасымен» марапатталып, еңбектері еленіп ел құрметіне бөленіп жүрген еңбек майталмандары С.Серікбаев,Ж.Молдаханов,
М.Бұқпанов сияқты ағаларымызды мақтан тұтамыз. Бүгінгі күні Архат ауылдық округі бойынша төмендегідей мал басы бар.
Төрт түлік 2006 2007 2008
Мүйізді ірі қара 4911 5200 5500
Жылқы 2600 2720 3000
Түйе 350 450 600
Қой 24516 24560 24800
1. тапсырма. Практикалық тур.
Оқушыларға мал басының өсуі және мал өнімдерін өндіру көрсеткішінің
диаграммасын сызуға тапсырма берілді.
Мал өнімдерін өндіру көрсеткіші
Өнім түрлері 2006 2007 2008
Сүт 25094 26500 28400
Ет 12790 12920 14525
Шұбат 5800 6300 7200
Қымыз 10200 12300 14000
ІІІ. Қорытынды.
Біз бүгінгі сабағымызда ата кәсібіміз мал шаруашылығы туралы, оның ішінде өлкеміздегі мал шаруашылығының дамуымен таныстық. Мал өнімдерінің адам өміріндегі маңызы туралы, мал шаруашылығы туралы жақсы білімдерімен көзге түскен топтарға рахмет айтамыз. Жақсы дайындықпен келген «Қамбар ата» тобын ең үздік топ деп марапаттаймыз.
Кіріктірілген сабаққа анализ.
Кіріктіру компоненттері –биология, информатика, әдебиет, технология -өте дұрыс таңдалған. Кіріктірілген сабақтың тақырыбы күнделікті өмірдегі шаруашылық салаларымен тығыз байланысты. Бұл сабақта аймақтық компонент ретінде ауылымызда, аймағымызда өсірілетін төрт түлік түрлері, олардан өңдірілетін өнімдер туралы қарастырылды. Оқушылар олардың адам өміріндегі маңызы туралы, пайдасы туралы, емдік қасиеті туралы көптеген құнды ақпараттар алды. Сабақтың құрылымы, өту барысы оқушылардың жас ерекшелігіне, ойлау қабілеттеріне байланысты алынған. Оқушылар сабақ барысында өте белсенді, өз ойларын дәлелді түрде жеткізе білді. Ұлттық тағамдарды жарнамалау кезеңінде өздерінің эстетикалық талғамының жоғары екендігін көрсете білді.
Әр топ өздеріне берілген шығармашылық жұмыстарды қорғау барысында, өздерінің білім - біліктілігін жан-жақты көрсете білді.
Жалпы сабақ мақсатына жетті.
Соңғы жарияланған материалдар тізімі
Информация
Посетители, находящиеся в группе Гости, не могут оставлять комментарии к данной публикации.
Посетители, находящиеся в группе Гости, не могут оставлять комментарии к данной публикации.
Бөлімдер
История открытые уроки по истории |
Педагогика открытые уроки по педагогике |
Биология открытые уроки по биологии |
Информатика открытые уроки по информатике |
Математика открытые уроки по математике |
Физика открытые уроки по физике |
Химия открытые уроки по химии |
Разное открытые уроки |
География Открытые уроки по географии |
русский язык |