Соңғы жарияланған материалдар тізімі
Бөлім: Уроки / Ашық сабақтар |
Көрсетілім: 4673 |
|
|
|
Асыл сөз зияткерлік байқауы
Асыл сөз зияткерлік байқауы
Мақсаты:
Бәсекеге қабілетті жас ұрпақты тәрбиелеу, оқушылардың мемлекеттік тілге, қазақ халқының әдебиетіне, мәдениетіне, өнеріне, ұлттық құндылықтарына деген сүйіспеншілігін арттыру, оны қастерлеуге баулу.
(Қазақтың әсем ұлттық әуені ойнап тұрады, сахна безендірілген, қанатты сөздер ,баннер ілінген)
Фанфара
Тілім менің қайыршы емес қаңғыбас,
Тілім тұлпар – қуған желге шалдырмас.
Кенже ұлдай үлкен үйге мұрагер
Жер иесі – менің тілім мәңгі жас.
Әуезов, Абайды өткен дәріс тілі,
Тіл қатқан Тоқтар, Талғат ғарыш тілі.
Қанша Заң қабылдаймыз, жетер енді,
Естілсін мемлекеттік әр істе үні!
Жүргізуші:
Құрметті әдебиетті, өнерді, тілді сүйетін қауым, аяулы ұстаздар мен ардақты оқушылар! Қазақ тілі мен әдебиеті пәндер апталығы аясында өткізіліп отырған дарынды балаларға арналған «Асыл сөз» зияткерлік ойынына қош келдіңіздер!
Жүргізуші:
Дауға салса алмастай қиған, сезімге салса қырандай қалқыған, ойға салса қорғасындай балқыған Ана тілінен артық қазақ үшін бұл дүниеде қымбат не бар екен?!
Бұл жанды тіл – менің азат тілім,
Жадымда талмай самғар қанат тілім.
Бірлік, достық, татулық жүрегі боп
Жасай бер, Ана тілім – Қазақ тілім!
Бүгінгі «Асыл сөз»зияткерлік ойнына қатысушы топтарды шақырмас бұрын экранға назар аударайық.
(экраннан топтар сәлемі, қатысушылар жайлы мәлімет)
Олай болса , қарсы алыңыздар «Жігер» тобы.
№1 Самарханова Шұғыла
№2 Қайранбаева Жансая
№3 Болатбекова Аяулым
№4 Ерғалиева Айдана
Екінші топты қарсы алмас бұрын тағы да назарларыңызды экранға аударайық.
Қарсы алыңыздар, «Бәйтерек» тобы.
№1Рахимова Жанель
№2Жасұзақова Гүлім
№3Халел Данияр
№4Ондасынова Құралай
Қарсылас топтар бір-бірлеріңізге айтар тілектеріңіз болса рұқсат .
(хормен)
Туған тіл қасиетін ардақтайық.
Сабырмен ойымызды салмақтайық.
«Ырыс алды-ынтымақ» деген сөз бар,
Сайысты көріңіздер, біз бастайық!
Жүргізуші:
Жанын сап, халқын сүйіп, баққан тілім,
Жалықпай құпиялар ашқан тілім!
Жаһанның төрт бұрышы түгел танып,
Жат жұрттан да достарын тапқан тілім!
Бүгінгі «Асыл сөз»зияткерлік сайысы төмендегідей бөлімдерден тұрады.
1. «Ана тілім -асылым,бай қазынам»
(қатысушы топтар өздеріне берілген 10 сұраққа тез арада жауап береді)
2. «Даналық сөзден дән ізде»
(тілге қатысты айтылған ұлт зиялыларының қанатты сөздерін жалғастыру)
3. «Көңілден шыққан көрікті ой»
(тілге қатысты айтылған ұлт зиялыларының өлең жолдарын жалғастыру)
4. «Сөз тапқанға қолқа жоқ»
(қатысушылар өздеріне жасырылған шешендік сөздерді жалғап,ойды айқын, тұжырымды жеткізе білуі тиіс)
5. «Көркем тіл-көрікті жарнама»
( Халқымыздың бай тілін меңгерту,көркейту,қастерлеу ,өз ұрпағын өз тілінде сөйлету мақсатында Ана тіліміз-қазақ тілін жарнамалау. Тілді елдік ұранға айналдыру)
Жүргізуші:
Туған тілім - бабам тілі - өз тілім
Туған тілім –анам тілі - өз тілім.
