Ұстаздар сайты u-s.kz Сайттың атауы www.u-s.kz
» » Қазақ тілінің фонетикасы


Қазақ тілінің фонетикасы

«Қазақ тілінің фонетикасы» 10 сынып оқушылары үшін қазақ тілі курсының бағдарламасы

Түсінік хат.
        Бұл курс   қазақ тілінің  фонетикасын  10 сынып оқушыларына терең меңгертуге құрастырылған.     Элективті курс 17 сағатқа арналған.
Басты мақсаты: дауысты, дауыссыз дыбыстардың топтастырылуы, дауысты, дауыссыз дыбыстар әріптерінің емлесі, буын, тасымал, екпін, үндестік заңы деген ережелеріне назар аударып,    айтылуы мен жазылуына көңіл бөліп, қазақ тілінің фонетикасы бойынша білімдерін кеңейту, ауызекі сөйлеу, жазу тілін дамыту, оқушылардың білім сапасын көтеру, өз бетінше білім алуға, алған білімін іс жүзінде қолдана алуға жаттықтыру. 
 Негізгі міндеттері:
• алдыңғы сыныптарда алған білімдерін, сөйлеу дағдыларын дамытып, тереңдету;
• ауызша және жазбаша түрде қарым-қатынас жасау қабілеттерін жетілдіріп дамыту;
• оқушылардың тілді қарым-қатынаста қолдану тәжірибесін кеңейту, ой-өрісін дамыту, жалпы таным деңгейін көтеру;
• оқушылардың іздену қабілетін дамыту, ізденушілікке дағдыландыру.
Осы курс 10 сынып оқушыларына 
• ҰБТ-ге дайындық ретінде қамтамасыз етеді. 
• Болашақ еңбек жолында  практика жүзінде өз білімдерін  қолданыла алады.
Курс құрылымының негізінде  қазақ тілі фонетикасы бойынша алған білімдерін қайталау, бекіту және тереңдету  жұмыстары алынған. 
Сабақта жасалатын жұмыс түрлері:
 
