Ұстаздар сайты u-s.kz Сайттың атауы www.u-s.kz
» » "Отты жылдар елесі" шығарма


"Отты жылдар елесі" шығарма
Жер бетін тып-типыл етуге ұмтылған, аранын ашып, әлемге алақұйын жалын шашып, жан біткенді жалмауға жанталасқан заһарлы зұлмат - екінші дүниежүзілік соғыс туралы шығарма жазуды бастағанымда, бұл тақырыпты он бетке болсын, жүз бетке болсын сыйғызудың мүмкін еместігіне көзім жетті. Себебі, соғыс-уақытқа тәуелсіз, ешқашан өзгермейтін, ешқандай сынға берілмейтін азап. Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына жарты ғасырдан астам уақыт өтсе де, отты жылдардың елесі әлі күнге халық жүрегінен өшпегенін түсіндім. Өйткені, адамзаттың бүгінге дейінгі сапарындағы ең сұрапыл қырғын да Ұлы Отан соғысы екені әлемге аян.
Қанша үйдің ұрлап адамын,
Қанша үйде сөніп қалды оттар, - деп ақындар жырлағандай, әр шаңыраққа, әр жүрекке салған жара жетпіс жыл өтсе де әлі жазылып қойған жоқ. Елдің елдігін, ердің ерлігін сынайтын нағыз тарихи аласапыран кезеңде:
Қасиетім менің,
Адалдығым менен ақтығым.
Жаныма қуат
Жүрегімнің таза пәктігі.
Тәңірімнен күнде
Көз жасыммен тілеймін
Өтсем екен деп
Тірі жанға болмай жаттығым, - деп ақын Әбділдә Тәжібаев жырлағандай, парасаттылық, адалдық, жүрек пәктігі сияқты ізгі қасиеттерді биік ұстап өткен Қазақ халқы ел басына күн туған қасіретті шақта Отанды қорғауға аттанды. «Адал адам Отанын сүйеді. Адал, ақ жүрекке Отан анасындай. Отанның дегенін істеу - қуаныш, мақтаныш. Отанға деген махаббатты бізде өлшеуге болмайды», - деп Баубек Бұлқышев айтқандай, жаратылысынан ақкөңіл, ақжүрек, батыр, намысты халық өз мүддесінен Отан мүддесін артық қойып, өмірін құрбан етуден асқан асыл мұрат жоқ екенін, Отанға деген махаббатын осылай дәлелдей білді.
Қазақ деген-батыр халық. Ол еңкейгенде еңкейеді, шалқайғанда шалқаяды. Шірене қалса, асқар-асқар тауларына сүйенеді, еңкей қалса, азаматтығына, өзінің парасаттылығына сенеді. Сөйлесе Қазыбек данадай шешендігі бар, Төле бидей көсемдігі бар, айтыса қалса, дауласа қалса Бөгенбайдай ерлігі бар, Қабанбайдай ірілігі бар, қолынан қиыстырып жол табар Абылайдай тірілігі бар ел. Қазір өз алдымызға мемлекет, тәуелсіз ел болсақ та, ол кездегі Кеңес Одағы барлық халықтардың ортақ мемлекет болып есептелгендіктен, батыстан жау шапқанда Отанымыздың абыройын, бостандығы мен тәуелсіздігін қорғауда жаппай ерлік пен қайсарлықтың үлгісін көрсетті. Даламыз қандай кең болса, пейілі де сондай кең, жер қойнауы қандай бай болса, жүрегі де сондай бай халқымыз қан майданда елдік мінездері мен ерлік қасиеттері сынға түсті. Осы жолда қанша ардагер әкелеріміз, аталарымыз бен апаларымыз қанын төкті, жанын пида етті десеңші! Осылайша, біздің халқымыз соғыс барысында бүкіл әлем алдында бар ұлылығымен көрінді. Сол кездегі Кеңес Одағы халықтарының тұтасқан бірлігі мен мызғымас достығы, халық пен әскердің жаппай ерлігі Жеңісіміздің кепілі болды. Басынан аяғына дейін құрыштай қаруланған гитлершілдер соғыстың бас кезінде 190 дивизияны, 5 мыңдай самолетті, 3700-дей танкті, 50 мыңнан астам қару мен минометті шабуылға шығарды. ССРО жеріне басып кірген жау әскерлерінің жалпы саны бес жарым миллион адамға жетті. Оған дейін 12 мемлекетті басып алған және 