Туған тілім - далам тілі - өз тілім
Туған тілім - адам тілі - өз тілім.
«Ана тілім -асылым,бай қазынам»
«Бәйтерек» тобына
1.Шоқанның шын аты кім?
2. «Аяз би»ертегісіндегі Жаманның қалыңдығының аты қалай аталады?
3. Бес арысты ата
4.Табу деген не?
5.Өз туындысында Отырар тарихын шебер суреттеген ақын
6. «Білге қаған» құлпытасы қай жерден табылды?
7 «Тамырына балта шабу» тіркесінің мағынасы қандай?
8.Дауыссыз дыбыс буын құрай ала ма?
9.Морфология терминге жата ма?
10. «Ғылым таппай мақтанба» өлеңінің авторы кім?
Жүргізуші:
«Жігер» тобына
1Дүние жүзінде неше тіл бар?
2.Махамбеттің «Қызғыш құс »өлеңі кімге арналған?
3.Үш бәйтеректі ата
4.Ирония деген не?
5. «Аягөз, қайда барасың?»кімнің өлеңі
6. Қарасазда дүниеге келген ақын кім?
7. «Мұзбалақ» сөзінің мағынасы қандай?
8.Үш арсызды ата
9. Балалар әдебиетінің атасы кім?
10.Балуан Шолақтың шын аты кім?
Жүргізуші:
ІІ «Даналық сөзден дән ізде»
Тілім менің!
Ұла Абайдай,Мұқтардай пірім менің.
Тұтастығым рухани жан азығым,
Ол бүлінсе менің де бүлігенім.
(тілге қатысты айтылған ұлт зиялыларының қанатты сөздерін жалғастыру, тақтаға қанатты сөздердің бірінші жолы жазылған слайдтар шығады)
Жүргізуші:
Екі ойынның бағасын берсеңіздер
Жүргізуші:
ІІІ «Көңілден шыққан көрікті ой»
Қалағандай қиюлап үй тастарын,
Балталап бұза алмайсың ұйқастарын.
Тіліңнің білгің келсе құдіретін,
Жұртыңның оқы өлеңін, жыр дастанын
(тілге қатысты айтылған ұлт зиялыларының өлең жолдарын жалғастыру, тақтаға өлең жолдарының бірінші жолы жазылған слайдтар шығады)
Жүргізуші:
Жүргізуші:
Өз тілін жетік біліп үйренсе кім,
Ең жақын ұрпағы сол Жиреншенің
Замандас ,сергіт ойды, заман туды,
Қолыңа тіл тағдыры тиген сенің!
VI «Сөз тапқанға қолқа жоқ»
(Қатысушылар өздеріне жасырылған шешендік сөздерді жалғап,ойды айқын, тұжырымды жеткізе білуі тиіс. Тақтаға шешендік сөздің бір-екі жолы жазылған слайд шығады. Қатысушылар ары қарай жалғап шешендік сөзді жатқа айтып, шешендік сөздің қалай аталатынын табады.)
1.Қазыбек пен Бұқар
Бұқар жыраудың өте қартайған кезінде көңілін сұрамақ болып Қаз дауысты Қазыбек би келеді.
Төсекте жатқан Бұқар жырау:
- Бірден онға дейінгі санның мағынасын маған ешкім айтып бере алмады. Қазыбек, сен айтып берші,- деген екен. Сонда Қазыбектің берген жауабы:
-Бір дегеніңіз – бірлігі кеткен ел жаман.
Екі дегеніңіз – егесіп өткен ер жаман.
Үш дегеніңіз – үш бұтақты шідерден шошыған ат жаман.
