Ұстаздар сайты u-s.kz Сайттың атауы www.u-s.kz
» » Құныскерейдің өмірбаяны, ұрпақтары


Құныскерейдің өмірбаяны, ұрпақтары

Құныскерейдің өмірбаяны, ұрпақтары

1928 жылғы байларды тәркілеу, мал –мүлкін тартып алу науқаны жүріп жатқан кезде бұл іске бірінші болып қарсы шыққан өлкенің намысты ұлы  Құныскерей  болатын. Алдымен Құныскерей кім өзі? Ел ішіндегі қариялардың айтуы бойынша, Құныскерей  1895 жылы қазаргі Атырау облысы, Қызылқоға ауданы, Тайсойған құмында Нөсер қыстағына таяу, яғни осы арадағы  Кеңқоқты деген жерде кедей шаруа отбасында дүниеге келген. Алып тұлғаның аруақты бейнесі қасиетті қаламгер Х.Есенжановтың «Жүнісовтер трагедиясы» романында құйтырқы уақыттың қасаң қалыбына қарамастан  «Күшті де мерген,  ақылды да адал,  өздігінен ешкімге тимеген, ешкімді нақақ өлтірмеген, бірақ аламын дегенін аузы алты қарыс билер мен байлар, аузымен құс тістеген әкім –қаралардан алған, халық жақтап, байлар қолдап, билер демеп, қазірет пен молдалар батагөйі болған, байтақ даланың тентек, тел өскен ерке ұлы, батыры» деп баға беріледі.  [Х.Есенжанов «Жүнісовтер трагедиясы»100-102бет]. Әрі қайратты, бір сөзді  батыр, ғажап  мерген, айтулы атбегі болған және өз заманында көзі ашық сауатты, ақылды адам болған. Сонымен бірге кісіге қайырымды мол, ешкімге қиянаты жоқ, шындықты бетке  айтатын адам. Оны осы қасиетіне байланысты ел іші қатты сыйлаған. Елде алғаш  коллективтендіру дәуірі кезінде Құныскерей өз ауылының кеңес төрағасы қызметін атқарады. Тегіне келсек, руы Байұлының Ысығы, Ысықтың Тоғызбайы.  Елде Назар, Базар, Есназар, Сағын, Түкі атты бес ұлы болған. Тоғызбайды көбіне «Бес Тоғызбай Ысық» деп те атайды. Құныскерей осының Сағынынан тарайды. Сағынан Көпен, одан Жанбасар, Малбасар туады. Жанбасардан Қожахмет, Малбасардан Сәлімгерей, Орынбай өрбиді. Қожахметтен екі ұл, бір қыз болған. Ұлдары Құныскерей және  Жәрдем. [Ө.Әлімгереев «Құныскерей» А.2003,7-бет]. Құныскерей тағдыр тәлкегіне  сай өмірде екі рет төсек жаңартып, жар сүйген. Оның бірі өзі туған өңірде де, екіншісі елден жырақ, Башқұрт  жерінде. Бірінші  әйелінің аты–жөні Әсем Досқалиқызы (руы Қорлыбай Түмен ), 1906 жылы туып, 1988 жылы Индерборда баласы Айтмұқанның қолында қайтыс  болады. Құныскерей өзі туған жерінде екі ұл, екі қыз көреді. Олар Айтжан,  Айтмұхан,  Есен , Болат. (Екеуі де қыз). Бірақ соңғы екеуі жастай қайтыс болады, олардан ұрпақ жоқ. Айтжан 1922 жылы дүниеге келген, Ұлы Отан соғысының ардагері, 1948-1949 жылдары түрлі себептермен Қостанай жаққа қоныс аударып, сол өңірде үйлі-баранды болады.Кейіннен кемпірі өліп, бауырынан өрбіген жеті баласымен бірге аталған облыстың Жетіқара ауданы, Мимотин ауылында тұрады. Балаларының бәрі де аяқтанып, үйленген, үбірлі-шүбірлі. Ал екінші ұл-Айтмұхан Сәлімгереев болса 1925 жылы туылған. Ақтөбе, Атырау облыстарының түрлі шаруашылық, өндіріс салаларында еңбек еткен ол қазірде жоғарыда айтылған Индербор поселкесінде тұрады. Жолдасы Рысты. Отбасында жеті бала бар, бәрі де есейген. Үлкен ұлы Серік, екіншісі Берік. Серіктің фамилиясы атасы Құныскерейдің атында. Мүмкін ардақты атаның аты өлмесін деп қойған шығар. Айтмұханды 1927 жылы өз бауырларынан бала көрмеген немере ағасы Сәлімгерей асырап алады. [бұл да сонда 8-бет]. Ұлы Отан соғысы басталар алдында Ойыл мектебінің жетінші сыныбын тәмамдап, еңбек жолын  бастайды. Ол Жем бойындағы жаңадан ашылып жатқан кен алаңында, Құлсары мұнай айдау мекемесінде жұмысшы, Қызылқоға ауданы Абай атындағы Кеңшарда автокөлік жүргізуші, 1972 жылы Индербордағы жол жөндеу мекемесінде краншы-машинист қызметін атқарады. 1988 жылыдан құрметті еңбек демалысында, зейнеткер. 1978 Айтмұхан бауырларын іздеп Түркмен ССР–на сапар шегеді. Көкен ауданына  барғаннан  кейін жоғарыда аталған  прокурор  ағайыны оған  совхозға баруға рұқсат қағазын алып береді. Ол жерде татар шешесі Мәриямен танысады. Олармен қауышып, әкесінің басына тағзым етеді. Айтмұхан  Сәлімгереев 2005 жылы дүниеден өтеді. Құныскерей  Мәриядан екі қыз көреді оның үлкені Шолпан- 1937 жылы дүниеге келген. Екіншісі-Айман, 1943 жылы туған. Фамилиялары- Жаманова. Айманның бір қызы Құндыз Маңғыстаудың Жетібай станциясында бір қандасымызға  тұрмысқа шыққан.  Шолпан  Ашхабадтан 13 шақырым жердегі Аннау станциясында тұрады.[Ө.Әлімгереев «Құныскерейдің кейінгі тағдыры» 60-бет].
