|
|
Сабақ тақырыбы: Абай және батыс әдебиеті
Сабақ мақсаты:
Білімділік: оқушыларға Абайдың «Қараңғы түнде тау қалғып» өлеңі туралы мәлімет беру.
Дамытушылық: оқушылардың Абай туралы білімдерін тереңдету; тіл байлығын дамыту.
Тәрбиелік: Абай мұраларын құрметтеуге, табиғатты аялауға тәрбиелеу.
Сабақ түрі: дәстүрлі сабақ
Сабақ типі: жаңа білімді игерту сабағы
Сабақ барысы:
І.Ұйымдастыру кезеңі
Сәлемдесу
Кезекшімен сұхбат
Оқушыларды сабаққа дайындау
ІІ.Үй тапсырмасын тексеру
Абайдың батыс ақындарынан аударған аудармаларын мәнерлеп оқу.
ІІІ.Жаңа сабақ
«Қараңғы түнде тау қалғып»
Абайдың 1892ж. М. Ю. Лермонтовтың «Из Гете» атты өлеңінен аударған өлеңі. Әрқайсысы 4 тармақты 2 шумақтан тұрады, барлығы 8 жол. Өлең - Абай аудармаларының шоқтығы биік озық үлгісі. Лермонтов бұл шағын өлеңді 1840 ж. неміс тілінен тікелей тәржімалаған. 1780 жылдың күзінде Кикельхан шыңына жаяу сапар шегіп, И. В. Гете шың түбіндегі аңшы үйінің қабырғасына қарындашпен небәрі сегіз жол өлең жазады. Бұл кейін бүкіл дүние жүзіне танымал болған, сан-алуан тілдерге аударылған әйгілі «Жолаушының түнгі жыры» еді. Бұл лирикалы-философ. миниатюраның негізгі түйіні, әлеуметтік мәні мен астары, көркемдік құдіреті аса тереңде жатыр. Адамзат өмірі мен тылсым табиғат құбылысының арақатынасын, байланысын, тынымсыз харекет-өмірден кейін тыныштық аңсау тақырыбын тұңғыш көтеріп, көркем бейнелеген көне грек ақыны Алкман (б. з. б. 7ғ.) болатын. Сонан соң бұл мәңгілік тақырыпты көне заманның ұлы ойшыл ақындары Вергилий, Овидий, Ариосто, Тассо тереңдетіп, құбылтып, толықтыра түсті, өлеңдеріне жаңа қуат берді. Гете «Жолаушының түнгі жырын» солардың үлгісінде жазып, сол ұлы ақындардың дәстүрін жалғастырды, өзіндік соны бояу, жаңа реңк енгізді. Өлеңнің философиялық түйіні соңғы екі жолында ашылады: «Тыншығарсың сен-дағы, сабыр қылсаң азырақ». Бұл жолдар Гетеде де, Лермонтовта да, Абайда да дәлме-дәл, сөзбе-сөз өрілген. Гетеде «Жолаушының түнгі жыры» еркін жазылған, буын саны, ұйқасуы да әр алуан. Өлеңді орыс тіліне тәржімалаған И. Анненский, В. Брюсов, Ю. Александров ырғақтық дәлдікті мүмкіндігінше сақтауға тырысқан, бірақ нәтижесінде аударма сірескен қалпында қалып, жасандылау шығып, көркемдік күш-қуатын әлсіретіп алған. Лермонтов, керісінше, Гетенің миниатюрасын еркіндеу аударып, орыс табиғатына лайық бірнеше тың бейне қосып, ырғақ, буын өлшемін дәл сақтамағанымен, түпнұсқадағы ойға, сарынға, сезімге ешбір нұқсан келтірмей, данышпан неміс ақынының философиялық ой- күйін, түйсік-сезім, дүние танымын айқын бере алған. Абай аудармасы жайында да дәл осыны айтуға болады. Ол Лермонтов тәржімесі арқылы ұлы Гетенің жан сырын тап басып, өлеңді қазақ топырағына бейімдеп, ұлттық әр беріп, жаңа, тың жыр туғыза алған. Абайдың шеберлігі, көрегендігі, сезімталдығы, әсіресе үш өлеңді қатар қойып оқығанда ерекше айқындала түседі. Бір ғажабы, Абайдың аудармасы өзіндік, тел шығармадай әсер етеді, «Қараңғы түнде тау қалғыпты» білмейтін, шырқамайтын қазақ жоқ. Оған бір жағынан Абайдың бұл өлеңге жазылған кең тынысты, нәзік өуенді әні себеп болуы керек. Өлең шалыс ұйқас үлгісімен жазылған. Алғаш рет 1909 ж. Санкт-Петербургте жарық көрген «Қазақ ақыны ИбраҺим Құнанбайұлының өлеңі» атты жинақта жарияланды.