• Лекция
• Карточкамен жұмыс
• Тест
• Оқулықпен жұмыс
 
• Жұптық жұмыс
• Кесте жасау жұмысы.
Тақырыптық жоспар
№ р/с Тақырып Сағат саны Өткізілетін күні
1  Фонетика. Дауысты дыбыстар. Дауысты дыбыстардың топтастырылуы. 1
2 Дауысты дыбыс әріптерінің емлесі.А, ә әріптерінің емлесі.
О, ө әріптерінің емлесі. 1
3 Ұ, ү әріптерінің емлесі.
Ы, і әріптерінің емлесі. 1
4 И, у, э, ё, ю, я әріптерінің емлесі. 1
5 Дауыссыз дыбыстар. Дауыссыз дыбыс әріптерінің емлесі.
Дауысты, дауыссыз дыбыстар және олардың емлесін қайталау.   1
6 Буын, оның түрлері. 1
7 Тасымал. 1
8 Екпін. 1
9 Үндестік заңы. 1
10 Буын үндестігі. 1
11 Дыбыс үндестігі. 1
12 Ілгерінді ықпал. 2
13 Кейінді ықпал. 2
14 Тоғыспалы ықпал. 1
15 Қорытынды. Тест. 1
Бағдарламаның мазмұны
(10 сынып, аптасына 1 сағат, барлығы 17 сағат)
I. Кіріспе. Дауысты дыбыстар. Дауысты дыбыстардың топтастырылуы. 1 сағат. 
Фонетика туралы түсінік. Фонетика- тіл ғылымының басты бір бөлімі. Фонетиканың ғылым ретінде бөлінуі. Дыбыстар, олардың топтастырылуы. Дауысты дыбыстар, олардың айтылуы, жазылуы, қолданылуы, дауыссыз дыбыстарынан айырмашылығы. Дауысты дыбыстардың тілдің қызметіне қарай, жақтың ашылуына қарай, еріннің қызметіне қарай бөлінуі.Дұрыс айту, оқу, мысал келтіру.
 II. Дауысты дыбыс әріптерінің емлесі. А, ә әріптерінің емлесі. О, ө әріптерінің емлесі. 1 сағат.
 Дауысты дыбыс әріптерінің өзіндік емлесі туралы түсінік . Алдын ала дауысты дыбыс әріптерінің емлесі ережесінен   кейбір мысалдарымен таныстыру. А әрпінің сөздердің барлық буындарда жазылуы, ескертулер. Ә әрпінің жіңішке сөздердің басқы буынында ғана жазылуы, ескерту. Ә әрпінің ерекшелігі. О әрпінің байырғы сөздерде сөздің алғашқы буынында жазылуы. Ө әрпінің тек қана сөздің алғашқы буынында жазылуы. Ө әрпінің ерекшелігі.
III. Ұ, ү әріптерінің емлесі.  Ы, і әріптерінің емлесі. 1 сағат.
Ұ әрпінің сөзде орын талғауы, сөздің алғашқы буынында жазылуы.  Ү әрпінің жіңішке сөздің алғашқы буынында жазылуы. Әріптердің ерекшелігі. Ы, і әріптерінің сөздің барлық буынында жазылуы. І әрпінің ерекшелігі. 
IV. И, у әріптерінің емлесі. Э, ё, ю, я әріптерінің емлесі. 1 сағат.
И әрпінің қолданылуы, ескерту. У дифтонг дыбыс. Э, ё әріптерінің орыс тілінен енген сөздерде жазылуы. Ю әрпінің қосынды й+у Я әрпінің й+а дыбыстарымен таңбалануы. 
V. Дауыссыз дыбыстар. Дауыссыз дыбыс әріптерінің емлесі.  Дауысты, дауыссыз дыбыстар және олардың емлесін қайталау. 1 сағат.
Дауыссыз дыбыстардың айтылуы, жазылуы, қолданылуы, олардың топтастырылуы. Дауыссыз дыбыс әріптерінің емлесі туралы түсінік беру. Дауысты, дауыссыз дыбыстар , олардың емлесін қайталау.
VI. Буын, оның түрлері. 1 сағат.
Буын туралы ереже, оның түрлері.
VII. Тасымал. 1 сағат. 
Тасымал туралы  түсінік. Тасымалдауға болмайтын жағдайлар.
VIII. Екпін. 1 сағат. 
Екпін ережесі. Қазақ тіліндегі екпіннің тұрақтылығы.
IX. Үндестік заңы. 1 сағат.
Үндестік заңы туралы түсінік беру. Буын, дыбыс үндестігі. Дыбыс үндестігінің үшке бөлінуі. Ілгерінді, кейінді, тоғыспалы ықпал.
X. Буын үндестігі. 1 сағат.
Буын үндестігі туралы мағлұмат беру. Мысал келтіріп түсіндіру. 
 XI. Дыбыс үндестігі. 1 сағат.
Дыбыс үндестгі туралы түсінік беру. Кесте арқылы түсіндіру.
XII. Ілгерінді ықпал. 2 сағат.
Ілгерінді ықпал туралы түсінік беру. Ілгерінді ықпалды ажырату. 
 
XIII. Кейінді ықпал. 2 сағат.
Кейінді ықпал туралы мағлұмат беру. Кейінді ықпалды сөз бен сөздің арасында, сөз ішінде ажырату.  
XIV. Тоғыспалы ықпал. 1 сағат.
Тоғыспалы ықпал жайында түсінік беру.
Мысал келтіру.
XV. Қорытынды. Тест. 1 сағат.
 
Курс бойынша өтілген тақырыптарды қорытындылау. Алған білімдерін тест арқылы тексеру.
 
Әдебиеттер тізімі
1. «Практикалық қазақ тілі» А.: Н. Оралбаева, Т. Әбдіғалиева, Б. Шалабаев. Алматы. «Ана тілі». 1993 ж.
2. «Қазақ тілі мен әдебиеті орыс мектептерінде» журнал. №6, 7, 9.2004 ж.
 