Төрт дегеніңіз – төскейге шыға алмаған кәрілік жаман.
Бес дегеніңіз – берекесіз ел жаман.
Алты дегеніңіз – аймағын билей алмаған адам жаман.
Жеті дегеніңіз – жетем деген мақсатына жете алмаған жаман.
Сегіз дегеніңіз – серкесіз бастаған қой жаман.
Тоғыз дегеніңіз – толғанғаның.
Он дегеніңіз - өткеніңіз, о дүниеге жеткеніңіз.
2. АЛЫСТА - НЕ АЛЫС!
Байдалы қартайып үйден шықпай күндіз-түні төсекте жататын болды дегенді естіп Мұса мырза іздеп келіпті. Байдалы шешен қараша үйінің ішінде бөстекке оранып жатыр екен. Мұсаның қолын алып, жөнін сұрап амандасыпты да, кәріліктің жайын айта беріпті.
— Ой, кәрілік-ай, сөздің өзі бала, тербетсе оянады, тербетпесе оянбайды, заманым өтті ғой!—дей беріпті.
Мұса қонып, қонақасын жеп, таңертең жүрмек болады.
— Е, шырағым, еліңе не айтып барасың? — депті Байдалы.
— Мен не айтайын, ел ағасы болған Байдалы еді, енді кәрілік пен алысып жатыр екен деймін дағы,— депті Мұса.
— Шырағым, оның рас. Үш ауыз сөз сұрайын, соны шешіп беріп кетші!—дейді қарт. Мұса «айтыңыз» деп тыңдайды. Байдалы қарт сонда:
— Алыста не алыс?
Жақында не жақын?
Тәтті де не тәтті? — дейді.
Мұса ойланып отырып:
— Жер мен көктің арасы алыс,
Кісіге туыс жақын,
Бала тәтті, депті.
Сонда Байдалы қарт басын көтеріп:
— Балам, ақылың әлі алқымыңнан асқан жоқ екен. Білімді мен білімсіздің арасынан алыс жоқ, жаннан тәтті жоқ. Бала қанша жақсы болса да, жан шығарда адамның өз жанынан тәтті жоқ. Жақында — ажал жақын,— депті.
3.ЖЕРДЕН АУЫР НЕ!
Балаби қартайған шағында халқын жиып:
Жерден ауыр не?
Судан ауыр не?
Оттан ыстық не?
Көктен биік не? – деп, төрт сұрақ берген екен. Ешкім шеше алмапты. Сонда Балаби өзі айтқан сұрақтарын өзі былай деп шешкен екен:
Жерден ауыр дегенім – ақыл, білім.
Судан терең дегенім – оқу, ғылым.
Оттан ыстық дегенім - фани жалған, адамның өмірі.
Көктен биік дегенім - тәкәббардың көңілі.
4.АҚТАЙЛАҚ ПЕН ҚАНАЙ ШЕШЕН
Ақтайлақ шешен Қанай шешеннен:
- Ер басында бақыт нешеу?
Кемдік нешеу?
Құлазу нешеу? – деп сұрайды.
Сонда Қарауыл Қанай шешен былай деп жауап береді:
- Ер басында бақыт – бесеу, кемдік - үшеу, құлазу – төртеу:
Астыңдағы атың жүрдек болса,
Жалғанның пырағы:
Алғаның жақсы болса,
Үй мен қонақтың тұрағы:
Әкең – асқар тау,
Шешең – қайнар бұлақ,
Балаң жақсы болса
Екі көздің шам-шырағы.
Міне – бес бақыт осы.
- Атың шабан болса,
Жалғанның азабы;
Алғаның жаман болса,
Дүнниенің тозағы;
Балаң жаман болса,
Көрінгеннің мазағы.
Міне, - үш кемдік осы.
- Қалың ел көшсе,
Қөл құлазиды,
Қаптаған мал кетсе,
Бел құлазиды,
Нарқын танымаған
Сөз құлазиды,
Қатарынан айырылған
Шал құлазиды.