  Ал, Құныскерей банды болып жүргенде оның отбасы қандай күйде болды?  Банды әкенің  зардабын оның  ұрпақтары аз тартқан жоқ.  Күні – түні үйін қоршау, тексеру,  Құныскерей келеді деп күту,  шынына келгенде отбасы қоршауда өмір сүрді. Ұлына жазылған жазықсыз жаладан шешесі қайтыс болады. Құныскерей үйінде жатыр деп,  үйіне оқ атып , атылған оқтан үйі өртеніп әкесі өледі.  
Құныскерейдің  отбасын милициялар тұтқынға алып, үлкен ұлы Айтжан мен екі қызын  Жаманқаладағы (қазіргі  Махамбет селосы)балалар үйіне өткізіп , әйелі Әсемді Саратовқа жер аударады. Екі қызы детдомда аштан өледі. 1930 жылы Әкесі Қожахмет пен шешесі  Мақпал ағасы Сәлімгерейді кеңестік милициялар әуелі Қарабау , одан Гурьев түрмесіне екі ай қамайды. 1930 жылдың күзінде Сәлімгерейді екінші рет «бандының тұқымы» деп ұстап Ақтөбе түрмесіне қамайды да, кейін сол жақта атып тастайды. Ал, Айтмұқан Сәлімгереев аты басқа болғандықтан көп зардап шекпейді. Құныскерейдің әйелі Әсемді тұтқынға алу туралы екі түрлі пікір бар. Бір деректе әйелі Әсемді 1933 жылы Гурьев түрмесіне қамап , халық жауының зайыбы ретінде үш жылға Ресейдің Сартауына жер аударды деп жазса ,[ Өтепберген Әлімгереев бұл да сонда], ал , келесі бір деректе Әсем 1933 жылы Саратовтан қара қызметін өтеп келді деп жазады. [Л.Жолдиев «Қызылқоға »газетінде 4.01.1995жыл №26-27]. Атырауға келіп, қазіргі Ескенеде жұмыс істейді де Қоянбай Жексенбаев дегенге тұрмысқа шығады. Балаларын таба алмайды. Ал, Айтмұхан шешесі Ақкерік екеуі Ақтөбенің Ойылына қашады. Сол жерде жыңғыл сатып, әркімнің малын бағып күн көреді. 1946 жылы елге оралады.
Бұл Құныскерей ағамыздың тегімен туыстары, өзі туған өңірдегі отбасы, ұрпақтары жайлы әңгіме.

                     4 .Құныскерей қалай «банды» атанды?

         Шындығында  Құныскерей  неге банды атанды? Бұл жайлы ел ішінде не дейді? Енді соған тоқталайық.       
        Тегінде Құныскерей Қожахметовтың кеңестік жаңа саясатқа көндікпей, туған үйінен жырақтау, қар жастанып, мұз төсену, жапанда жалғыз жортқан жолаушы  атануының  басты себебін құлағы түрік, көне көз қарттар мен қалың халық бір-ақ себепке саяды. Ол ұлттық салт-дәстүрді тәрк етпеу, немесе жолдастық, достық, ағайынды сыйлау, саясат үшін сақалды сатпай, халықтық менталитетпен күн кешу.                                                                             
          Сонымен сары даланың салтын сақтаған асыл ер-Құныскерей неге банды атанды?                                                                                 
          Асылы  Құныскерей  әу бастан әңгіме айтса асып емес, нысананы басып айтатын,  ауыл –аймағына беделді,  еті тірі, ортасында  орны бар сыйлы жан болса керек. Сол беделдің арқасында елде өкімет орнап, ауылдық, болыстық кеңес құрыла бастағанда  Құныскерей өз ауылының кеңес төрағасы қызметін атқарады. Төрағаға тапсырылған іс көп. Ең негізгі міндеттердің бірі–үй  басына төрт теңге салық пен біраз мөлшердегі тортасынан айырған сары май жинау.  Жиналған салық Құныскерейлер ауылының территориялық жағынан бағыныстағы орталық –Князь- қазіргі  Калмыков селосындағы базаға тапсырылуы керек. Әрине,  аталған майдың дені жаздың ми қайнатқан ыстығында жиналады. Соған сай оны иістендірмей, бүлдірмей және төкпей – шашпай діттеген жерге   тапсыру  оңай жұмыс емес еді. Ал егер әлгі тапсырма орындалмаса  әр қойдың үш теңге тұратын сол кезең де үй иелерін кеңес өкіметіне қарсы деп танып, заңға  тартады, соттайды, немесе алдындағы сауын сиырын алады.  Бұл жалпыға ортақ тәртіп, одан байың да , болысың да құтыла алмайды.  Бірақ бұын –соңды басқа  салық түрін көрсе де  мынадай май салығын естімеген Тайсойғанда шөлмектеп май жинау тым ерсілеу екен. Сонда да болса Құныскерей жаңа заман қызметімен қиын талабын қалың елге дұрыс түсіндіріп, жинай бастайды. Мезгіл-мезгіл аудан, облыстан(болыс,уезд) шыққан ГПУ – дің өкілі  7-8 нөкерімен салық жинау барысын тексеріп, елге шығатын көрінеді. Шаш ал десе  бас алуға әзір  шабарман кейбір адамдардың салық турасындағы кері сөйлеген сөздерін көтере  алмай  «Бұның бәрі сенің  дұрыс түсінік жүргізбегенің, дәлелдеп айтса төрағаның пікірі, яғни өзіңнен бастап кеңес өкіметі, оның саясатына қарсысыңдар.  Мен сені тегін қоймаймын, соттаймын» деп Құныскерейге ұрысып - жекіп, тіпті қамшы да көтереді.
           Бейтаныс қоғамның біртоға дөкір заңы емес, Ұлы Даланың ұлттық сенімін  ғана жоғары қойған Құныскерей өз – өзіне: «Қамшы ойнатып, жанынан ащы тер шығарған жосықсыз заңын жанымның садағасы, өйткені өкіметіңе болайын, бұлдағаның қызметің бе, қайтып ал» деп серт байлап жүргенде тағы бір қырсық шалады.