Сабақ № 1.
Тақырып: Фонетика. Дауысты дыбыстар. Дауысты дыбыстардың топтастырылуы.
- Қазақ тіл білімінің негізгі үш саласы: фонетика, лексика және грамматика. Фонетика (гректің phone – «дыбыс» сөзінен алынған) – тіл дыбыстары туралы ұғым. Фонетика – тіл дыбыстарының жүйесін, жасалуы мен ерекшеліктерін, дыбыстардың үндесуі мен буын түрлерін зерттейтін тіл білімінің саласы.
- Қазақ тіліндегі дыбыстар дауысты және дауыссыз дыбыстар болып, екі үлкен топқа бөлінеді. 
Ауаның кедергісіз шығуы арқылы жасалып, үннен ғана тұратын дыбыстарды дауысты дыбыстар дейді. Қазақ тілінде 9 дауысты дыбыс бар. Олар: а, ә, о, ө, ұ, ү, ы, і, е.
Бұл дыбыстардың ішіндегі бесеуі: ә, ө, ұ, ү, і дыбыстары қазақ тілінің ерекшелігіне жатады. Олар – орыс тілінде жоқ дыбыстар.
Бұдан басқа екі қосынды дауысты (дифтонг) бар: и, у.
Орыс тілінен кірген сөздерде ғана қолданылатын бір дауысты дыбыс бар, ол – э. Кейде бұлардың бәрін қосып, қазақ тілінде 12 дауысты дыбыс бар деп те айтылады.
1. Дауысты дыбыстар тілдің қызметіне қарай жуан және жіңішке болып екіге бөлінеді.
Жуан дауысты дыбыстар тілдің ортасы көтеріліп, артқа жылжуы арқылы жасалады. Олар: а, о, ұ, ы. 
Жіңішке дауысты дыбыстар тілдің ұшы ілгері жылжып, алға созылуы арқылы жасалады. Олар: ә, ө, ү, і,е, э, и.
Жуан сөзде жуан айтылып, жіңішке сөзде жіңішке айтылатын дыбыс – у (қуаң, куә). Дауысты дыбыстардың жуан, жіңішке болып бөлінуі жоқ, онда дыбыстардың тіл алды, тіл арты арқылы жасалуы көрсетіледі, бірақ олар сөзде аралас келе береді. Қазақ тілінде сөзде дауысты дыбыстар негізінен не бірыңғай жуан, не бірыңғай жіңішке түрде қолданылады. 
2. Дауысты дыбыстар жақтың ашылуына қарай ашық және қысаң болып екіге бөлінеді.
Ашық дауыстылар жақтың кең ашылуы арқылы жасалады. Олар: а, ә, о, ө, е, э.
Қысаң дауыстылар жақтың сәл ашылуы арқылы жасалады. Олар: ұ, ү, у, ы, і, и.
3. Дауысты дыбыстар еріннің қызметіне қарай еріндік және езулік болып екіге бөлінеді.
Еріндік дауыстылар еріннің дөңгеленіп ілгері созылуы арқылы жасалады.  Олар: о, ө, ұ, ү, у.
Езулік дауыстылар езудің кері тартылуы арқылы жасалады. Олар: а, ә, е, э, ы, і.
Жаттығу.
«- Е, сенің іздегенің менің іздегенімнен де қиын екен. Мен адам – адам болса екен, ардан безбесе екен, намыстан қашпаса екен, ерлікке бастаса екен, елдің шырқын бұзбаса екен, ел басшысыз болмаса екен, жер жаңбырсыз болмаса екен, сөз тыңдаусыз болмаса екен деп, соны іздеп барам. Бұрынғылар айтқан екен, дүниеде орны толмас үш жетім бар: «Ел басшысыз болса, жер жаңбырсыз болса, сөз тыңдаусыз болса, жетім» - деп. («Ел аузынан»)»
 
Сабақ № 2.
Тақырып: Дауысты дыбыс әріптерінің емлесі. А, ә, о, ө  әріптерінің емлесі.
- А – жуан,  ашық, езулік дауысты дыбыстың әрпі. Ол жуан сөздердің барлық буынында, байырғы, кірме сөздерді талғамай, жазыла береді. Мысалы, баба, ата, ағайын, адырна, т.б. Бұл әріп орыс тілінде де бар. 
Ә - жіңішке, ашық, езулік дауысты дыбыстың әрпі. Ә әрпі жіңішке сөздің басқа буынында ғана жазылады, соңғы буында жазылмайды. Мысалы, әке, әдемі, әнші, әділет, әшекей. Бұл әріп те, ол белгілейтін дыбыс та орыс тілінде жоқ, ол қазақ тілінің ерекшелігіне жатады.
 Ескерту: 
1. Санаулы сөздерде ә әрпі сөздің екінші буынында жазылады: күнә, кінә, шүбә, мәрмәр, зәмзәм, іңкәр, Күләш, Күлән, Мүсәпір т.б.
2. Біріккен сөздің екінші сыңарында ә әрпі жазылады: гүлтәж, Әбдікәрім, Асанәлі, Шәкәрім, көкнәр.
3. Қос сөздердің екінші сыңарында ә әрпі жазылады: тәлім-тәрбие, гүл-бәйшешек, дәрі-дәрмек, оқу-тәрбие т.б.
О – жуан, ашық, еріндік дыбыстық әрпі, байырғы сөздерде сөздің алғашқы буынында жазылады: озат, оймақ, ойпат, ойын, олақ, ораза т.б.
Ескерту: 
1. Орыс тілінен кірген сөздерде барлық буында о әрпі жазыла береді: какао, геолог, коридор.
2. Қос сөздің 2-санында жазылады: ойын-той, көл-жоса, қоян-қолтық, ойпаң-тойпаң т.б.
3. Біріккен сөздің соңғы сыңарында о әрпі байырғы сөзде де жазылады: қарақосық, желтоқсан, кемпірқосақ т.б.
4. –қор, -қой жұрнағы жалғанған сөзде о әрпі сөздің соңында жазылады: пайдақор, табысқор, заңқой, сәнқой.
5. Фамилияда о әрпі соңғы буындарда жазылады.: Телжанов, Асқаров т.б.
Ө - жіңішке, ашық, еріндік дауысты дыбыстың әрпі. Сөздің алғашқы буынында жазылады, соңғы буында жазылмайды. Мысалы, өрнек, көсем, көктем, көмек т.б. Бұл  әріп те, ол белгілейтін дыбыс та орыс тілінде жоқ.
Ескерту:
1. Біріккен сөздің екінші сыңарында ө әрпі жазылады: көкөніс, көкжөтел, көкжөре, жаукөбелек.
2. Қос сөздің екінші сыңарында ө әрпі жазылады: көпе-көрнеу, кесе-көлденең, көл-көсір т.б.
Жаттығу.
«Әділ адам, әдепті қыз, әулие баба, әншіл қауым, шәкірт, өткір сөз, өжет жігіт, өскен тұқым, жалақор, ызақор.»
 
