|
|
Сейсенбаева Ләззат
«Бейнеу мектеп-интернаты»
Бастауыш сынып мұғалімі
Бейнеу ауданы Сарға селосы
Оқушы бойына ұлттық құндылықтарды сіңіре отырып, адамгершілікке тәрбиелеу
«Адамға ең бірінші білім емес тәрбие берілу керек.Онсыз берілген білім-адамзаттың қас жауы»,- дейді ұлы ғұлама Әбу Насыр Әл-Фараби. М. Жұмабаев «қазақтың тағдыры, келешекте ел болуы да тәрбиеден басталады», - деп жазады. Олай болса, білім алудың негізгі қағидасы тәлім-тәрбие. Шығыс ғұламасы: «тәрбиесіз берілген білімнің құндылығы болмайды»,-дейді тағы да
Расында, бар күшімізді білімге жіберіп, бала тәрбиесін назардан тыс қалдырсақ, біздің ұрпақ алдындағы үлкен қателігіміз де сол болмақ.
«Бала тәрбиесі-баршаға» демекші ұстаздар, тәрбиешілер баланы дұрыс тәрбиелеуге, санасының қалыптасуына үлес қосамыз. Бүгін ақылды ұрпақ тәрбиелеп,ертеңге сенімді ұрпақ табыс ету де біздің еншімізде десе де болады.
Ұрпақ тәрбиесіндегі басты ұстаным-тәрбиелеудің ұлттық жолдарын саралап, айқындап бала бойына сіңіре білу. Яғни, бала бойына ұлттық құндылықтарды сіңіре отырып, адамгершілікке тәрбиелеу. Өткені, ұлттық тәрбиенің мақсаты болашақта ұлттық сана-сезімі жоғары,өз елінің салт-дәстүрін,тарихын,мәдениетін жақсы білетін, сүйетін, ұлттық құндылықтар мен жалпыадамзаттық құндылықтарды ұштастыра білетін ұлтжанды тұлға тәрбиелеу. Ұлттық санасын ояту, өз ұлтының ана тілін, дінін, мәдени мұраларын меңгерту. Бала бойына жанашырлық, сенімділік, шыдамдылық, намысшылдық тәрізді ұлттық мінезді қалыптастыру.
Елбасымыз Н. Назарбаев: «Оқушыларды қазақстандық патриотизмге шығармашылық жағынан жеке тұлға ретінде тәрбиелеу қажет, бүгіннен бастап ұлттық мінез-құлық, биік талғампаздық, тектілік, білімділік, ұлттық намыс қасиеттерін қалыптастыруымыз керек»,-деп үндеу тастаған болатын.
Ұлттық тәрбиеміздің негізгі көздері-әдет-ғұрып,салт-дәстүр мен ұлттық әдебиетіміз.Сонымен бірге отбасы тәрбиесінің ұлттық ерекшеліктері,жеті ата туралы түсінік, туыстық қарым-қатынас атаулары, ата-ана мен перзент алдындағы парыз бен қарыз, ұлттық намыс. Міне, осыларды бала санасына сіңіріп,бойына дарыта білу-ұрпақ тәрбиесіндегі ең басты қағидамыз.
Халқымыз қандай да бір білім мен өнегені балаға қолма-қол көрсету,көрсете отырып үйретуді басшылық еткен. Мысалы, еңбек дағдысын игерту үшін ең әуелі өзі істеп көрсетіп, ең соңында балаға өз бетінше істеткен.Үлкенді сыйлау, құрметтеу, қонақ күту оны аттандыру сияқты әдеп тәрбиелерін ұқтырып, үйретіп отырған. Қазақ үйретіп, көрсетіп,ұқтырумен ғана шектелмеген. Қандай да бір әдеп, әдет дағдыларының шынайы мәнін түсіндіріп, ойға тоқытып отырған. Тәрбиелеудің ұлттық үрдісінде баланың қандай да бір ұнасымды қылығын мадақтап отырған. Өйткені, бала қашанда үлкендердің өзіне ыстық ықылас, ізгі ниет көрсеткенін күтеді. Сол үшін де баланы ынталандыру үшін мадақтау арқылы психикасына ықпал етудің үлгісін қалыптастырған. Ынталандыруды баланың жас ерекшелігіне сай ұтымды пайдалана білген.
