Ұстаздар сайты u-s.kz Сайттың атауы www.u-s.kz
» » Қазақ тұрмыс салтындағы киіз бен шидің маңызы


Қазақ тұрмыс салтындағы киіз бен шидің маңызы
Қозыбақова Күльзипа Қуанышбекқызы
Алматы қаласы Абай атындағы дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын мектеп-интернатының технология пәнінің мұғалімі

Қазақ тұрмыс салтындағы киіз бен шидің маңызы

Көшпенді өмір салтын ұстап, төрт түлік малына жайлы қоныс іздеп көшіп-қонып жүрген ата¬бабамыз үшін ыңғайлы деп тапқан жаңа қонысында тігуге де, керек бір сәтте жығуға да, түйеге артып жүруге де тиімдісі киіз үй болғаны мәлім. Ал енді осы қазақ үшін қастерлі, киелі ұғымға айналған киіз үйдің сүйегін жасаумен ежелден ер кісілер жасаса, оның іші мен сыртына қажетті мүлік пен көз тартар жасау ¬жабдығын қазақ әйелдерінің шебер қолынан шыққаны даусыз. Ол кездері бүгінгідей керегіңнің бәрін сатып алатын жақын маңда базар да жоқ, болған күннің өзінде әйелдің әйелдігін, ісмерлігін танытатын ондай мүліктерді базардан сатып алу ақылға сыймайтын болған. Ата¬бабаларымыздың малын сатып, базардан алатыны қант, шай¬тұз, кездеме, бұл сияқты өздеріне табыла бермейтін қат дүниелер болатын.
Күн көрісі төрт түлік мал болған соң, оның етін де, сүтін де, терісін де, жүнін де ысырап қылмаған қазақтар оларды қалай тиімді пайдаланудың жолдарын білген.
Қазақ әйелдерінің жиі пайдаланатын қолөнер материалына малдың терісі мен жүні жатқан. Олардан киім-кешек те, ыдыс-аяқ та, киіз үйдің мүліктері де жасалған. Қырқылған қой-ешкі жүнін жуып, шайырынан айырған әйелдер ешкі жүнінің қылшығын арқан-жіп есуге алып қалып, түбітінен қолғап, мойын орағыш, орамал, тақия тоқиды. Ал жуылған жүнді кептірген соң тулақтың үстіне жайып, екі сабауды қолына алып, кезекпен сабалайды. Сабап, қопсытылған жүннен арқан еседі. Одан кейін жүн түтіп, оны шүйкелеп, шетінен ұршыққа иіреді. Иірілген жіптен қап, алаша, басқұр, терме тоқылады.
Қазақ әйелдерінің қолөнер туындыларының ішінде ең кең тарағаны, технологиялық жағынан жетілгені – киіз басу. Жұмсақ келген күзем мен қозы жүнінен басылатын киізге апаларымыз өздері тоқыған ши, ескен мықты арқан жіпті пайдаланған.
Қазақтардың шиді топтап-топтап беліне салып тартып қалатыны, сонда бір уыс ши күтір етіп суырылып шығатынын оның қабығын аршып, сыртына қызылды-жасылды жүн орап, аз бақанды көлденең құрып, оның екі жағына қалақ-қалақ тас теңдеп, үйге ұстайтын әдемі жасау тоқып шығаратынын талай жерде көріп жүр. Шиді көбінесе еркектер тартып, әйелдер тоқитын. (Ә.Кекілбаев. Үркер).
Ши – киіз үйдің ішін әсемдеуде шидің алатын орны ерекше. Неше түрлі сырмен боялып, сағанақтары күмістендірілген кереге көздері мен құлпырған құр таңғыштарға, термелеп өріп, жібекпен шашақтаған уық бауларға, зермен кестелеп шұғамен оюлаған туырлық пен үзіктің ішкі өрнектеріне ши жалпы түр беру ретінде өте үйлесіп-ақ тұрады. Ши бұйымын жалпы сырт көрінісіне қарай үш түрге бөледі: ақ ши, ораулы ши, шым ши (шымораулы ши). Қазақ арасында осы түрлерінің әрқайсысы орын-орнымен қолданылады. Мәселен, ақ шиді оралмай, құр өзі тоқылатын болғандықтан көбінесе киіз басуға, өре жаюға, сүзгіге, шыптаға мал сойғанда еттің астына салуға, сырғауыл салынған үйдің төбесін жабуға ұстайды. Ал өн бойы түгел оралған өрнекті шиді шым ши дейді. Оны киіз үйге, ас-су, ыдыс-аяқ тұратын жерге қоршау етеді. Кейде оны түскиіз орнында ұстайды. Өнбойы тұтас емес, әр жерінен оралған шиді ораулы ши дейді. Тоқылатын ши мал аяғы баспаған соны жерден жаздың орта шенінде әбден бойлап өскен кезде тартылады. Шиді таңертен, кешке немесе жаңбырдан кейінгі шық кетпей тарту керек. Мұндай кезде жер жұмсақ ши суырылғыш келеді. Әзірленген шиді шыбығын аршып, бумалап көлеңкеге кептіреді де, өрнектеп орайды.