Сабақ № 3.
Тақырып: Ұ, ү, ы, і әріптерінің емлесі.
- Ұ – жуан, қысаң, еріндік дауысты дыбыстың әрпі. Ұ әрпі сөзде орын талғайды, ол сөздің алғашқы буынында жазылады. Мысалы, тұйғын, тұқым, ұршық, ұран, ұшқын т. б. Бұл әріп те, әріп белгілейтін дыбыс та орыс тілінде жоқ. Ол қазақ тілінің ерекшелігіне жатады.
Ескерту:
1. Біріккен сөзде кейінгі буындарда қолданылады: Айнабұлақ, құланқұйрық, басқұр, алақұрт, қарақұрт.
2. Қос сөздің екінші сыңарында жазылады: жан-құты, ала-құла, алба-жұлба, жалт-жұлт, жарқ-жұрқ.
3. Басқа тілдерден кірген сөздер: мақлұқат, марқұм, мақсұт, мақұл, бұлбұл т.б.
Ү – жіңішке, қысаң, еріндік дауысты дыбыстың әрпі. Ү әрпі жіңішке сөздің алғашқы буынында жазылады: үшаяқ, үшбұрыш, сүзбе, сүйек, күлдіреуіш т.б.  Бұл әріп те, әріп белгілейтін дыбыс та орыс тілінде жоқ. Ол қазақ тілінің ерекшелігіне жатады.
Ескерту:
1. Санаулы сөздерде ү әрпі кейінгі буындарда  жазылады: дүлдүл, мәшһүр, мәжбүр, мәңгүрт.
2. Біріккен сөздің соңғы сыңарында ү әрпі жазылады: бүрсігүні, күздігүні, еңбеккүн, солтүстік.
3. Қос сөздердің екінші сыңарында ү әрпі жазылады: күні-түні, күндіз-түні, түн-түнек, ойын-күлкі, дүн-дүние.
Ы, і  - жуан және жіңішке, қысаң, езулік дыбыстардың әріптері. Бұл әріптер сөзде орын талғамайды, сөздің барлық буынында жазыла береді: ықтиярсыз, кіреуке, ізбасар, ынтымақ, шымылдық, ызғырық т.б.
Бұл әріптердің ішіндегі і әрпі және ол белгілейтін дыбыс орыс тілінде жоқ.
1. Сөздің құрамында ы, і әріптерінің жазылмайтын жағдайлары бар. Олар: 
• Сөз р дыбысынан басталып, одан соң а, ә, е, и, у, ұ әріптері және л дыбысынан басталып, одан соң а, ә, е, о, ұ, ү, ы әріптері келгенде, сөз басындағы р, л әріптерінің алдынан ы, і әріптері жазылмайды: разы, рай, рақат, рақмет, рәсім, реніш, ләйлі,  ләззат, лүпіл, лық т.б.
• Сөзде ы, і әріптері я, ю әріптерінің алдынан жазылмайды: қия, қияқ, қиянат, жию, биязы биялай т.б
2. Сөз құрамындағы ы, і дыбыстары жазуда түсіп қалып, жазылмайтын жерлері:
• Етістік ы, і дыбыстарына аяқталып, оған тұйық етістіктің –у жұрнағы қосылғанда, ы, і әріптері жазылмай, түсіп қалады: тоқы – тоқу, шоқы – шоқу, жаны – жану, оқы – оқу т.б.
• Сөздің соңғы буындағы ы, і әріптері оған дауыстыдан басталатын қосымша мағына өзгермейтін сөздерде түсіп қалады, жазылмайды: а) халық-халқы, құлықы-құлқы, мүлікі-мүлкі, мұрыны-мұрны т.б.; б) бүйірек-бүйрек, дәуірен-дәурен,  жиын-жина, күйісе-күйсе.
Ескерту: Соңғы буынында ы, і әріптері жазылатын сөздерге дауыстыдан басталатын қосымша жалғанғанда, ы, і әріптері түспей жазылады: қорықы-қорығы, көрікі-көрігі, қылықы-қылығы т.б.
3. Етістіктің ы, і дыбыстарына аяқталып, оларға көсемшенің –й жұрнағы жалғанғанда, сөз соңындағы ы, і әріптері мен көсемшенің –й жұрнағының орнына и әрпі жазылады: оқыйды-оқиды, тоқыйды-тоқиды, шоқыйды-шоқиды, таныйды-таниды.
4. Етістік йі әріптеріне аяқталып, оларға көсемшенің –й жұрнағы жалғанғанда, соңдағы і+й әріптерінің орнына и әрпі жазылады: байыйды-байиды, кейійді-кейиді.
5. Сөзге ы, і әріптерінің қосылып жазылуы: орыс тілінен кірген сөздер мына дауыссыз әріптерінің: нк, нг, ск, нд, кт, рв, мб, мск, дж, пт, рзь, нкт дыбыстардың тіркесіне аяқталғанда, оларға дауыссыздан басталатын қосымшаның алдынан ы, і әріптері қосылып жазылады: фактіні, шлангіні, киоскіде, фондыны, пунктінен, резервін, ромбыда, Томскіде, ферзіні, коттеджіден.
 