         Ауыл –аймағында күллі Қызылқоғаның көзін ашқан Кермеқас және Қаракөл қызыл мектептері бар Құныскерейдің әліпті таяқ деп өсуі мүмкін емес. Өйткені өмірден өткен, сол аптал азаматтың көзін көрген жандардың қай-қайсысы да оны сауатты, зерек,  ақылды адам еді дейді. Білігімен пайымы мол Құныскерей әуелгіде ауыл ағаманы, одан ауылдық кеңес төрағасы қызметтерін атқарды. Ол кезде аудан орталығы Тайпақта, бірақ жергілікті жердегі қолда бар ақпарат, мәліметтің бәрін (Майдан басқа) Князьға емес,  өз іргелеріндегі көне  Қызылқоғаға  тапсыратынға  ұқсайды. Ал төрағаның бар құжаты, мөрі өзімен бірге киіз дорбасында жүреді. Орта жолда жолаушылардың түстеніп,  қона жатар қонақ үйі бар. Жергілікті халық оларды пәтерші дейді. Пәтер иесі Сәлмен деген мосқал адам.
         Кезекті ақпар берудің бірінде Құныскерей Сәлмен пәтерші ауылына кештетіп жетеді. Күздің мезгілі. Аулада суытып қойған   қаңтарулы  атты көріп,  оның бұл өңірдің  көлігіне ұқсамайтын және  тым алыстан суыт жүріп келгеніне қарап, шамасы Қаратөбе жақтан із тастап жүрген Олжабай «тентек»-сен болмасаң  нетті деп ойлады.
        Үйге кірсе бәрі де қалың ұйқы құшағында. Құныскерейде үстіне жадағайын жамылып жата кетеді. Бірақ көп кешікпей тыстан ат тұяғының  дүбірі  адамдардың  дауысы  естіледі.  Абыр –сабыр  дауыстан шошып оянған  әлгі жігіт жанына өзіне оңтайлы жерге қойған мылтығын ала сала есікке  ұмтылады.  Ұйықтап үлгермеген  Құныскерей  жігіттің иығынан басып  «Әй, бала , жата бер, жаның екеу болмаса босқа оққа ұшасың! Бірақ кідірмей қараңды батыр!» дейді де өзі тысқа беттейді. Құныскерей аула айналса он бес шақты милиция үйді қоршап алыпты.  Біреуі өктем дауыстап, үн қатады   
-Әй , жөніңді айт, кімсің?                     
-Кімді жоғалтып ең .Менмін.                           -Менің кім?                                                                                            -Құныскереймін. Қаракөл болысы, совет төрағасымын.
-Ойбай, таң атқалы жау деп жалғыз аттыны  қуып жүрсек, өзіміздің совет  қой.     
-Өтірік айтады, жасырып тұр,- дейді тағы бірі. 
           Осы кезде үйден шауып шыққан Олжабай әлгіге қарап оқты төгіп кеп жібергені. Оқ шыққан жаққа олар да қарумен үн қатты. Он бес қарулыға қарсы бір адамның үні шыға ма, сол бойда жан тапсырды. Құныскерей әлгі жас  жігіттің өлгеніне өкінеді. Өзі болса оқ ұшында жүрген  жау жүрек жігітті қорғаштап , ел асырып жіберуді ойлаған-ды.  
          НКВД-қызметкерлерінің бұрыннан көз қиығында жүрген Құныскерейдің «банды» атануына осы оқиға өкімет жауымен  бір үйде қонып –жатуының өзі де себеп болдау деп ойлайтындар да бар. Құныскерей бұдан әрі құжат толы киіз дорбасы мен пенделік «печатын» ұзақ ұстамай тиісті жеріне өз қолымен апарып тапсырады.
       Тағы бір дерек, Қызылқоғалық Хасан Жақыпқалиұлының айтуынша Құныскерей өткен ғасырдың 20-шы жылдары ауылдық кеңестің төрағасы болғанға дейін, сол төңіректегі басқару ретінде түзесе отызыншы ауылдың ағаманы (старшинасы), соған сай анау-мынау анықтамаға қол қойып, мөр соғатын тым –тәуір құзырлы мұмкіндігі де болса керек. Одан кезек Кеңес өкіметіне ауысқанда да қолында өңі өзгерген  басқа мөр жүрген. Бірақ беделі жоғары, басқару, ұйымдастыру қабілеті баршылық. 
        Өкінішке орай «ел болғасын бір тентек жүрмей ме?» дегендей, сол кездің өзінде елде адалдың малы, аштың алдындағы дәнін қағып кетер ұрылар құр болмаған. Әсіресе ондайлар күллі қазақ даласын аштық  жайлаған 1920-1922 жылдары тіптен күшейе түседі. Бірде елге танылған Жамал, Дәмеш, Еркін деген үш ұры айдалада жалғыз отырған  Хасан дегеннің үйіне кеп мал сұрап, «Егер болмайтын болса, әкелеріңді атып кетеміз» деп балаларын қорқытса керек. Сол кезде әдеттегідей көп балалы қазекеңнің бір ұлы ептеп сытылып кетіп, ескі Қызылқоғадағы ГПУ –ге болған жәйді хабарлайды. Дәл осы сәтте әлгі үйге көктен түскендей қасында хатшысы бар Құныскерей совет те келе қалады. Оны көргенде әлгі үш ұрының үні өшіп, қалтырап, дірілдеп кетеді. Сол арада хабар жеткен гпушіктерден де қара көрінеді. Екі ортада атыс басталады. Бірақ араға тағы да Құныскерей түсіп, әлгі ұрылардың шаңы да көрінбей кетеді. Ақыры гпушіктер жер сипап, аттарын бостан –бос арам тер жасайды. Сөйтіп, бұл жолы да Құныскерейге «Совет төрағасы бандыларды қоштады, ұрыларды қашырып жіберді» деген айып тағылады. 
         Ушыққан жараның бетін одан бетер қызыл шақаландырып, күшейте түскен соңғы оқиға-мына бір кездесуге ұқсайды. 