14 одақтасы болған жау Баренцов теңізінен Қара теңізге дейінгі аралықтағы зор майдан шебінде соғыс ашты. Гитлер және оның төңірегіндегі дүлейлер Кеңес елін «тұтқиыл» шабуылмен талқандап, әлемдегі тұңғыш социалисті мемлекетті құртып жіберуді, совет адамдарын құлға айналдыруды, Кеңес елін герман империализмінің отарына айналдыруды ойлады. Бірақ, совет халқы міз бақпай, анталап келген жауға айбындылықпен қарсы тұрды. Халық Коммунистік Партияның басшылығымен өзінің Отанын қорғауға батыл бел буып шықты, әділетті азаттық соғысқа жұп жазбай тұтаса көтерілді, бұрын болып көрмеген табандылық пен қайсарлық танытты. Осындай сұрапыл соғыс күндерінде халқымыз майдан мен тылда жеңіс үшін керекті жағдай жасаудың ауыр жүгін көтерді. Майданға кеткен талай мыңдаған жұмысшылар мен шаруалардың орнына шексіз қиын, ұйқысыз, ас-сусыз еңбек вахтасында әйелдер мен балалар, мүгедектер мен зейнеткерлер тұрды. Әр отбасының басшысы майданда болды. Сондықтан, сол кездегі адамдарға тәулік бойы жұмыс істеуге тура келді.. «Бір минут ішінде сен соғысқа дейін бір сағатта істегеніңді істеуге тиіссің!» деген ұранды ұстанған адамдар қатал тәртіп пен еріксіз жұмыс істетулерге қарамастан, асқан шыдамдылық танытып, ешқандай қысым көрсетусіз-ақ ұйымшылдықтың асқақ үлгісін көрсетті.
Ер елім, көрсет тағы еңбек күшін,
Еңбекпен қас дұшпанның өрте ішін.
Түр білек, түс еңбекке ту астында
Бәрі де майдан үшін, жеңіс үшін, - деп халық ақыны Нұрпейіс Байғанин елді майдан үшін еңбек етуге үндегендей, тылдағы жұмысшылар Республикамыздың ауыр өнеркәсіп саласында да адам айтқысыз жетістіктерге қол жеткізді. Мәселен, осындай қысқа мерзім ішінде Қазақстанның түсті металлургия саласында ондаған рудниктер, шахталар мен байыту фабрикалары ашылды. Содан кейін Ақтөбе ферроқорытпа зауыты, Теміртаудағы металлургия зауыты, Гурьев мұнай айдау зауыты іске қосылды. Кенді Алтай өнімдері, Шымкент қорғасыны, Балқаш мысы, Ақтөбе ферроқорытпалары, Қарағанды көмірі, Ембі мұнайы - осылардың бәрі майдан қажеті үшін жөнелтіліп жатты. Балам, сенің бұл халқың-батыр халық,
Батырлығын жауына татырды анық, - деп ақындар жырына арқау болған халқымыздың батырлығы, ерлігі қан майданда талай рет дәлелденді. Жау жағадан алғанда елін қорғау өмірлік парызы деп білген, елін ерлерше қорғап, Отан соғысының лаапылдаған отының ішінде қаза тапқан жалынды публицист, ер жүрек жауынгер Баубек Бұлқышев Отанды қорғауды азаматтық борышы деп түсінді. «Өмір сүргім келеді» деп шырылдаған небәрі жиырма сегіз жастағы жауынгер өзінің ерен еңбегі мен керемет батырлығының арқасында дүние жүзіне танылып, үлкен құрметке бөленді. Жауынгер қаламынан шыққан жалынды үн жерлестерінің жанын тебірентіп, отты жылдарда өз рөлін атқарды, болашақ ұрпаққа айнымас ұран болып қалды. «Біз-кеңес адамдарымыз, біздің жүрегіміз темір емес. Бірақ біздің кек отымыз қандай темірді болса да ерітіп, күйдіріп жібере алады... біздің үрейді жеңетін ең күшті қаруымыз бар, ол - Отанға деген сүйіспеншілік», - деп еліне, жеріне деген шексіз махаббатын, құрметін майданда дәлелдеген, бүкіл әлемді шошытқан халқымыздың біртуар азаматы, қайталанбас тұлға Бауыржан Момышұлының ел үшін еткен еңбегін айтпай кеткен мүмкін емес.