Сабақ № 4.
Тақырып: И, у, э, ё, ю, я әріптерінің емлесі.
- И – қысаң, езулік, дыбыстың әрпі. Ол жазуда ый, іи дыбыстарының тіркесін де белгілейді: быйыл-биыл, қиын, кійім-киім, кійіз-киіз. Сондықтан и әрпі жуан сөзде, жіңішке сөзде де жазылады.
Орыс тілінен кірген сөздерде и әрпі жалаң дыбысты белгілейді: кино, домино, машина т.б.
Ескерту: Бұл ережеге бағынбай жазылатын сөздер сый, тый және олардан жасалған туынды сөздер: сыйла, сыйластық, тыйғыз, тыйымсыз.
У – дифтонг дыбыстың әрпі. Ол дауысты у және дауыссыз у әрпін де таңбалайды, жуан сөзде де, жіңішке сөзде де жазылады. 
У әрпі дауыссыз дыбыстың әрпінен кейін жазылғанда, ол дауысты дыбыстың әрпі болып, буын құрайды: қулық, қуан, сулық, туған т.б.
У әрпі дауысты дыбыстың әрпінен кейін жазылғанда, ол дауыссыз дыбыстың әрпі болып табылады: тау, жау, таугүл, тауқымет т.б.
Етістіктің у дыбысына аяқталып, оған тұйық етістіктің –у қосымшасы жалғанса, етістік қос у әрпімен жазылады. Мысалы, сауу, туу, қуу, жуу.
Э, ё әріптері орыс тілінен кірген сөздерде, орыс тілі арқылы шет ел тілінен кірген сөздерде жазылады. Қазақтың байырғы сөздерінде жазылмайды: экскурсия, ёлка, экс-чемпион, эпиграф, актёр т.б.
Ю әрпі қосынды й+у дыбыстарын таңбалайды. 
* байырғы сөздерде қолданылады: аю, баю, қою, жаю сыю т.б.
* орыс тілінен кірген сөздерде ю әрпі жазылады: гипюр, глюкоза, юбка, юнкер т.б.
Я әрпі й+а дыбыстарының тіркесін таңбалайды.
* қазақ тілінің байырғы сөздерінде я әрпі жазылады: таяқ, қоян, аян, қияқ, саяси т.б.
* орыс тілінен, орыс тілі арқылы басқа тілдерден кірген сөздерде я әрпі жазылады: вафля, гвардия, ядро, яхта т.б.
Жаттығу
«Бізше, адам өмірін түзеуге, барлық адамдар тату тұруға негізгісі – адал еңбек, ақ жүрек, арлы ақыл болуға керек. Дүниеде бұл үшеуі үстем болмай, адам баласына тыныштық өмір сүруге мүмкіндік жоқ.
 