         Ол осы күнге дейін біреулердің  Орда жақта тұратын құдасы,  екіншілері құрдасы, тағы бір аз-мұз ұрлыққа үйір танысы деп бағалайтын Ерғалидың ылаңы. Қалай десек те Құныскерей Ерғалимен ертеден таныс. Тіпті бір қыс Орал жақтың алып- қашты әңгімесінен бой тасалаған  Е.Аязбаев орталықтан жырақтағы  осы Құныскерей ауылын паналапты деген де әңгіме бар. Енді, міне, 1922 жылдың күзінде, яғни Құныскерейдің құдайдай сеніп, белсене қызмет істеп жүрген кеңес өкіметінің белсенділері бұған ауыз бұртитып, әңгір таяқ ойнатқан тұсында тағы келеді. Мұнда да солай-Ерғали соңына түскен қызылдар өкшелеп қояр емес, қайда барса «ұры», «өкімет жауы»дегенді алға тартады. Мүмкіндік болса тағы бір қыс араларында боп, құм арасына жасырына тұрайынға сайиды. Бірақ бұл өтінішке жергілікті Кеңес басшысы (Құныскерей) көнбейді. Айтар уәжі –жаңа заман тәртібі қатты. Оның үстіне өзі де ГПУ-дің көзіне түсіп, уәкілдермен  де дәм-тұзы жараспай жүр. Сондықтан  ендігі күніңді Тайсойған –Бүйрек бойы емес,  басқа тұстан іздегенің абзал. Мейлі, Нарының, болмаса Қаратөбе, әйтеуір Тайсойғанның бойы емес деген еді.  Батыс Қазақстан облысының Тайпақ ауданы Базаршолан ауылында тұрған Ұсағалиева  Ораз  Қабжанқызы (1912-1996)  былайша әңгімелеуші еді:  «Мен оның ірі денелі, қарасұр кісі екендігін білетінмін. Астындағы сұлу аты үстіндегі  ықшам, келісті киімімен жарасым тауып, сырт адамға сүйіспеншілік сезімін туғызатын.  Жалпы ел ішінде Құныскерей туралы бөтен ой жоқ, жүрек төрінде тек сағыныш, ризалық қана жататын». 
        Қаратөбелік қаламгер Қайыржан Хасанов өзінің «Тағдыры қызық адам»деген деректі әңгімесінде Құныскерей ауыл Совет төрағасы болғанда үйіне бөкейлік құрдасы Аязбаев Ерғали келіп, қонақ болады. Қуғын көрген, атыста жаралы болған. Сол қашқын бандыны ұстауға Қызылқоға аудандық милиция бастығы Ырза, болыстық  атқару комитетінің төрағасы ұстап, байлап беруін  талап етеді. Құныскерей оларға «Қазақ баласы қонағы үйінде отырғанда ешқашан да жауына ұстап бермеген, ол дегендерің болмас, менің үйімнен кетіп, екі қыр асқан соң ұстаңдар»деген. Олар үйді қамай келіп, ішке кіруге ұмтылады. Құныскерей олардың алдын кесіп, мылтығын шапшаң алып, әуелі Зиманды жарақаттап, Ырзаны атып өлтіреді. Бірақ әуелден ел ішінде сұр мерген атанған  Құныскерейдің осы жолы Зиманды өлтіруге қолы мүлт кеткен ештеңесі жоқ, қайта «Зиман, бір жылдың төлі едік, осы ретте жаныңды қидым, екіші рет жолығыссаң әңгіме басқа»деген ескертумен  ғана оқ шығындайды. Бұдан әрі Құныскерейге «Банды, қашқынды ұстауға көмектеспеді, адам өлтірді»деген айып тағылып, қамауға алуға үкім шығарылады. Бірақ қонақ сыйлап, дәстүр сақтағаны үшін тор көздің ар жағында,тар қуыста отырар Құныскерей ме, «Қалған тірлікті құдай жазған маңдайдан көріп алдым»,деп атқа қонып,туған үйден безінеді.[Қ.Хасанов «Қос батырдың хикаясы»А.2000,32-бет].
         Тап осы деректі жазушы Хамза Есенжанов өзінің «Жүнісовтер трагедиясы» романында да келтіреді. Сондықтан оны ең дұрыс негіз дей аламыз.


Құныскерей саяси қуғын  -  сүргіннің  құрбаны

Құныскерей  басшылықтан безінсе  де қарапайым халыққа  ылаң  болып тиген жоқ. Қызылдарға да қырын қарағаны болмаса, өздігінен жұғыспаған. Әйтсе де сол кездегі елдегі алып-қашпа өтірік әңгіме Құныскерейдің тағдырын  тіптен қиындатты. 1928 жылы байларды тәркілеу,  мал-мүлкін  ортаға  алу науқаны жүріп жатқан кезде бұл іске  бірінші болып қарсы шыққандардың бірі - Құныскерей  болатын.  Сол  үшін ол тағы  да  жылы төсегінен безініп, туған үйі, отбасынан  жырақтады.  Оның бұл қылығын өз мақсатына пайдаланған елдегі кейбір   теріс ойлы  ұры  -  қарылар  «Біз Құныскерей бандының тобынанбыз»  деп,  ауылдағы   жалғыз – жарым адамдардың малдарын ұрлап, қаруларын тартып  алуды әдетке айналдырады.  Мұны тәртіп сақшыларымен бірге Құныскерейдің өзі де естіп, біразына тию салады. Құныскерей атына  байланысты қара күйенің  көптігінен  бе,  әлде тағдыр талайының өзі солай ма, әйтеуір сол жылы  құқық қорғау органдарының бар назары  Құныскерейге ауып ,  қалайда ұстау, қамау бағытында болды.  Ізге түсіп,  үйін тінту, ағайын туыстарын қысып, қоқан –лоқы жасау,  түрмеге қамау,  жауаптау  күшейді. 1922 жылы жаңа  өкімет белсенділерімен Құныскерей арасындағы кейкілжіңнен соң  Құныскерей атқа қонып, қолына мылтық алып, бірақ елге тиіп, есерлік танытпай, тек тәртіп сақшыларынан бой тасалап жырақ жүрді. Дегенмен Құныскерей қанша «банды» атанып,  соңынан сандаған қуғын түссе де туған үй,  таныс топырақтан  ұзай  алмай  Тайсойғанның төрт  құбыласын паналап,  кіндік  кескен Кеңқоқтыда  көп  жүреді.  Бірақ  жапандағы  жалғыз жолаушыны  қолға  түсіре  алмаған  қуғыншылардың  да  тауы  қайтпайды.  Мезгіл- мезгіл ұмыттырып  барып, кейде  түнделетіп  болса да  Қожахмет   қыстағын  бір аралап  кету  олардың  қашанғы  міндеттері  болып  саналатын. Айсыз қараңғы  түнде,  ата  қоныстағы  Кеңқоқтысын  артқа тастап, «Жапалақтың  жалтыры» деп   аталатын   аталастар  ауылына  бет   алған Құныскерей  жорытып  келе  жатса, алдынан  өзін  іздеген он  бес  милиция ұшыраса кетеді.  