Соңғы жарияланған материалдар тізімі
Бөлім: Уроки / Тарих |
Көрсетілім: 4858 |
|
|
|
ҚАЗАҚСТАН ТАРИХЫ САБАҒЫНДА ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ТЕХНОЛОГИЯЛАРДЫ ПАЙДАЛАНУДЫҢ ТИІМДІЛІГІ
ҚАЗАҚСТАН ТАРИХЫ САБАҒЫНДА ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ТЕХНОЛОГИЯЛАРДЫ ПАЙДАЛАНУДЫҢ ТИІМДІЛІГІ
Муханова Жанагул Жансултановна
Ақтөбе медициналық колледжінің оқытушысы
Қазақстан Республикасының Білім туралы Заңында: «Білім беру жүйесінің басты міндеті – ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтар, ғылым мен практика жетістіктері негізінде жеке адамды қалыптастыруға және кәсіби шыңдауға бағытталған білім алу үшін қажетті жағдайлар жасау; оқытудың жаңа технологияларын енгізу, білім беруді ақпараттандыру, халықаралық ғаламдық коммуникациялық желілерге шығу» - деп білім беру жүйесін одан әрі дамыту міндеттері көзделеді. Бұл міндеттерді шешу үшін әрбір оқу орындарының ұжымы, әрбір мұғалімнің күнделікті ізденісі арқылы, барлық жаңалықтар мен қайта құру, өзгерістерге батыл жол ашарлық жаңа практикаға, жаңа қарым-қатынасқа өту қажеттігі туындайды.
Бүгінгі педагогика ғылымының лексиконында педагогикалық технология ұғымы терең тамыр жайды. Дегенмен, осы ұғымды түсіну мен пайдалануда әртүрлілік басым. Технология – оқушы мен ұстазға бірдей қолайлы жағдай тудырушы оқу процесін ұйымдастыру және жүргізу, бірлескен педагогикалық әрекетті жобалаудың жан-жақты ойластырған үлгісі.
Мұғалім қызметі – педагогикалық технология негізінде айқын мақсат пен нәтижеге құрылады және қажетті нәтиже жетістіктерін болжап отырады. Мұндай болжауларға мұғалім әркез қызығушылықпен қарайды.
Технология - іс-әрекеттің заңдылық бейнесі. Педагогикалық заңдылықтарды көбірек қолданатын мұғалімнің қызмет құрылымы да тиімдірек болады, себебі ол нақты технологиялық міндеттерді орындайды.
«Педагогикалық технология - оқу, тәрбие үрдісінің алдын ала жүйелі түрде жоспарлануы және оның тәжірибеде жүзеге асу жобасы», - дейді В.П.Беспалько. Әрбір технология өзіндік жаңа әдіс-тәсілдермен ерекшеленеді. Әдіс-тәсілдерді мұғалім ізденісі арқылы оқушы қабілетіне, қабылдау деңгейіне қарай іріктеп қолданады. Адам ой-әрекетін табиғаттан даяр күйінде алмайды, ол ойлауды үйренеді. Мұғалімнің міндеті осы үрдісті шебер басқара білу, тек ойлау іс-әрекетінің нәтижелерін ғана емес, оның қалыптасу барысын да бақылап отыру.
Жаңа технологиялардың басты міндеті оқушының оқу-танымдық әрекетін жандандыра отырып, алға қойған мақсатқа толықтай жету болып табылса, педагогикалық технология кәсіптік қызметтің ерекше түрі болып есептеледі. Оқытудың жаңа технологияларын меңгеру мұғалімнен орасан зор іскерлік пен шығармашылыққа негізделген ізденістерді қажет етеді. Осындай мақсат көздеген жүйелі ізденістер мұғалімнің жаңа технологияны меңгеріп, инновациялық жетілуіне әкеледі.