Білімсіз, ғылымсыз өнер табылмайды. Сол алған білім-өнерлерін адал еңбекпен жаратылыстың мол байлығын  пайдалануға салса, табылмайтын нәрсе жоқ. Сол тапқан байлықты барша адам баласының керегіне, пайдасына жарату керек.
Мейірімділік, махаббат, қайырымдылық, адалдық ақ жүректен шығады. (Шәкәрім)»    
 
Сабақ № 5.
Тақырып: Дауыссыз дыбыстар. Дауыссыз дыбыс әріптерінің емлесі. Дауысты, дауыссыз дыбыстар және олардың емлесін қайталау.
- Қазіргі қазақ тіліндегі сөздерде қолданылып жүрген дауыссыз дыбыстар, олардың әріптері төмендегідей: б, п, в, ф, д, т з, с, ж, щ, ч, ц, г, к, қ, ғ, м, н, ң, л, р, х, й, һ.
Дауыссыз дыбыстар үнді және ұяң, қатаң болып бөлінеді:
Үнді: р, л, й, у, м, н, ң.
Ұяң: б, в, г, ғ, д, з, ж, һ.
Қатаң: п, ф, к, қ, т, с, ш, щ, х, ц, ч.
Қазақ тіліндегі дауыссыз дыбыстар жуан, жіңішке болып бөлінбейді, олар жуан сөзде де, жіңішке сөзде де қолданыла береді, бірақ сөздегі жуан, жіңішке дауысты дыбыстардың дауыссыздарға әсері болады: бол, бөл, базар, безер, балта, белде, таза, терезе т.б.
Ескерту: тілдегі дауыссыз дыбыстардың ішінде тек жуан сөзде қолданылатын екі дауыссыз дыбыс бар, олар: қ, ғ: қағаз, ғалым, ғаламат, ақын, ағын т.б.
Тілдегі дауыссыз дыбыстардың ішінде екі дыбыс –к, г тек жіңішке сөзде қолданылады:  көк, көктем, гүлдену, көкше, гүрсіл т.б.
Дауыссыз дыбыстардың ішінде һ, в, ф, х, ц, ч дыбыстары қазақ тілінің байырғы сөздерінде қолданылмайды. Олардың һ әрпі шығыс тілдерінен келген кейбір сөздерде және одағайларда қолданылады: мәшһүр, гауһар, оһо, еһ. Ал ф, х дыбыстары шығыс және орыс тілдерінен келген сөздерде кездеседі: Фатима, Хамит, Хамза, Фархат, фабрика, кинотехника т.б.
Ц, ч дыбыстары орыс тілінен келген сөздерде, в әрпі фамилияларда қолданылады: вагон, вальс, Омаров, Ахметов, цемент, цех, чемодан, центнер т.б.
Щ әрпі кейбір байырғы сөздерде және орыс тілінен кірген сөздерде жазылады: ащы, тұщы, кеще, Щорс, щи, щетка т.б.
Орыс тілінен кірген сөздерде сөз ортасындағы қос дауыссыз жазуда сақталады: касса, грамматика, пресс-бюро, пресс-аташе т.б.
Қазақ тілінің байырғы сөздері б, в, г, д, ж дыбыстарына аяқталмайды.
П, б, ф дыбыстары тілде вариантты сөздер берген: Фатима, Бәтима, бәле, пәле т.б.
Орыс тілінен кірген сөздерде дауыссыз дыбыстың жуан,  жіңішкелігін білдіретін екі әріп бар, олар: ь, ъ. Мысалы, альбом, объект, статья, почтальон, объезд т.б.
 