Міне, - төрт құлазу осы.
5. АТА ТҰРЫП ҰЛ СӨЙЛЕСЕ ЕРЖЕТКЕН БОЛАР
Сырым жиырма алты жасында бір жолдасымен Нұралы ханның үйіне барса, Қараман тана Малайсарымен сөйлесіп отыр екен.
— Балалар, аман ба? — депті де, елемей өздері сөйлесе беріпті. Сырым жолдасына дауыстап:
— Жүр, кетейік, бұлар бізді адам деп отырған жоқ қой! — дейді.
Малайсары жалт қарап:
— Ата тұрып ұл сөйлегеннен без,
Ана тұрып қыз сөйлегеннен без.
Сырнайдай сарнаған мына бала кім еді? -— дейді.
— Ата тұрып ұл сөйлесе, ер жеткені болар,
Ана тұрып қыз сөйлесе, бойжеткені болар,— дейді Сырым.
— Сен толған екенсің, мен тозған екенмін,— деп Малайсары сонда Сырымды қасына шақырған екен.
6. Қазып айтқан Қазыбек
Бір күні бала Қазыбек:
– Әке, мен Төле биге барып сә¬лем беремін, өзін көріп, сөзін тың¬дағым келеді, – деп қолқа са¬лады. Сонда әкесі:
– Ой-бай, балам-ау, ол үлкен ке¬меңгер кісі, не деп барасың? Ал¬дында сөз таба алмай күлкі бо¬ласың, барма, – дейді.
Бірақ Қазыбек қоярда-қой¬май әкесінен рұқсат алып, бір¬не¬ше жолдасымен Төле бидің ал-дына сәлем бере келеді.
– Шырағым, баз бала әке¬сі¬нен өтіп туады, баз бала әкесіне же¬те туады, баз бала кері ке¬тіп туады деген. Сен соның қай¬сы¬сың? – дейді Төле би бала Қа¬зы¬бекке сынай қарап.
– Өткенімді алдымдағы өмі¬рім біледі. Өз ойымша, әкеме же¬тіп тудым-ау деймін, – дейді Қа¬зыбек сөзден тосылмай.
– Ә, шырағым, жарайсың, – деп, Төле би балаша жадырап, ри¬залығын білдіріп, қонақтарға қа¬зан астырады. Ет желініп, шай ішілгенде де келелі әңгіме ай¬тылады. Төле бимен сөзі жа-рас¬қан Қазыбек:
– Алысыңыз қандай? – деп сы¬пайы сұрақ қояды.
– Алысым жақын болды.
– Тәттіңіз қандай болды?
– Тәттім шырын болды.
– Несиеңіз қандай?
– Несием, шүкір, өніп жа¬тыр.
Қазыбек ауылына келген соң әкесі оның қасына ерген се¬рік¬терінен: – балам Төле бимен не жай¬лы сөйлестің? – деп сұрайды.
– Екеуі біраз әңгімелесті, бі¬рақ екеуара сөздің мәнісін ұқ¬падық, – деседі олар.
– Олары несі екен? – деп, қарт әке де түкке түсінбей таң қа¬лады. Сонда жұмбақ сырды Қа¬зыбектің өзі айтып береді.
– Төкеңнің «Алысым жақын бол¬ды» дегені қос жанарын айт¬қа¬ны. «Тәттім шырын болды» де¬гені ұйқысының қашқанын біл¬діргені. «Шүкір, несием өніп жа¬тыр» дегені балаларының жақ¬сы бағып, жақсы күтіп отыр¬ғанын түсіндіргені, – дейді.
7.
Қазыбек биге бір адам «Кім жақын, не қымбат? Не қиын?» дегенге жауап беріңізші деп қинапты. Сонда атақты би былай деп жауап қайтарады:
Тату болса – ағайын жақын,
Ақылды болса – апайың жақын.
Бауырмал болса – інің жақын,
Инабатты болса – келінің жақын,
Сыйлас болса – нағашың жақын.
