Соңғы жарияланған материалдар тізімі
Бөлім: Уроки / Қазақ тілі |
Көрсетілім: 1829 |
|
|
|
Қазақ еліне саяхат, Сан есімдер
Тақырыбы: Қазақ еліне саяхат Сан есімдер
Мақсаты: 1. Сан есімді бекіту, етістік, үстеу, зат есімді
қайталау.
2. Қазақтың салт-дәстүрлері, тілі, ұлттық тағамдары, киімдері жайлы мәлімет беру. Тілді сүюге, салт-дәстүрлерді құрметтеуге шақыру, ұлттық ойындарды ойнату.
3. Оқушылардың сөздік қорын байыту, тіл дамыту.
Әдістер: Сұрақ-жауап, талдау, суретпен жұмыс, түсіндіру,
баяндау, іздену.
Көрнекіліктер: Суреттер, мақал-мәтелдер, домбыра, қобыз,
буклет, теңгелер, доп, арқан, құрақ көрпе, асық,
қоржын, бесік, кітаптар.
Сабақ түрі: Ойын сабақ, блиц-турнир
Пәнаралық байланыс: Дене шынықтыру, тарих
САБАҚ БАРЫСЫ:
Ұйымдастыру кезеңі:
- Сәлеметсіздер ме, балалар! Қане, бәріміз қосылып, Қазақстан
Республикасының мемлекеттік әнұранын орындалық!
- Сыныпта кім кезекші?
- Бүгін қай күн?
- Қазір жылдың қай мезгілі?
- Бүгін аптаның қай күні?
- Ауа райы қандай?
- Көктемде адамдар қалай киінеді?
- Бүгін сыныпта кім жоқ?
Жаңа сабақ:
Кіріспе: - Балалар, бүгін біз сендермен сыныптан тыс сабақ өткелі отырмыз. Тақырыбымыз - "Қазақ еліне саяхат". Яғни, біздің сабақтың мақсаты - саяхат барысында сан есімдерді бекіту, бұрындары өтіп кеткен тақырыптарымыз - зат есім, етістік, үстеулерді қайталау. Сонымен қатар қазақ елінің салт-дәстүрлерімен танысамыз, ұлттық ерекшеліктерін меңгеруге тырысамыз. Қазақстанда тұратындықтан, біздің бәріміз де қазақ халқының тыныс-тіршілігін, тарихын, әдет-ғұрыптарын білуге және оларды сыйлауға, құрметтеуге тиіспіз.
Қазір біз саяхатқа аттанамыз. Саяхатты бастамас бұрын сынып оқушыларын 2 топқа бөліп, топтың басшыларын сайлап алайық. Себебі, біз саяхат барысында түрлі жарыстар өткіземіз, екі топтың қайсысы қазақ еліне тез әрі адаспай баратынын сабақ барысында байқаймыз. Мен сіздердің жолсеріктеріңіз боламын. Ал мына қонақтарымыз қазылар алқасын және төраға немесе төрайымды өздері сайлап алсын.
Енді, балалар, мен саяхатты бастамас бұрын кішкене кіріспе жасап жіберейін.
Түсіндіру: Кез келген халық ұлт болуы үшін, ең алдымен, тілі болуы керек. Тіл жоқ жерде ұлт та жоқ. Ал ұлт болған соң оның өз тарихы, сан ғасырлардан бері қалыптасқан салт-дәстүрлері, ұлттық тағамдары болады. Тұрмыс-салттарына байланысты әр ұлттың өзіндік ерекшеліктері де бар. Мәселен, қазақ халқы, бәріңізге белгілі, көшпелі болған. Жазда жайлауға, қыста қыстаққа көшіп отырған. Сол жол жүрген кездерінде өздеріне қажетті бұйымдарын, азықтарын қоржынға салып жүрген. Қоржынды аттың үстіне немесе иықтарына салып жүруге ыңғайлы етіп екі жақтама етіп тіккен. Яғни, қоржын қазіргі біздің сөмкелер мен рюкзактарымыздың орнына қолданылған. Мінекей, балалар, алдарыңда осы қоржын тұр. Айта кетерлігі, бұл қоржын жай қоржын емес, сиқырлы қоржын екен. Оның қандай сиқыры бар екенін көргіміз келе ме?
Қоржын. (Ойын ойнау) Ендеше, балалар, әр топтан 3 баладан шықсын. Біз алғашқы аялдамамызды осы қоржынға жасайық. Енді топ басшылары мына қоржында не бар екенін қолын салып көрсін (қоржыннан конверт алады).
- Қоржынның ішінде сендерге хат келіпті. Ашып көрелік.
- Балалар, сендер мына жерде қиықшаларды көріп тұрсыңдар. Мен жолсерік ретінде сіздерге түсіндіру жұмысын жүргізейін.