Жаттығу.
«Алатаудың қарлы шыңдары қысы-жазы әсем Алматыға ерекше бір сипат беріп тұрғандай. Алматы су қоры жағынан мұқтаждық көрмейді. Оны табиғат аясына, Алатау баурына қысып, әлпештеп келеді. Алатаудың баурайына орналасқан ару Алматының үстінен шалатын болсақ, бәрі де алақандағыдай. Көз алдымызда көлбеп жатқан қала өзінің көк-жасыл желегімен, оқтай түзу көшелерімен барынша 
ерекшеленеді.(«Өркен» газетінен)»  
Сабақ № 6.
Тақырып: Буын, оның түрлері.
- Сөздің дауысты дыбыстың қатысымен бөлініп айтылатын бөлшегі буын деп аталады: ба-ла-лар, ә-ке,  а-та, ат-ты. Сөз ішінде неше дауысты дыбыс болса, сонша буын болады. 
- Қазақ тілінде үш түрлі буын бар:
1. Ашық буын дауыссыздан басталып, дауыстыға аяқталады, не тек дауысты дыбыстан тұрады: а-на, ә-же, қа-ла, да-ла т.б.
2. Тұйық буын дауысты дыбыстан басталып, дауыссыз дыбысқа аяқталады: ас-та-на, ек-ше, ек-пін, ар-шы т.б.
3. Бітеу буын дауыссыз дыбыстан басталып, дауыссыз дыбысқа аяқталады: бал-шық, бөл-шек, көк-тем, жар-ғақ т.б.
Буынның түрлері
Түрлері Мысалдар
1. Ашық буын Бір дыбысты Екі дыбысты
А-та, а-па і-ні, Е, солай ма? Ба-ла, қа-ла-ға, те-ре-зе, да-ла
2. Тұйық буын Екі дыбысты Үш дыбысты
От, ат, ер, іс, үш, ұн Ант, өрт, ұлт
3. Бітеу буын Үш дыбысты Төрт дыбысты
Тас, тіс, қыс, гүл, жаз Қант, жент, төрт, бұлт
 
Жаттығу.
«Көбей шешен сөздері
Тау белгісі тас болар,
Май белгісі ас болар
Алған жарың жаман болса,
Тазалық жоқ нас болар
Алған жарың жақсы болса,
Қартайғанша жас болар...
Зер ұстаған зердің жайын біледі,
Жақсы басшы елдің жайын біледі.
Басынан көп өмірді өткізген жан,
Қайғы менен шердің жайын біледі.»
 
 
Сабақ № 7.
Тақырып: Тасымал.
- Сөздің жолға сыймаған бөлігін келесі жолға көшіру тасымал арқылы буын жігінен жасалады. Мысалы, қа-лам, қа-зір, мек-теп сияқты сөздерді тасымалдау қажет болса, осы көрсетілген буын жігінен бірінші буынды жазып, екінші буынды келесі жолға тасымалдауға болады. Сөзде бірнеше буын болғанда да, сыйған буындар жол соңына жазылып, қалған буындары келесі жолға тасымалданады. Мына сөздерді осы көрсетілгендей буын жігінен түрліше тасымалдауға болады: ақыл-дастық, ақылдас-тық, ха-барландыру, хабар-ландыру, хабарлан-дыру.
Тасымалдауға болмайтын жағдайлар да бар:
1. Бір дауысты әріпті жол соңында қалдырып, сөздің қалған бөлігін тасымалдауға болмайды: мысалы, әке, ана, әже, осы, өмір, өнер сияқты сөздер тасымалданбайды.
Сол сияқты сөздің ең соңғы бір дауысты әріптен тұратын буынын тасымалдауға болмайды. Мысалы, армия, Жәния сияқты сөздердегі соңғы я әрпі келесі жолға тасымалданбайды.
2. Бас әріптен қысқарған сөздер тасымалданбайды: МТС, РТС, ҰБТ, МАБ т.б.
3. Қысқартылып алынған кісі аттары тасымалданбайды: А. Құнанбаев, М. О. Әуезов, С. Мұқанов т.б.
4. Цифмен алынған сандарды оларға қатысты қысқарған сөзден бөліп тасымалдауға болмайды: 15 м, 30 см, 60 % т.б.
Жаттығу.
«Кітап сенің ақылгөй, адал досың, өмірлік есті жолдасың. Сен ерінбесең, ол саған ақыл айтудан ерінбейтін, жалықпайтын шебер ұстаз. Сен ала білсең, ол бере біледі. Кітап жан айнасы. Оған қарап бойыңды да, ойыңды да түзеуге болады. Айналадағы адамдарға мейіріммен қарауға үйренесің. Кітап сегіз қырлы, терең сырлы тәрбиеші, ұлы үйретуші.»
 
Сабақ № 8.
Тақырып: Екпін.
- Екпін дегеніміз белгілі бір буынның көтеріңкі айтылуы. Екпін соңғы буынындағы  дауыстыға түседі. Аспан, көктем,әдепті, дүйсенбі, гауһар.
Екпін әрқашан да соңғы буынға түседі. І-зет-ті-лік, күн-ба-тыс, кеш-құ-рым.
Егер сөздің түбіріне қосымша жалғанса, екпін қосымшадағы соңғы дауыстыға түседі. Бала-лар, мереке-лер, оңтүстік-те, қаһарман-дық.
Қазақ тілінде екпін сөздің мағынасын өзгертпейді және әрқашан да тұрақты болады. Мысалы: көбелек, көбелектер, көбелектерді, көбелекше.
 