Алтын ұяң – әйелің қымбат,
Құт-береке – атаң қымбат,
Аймалайтын – анаң қымбат.
Мейірімді – апаң қымбат
Арадан шыққан жау қиын,
Таусылмайтын дау қиын.
Шанышқыласа сөз қиын,
Жазылмаса дерт қиын,
Іске аспаған дерт қиын.
8. Байдалы шешен
Ел аузындағы аңызға қарағанда, Байдалы шешен бай бола алмапты. Дүние құрастырып, дәулет жинауға, сірә, ол кісінің қолы тимесе керек. Бірақ бай болмағанымен, кедейлікке бас иіп, құл да болмапты. Ол ақылын азық, асыл сөзін сусын етіп, дүниеден өткен адамдардың бірі екен.
Отырған ақсақалдардың ішінен Қонқабай деген:
— «Ағасы бардың жағасы бар, інісі бардың тынысы бар, баласы бардың панасы бар» деген мақал бар емеі пе, бұрынғылардың сөзін ұмытқаның ба? — депті Байдалыға. Сонда Байдалы:
— Е, Қонқабайым, сен жігіт кезіңде жалтаң едің, қар тайғанда қалтаң болайын деген екенсің. Мақалдап сөйлегің келеді, мақалға мініп қанша жерге барасың. Мақалға жармаса берме, мақалда да мін бар. Молда айтқанның бәрі шариғат емес, бұрынғылар айтқанның бәрі қағида емес, — дейді.
Осы арада шешенді сөзінен ұстап, бір сүріндіріп қалмақшы болған молда:
— Мақалда мін бар дейсің бе? Онда әлгі мақалдың мінін тапшы, данышпан болсаң, өзің түзеп айтшы, — деп шап ете түседі.
Хан-қара, би-төренің алдында сөзден сүрінбеген шешен Таумұрын молдадан тайсалсын ба?
— Ол мақалды түзеп айтсам мен былай дер едім, — дейді Байдалы:
Ағасы бардың, жақсы болса жағасы бар,
Жаман болса, інісіне жабар жаласы бар.
Інісі бардың, жақсы болса тынысы бар,
Жаман болса, ағасына берер жұмысы бар.
Баласы бардың, жақсы болса панасы бар,
Жаман болса, құдайдың берген пәлесі бар.
9. ТАЙМАС ЖҰДАС ШЕШЕН АЙТТЫ ДЕЙТІН СӨЗ
Бір күні Абылай хан қарамына көз тойған, үш жүзден озған, ақылы асқан билермен бас қосып отырғанда:
— Дүниеде тозбайтын нәрсе бола ма? Өлмейтін жан бола ма? Осыны тауып беріңдер де, менен қалағандарыңды алыңдар, — депті.
Сонда отырғандардың біреуі:
— Тас тозбайды, темір тозбайды, асқар тау өлмейді, аққан су өлмейді деп, біреуі оны, біреуі мұны айтыпты. Абылай өзі де біліп отырған жоқ, білсе сұрай ма? Бұл сөздер көңіліне қона қоймапты. Сонда түптегі Қыпшақ, Таймас Жұдас деген жұпыны киімі бар бір кісі тамам билер гуілдесіп, дүрілдесіп отырғанында ләм-мим деп тіл қатпай, сөз тыңдапты. Сонан бір орайы келгенде орнынан ұшып тұрып Абылай ханның алдына шарт жүгініп, былай депті.
— Алдияр тақсыр! Бұлардың айтып отырғаны тозатын нәрселер, өлетін нәрселер. «Тозбасты ұста соқпаған, өлместі құдай жаратпаған» демей ме? Міне, мен тозбайтын не, өлмейтін не айтып берейін. Құдай дескен құда болады, құшақтасқан дос болады. Дос болғанда бірінен бірі жүйрік ат алады, қыран құс алады, түзу мылтық алады. Жүйрік ат өледі, қыран құс ұшады. Түзу мылтық қисаяды. Достық сондаймен тозады. Төсекте бас қосылсын, төскейде мал қосылсын деп құда болады. Кит саларда бір дау, мал берерде екі дау, үйге енгізерде үш дау, ұзатарда төрт дау, осы даулардың бәрі де тозады. Бірімен бірінің құдалығы да тозады. Құдай қосқан құда емес, құшақтасқан дос емес. Бірінен бірі жан аяспайтын, көрмесе сағынып тұратын екі тату болады. Тозбағанда сол екі татудың достығы тозбайды.