1979 ж. қазақ жазушысы Қ. Исабаев неміс қаласы Габельбахтағы Гетенің музейіне Абай аударған «Қараңғы түнде тау қалғып» өлеңі қашалып жазылған мәрмәр тақтаны және әнші М. Көшкінбаев домбырамен орындаған әннің магнит таспасын сыйға тартқан. Г. Бельгер. Абай«Қараңғы түнде тау қалғып» өлеңіне ән шығарған. Ән сипаты көңілге қонымды, жүрекке жылы, құлаққа жағымды. Алғашқы рет нотаға композитор Л. Хамиди 1935 ж. А. Ысқақовтың айтуы бойынша жазып алған. 1984 ж. музыка зерттеуші Қ. Жүзбасов әнші Қ. Байжановтан 1958 ж. (магнитофонға) таспаға жазылған үлгісін және М. Мұқамеджановадан жазылған нұсқасын нотаға түсірген. Қазіргі уақытта бұл әннің З түрі белгілі болып отыр. Сол үш нүсқаның 2 түрі ең күрделі және толық екі шумақ аумағында түгелдей мелодиялық сазымен ерекшелеңеді. Екінші шумақтың әуен-сазы мен ырғағы бастапқы шумақ тармақтарының сарынының вариациялық (өзгерістермен) мәнермен өрнектелгенін аңғартады. Абай поэзия саласында ғана емес, сонымен бірге сазгерлік, ән өнерінде де лирикалық қазақ-қалалық ән жанрының жаңа түрін қалыптастырды. Абайдың композитор өнерінде сұлу үн, терең философия, ұнамды парасат, сән-салтанат, әдемі үйлесім табады. Әннің әуен сазы мен поэзия тілі гармониялық үйлесім тауып, сазы минорлық ладта қалыптасқан, ырғақ желісі мен жүйесі аралас өлшеммен ерекшелеңген. Мысалы, 4/4, 4/4, 6/4, 4/ 4, 5/4, 4/4, 5/4, 4/4, 5/4, 4/4, 5/4, 4/4 - бірінші түрі; 3/4, 5/4, 6/4, 3/4, 4/4, 5/4, 5/4, 6/4, 3/4, 5/4, 6/4, 4/4, 6/4, 5/4, 6/4 - екінші түрі; 3/4, 3/4, 5/4, 6/4, 6/4, 3/4, 3/4, 6/4, 5/4, 5/4 - үшінші түрі. Сондықтан ән шалқымалы кең тынысымен ерекшелеңіп, өлең кестесі 7-8 буынмен қалыптасқан. Ақынның «Көзімнің қарасы», «Желсіз түнде жарық ай», «Өзгеге көңлім тоярсың» әндері осы әнмен ұқсас әрі сарындас.
IV. Мәтінмен жұмыс
Оқушылар өлеңнің мәтінімен танысады және мәнерлеп оқиды.
V. Өлеңді талдау
Өлеңді кешенді талдау технологиясы бойынша ауызша талдау.
VI. Пәнаралық байланыс
Досмұқасанның орындауындағы «Қараңғы түнде тау қалғып »әнін тыңдату
VII. Сабақты қорытындылау
Тест арқылы
VIII. Үйге тапсырма
Өлеңді жаттау.
IX. Оқушыларды бағалау
Соңғы жарияланған материалдар тізімі
Посетители, находящиеся в группе Гости, не могут оставлять комментарии к данной публикации.
История открытые уроки по истории |
Педагогика открытые уроки по педагогике |
Биология открытые уроки по биологии |
Информатика открытые уроки по информатике |
Математика открытые уроки по математике |
Физика открытые уроки по физике |
Химия открытые уроки по химии |
Разное открытые уроки |
География Открытые уроки по географии |
русский язык |