Қазақ халқы өте өнерлі әрі үнемшіл халық болған. Мысалыға алар болсақ, олар киім немесе өзге заттар тіккенде қалдық қиықтарды, сондай-ақ сыймай қалған киімдерді қоқысқа тастамаған. Оларды да кәдеге жаратуға тырысқан. "Үнемділік - үстеме дәулет" деген. Қиықтарды бір-бірімен құрап, олардан құрақ көрпе немесе құрақ жастық жасаған. Қазіргі таңда да құрақты кеңінен кездестіруге болады. Мінекей, алдарыңызда құрақ көрпе тұр (құрақ көрпемен оқушыларды таныстыру).
Құрақ құрау. Балалар, енді сендерге жүктелер міндет: сендер мына қиықтардан құрақ құрайсыңдар, не шығатынын бәріміз байқап көрелік. Қане, кім тез және дұрыс құрастырады екен?!
- Жарайсыңдар, балалар, мына құрастырған аспаптар сендердің топтарыңның атауы болады (қиықтардан домбыра мен қобызды желімдеп жасайды).
Енді сендер өз топтарыңның атауын қорғау керексіңдер. Мен сұрақ беремін, сендер жауап қайтарасыңдар. Домбыра деген не?
- Қазақтың қандай атақты күйші немесе әншілерін білесіңдер?
- Домбыра туралы кім өлең айтады?
- Қобыз дегеніміз не?
- Қандай қобызшыларды білесіңдер?
- Қобыз туралы өлеңді кім айтады?
- Жақсы, саяхатымыз әрі қарай жалғасады, орындарыңызға отырыңыздар. Енді қоржынның екінші қалтасында не сиқыр бар екен, соны көрелік. Бір оқушы шығып, қарап көрсінші. Қоржында асық бар екен.
Мен жолсерік ретінде тағы да шолу жасап жіберейін.
Асық - қазақ халқының ұлттық ойындарының бірі саналған. Қазақ халқы мал шаруашылығымен айналысқандықтан, өз ойындарында мал сүйегін, құмалақтарды пайдаланған. Асық ойынын бәріміз білетін шығармыз, ол мергендікке үйретеді. Ал біздің бүгінгі асығымыз тек мергендікке емес, білімді де үйретеді екен.
Бүгінгі тақырыбымыз сан есімдерге арналғандықтан, мына асықтардың жандарында сандар тұр, осы сандарға сәйкес келетін сұрақтарды мына жерден алып, әр оқушы соларға жауап берсін.
7 саны қазақта киелі саналған. Мен сендерге қазір жеті санына байланысты сұрақтар қоямын, сендер жауап бересіңдер.
- Жеті қазынаны кім атайды?
- Жеті күнді кім атайды?
- Жеті атаны кім атап шығады?
- Жеті жетімді кім атайды?
@-музыкалық үзіліс. Балалар, сендер тынығып алыңдар, ал сабақты әрі қарай бізге арнайы қонақ болып келіп отырған 6-сынып оқушылары жалғастырады. Қазір сіздер қазақтың салт-дәстүрінен көрініс, яғни "Бесікке салу" рәсімін тамашалайсыздар.
Бекіту: Рахмет, балалар, отыра қойыңдар. Ал, 5-сынып, саяхатты әрі қарай жалғастырамыз. Біз сіздермен келесі - "Блиц-турнир" аялдамасына тоқтаймыз. Тақтада үш түрлі тақырып бойынша үш деңгейлік тапсырмалар ілулі тұр. Ұлттық ойындарды бұған дейін сабақта біз өткендіктен, оған 10 ұпай, ұлттық тағамдарды арнайы өткен жоқпыз, бірақ хабарымыз бар, сондықтан оған дұрыс жауап берсеңдер, 20 ұпай беріледі. Ал енді ұлттық киімдер жайлы біз сабақта өтпегендіктен, оған жоғарырақ баға - 30 ұпай беріледі. 30 -"5", 20 -"4", 10 -"3" деген бағаларды білдіреді.
Суретпен жұмыс: Осы жерде жолсерік ретінде айта кетейін, балалар, мына суретте, міне, ұлттық киім киген қыз бен жігіт бейнеленген. Жігітіміз домбыра тартып отырса, қызымыз жігітке тағам әкеле жатыр. Қазақ халқында ертеде Наурыз мейрамы тойланар күні, яғни 22 наурыз күні таңертең ертемен қыздар өздерінің ұнатқан жігіттеріне тәтті тағамдар ұсынған. Мұны "Ұйқыашар" деп атаған. Ал жігіттер қыздарға айна, тарақ немесе иіс су сыйлаған. Былайша айтқанда, жігіттер мен қыздар бір-біріне өз сезімдерін осылайша білдірген. Қазіргі біздің Әулие Валентин деп атап жүрген мереке қазақта болмаған. Ғашықтар мерекесі Наурыз мейрамы қарсаңында тойланған.