Педагогикалық технологиямен жұмыс істеу үшін төмендегідей алғышарттар қажет:
- Оқу үрдісін интенсивтендіруді жаппай қолға алу;
- Оқушылардың сабақтастылығын болдырмау шараларын кешенді түрде қарастыру;
- Оның ғылыми-әдістемелік, ұйымдастырушылық себептеріне үнемі талдау жасап, назарда ұстау;
- Пәндік білім стандартымен жете танысу;
- Білімді деңгейлеп беру технологиясын игеру арқылы оқушыларға білімді мемлекеттік стандарт деңгейінде игертуге қол жеткізу;
- Оқу үрдісін ізгілендіру мен демократияландыруды үнемі басшылыққа алу.
Педагогикалық технологияны кеңінен қолдану 60-жылдары әуелі американдық, содан соң европалық мектептерде басталды. Оқыту технологиясы – оқу процесін құру технологиясы. Қазіргі уақытта білім берудің әр түрлі технологиясын кездестіруге болады. Олардың барлығы да алға қойылған мақсатқа жетуді көздейді. «Педагогикалық технологияның ерекшелігі, - деп жазады М.В.Кларин, - ондағы оқу процесі алға қойылған мақсатқа жетуге кепіл береді», - дейді.
Қазақстанның білім беру жүйесінде П.Эрдниевтің дидактикалық бірліктерді ірілендіру технологиясы, Д.Эльконин мен В.Давыдовтың дамыта оқыту технологиясы, Ш.Амонашвилидің ізгілікті-тұлғалық технологиясы, В.Шаталовтың оқу материалдарының белгі және сызба үлгілері негізінде қарқынды оқыту технологиясы, М.Чошановтың проблемалық оқыту технологиясы, П.Третьяковтың, М.Жанпейісованың модульдік оқыту технологиясы, В.Монаховтың, В.Беспальконың және басқа да көптеген ғалымдардың технологиялары қолданылуда. Қазақстанда Ж.Қараевтың, Ә.Жүнісбековтың және т.б. ғалымдардың оқыту технологиялары кеңінен танымал.
ХХІ ғасыр жаңа технологиялар мен жаңа білім беру ғасыры болғандықтан, ғылыми-техникалық прогрестің шапшаң дамып, қоғам дамуы салаларының мазмұны жаңарып, өзгеше сипат алуда. Осыған орай, педагогикалық технологияларды өзімнің Қазақстан тарихы сабағымда қолданамын.
Қазіргі ақпараттанудың өзіне тән ерекшелігі: білім беру өрісіне белсенді түрде кіру, арнайы оқытатын ортаны құруға бағытталған оқытудың жаңа технологияларын пайдалану және дамыту, ақпараттың өнімнің жаңа тәсілдері мен құралдарын оқу үрдісінің заңдылықтарына сәйкес қолдану. Оқушы үшін компьютердің маңызы қоршаған әлемді танудың табиғи құралы болып табылады. Қазақстан тарихы пәнін оқыту құралы ретінде компьютерді қолдану – оқу үрдісін белсендіруге, оқытуды жекешелендіруге, оқушының өзін-өзі бақылауына мүмкіндік туғызады. Мысалы: Қазақстан тарихы сабағында «Қазақстан Ұлы Отан соғысы жылдарында» деген тақырыпты өткенде сабақтың басында компьютерден тақырыпқа сәйкес фильмнен үзінді көрсетуге болады. Көрген бейне материалдар арқылы әр оқушы жеке-жеке компьютерде берілген тапсырмаларды орындайды.
Оқушылар интернет жүйесі және электронды пошта арқылы әлемдегі қоры бай кітапханалардан қажетті мәліметтерді алады. Қазіргі кезде, әсіресе Қазақстан тарихы сабағында, теледидар – негізгі бір білім беру жүйесінің ақпараттық құралы.
Қазақстан тарихы сабағында жан-жақты терең білім беруде «СТО» технологиясын қолдану ұтымды. Бұл жаңашыл технология мұғалім мен оқушылардың өзіндік дамуы, қызметінің еріктілігі мен белсенділігінің артуына негізделген. «СТО» технологиясын қолдану барысында «оқушы қызметі бақыланады және оның қызметінде кездесетін кедергілер айқындалып, одан шығу жолдары зерттеледі» деп есептеймін. Мысалы: оқушының «Мағынаны тану» кезеңіндегі қызметі – мәтіндегі негізгі мәліметті анықтау, талдау, тақырыпты зерттеу, қорытындылау, проблеманы анықтау, тарихи деректерді салыстыру, жоба құру арқылы жүзеге аспақ. Сонымен қатар жаңа материалдағы мәліметті «Үш түрлі түсіндірмелі күнделік» стратегиясы арқылы талдап, «Дискуссиялық картаны» пайдаланып, өз беттерінше тұжырым жасайды.