Даңқы генерал-майор И.В.Панфиловтың басшылығымен Алматы маңында жаңадан жасақталған 316-атқыштар дивизиясының құрамында Мәскеу түбіндегі ұрыстарға қатысудан басталған Б.Момышұлы тарих сахнасына шықты. Атақты әскер қолбасшысы Б.Момышұлы жарық жолын Жетісудан бастап, Европаның төріне - Берлинге барып ат басын тіреді. Полк командирінен дивизия командиріне дейінгі даңқты жолды басып өтті. От-жалын кешіп жүріп:
Болса егер менің саған керегім,
Күндерімді, түндерімді,
Ой толқынын, сыр толқынын
Саған ғана беремін! - деп ерлікті, елдікті, отансүйгіштікті насихаттады.
«Қолын кессең бір сөз айтпас,
Шын қаһарман ер жігіттер
Аз болмады қазақта» дегендей, төсін оққа төсеген батыр аталарымыз Т.Тоқтаров, М.Ғабдуллин, Н.Әбдіров, Р.Амангелдиев, С.Баймағамбетов, Д.Шыныбеков, С.Жылқышев, Т.Мырзаевтың есімдері алтын жұлдыздың сәулесімен шағылысып, өткен ғасырдағы сұрапыл күндерді еске салады.
Сол майданда біздің аруларымыз да талай қиындықтарды бастан кешті. Қолдан келместей көрінгенімен, сол кездері нәзік жанды әйелдер кез келген батырдың өзін қайыстыратын жүк көтерді. Олар өздеріне ешқандай жеңілдікті талап етпестен, қашан да жауынгерлермен бір сапта тұрды. Тіптен, дәл осы қыздардың бар болуы жауынгерлерді рухтандырып, оларға күш-қуат берді.
Ерліктің қос қанаты деп білемін
Аяулы Әлия мен Мәншүгімді, - деп есімдерін ән-жырға арқау еткен шығыстың қос жұлдызы Әлия мен Мәншүк есімі бүгінгі ұрпаққа ерліктің ғажайып үлгісі деп айтар едім. «Майданға жіберетін ешкімім жоқ, ағам да, апам да жоқ, сондықтан менің өзімді жіберуді өтінемін» деп Алматыдағы медицина интитутының жас түлегі Мәншүк Мәметова Отан қорғаушылар қатарына өз еркімен қосылғысы келетінін білдірген болатын. Жас қыздың қайтпас қасарлығы таң қалдырмай қоймайды. Сол секілді мергендігімен талай жаудың көзін құртқан Әлия есімі тарих парақтарында алтын әріппен жазылып қалды. Мәншүк пен Әлиядан басқа халқының абыройын асырып, елінің даңқын шығарған, от пен оқтың арасында жүріп, жаралыларды өлімнен құтқарған көптеген Қазақ қыздары майдандағы ерліктеріне лайық орден, медальдармен, бас қолбасшының алғыс хаттарымен марапатталған. Алайда, осы сұрапыл қанды қырғында өмір мен өлімнің арасында жас өмірін сарп еткен Қазақ қыздары жөніндегі деректер өте аз, олардың көбісінің есімдері де белгісіз. Мұны майдангер Қазақ қыздары кешіре қоймас!