Қара жердің өлгені,
Қар астында қалғаны.
Асқар таудың өлгені,
Басын мұнар шалғаны.
Аққан судың өлгені,
Мұз боп тоңып қатқаны.
Ай мен күннің өлгені,Түнеріп барып батқаны.
Өлмегенде не өлмейді?
Ғалымның хаты өлмейді.
Жақсының аты өлмейді.
Абылай хан риза болады. Қамқа тоның бас қылып үстіне жауып, Таймас Жұдасқа толық тоғыз сый береді. Отырғандар шулап қоя береді: «Батырдан сауға, мергеннен сыралғы, бізге алған олжаңнан байла!» — деп. Сонда Таймас Жұдас шешен:
— Мұны бір қимас дүние көріп, байламай бара жатқаным жоқ, атамыз Абылай ханның бір айтқан сөзін шешіп беріп, алған жүлдесі екен деп, балаларым мұра қылып, айта жүрсін деп алып барамын, — деп байламастан алып шығып жүре беріпті.
10.Сөздің атасы мен анасы Қаз дауысты Қазыбектің атағы шығып тұрған кезде ауылына бір саудагер келіпті. Түстеніп болған соң:
- Сізден бір сөз сұрайын деп едім, – депті. «Сөздің атасы кім, анасы кім?» Қазыбек ойланып
қалады.
- Япырмай, өзбектің саудагері ғана білмейді екен десек, қазақтың Қазыбегі де білмейді
екен ғой, биыл таппасаңыз, ендігі жылы табарсыз, – деп саудагер үйден шығып кетеді.
Қазыбек орнынан ұшып тұрып, іле-шала тысқа шықса, саудагер асығыс атқа мініп қалған екен.
- Япырмай, саудагердің ісі сарт-сұрт деген екен ғой. Артыңа қарамай аттанғаның не? Әлгі
сөздің шешуін іздеп, ендігі жылы тағы келіп, саудаңнан қаларсың, артыңа қарамайтын болып кет. «Сөздің атасы – бірлік, анасы – шындық! Жолың болсын, жүрген жеріңе айта жүр!» – депті Қазыбек.
V . «Көркем тіл - көрікті жарнама»
Халқымыздың бай тілін меңгерту,көркейту,қастерлеу ,өз ұрпағын өз тілінде сөйлету мақсатында Ана тіліміз-қазақ тілін жарнамалау. Тілді елдік ұранға айналдыру
( Қазақ тілін жарнамалау)
«Жаса,жаса ,қазақ тілім»әні
Марапаттау
Жүргізуші:
Тілін білген Абылай,Абайым да,
Құдірет берген Ана тіл талай ұлға.
Қасиетті тілімнің арақасында
Ерікті ел боп алысқа қарайын да
Ана тілім ,күмбірле сарайымда!..
Осымен «Асыл сөз» зияткерлік ойыны аяқталды .Келесі кездескенше , сау саламат болыңыздар
Соңғы жарияланған материалдар тізімі
Информация
Посетители, находящиеся в группе Гости, не могут оставлять комментарии к данной публикации.
Посетители, находящиеся в группе Гости, не могут оставлять комментарии к данной публикации.
Бөлімдер
История открытые уроки по истории |
Педагогика открытые уроки по педагогике |
Биология открытые уроки по биологии |
Информатика открытые уроки по информатике |
Математика открытые уроки по математике |
Физика открытые уроки по физике |
Химия открытые уроки по химии |
Разное открытые уроки |
География Открытые уроки по географии |
русский язык |