Модульдік оқыту дәстүрлі сабақтың құрылымын өзгерту мүмкіндігін беріп, тұрақты тәжірибелік дағдыларын қалыптастыру үшін уақыт үнемдеуге, оқушылардың теориялық білімді аз уақытта меңгеріп, шығармашылық жұмыстарға баулуға мүмкіндік береді.
Сын тұрғысынан ойлау, яғни оқу мен жазуды дамыту бағдарламасы – оқушының мұғаліммен, достарымен еркін сөйлесуге, пікір таластыруға, бір-бірінің ойын тыңдауға, құрметтеуге, өзекті мәселені шешу жолдарын іздей отырып қиындықты жеңуге көмектесетін технология. Сабақтарымда венн диаграммасын жиі қолдамын. Бұл арқылы оқушылар берілген жаңа тақырыпты өтілген материалдармен салыстыра отырып, айырмашылығын және ұқсастығын ажыратып, өз ойларын еркін жеткізе алады. Мысалы: Керей мен Жәнібек негізін қалаған Қазақ хандығы мен қазіргі Қазақстан Республикасына тән ортақ қасиеттер мен айырмашылықтарын көрсетеді.
Деңгейлеп-саралап оқыту оқытудың әдіс-тәсілдері арқылы оқушылар төменгі деңгейлік тапсырмалар бойынша өз бетімен жұмыс істеуге бейімделіп, берілген материалды дұрыс түсініп, ойын қорытындылайды. Ортаңғы деңгейлік тапсырма бойынша оқушы теориялық негізде алған білімін тәжірибе жүзінде іске асырады, тақырып бойынша өз ойын қорытып, өткен тақырып материалдарымен салыстырады, өз бетімен жұмыс істеуге талпынады. Жоғары деңгейлік тапсырма оқушының іс-әрекеті арқылы жүзеге асады, ойлау, іздену, шығармашылықпен жұмыс істеу қабілеті дами түседі, сөздік қоры молайып, сауаттылығы артады, ойын жүйелі, дұрыс жеткізуге тырысып, құбылыстарды өз ойынша жеткізуге қабілеттері ашылып, өзіндік ой-пікір қалыптасады, жаңа білім игеріледі, тың мәселелер шешіледі.
Жас ұрпақтың білімі мен біліктілігін заман үрдісіне қарай бағыттау – оқу орны мен мұғалімнің абыройлы міндеті. Сондықтан да мұғалімнің жүйелі педагогикалық технологияларды сабақтарында пайдалануы тиімді сабақ үрдісін өткізуге, мұғалім мен оқушының тығыз байланысына, оқушының шығармашылықпен жұмыс жасауына, өз ойын еркін жеткізе алуына, сөйлеу мәдениетінің қалыптасуына және білім сапасының артуына ықпалын тигізеді.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңы. Астана, 2004.
2. Әбдіғұлова Б.К. Қазақстан тарихын оқытуда оқушылардың өзіндік жұмыстарын ұйымдастыру жолдары. Алматы, 2000.
3. Бұзаубаева К.Ж. Жаңа педагогикалық технология. Алматы, 2004.
Соңғы жарияланған материалдар тізімі
Информация
Посетители, находящиеся в группе Гости, не могут оставлять комментарии к данной публикации.
Посетители, находящиеся в группе Гости, не могут оставлять комментарии к данной публикации.
Бөлімдер
История открытые уроки по истории |
Педагогика открытые уроки по педагогике |
Биология открытые уроки по биологии |
Информатика открытые уроки по информатике |
Математика открытые уроки по математике |
Физика открытые уроки по физике |
Химия открытые уроки по химии |
Разное открытые уроки |
География Открытые уроки по географии |
русский язык |