Күнделікті қажетіне жарап, киіз үйдің туырлығына, түңлігіне, үзігіне жабуға және жерге төсеуге арналған киіз басу өнері туралы жазылған этнографиялық сипаттағы еңбектер көп. Ал көркем әдебиеттегі киіз басу, оған қатысты лингвомәдени бірліктерді Ә. Кекілбаевтың шығармасынан кездестірдік:
Күн ашылса болды, жұрт үйлерін қып-қызыл ғып жалаңаштап, киіз жамайды. Әйелдер топ-топ боп жиылып білектерін сыбанып ап шуылдасады да жүреді. Біреулері үйлерінің ық жағына екі ашаға ақ бақанды асып салып, үстіне жіпке тас байлап жыпырлатып іліп қойды: оған анадай жердегі Қараойдағы еркектердің беліне орап-орап күрт-күрт тартып әкелетін құшақ-құшақ шиді бір талдап салып, әлгі жіп байланған тастардың біреуін әрі, біреуін бері жып-жып алмастырып ши тоқиды. Қолдарына көз ілеспейді. Түске дейін бір құлаш шыптаны бір-ақ тоқып тастайды. Енді біреулері әлгіндей ши шыптаны төсеп тастап үстіне қап-қап жүн әкеліп жұқалап жая бастайды. Әбден жайып болғасын бірнешеуі бінеше жерден тұрып алып саптыаяққа құйып әкелген суды ұрттап ап, алдарындағы бұрқырап жатқан мамық жүннің үстіне бүркіп шаша бастайды. Сосын әлгі шиді ішіндегі су бүріккен жүнмен қосып шиыршықтап орап, екі-үш жерден арқан салып, екі жақтан екі топ болып тұрып алып, әрі-бері домалатып бағады. Бір уақытта домалатқандарын қоя қойып, ораулы шиді қайта жазады. Манағы бұрқырап жатқан жүн енді бір-бірімен ұстасып, талдырғыға айналыпты. Енді әйелдер оны бір шетінен шымырып бүктеп шиыршықтап орай бастайды. Ораған жерлерін жапа-тармағай жата қап шынтақтарымен жаныштап, тағы да орайды, тағы да орап, тағы да жаныштайды. Бір уақытта әбден жанышталып сілікпесі шыққан жүн киіз болып шығады. Киізді күн жаққа апарып жайып қояды (Ә. Кекілбаев. Үркер).
Басылу технологиясы бойынша киізге ұқсас үй жиһаздарының ішінде әсемдігімен, жылылығымен ерекшеленетін төсеніштің бірі – текемет. Алайда оның киізден ерекшелігі, жүн әр түрлі түске боялып, шидің үстіне жайылған жүннің ортасы мен жиектеріне ою салынады. Киіз пісірілгенде, рет-ретімен орналастырылған оюлар жүнге кірігіп кетіп, текеметтің бетінде сақталып қалады. Табиғаттағы түстерді бір¬бірімен үйлестіріп және киізге салынатын түрді, оюды асқан тапқырлықпен тауып, ретімен, орнымен талғампаздықпен орналастыруы қазақ әйелдерінің шеберлігін аңғартады. Осындай жолмен басылған текеметтің сан түрлі бояуы жерге төсегенде не жайылғанда, күнмен шағылысып, құбылып, көз тартар әсемдік үлгісіне айналары сөзсіз.
Біздің ата-бабаларымыз ерте кезден табиғи материалдарды күнделікті тұрмыста қолдануды білген. Шикізатты экологиялық таза аймақтардан жинау, бүлдірмей сақтау, олардан тұрмысқа қажетті бұйымдар жасау ісін біздің ата-бабаларымыздан артық білетін халық жоқ десек дұрыс шығар.
Қазіргі заманда қолданылатын әрбір бұйымдардан қазақ халқының ұлттық нақыштары көрініс тапқаны дұрыс деп ойлаймын. Сол арқылы қазақ халқы басқа халықтарға өздерін жоғары деңгейде көрсетіп, олармен теңесе алады. Осындай ізденістер келешекте қолөнер саласында өзіндік қолтаңбасы бар азаматтар тәрбиелеуге септігін тигізері сөзсіз.
Соңғы жарияланған материалдар тізімі
Киіз үй –көшпелілердің баспанасы
Киіз үй
Үй жиһаздарының негізгі бөліктерін, жиһазды құрастырғанда қолданылатын біріктірушілерді дайындау
Қатты материалдан жасалатын үй жиһазын жобалау ерекшелігі
Сандық және кебеже беттерін әшекейлеп оюға эскиздер дайындау
Ата кәсіп - ши тоқу
Киіз үй бөлшектерін құрастырып бекітудің әдіс-тәсілдері
Киіз үй жиһаздары
Киелі киіз үй.
Киіз үй жиһаздары
Бөлім: Статьи / Ұстаздарға | Көрсетілім: 1969 | Қосты: NA | Ілмек сөздер:
Информация
Посетители, находящиеся в группе Гости, не могут оставлять комментарии к данной публикации.
Бөлімдер
Ұстаздарға
Ата-аналарға
Біздің мектеп
Баяндама
Эссе
Оқушыларға
Конкурс ең үздік шығарма
Ең үздік шығарма конкурсына арналған. Шығармаларды осы жерде жазамыз