Қатар  тұрып  атысса, мына  он бесінің жан  шыдатар түрі жоқ.  Әуелгіде  аз–мұз  оқ  шығарып ,  дыбыстаған  Құныскерей   тіл  білетін      атын серейген күйі   сұлатып,  үстіндегі  түйе  жүн  күпісін  бір  бұтаға  іледі өзі  алысырақтағы  тағы  бір  бұтаның  түбіне бой тасалайды Аңдығаны   адам  емес,  құны  жоқ жаудың өзі деп  түсінген милицияларда  жүрек бар ма, әлгі қарайғанды   Құныскерей  деп  танып,  қалың  оқтың  астына  алады.  Әп дегенмен  үнсіз  қалған  «жауын» өлдіге  санап, жақындауға жүрексініп, таңертең  қайтіп  келеміз  деп  сол  маңдағы  ауылға  көз шырымын ап, ертесіне  қайтып  келсе, ақ тікен  басында  оқ тесіп, пәрше - пәршесі шыққан  түйе  жүн  күпіден  басқа ештеңе  жоқ. Ізге  түссе келесі бұта  түбінде бой тасалап  отырған   Құныскерей  қай   уақытта кеткені  белгісіз,  із түссіз тайып  тұрыпты.  Сөйтіп  өлі  дененің  басын кесіп алып, НКВД  бастығынан сүйінші  сұраймыз  деп  күпінген  қызыл  жағалылар  тағы  да  сан  соғып қала барады.  [Т.Қосшиев әңгімесінен]. Арада  бірнеше  ай  салып  Құныскерей  әке  - шеше  отбасымен қауышады.   Құныскерей  шай  үстінде  әкесіне  жаз  бойы  осы  шағылды паналайтынын  айтады.  Мені  енді  тура  ажалдан  басқа  ешкім ұстай алмас бір,  басымда  бірнеше адамның қаны бар,қолға түссем олар мені кешпес те. Анда-санда ебін тауып келіп тұрармын дейді. «Құныскерей  құмда  жүр, үйіне  қонып кетіпті» деген хабар Қызылқоға  милиция  бастығының  құлағына  тиеді. Бұл  1930  жылдың  сәуір айы  болса  керек.  Біраз  милиция  Құныскерей  бастаған  топтың  соңына түсіп, Ақкөл деген  жерде  қызыл  жағалармен  үлкен  атыс  болып, Құныскерей қашып құтылады.  Құныскерей сол жорытқаннан  біраз  жортып, Сағыздан  әрі асып  барып,  аттың  басын  тежейді. «Қош  бол , туған жер,қош бол әке-шеше,әйел бала,қош болыңдар бәрің де. Тентек ұлыңа өзіңде орын қалмады. Енді қайтіп сендерді көруге тәңірім маған жазбаған болар»деді Құныскерей.Әкесінің өліміне келетін болсақ, әкесі Қожахмет қыстауындағы пәтерін жөндеуге барады. Құныскерейдің соңына түскен сұр шинельділер совет жауын ұстаймыз деп Қожахметтің артынан қуып келеді. Ондағы ой-қария қыстауға жайдан-жай келген жоқ. Құныскерей осында, баласымен көрісіп кетуге келеді, не тамақ әкеледі деп үйді қоршап алады да мылтық атады. Бірақ олар ойлағандай шыға қоятын қария, болмаса «банды»жоқ.Ақыры үй-жайды өртейді.Осы кезде түтіннің астымен қашып бара жатырған қартты Құныскерей екен деп атып түсіреді. Бірақ жазықсыз жан өлді екен деп өкініш білдіріп жатпайды. Мәйітті шым ауланың түбіне қалдырып, ауылдастарына екі-үш күнге дейін жерлеуге рұқсат бермейді. Ондағы ой-әке мүрдесін жерлеуге Құныскерей келеді. Сол кезде аула айналасына тығылып жатқан милиция қызметкерлері көптен күткен жауларын ұстайды-мыс. 1922 жылдан басталған қызыл жағалылармен егес 1928 тәркілеу қайта ушығып, арада екі жыл өткенде тіптен өршіді. Ағайын-туыстарының соңына шам алып түскен қуғыншылар қалайда Құныскерейді бұл фәнимен қоштастыруға жұмыс істеді. Бірақ, елге зияны жоқ Құныскерейді отряд қанша қуса да ұстай алмайды. Мұны жақсы түсінген Құнекең туған жер-алтын бесік деп Тайсойғанның қырымен ойына қанша тығылса да тіміскілеген дұшпандар ізін бағып, қайта-қайта мазасын ала берді. Тіпті Тайпақ асып, Қалдығайты,Жымпиты бойына да бой тасалады, іргелес Қаратөбедегі Жарлы өзені бойындағы бұл күнде «Құныскерей үнгірі»деп аталатын атты кісі сиып кетер үңгірге де біраз паналады. Ойыл, Жем бойында болып, өзімен тағдырлас Нарынның Аманғалиы, Адайдың Тоқабай – Құрмашымен де  кездесіп ой бөлісті. Бірақ қасына ертіп, түн жамылып ,  түзде жорытқан ештеңесі жоқ.  Артына сөз ілесіп «Әлдекімдердің мал – дүниесін Құныскерей және оның серіктестері тонап, тартып алып кетіпті » деген хабардан соң – ақ ол әуелден жанында жүрген қанды көйлек туыс – дос, ниеттестерімен де қош айтысып , жалғыз жүрді. Сөйтсе де оның бәрі уақытша, алдамшы тірлік , күндікке бой тасалап , жан бағу еді. Тіпті  бірде   Божбанның Ысқағы  деген ел сыйлаған қарияның   үйінде отырып,«Тілеулестеріме тыныш өмір емес, тынымсыз көңіл, өлім сыйлап жүрген бұл қу тірліктен не пайда?!  Туған түтін емес, бүтін ел боп мен үшін жапа шегіп отыр. Керек болса,  мен соңғы екі –үш айдың ішінде жанымды үш рет саудаға салуым керек  еді. Бірақ үшеуінде де  ортаға түсіп, арашасы бола  алмадым. Оның бірі- бас көтерген және үміт артқан үлкені – менің мына тірлігіме құса болып шешем өлгенде жаназасына  бара алмадым. Екінші – әкем өртеніп , оққа ұшқанда басы –қасында оққағары бола алмауым. Үшіншісі – әйел – балам, ағайын, ата –анамды мен үшін ат артына өңгеріп, жауаптап, қараңғы үйге қамап жатқанда арашашы болып, алып қала алмауым.  Өйткен жанды шүберекке түйіп,  бұдан былай ұстап жүрудің де  еш қажеті жоқ сияқты. Ендеше мен Тайсойған үшін күйсеуін біліп , күндікке жан баққан жетім қозымын. Соған сай ауылымды аулақ қондырып, елден жырақтасам деп отырмын. Аға , батаңды бер,  өмір,  болса көрерміз. Дәм таусылса,сірә да жоқпыз ғой» дегенекен.[Ө.Әлімгереев «Құныскерей»А,2003,85-86-бет].