Әлеуметтік-тарихи өзгерістер мен құбылыстарға қашанда алдымен үн қатуға, өз үнін білдіруге әзір елгезек халық ақындары мен жазушыларының шығармалары бұл жылдары ерекше шабытқа толы болды. Олар жазушылар мен ақындардың туған халқына қалтықсыз қызмет етіп, соның мұңын мұңдап, жырын жырлауының айқын айғағы еді.
Халық ақыны Н.Байғанин шығармаларының басты тақырыбы майданға көмекті күшейту, жауынгерлердің рухын көтеріп, олардың бойында ел алдындағы борышты өтеу сезімін тәрбиелеу болды. Ақын жауға деген ыза-кегін:
Өлер күнің таянды:
Халық түгел ашынған,
Алар сенен қанға-қан
Алар сенен жанға-жан
Жоқ боларсың, бітесің,
Адам жауы-сұр жылан,- деп білдіреді.
Осындай сұрапыл жылдары бір қолына қару, бір қолына қалам ұстаған өршіл рухты, сыршыл батырымыз, жан дүниесі шымырлатқан шерге толы ақынымыз Қасым Аманжолов болды. Буырқанған була күшке, екпінді еркелікке толы, шиыршық атып, бұлқына ойнап тұрған айбынды, қайраты, тепсініп темір үзердей ішкі қуаты сапырылыса, шайқала шапшыған ақын өлеңдерінде Отанға деген шексіз махаббатын керемет суреттейді. Ақынның осындай отты, өршіл шығармаларының бірі - «Ақын өлімі туралы аңыз» поэмасы. Басқыншы зұлым жауға ең соңғы оғы қалғанша берілмей соғысып, ажалмен бетпе-бет тұрған, ерлікпен қаза тапқан жауынгер ақын Абдолланың ерлігін, батырлығын суреттейтін бұл шығарма керемет ұлтжандылықпен, ерекше айбындылықпен жазылған.
Қасиет-күші ұлы Отанның,
Қанатын бер қыран құстың!
Ашуын бер арыстанның,
Жүрегін бер жолбарыстың! - деген поэма үзіндісі «ата жаумен арпалысқан ұланды ұлы ететін, жаужүрек батыр ететін - оның Отанына деген махаббаты» дегенді дәлелдейді. Шынымен де, елін, жерін тебірене сүйген адам ғана батырға айналады! Махаббат пен ашынудан серпіліп тұрған сұрапыл жігер-қайратты өр кеудесіне сыйғызған жас батырға арналған поэма - ақынның қасқырдай анталаған жауға қарсы ашынуы, айбары, дос туралы жан азасы еді...
Ұлы Отан соғысы, ондағы Жеңіс талай адамдардың тағдырын күрт өзгертті, талай жанның өмірін үзді. Ал енді бүгін, 9 мамыр күні, бұл мейрамды бүгінгі майдангерлер –соғыстың алғы шептерінде қайсарлықпен шайқас жүргізіп, ерліктің сан үлгілерін көрсеткендер, ал бүгінде бейбіт еңбекке араласып жүрген Ұлы Отан соғысының мүгедектері тойлайды. Бұл мейрамды өздерінің тылдағы қажырлы еңбектерімен жеңісті шыңдаған шаруалар тойлайды. Бұл мейрамды өздерінің әкелерін, ерлерін, ұлдарын және сүйіктілерін көзінен жасы сорғалай жүріп төзімділікпен күткен аналар мен қыздар тойлайды. Осынау Ұлы Жеңіс күнінде Отанымыз үшін өзінің жанын пида еткен, туған-туысқандарына, жақын-жарандарына, тамыр-таныстарына қайтып оралмай қалған қаһарман ерлерді ел болып еске түсіреміз. 9 мамыр – фашизмді жеңген қаһарман халқымыздың мереке күні. Осынау қуаныш үшін өмірлерін қиғандарды еске алу күні. Бұл күні аналар мен жесірлердің жүрегі осыдан 70 жыл бұрынғыдай сыздайды. Бүгін жеңімпаздардың, олардың балаларының, немерелерінің жүрегі мақтаныш сезіммен лүпілдей соғады!