Жаттығу.
«Балалар, жалқау болмай оқы сабақ,
Ашылмас оқымысаң, көз бен қабақ.
Айырылса, оқу оқып, білгенінен,
Біз оны деп айтамын «арамтамақ».
Балалар, жалқау болма шабан тартып,
Ілгері ұмтыла бас кү-күн артып.
Арқаны кедейліктің – еріншектік.
Желкңнен жібермейді мықтап тартып,
Қайрат қыл, жалқаулықтың жібін үзіп,
Көрген жан түңілмесін күдер үзіп.
Бойыңа жалқаулықты үйір қылсаң,
Жүрерсің көрінгенге көзің сүзіп.» (Мәшһүр Жүсіп Көпеев)
Сабақ № 9.
Тақырып: Үндестік заңы.
- Қазақ тілінде сөздердің, сөз бен қосымшаның бір-бірімен дыбысталуы жағынан үндесе қолданылуы тілдегі негізі заңдылықтарға жатады. Тіліміздегі сөздердің көбі не бірыңғай жуан, не бірыңғай жіңішке болады. Мысалы, қала, дала, бала, жұмысшы, қазалық сияқты сөздерде ылғи жуан дауыстылар қолданылса, мектеп, әдемі, үкімет сияқты сөздерде жіңішке дауыстыларға ғана қолданылады. Осыған орай қосымшалар да сөздің соңғы буынының әсерінен не жуан, не жіңішке түрде сөздің соңғы дыбысының әсерімен қатаңнан, ұяңнан, үндіден басталып жалғанады. Мысалы, қалада, далаға, жұмысшыдан, терезені, әдеміге, әжеден.
Үндестік заңы буын үндестігі (сингармонизм) және дыбыс үндестігі (ассимиляция) болып екіге бөлінеді.
 
Жаттығу.
«Зеңгір көк аспанды тәңіріне, нұр шапағын шашқан алтын күнді өмір тіршілігіне, қалықтай ұшқан қыран құсты асқақ арманына балайтын қазақ халқының тәуелсіз мемлекеттің жаңа жалауы зеңгір көк түстес. Жалау түсінің мағынасы өте терең. Мұнда біздің ашық аспанды, яғни бейбіт күнді айшықтайтын кіршіксіз көңіліміз бар, көкті тәңір тұтқан ата-бабаларымыздың арман-аңсары бар. Алтын күн, аспан аясында баяу қалықтаған қиял бүркіті қазақтың дарқан да ақ көңілін ту бетіне түсіріп, шырқау биікке алып шыққандай. («Егеменді Қазақстан» газетінен)»
Сабақ № 10.
Тақырып: Буын үндестігі.
- Буын үндестігі – сөздегі дауысты дыбыстардың үндесуіне байланысты заңдылық. Қазақ тіліндегі сөздердің не бірыңғай жуан, не бірыңғай жіңішке болып үндесіп қолданылуы буын үндестігі деп аталады. Мысалы, ана, ата, қазына, бақыт, еңбек, көкөніс, көктем, әже. Буын үндестігі орыс тілінде жоқ, қазақ тілінің ерекшелігіне жатады.

Соңғы жарияланған материалдар тізімі
Тест сұрақтары, Фонетика
Дауысты дыбыстар
Буын үндестігі. Дыбыс үндестігі
Фонетикалық талдау
Қазақша-орысша грамматикалық терминдер сөздігі
Фонетика
Дауысты дыбыс әріптерінің қолданылуы
Дауыссыз дыбыс әріптерінің қолданылуы
Қосымшалардың жазылуы
«Дауысты дыбыс» бойынша тест сұрақтары
Бөлім: Уроки / Қазақ тілі | Көрсетілім: 19881 | Қосты: NA | Ілмек сөздер:
avatar
• 24 октября 2014 07:26
Жоспар маған қатты ұнады
Информация
Посетители, находящиеся в группе Гости, не могут оставлять комментарии к данной публикации.
Бөлімдер
История
открытые уроки по истории
Педагогика
открытые уроки по педагогике
Биология
открытые уроки по биологии
Информатика
открытые уроки по информатике
Математика
открытые уроки по математике
Физика
открытые уроки по физике
Химия
открытые уроки по химии
Разное
открытые уроки
География
Открытые уроки по географии
русский язык