Бұдан әрі ол әуелде  өзімен бірге жортып, қағынан безген қанды көйлек серіктері – туған інісі Жәрдем мен Шеркеш Жәрдемді тауып алып, болашақта елде қалып, жаңа заман  тәртібімен тып – тыныш өмір сүрудің еш мүмкіндігі жоқтығын, халыққа қан түкіретіндей  зиян келтірмесе де , үкімет алдында  «банды» атанғандығы,егер құптаса үшеуінің шекара асып,  шет жерге кететіндігі , келіспеген жағдайда өзінің қара үзетіндігін айтады. Бірақ бұл ұсынысқа өз інісі Жәрдем келісім бермейді. Уәжі – бұдан былай үшеуінің топтанып  жүруі , бейсеует жанның,  тіпті шет жердегілердің  қай –қайсысына да  күдік  тудырады.  Ақыры – бір оқтың ұшында бәрі бірдей жан – тәсілім боп,  өмірден қош айтысады. Ал жалғыз – жарым болса,  бірі болмаса екіншісі аман қалады. Оның үстіне өзі (Жәрдем) ауру, аттың үсті, ұзақ жүріске  шыдай  алар түрі  жоқ. «Өмірімде мылтық та  атып көрмеген жанмын . Асылы ауылда қалып ,  тағдыр сыйын өзім – ақ  күтіп алайыншы » десе керек.  Екіншісі Шеркеш Жәрдем де бұл ұсынысты қуаттап,  өз жайымен бөлек кетеді. Ол біраз уақыт елде болады. Ақшат-Ақтау бойындағы, кезінде Құныскерей паналаған  үңгірде бой тасалайды. Ақыры бұл тірлік те  жалықтырып, тыныштық  іздеу ниетінде қызылдар қолына өз еркімен беріледі. Әрине, әуелден қолға түсіре алмай, тісін қайрап  жүрген жазалау орнының көктен сұрағаны жерден келіп , Жәрдемді біраз әурелейді . Әуелі абақтыға жауып, одан Тайсойған, Бүйрек бойын түгел аралатып, оншақты жылда не істеп, не қойғанын мойындатады. Істерін актілеп, қаттайды.  Артынан Гурьев  түрмесіне қайта қамап, ертең халық жауы ретінде  атылады  дегенде ол аталған  жерден қашып шығады да елдегі әкесін, бала –шағасын ілестіріп,  Қарақалпақ еліне өтіп кетеді. (Ол 1944 жылы 12 күн ауырып қайтыс болады). Ал,Құныскерей болса Мұғаджар арқылы  Башқұртстан  - Уфа жағына өтіп осында  1929-1930 аштық  жылдары елден үдере көшкен біраз ағайындарын тауып, 2-3 жыл бой тасалайды. Бұрынғыдай қашып – пысып өмір сүрмей  қала шетіндегі  теміржол станцияларының біріне  қарасты асханада  жұмысшы болып жүреді. Асханада жүріп Құныскерей аспаз үріп ауызға салар татар қызы Мәриямен танысып, көңіл қосып отау тігеді. 1933 жылдың күзінде, туған  жері Кеңқоқтыдағы әке – шеше зираты басына  екінші рет келіп, тәу еткен Құнекең кіндік кесіп, кір жуған өңірімен мәңгілікке қоштасып, Уфасына қайта барады да  құдай қосқан Мәриясын ілестіріп ап, із тастап Қарақалпақстан асады. Онда да өсек – аяң белең бергенде  бір түнде  күнгейдегі Кушка жеріне қоныс аударады. Түркімен ССР-нің Мары облысының  Кушкен ауданының  бір  колхозына 1936 жылы тұрақтайды. Бұл Қарақұм құмының Ауғанстанмен шекаралас жері. Онда ол колхозда ұста болып еңбек етеді. Соғыс уақыты басталған кезде елде қалады. Сол жылы колхоз сиырлары қотыр болып, оны ауылда көрген қазақ тәсілі  арқылы емдеп жазады. Қойдың тезегін айнала қалап, жанынан тесіп қояды. Содан аққан қи майын қотыр сиырларға жағады. Еңбекқор, түсі сұсты қайратты кісіні  колхоз  төрағалыққа  сайлайды. Ұзақ жыл сол колхозды басқарып кейін әртүрлі жұмыстар атқарады. Ол Түркімен жерінде өз аты-жөнін өзгертіп «Әбілқайыр Жаманов»деп аталып кетеді. Құныскерей туралы нақты дерек тек өткен ғасырдың 70жылдарының соңғы ширегінде елде «Құныскерей Түркімения жақта өмір сүріпті. Бала-шағасы бар екен, соңғы  әйелі де тірі екен» деген әңгіме шыға бастайды. Оған себеп  Қадыр  Нұржанов көп жылдар Қызылқоға ауданында, одан кейін Индер ауданында прокурор қызметін атқарады. Ол осы Тайсойғанда туып өскен, руы Тоғызбай, оның Сағыны, яғни Құныскерейдің аталас ағайыны. 1976 жылы Трускавец  курортына  демалуға  барады. Оңаша бөлме, артық адам басы жоқ, бар-жоғы екі төсек. Оның бірінде Қадыр болса, екіншісінде түркімендік бейтаныс заңгер. Бой-сойы, жасы да өзі құралыптас, әрі әріптес екен. Әдеттегі заңгер сынды бұл да артық әңгімеге жоқ, бірақ алғашқы таныстықтан соң-ақ  Қазақстаннан, тіпті Гурьевтен екенін біліп, әлде бір әңгімені айтарын-айтпасын білмей біраз отырды. Содан соң барып, есіне әлде не түскендей «Сол Гурьевіңде Тайсойған деген жер, Тоғызбай деген ел(ру)бар ма?»-деп сұрайды Қадекең де қарап қалмай «Бар, мына мен Тоғызбай, нағыз Тайсойғанның  өзіненмін»демей ме?!