Ешқашанда жауынгер ерлігі мен жеңісті еңбегімен соққан еңбекшінің ерен ерліктері ұмытылмайды. Сол сұрапыл соғыста батырларымыздың сақтап қалған байтақ жеріміз бүгінгі күні дүние жүзі таныған, әлем мойындаған мемлекет болып қалуы біз үшін үлкен мақтаныш, жетістік. Бүгінде біздің азаматтық міндетіміз – болашақ ұрпақты Отанын сүюге, елінің, жерінің адал патриоттары, достық пен бірлік туралы түсінік беру арқылы отансүйгіштікке тәрбиелеу. Қазір Республикамыздың дүние жүзінің алдыңғы қатарындағы мемлекеттердің бірі болып, ең бастысы, елімізде бейбітшілік пен ынтымақтың өріс алып, халқымыздың тыныштықта бейбіт өмір сүріп келе жатуы - тұңғыш президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың адал да ұтымды тактикасының, үлкен парасат пен биік талғамының арқасында. Сондықтан біз, ХХІ ғасыр жастары, осындай байтақ елде тұрып жатқанымызға бақыттымыз!
Жауды жеңіп табанға сап,
Жермен-жексен еткен ерім.
Қуан,қуан, күлші сақ-сақ
Шын жеңіске жеткен елім!
Соңғы жарияланған материалдар тізімі
Соғыс жайлы не білеміз? Шамалы..
ЖЕҢІС ТУЫ ЖЕЛБІРЕЙДІ МӘҢГІЛІК
Ұлы жеңіс - жасасын!
Ер есімі- ел есінде
Ерлік ұрпаққа ұран
9 мамыр Жеңіс күні!
Ару қыздар – алаулап от кешкендер!
Қазақстандықтардың Ұлы Отан соғысына қатысуы
Ер есімі – ел есінде
Ұлы жеңіс тарихы

Автор Кенжебекова Жанна

Қапшағай қаласы "Сарыбұлақ ауылындағы №8 ОМ МДШО" МКМ

Бөлім: Материалы / Оқушымен жұмыс | Көрсетілім: 5365 | Қосты: NA | Ілмек сөздер:
Информация
Посетители, находящиеся в группе Гости, не могут оставлять комментарии к данной публикации.
Бөлімдер
Авторлық бағдарлама
Коучинг жоспарлары
Мектеп әкімшілігі
Мектептен тыс мекемелер
Сыныптан тыс жұмыс
Оқушымен жұмыс
Тәрбие сағаты
Ата-аналармен жұмыс
Қосымша жинақтар
Бастауыш сыныпқа арналған ашық сабақтар
Қазақ тілінен ашық сабақтар
Әдебиеттен ашық сабақтар
Открытие уроки по русскому языку
Уроки литературы
Ағылшын тілінен ашық сабақтар
Биологиядан ашық сабақтар
Химиядан ашық сабақтар
Физикадан ашық сабақтар
Математикадан ашық сабақтар
Информатикадан ашық сабақтар
Тарихтан ашық сабақтар
Географиядан ашық сабақтар
Адам және қоғам пәнінен ашық сабақтар
Психологиядан ашық сабақтар
АӘД пәнінен ашық сабақтар
Өзін-өзі тану пәнінен ашық сабақтар
Құқықтан ашық сабақтар
Экономикадан ашық сабақтар
Музыкадан ашық сабақтар
Технологиядан ашық сабақтар
Дене шынықтыру пәнінен ашық сабақтар
Сызу сурет пәндерінен ашық сабақтар