Ұлттық тағам демекші, балалар, атауында сан есім кездесетін ұлттық тағамды кім атайды? (Бесбармақ)
Ендеше, балалар, саяхатты жалғастырамыз. Ал әр командадан кезекпен бір оқушыдан шығып, мына сұрақтарға жауап берсін. Жақсы. Қазылар алқасы, командаларымыздың бағаларын беріп отырыңыздар.
Сергіту: Енді "Сергіту" аялдамасына келдік. Қазір ұлттық ойындарымызды ойнаймыз. "Арқан тартыс".
- Балалар, қазақта
"Төртеуі түгел болса, төбедегі келеді,
Алтауы ала болса, ауыздағы кетеді" деген мақал бар, бүгін мына топ бірліктің арқасында жеңіске жетті.
Енді келесі ойнайтын ойынымыз - "Қол күрес".
Әр топтан бір-бір оқушыдан шықсын.
Балалар, міне, өздерің де байқадыңдар, бұл ойында жігіттеріміз білектерінің күшін сарапқа салды. "Білекті бірді жығар, білімді мыңды жығар" деген мақал тегін айтылмаған. Енді біз білім сайысына көшелік.
Пысықтау: Білім сайысымыз "Күміс алу" деп аталады. Күміс алу ойыны негізінен далада өтеді. Жігіттер атқа мініп, қатты жылдамдықпен шауып бара жатып, жердегі күміс теңгелерді жинаулары керек. Ал біз сабақты аудиторияда өтіп жатқандықтан, ойын шартын өзгертеміз. Мына тақтада күміс теңгелер ілулі тұр, олардың келесі бетінде сұрақтар бар. Қазір сайыста командалардың қыздары жарысады. Қыздарымыздың қаншалықты білімді екендігін байқайтын кез келді. Себебі, ертеде қазақ қыздары сұлулығымен қоса ақылдылығымен, тапқырлығымен талай жандарды тамсандырған, ел бірлігін сақтауға да өз үлестерін қосып отырған. Ендеше, ортаға әр топтан 1-1 қыздан шығып, сұрақтарға жауап қайтарсын.
Келесі біздің аялдамамыз - "Сөздік жұмбақ" деп аталады. Мына тақтадағы сөздерге қараңыздар, бірінші қатарда орыс тілінде сан есім, екінші қатарда етістіктер берілген, ал мына көп нүктенің орнына сендер сөздердің аудармасын жазыңдар. Кім тез және дұрыс аударады екен? Балалар, ескеретін жәйт, қазақ тіліндегі аударма сөздер өзара ұйқас болуы керек. Яғни, біз сендермен әрі сөздік жұмысын жүргіземіз, сонымен қатар сан есім мен етістіктерді қайталаймыз.
Біздің соңғы аялдамамыз "Мақал - сөздің атасы" деп аталады. Балалар, мына жерде мақалдар жазылған, әр топтың мақалдары әр түрлі. Сендер дәптерлеріңе сол мақалдарды көшіріп жазып, ішінен сан есімдерді табасыңдар. Кім тапсырманы тез әрі дұрыс орындайды екен, көрелік, ал төрешілер бағасын береді.
Үйге тапсырма: Енді, балалар, үйге келдік. Үйге тапсырма: мақалдарды жаттау.
Қорытындылау: Қазір қазылар алқасы біздің бағамызды берсін, қай топ адаспай қазақ еліне тура жетті, қай топ жолда шатасып, адасқанын айтады.
Олар шешімдерін шығарғанға дейін біз бүгінгі сабағымызды қорытындылап жіберейік. Мен допты лақтырамын, сұрақтар қоямын, сендер жауап бересіңдер.
Бағалау: Жарайсыңдар, сабақты бәріміз жақсы игеріппіз, енді қазылар алқасына сөз беріледі.
Сабақ бітті, сау болыңдар!
Соңғы жарияланған материалдар тізімі
Информация
Посетители, находящиеся в группе Гости, не могут оставлять комментарии к данной публикации.
Посетители, находящиеся в группе Гости, не могут оставлять комментарии к данной публикации.
Бөлімдер
История открытые уроки по истории |
Педагогика открытые уроки по педагогике |
Биология открытые уроки по биологии |
Информатика открытые уроки по информатике |
Математика открытые уроки по математике |
Физика открытые уроки по физике |
Химия открытые уроки по химии |
Разное открытые уроки |
География Открытые уроки по географии |
русский язык |