-Құныскерей дегенді естуің бар ма?
-Естімегенде ше, ол менің ағайыным. Аталас жан.   Қадекең бұдан әрі «Бұл түркмен  Құнекеңді қайдан біледі, неде болса бір гәп бар ғой»деп тағы қарсы сұрақ қояды.
 -Құныскерейді қайдан білесіз?
 -Білемін. Керек десең ... жақсы білемін. Ол осыны айтты да, біраз уақыт үнсіз қалды. Ақыры сөз бастайды. Ендеше мен саған сол  бір ағайының жөнінде қызық әңгіме айтайын. Әуелі зейін қойып тыңдап ал, содан кейін ғана сұрақ болса қоярсың, -дейді түркімендік әріптес.
-Е, бопты, оған да  көндік, тек жөнін айтсаңыз жарады -Әлгінде өзің естігендей мен  Түркменияда тұрамын. Оның  Мары облысы.  Әйелім татар, бірақ Қазандікі емес, Уфаның  татары. Сол Марыда менің көптен білетін ескі танысым – Әбілқайыр Жаманов деген тұрады. Руы-Байұлы, оның Шеркеші. Кейде оны елдегілер Елемес, Андрей, Әндір, деп те атайды. Оның да әйгілі Уфаның татары  болатын,  аты Мәрия.  Уақыт өте келе екеуміз бажа боп, бір-бірімізді  жақын тұтып, ағайындай болып сыйласып кеттік. Кейде ұзақ отырып,  сырласып та қоятынбыз. 1964 жылы сол Елемес қатты  ауырып, мені бақиласуға шақырыпты. Бірақ қапелімде өле қоятындай ауру емес сияқты. Сонда да болса, қой сойып, қонақ етіп, кетерімде «Бауырым, қалай десең олай де, осы ауру түбінде мені алмай қоймайтыны сыңайда. Сондықтан әзірге бойымда қуат, өзімде ес барда саған бір әңгімені айтсам ба деп отырмын. Оны өтініш дейсің бе, әлде өсиет, болмаса аманат па, өзің біл. Бірақ орындайтын болсаң ғана айтамын, ал егер алда –жалда орындай алмасаң, бірден айт, басыңды қатырмаймын!»дегені. Өзін білгелі айтып отырған бір өтініші және әуелден сыйлас боп,  артық сөзге келмеген ақыл–есті ағам болғандықтан еш бұлтақсыз «Орындаймын!»дедім. Ол кісі бұдан әрі  біраз ойланып отырды да «Мен сендер атап жүргендей бұл өмірдегі Жаманов Елемес те, болмаса Әбілқайыр, Андрей де емеспін, әуелде азан шақырып қойған атым-Құныскерей, Фамилиям-Қожахметов. Туған жерім-Қазақстандағы  Гурьев облысы,  Қызылқоға ауданы . Оның Тайсойған құмы. Руым- Ысық, Ысықтың Тоғызбайы, Сағын бөлімі. Әуелден халқымыздың достық, жолдастықты  сыйлау, арсыздықты  емес,  адамшылықты жоғары қою деген адал қасиетін қадір тұтам деп желкеме тақап  тұрған жалаң қылышты қағып тастап , елден безген, «Еркек тоқты - құрбандық» атандым. Сол бір тік мінез қалпыммен қоғамды  ұжымдастыру  ісіне де қарсы шықтым. Онымды кеңестің жандайшап ,  тікбақайлары  көре  алмады. Ақыры ауылдан, алқалы ел ,  құйқалы белімнен  бездім.  Жылы төсек,  ақ тілек–әйел,  мұрагер– балаларымнан да қол үздім. Мүмкін дәмдері таусылмаса осы күні бір жерде жүрген де шығар. Егер жолың түсіп,  ыңғайы келіп жатса–менің бұл хабарымды елге, туған жұртыма жеткізерсің. Өліп жатсам-алысқа сүйреп, денемді итжемеде қалдырма,  осы отыз  жылдай тер төгіп, еңбек еткен ауылым «Саражданың» жанындағы «Кіші Әулие» қорымына қоясыңдар.  Құдай алдындағы  адалдығым  болсын-жаназамды  азан шақырып қойған атым–Құныскерей Қожахметов деп шығарып,  құлыптасыма «Жаманов Әбілқайыр»  деп жаздыртарсың.  Өйткені бұл өңірдің бәрі, тіпті туған әйелім, балаларым да мені Құныскерей емес Әбілқайыр деп біледі ғой.
           Даладан келдім, мені құртқан осы үкімет деп әлдекімге кек сақтап, бұртиып  қалған мен жоқ, қайта қалған өмірімде қоғамға адал қызмет етейін, қателігім болса ақтайын деп жаңа қоғамның гүлденуі үшін  жанымды беріп, бар күш қуатымды  салдым.  Құдайға шүкір ,  абыройсыз болған жоқпыз , қой бақтым, ұста болдым, ұжымшар басқармасының төрағасы, кеңшар директорының орынбасары, зейнеткерлікке шыққаннан кейін де қарап қалмай егін салдым, басқа да қызметтер атқардым. Соның бәрін білетін жандар болса,  жанымнан өтіп бара жатып , атымды көрсе,  басыма бір шөкім топырақ салып,  құран оқыр»,-дегені .  Құныскерей содан кейін көп кешікпей 1965 жылы 25 қаңтарда қайтыс болады.  Қызы Айманның естелігі: «Әкем өлерінің алдында «осыдан аман –есен бас көтерсем,  алдағы жазда екі қызым, кемпірімді  алып қалайда Тайсойғаныма барамын. Кеңқоқтымды аралап, ақ құмына аунаймын. Жусанын иіскеп, Жарыпшыққанның суына түсемін. Содан соң ататын жеріне өзім барамын» деуші еді. Бірақ оған тағдыр жазбады ғой» деп. Иә, сөйтіп нағыз ерлердің соңғы тұяғы да дүниеден өтті. Жәй өткен жоқ, туған жерге деген адами сағыныштан жарылып өлді. Беу, дүние-ай десеңізші.
                 Түркімен таптырмайды сағалауға,
                  Кер атпен жол шықпадым аралауға.