Осылайша, қазақ ұрпақ тәрбиелеудің талай тамаша жолдарын тағайындап, оны жүзеге асырудың амал-тәсілдерін айқындаған. Педагог М. Жұмабаев: «Әрбір ұлттың бала тәрбие қылу туралы ескіден келе жатқан жеке-жеке жолы бар. Ұлт тәрбиесі, бала тәрбиесі баяғыдан бері сыналып, көп буын қолданып келе жатқан тақтақ жол болғандықтан,тәрбиеші баланы сол ұлт тәрбиесімен жетелеуге міндетті»,- деп ұлттық тәрбиенің, халықтық педагогиканың ұлағаттылығын дөп басып айтқан.
Осы орайда мен де оқыту мен тәрбие ісінде ұлттық сипатымызды айқындайтын халықтық педагогиканы, атап айтсам, ұлттық ойындар мен салт-дәстүрлеріміздің бөлшектерін баланың деңгейіне қарай пайдаланып отырамын.
Мұндағы мақсатым:
Біріншіден, әр оқушы өзінің қазақ елі азаматы екенін, қазақ елінде туып-өскенін мақтаныш ете алатындай етіп тәрбиелеу, қазақ мәдениеті мен өркениетінің ешбір елден кем болмағандығына көздерін жеткізу.
Екіншіден, оқушыларға қазақ халқының тарихын, ірі тұлғаларды, олардың ел ісіне қосқан үлесін өнеге ету,солар арқылы адамгершіліктің биік шыңына жетелеу.
Үшіншіден, оқыту барысында, апталықтарда, спорттық шараларда сынып сағаттарында ұлттық ойындарды, салт-дәстүрді, ауыз әдебиетінің әртүрлі жанрларын пайдаланып, оқушылардың қиялын, ой-өрісін, әдеби сөздік қорын дамыту.
Төртіншіден, халықтық педагогика арқылы қазіргі қоғамда болып жатқан келеңсіз оқиғалардан сақтандыру, салауатты өмір салтын насихаттау, дені сау, саналы, қоғам істеріне бей-жай қарамайтын өскелең ұрпақ тәрбиелеу.
Осы мақсаттарыма қол жеткізу үшін сыныптан тыс өткізліген шараларда болсын, пікір-таластар мен сайыстар болсын, спорттық жарыстар болсын халықтық педагогикамен, ұлттық тәрбиемен ұштастырып отырамын.
Атап айтсам, кәсіби-шығармашылық тәрбие бағытында өткен тәрбие сағатымда ата-кәсібіміздің қыр-сырына тереңірек үңіліп,оны жалғастыру да, заманауи тұрғыда жаңашаландыру да биіктерге жеткізетінін ұқтырсам, эстетикалық тәрбие бағытында өткен тәрбие сағатымда қазақ қыздарынан табылатын ұяңдық пен инабаттылық, адалдық, қазақ ұлдарынан табылатын мәрттік пен намысқойлық ата-әжелерімізден бізге жеткен ұлттық ерекшелігіміз екендігін ұғындыруды мақсат еттім.
Салауатты өмір салтын насихаттауда қазақ халқының ұлттық тағамдарының, ұлттық ойындарының адам денсаулығына тигізер пайдасы жөнінде айтылды.
Мұнан да басқа отбасы тәрбиесі, әлеуметтік –мәдени және жеке қасиеттерін қалыптастыру, экологиялық тәрбие,рухани-адамгершілік тәрбие беру бағыттарында өткен тәрбиелік шараларды ұлттық тәрбиемен ұштастырып отырдым.
Өткізілген «Текті білу тегін емес», «Өнерлі өрен», «Шипалы сусын-дертке ем» деген тақырыптарда өткен тәрбие сағатттарымда бала бойына ұлттық құндылықтарды сіңіре отырып, адамгершілікке, шыншылдыққа, салаутты өмір салтын ұстануға бағыттауды мақсат еттім. Өйткені, ұлттық рух бала бойына тілмен, дәстүрмен, өнермен сіңеді.
Біздің басты міндетіміз-қазақтың еліне, жеріне,әрбір тау-тасына иелік ете білу сезімін жас ұрпақтың жүрегіне, санасына сіңіру. Қазақта қандай дүние,қандай рухани байлық болса,сонымен мақтана алатын саналы, интелектуальдық мінез-құлқы қалыптасқан, өз елінің өзге елдермен бәсекеге қабілетті болуын қамтамасыз ететін парасатты ұрпақ тәрбиелеу.
Соңғы жарияланған материалдар тізімі
Посетители, находящиеся в группе Гости, не могут оставлять комментарии к данной публикации.
Ұстаздарға |
Ата-аналарға |
Біздің мектеп |
Баяндама |
Эссе |
Оқушыларға |
Конкурс ең үздік шығарма Ең үздік шығарма конкурсына арналған. Шығармаларды осы жерде жазамыз |