                  Сәлем айт, Бүйрек құм мен Тайсойғанға,
                  Салем айт, Қаракөл мен Қарабауға!.
      Бұл  Құныскерейдің  елге аманаты, жүрек жарған сағынышы. Оны Атырау облыстық Нұрмұхан Жантөрин филармонияның әншісі Елемес Мағазов өзіндік әуенімен орындайды. Шығандап көтеріледі, шымырлап құйылады. Тегінде сағыныш деген сол. Ол адуынды теңіз, аласапыран дауыл, құйып өткен нөсер. Сайып келгенде Құныскерей де бұл фәнидің сондай пендесі, аса бір бөлек жаратылған жалғасы еді ғой.
    Міне, Құныскерей жөнінде ел қарттары осылай дейді. Сол бір отызыншы жылдардың  өзінде ресми орындар  Құныскерей атына  «банды» деген атауды қосып жазды. Бірақ Құныскерейдің өзі айтқандай  «Мен осы қалпымда мойнымда әлде бір адал жандардың қаны кетпесін, өле кетсем де құдайымның алдында арым адал болсын деп, ылғи да не істесем де өлімнен қашып, өз жанымды  сақтау амалымен жүрдім. Әйтсе де менің бұл амалымды біреу білсе, екіншілері білмейді» деп ағынан жарылады екен. Мүмкін де, ол сәт сайын ажалмен арпалыса жүріп, тірлігінің қадірін жоғары қойды.
         Мыңмен жалғыз алысып, бандылық емес, басының амандығына бола күй кешті, өлімнен қашты, бірақ өлімнен қорыққан жоқ, қайта онымен арпалысып, ылғи да биікке шықты, жеңіп отырды. Бір сөзбен айтсақ нағыз ажалды жеңген адам Құныскерей.
           Құныскерей банды боп, жарлыны жылатып, байды қақсатып, алдындағы малын, маңдайындағы бағын тартып алған ештеңесі жоқ.  Алса түсіндіріп, тек қана кісілігімен, келісіммен алды. Құныскерей құйтырқы саясатқа, қырғи қабақ адамдардың іс –қимылдарына қарсы болды. Сүттей ұйыған  елді  бықпырт  тигендей  аздырып,  адамын ала көз, малын ортақшыл, дүниесін тәрік, санасын сасық, пиғылын пасық қылғанына наразылық білдірді. Оны жаңа толқын саясат түсінбесе де қаймағы бұзылмаған  қайран  ел,  ұлтжанды  Ұлы Даланың  тамырлы, танымды ұлдары терең түсінді. Жүрдек уақыт бәрін де сүртеді, ұмыттырады. Бірақ туған халқының азаттығы мен теңдігі үшін елден безіп, теперіш таяғын жеген Құныскерейлер ұмытылуы мүмкін емес-ау!  


Қорытынды
Ғылыми жұмыс XX ғасырдың бірінші жартысында Қазақстанның әлеуметтік және саяси құбылыстары мен Кеңес өкіметінің кейбір саясаттарына қарсы бағытталған Құныскерейдің өмірі мен қызметі туралы кеңінен қамтылады. 20-шы жылдардағы Қазақстанның әлеуметтік жағдайы мен қазақ шаруаларының мал – мүлкін тәркілеу және қуғын – сүргін саясатына арналады. Қазақстанның басынан өткеріп отырған қиындықтары XX ғасырдың 20-шы 30-шы жылдарынан басталады. 20-шы жылдың басында Қазақстанның экономикасы өте ауыр жағдайда болды. Өйткені үлкен адам шығыны мен арты ашаршылыққа ұшыраған 1916 жылғы ұлт азаттық көтеріліс, мал шығынына ұшыратқан Азамат соғысын айтпасқа болмас.     1920жылы  елді индустрияландыру, күшпен  ұжымдастыру,  байлардың малын тәркілеу сияқты шаралар жүргізді. Осындай Кеңес өкіметінің келеңсіз жағдайларына  алғаш қарсы болып шыққандардың бірі Құныскерей болатын. Осы қылығы үшін тағыда Кеңес өкіметіне  жақпай «банды» халық  жауына айналады.«Банды» деп жүргендер әкімдер.Ел оны«банды»деп білмейді. Құныскерей  банды болып тумаған, кісі қанына құмар да емес. Ауыл-аймақтан алыстатқан  жаңа заманның тәртібі. Оның жазығы Кеңес өкіметінің жауына,  өзінің қанды көйлек досына араша түскені. Сол қапыда көз жұмған досы үшін бұл жаңа қоғаммен жаңа адамдармен жау болды. 
             Құныскерей алды-жар, арты –құз тағдыр иесі. Оның өмір дәуірі дүрбелеңге толы күрделі кезең болды. Мұндай аумалы төкпелі заманда талайлардың қателескені,  талайлардың  талқан болғаны белгілі. Құныскерей сондай жандардың бірі деп есептеймін. Егер қол бастап,  жауға шапқанда ол да дала батырының бірі болар ма еді, кім білсін!? Бірақ ол жаңа қоғамға қарсы тұрды, мыңмен жалғыз алысты. Ұзын сөздің қысқасы,  ақыры туған жерін, бала-шағасын тастап  туған елден безінуге тура келді деп сөзімді аяқтаймын.


Соңғы жарияланған материалдар тізімі
Мен атамды мақтан тұтамын
"Абыралы көтерілісі" тақырыбына арналған мақала
Еске алам, сағынышпен
Анамдай болған асыл жан.
Еске алам, сағынышпен
Ұлы Отан соғысының ардагері
Қайрат Жұмағалиев «Мен соғысты жек көрем»
Сыр қойнауынан шыққан тарихи тұлға – Жүсіпов Қожамжар
Құныскерей туралы тарихи ақиқат
Вальс падишасы
Бөлім: Уроки / Тарих | Көрсетілім: 3221 | Қосты: NA | Ілмек сөздер:
Информация
Посетители, находящиеся в группе Гости, не могут оставлять комментарии к данной публикации.
Бөлімдер
История
открытые уроки по истории
Педагогика
открытые уроки по педагогике
Биология
открытые уроки по биологии
Информатика
открытые уроки по информатике
Математика
открытые уроки по математике
Физика
открытые уроки по физике
Химия
открытые уроки по химии
Разное
открытые уроки
География
Открытые уроки по географии
русский язык