Ұстаздар сайты u-s.kz Сайттың атауы www.u-s.kz
» » Медициналық мекемелер гигиенасы


Медициналық мекемелер гигиенасы
СМК Ф.05-06

Астана қаласы әкімдігінің
«Медициналық колледжі» МКҚК

№3 арнайы пәндердің Келісілді Бекітемін
ЦК отырысында қаралды колледж әдіскері директордың оқу ісі
Төрайымы ___ С.Г. Касенова ___ А.Б. Тлеужанова жөніндегі орынбасары
№ ___ хаттама «___» 20__ ж. «___» 20____ ж. ___ И.В. Кадышева
«___» _____ 20___ ж.

Ашық сабақтың
әдістемелік талдамасы

Пәні: Жалпы гигиена

Тақырыбы: Медициналық мекемелер гигиенасы

Мамандығы: 0301000 «Емдеу ісі»

Курс: 2

Семестр: 3

Дайындаған: Сәтова Л.Т.


Сабақтың мақсаттары: Денсаулық сақтау объектілерінің құрылымына және оларды пайдалану барысында қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды түсіндіру.
Білімділік мақсаты: негізгі дидактикалық мақсаты білімді жалпылау және қорытындылау, ең түйінді мәселелерді айқындау, одан қорытынды шығару, өзара пікір алысу, дағдыларын қалыптастыру
Дамытушылық мақсаты: Медициналық мекемелерінің гиенасындағы негізін құрайтын басты ережелер мен нормаларды назарда ұстай отырып, логикалық қабілеттерін тереңдету, медициналық маңыздылығын және күнделікті жұмыс бабында қажеттілігін жеткізіп, қолдана білу. Пәнаралық байланысты одан әрі жетілдіру: жұқпалы аурулар, мейірбике ісі негіздері, хирургия, ішкі аурулар, акушерлік іс, фармакология пәндерінен алынған білімді гигиенада қолдану.
Тәрбиелік мақсаты: Медицинадағы сөз бен істің бірлігі, ауру мен медицина қызметкерлерінің арасындағы этикалық, деонтологиялық қарым-қатынас, медицина қызметкерлері арасындағы кәсіби жұқтыру жағдайларының және кәсіптік сипаттағы басқа да патологияның алдын алу шараларын білу. Білім алушылардың ерік жігерін, белсенділігін, эмоциясын, таным ықыласын, қабілетін қалыптастыру, салыстыру, қорытындылау және өзін өзі бақылауға, төзімділікке, өз бетінше жұмыс істеуге дағдыландыру.

Сабақтың түрі: аралас сабақ

Сабақтың берілген уақыты: 90 минут

Сабақтың өтетін жері: интерактивті тақта класы

Сабақтың кезеңдері:

1. Ұйымдастыру кезеңі – 3 минут
2. Үй тапсырмасын тексеру кезеңі – 15 минут
3. Білім алушыларды жаңа білімді игеруге дайындау кезеңі -3 минут
4. Жаңа білімді түсіндіру кезеңі – 40 минут
5. Жаңа білімді игергендігін тексеру кезеңі – 6 минут
6. Жаңа білімді бекіту кезеңі – 15 минут
7. Қорытындылау кезеңі – 5 минут
8. Үй тапсырмасын беру кезеңі – 3 минут

Сабаққа қажетті құрал жабдықтар: интерактивті тақта, компьютер, кестелер, суреттер, слайдтар, №87 Санитарлық ережелер, жұмыс бағдарламасы.

Пәнаралық байланыс: жұқпалы аурулар пәні, мейірбике ісі негіздері, хирургия, ішкі аурулар, акушерлік іс, фармакология пәндері.

Қолданылған негізгі әдебиеттер:

1. «Жалпы гигиена» Торғаутов Б.К., Сералиева М.Ш.,-Шымкент, «Нұрлы бейне», 2009
2. Г.И. Румянцев «Гигиена», Москва – 2002
3. И. И. Бурак, Ф.П. Филонов, С.М. Соколов, Е.С. Зятиков «Гигиена»,
Минск - 2004
4.Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 17 қантардағы қаулысымен бекітілген № 87 Санитарлық ережелері «Денсаулық сақтау объектілеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар»

Қосымша әдебиеттер:

1. Л.Ю.Трушкина А.Г. Трушкин, Л.М. Демьянова «Гигиена и экология человека», Ростов-на-Дону – 2003
2. Н.Ф.Измеров, В.Ф. Кириллов, Н.Н. Трахтман «Общая и коммунальная гигиена», Медицина - 1985



Сабақтың барысы:

№ Сабақтың кезеңдері Сабақтың өту бағыты Қосымшалар
ескертпелер
1. Ұйымдастыру кезеңі 1.Білім алушылардың сабаққа қатысуын, сырт пішіндерін, көңіл-үйлерін, дайындықтарын тексеру, бақылау.
2. Сабақтың жоспарымен, мақсатымен таныстыру.
2. Үй тапсырмасын тексеру кезеңі Жалпы сұрау, пәнаралық қайталау. «Миға немесе ойға шабуыл»:
1. Еңбек гигиенасы нені зерттейді?
2. Еңбек гигиенасының негізгі міндеті қандай?
3. Зиянды өндірістік факторлар дегеніміз не?
4. Мамандыққа байланысты ауру дегеніміз не?
5. Жұмыс кезінде ағзада қандай өзгерістер болады?
6. Шаршау мен зорығу дегеніміз не және олардың алдын алуы?
7. Өндірістік микроклимат, оның гигиеналық мағынасы
8. Өндірістік шу мен дірілдің гигиеналық мағынасы.
9. Шу мен дірілдің алдын алуында қандай шаралар жүргізіледі?
10.Өндірістік шаң, оның гигиеналық мағынасы
11. Шаң ауруларының алдын алуында қандай шаралар жүргізіледі?
Қосымша №1
3. Білім алушыларды жаңа білімді игеруге дайындау кезеңі Медициналық мекемелер гигиенасының маңызың, оның аурухана ішіндегі аурулардың алдын алуындағы үлкен мәселе екендігін түсіндіру. Қосымша №2
4. Жаңа білімді түсіндіру кезеңі Интерактивті тақтаны пайдалана отырып, жаңа тақырыпты түсіндіріп, дәріс беру Қосымша №3
5. Жаңа білімді игергендігін тексеру кезеңі Білім алушылардың түсінбеген сұрақтарын өз ара түсіндіру (бір-бірімен) оқытушының бақылауы толықтыруы арқылы
6. Жаңа білімді бекіту кезеңі Денсаулық сақтау мекемелерінің топтарын, аурухананың негізгі бөлімшелерін сызу, аурухананың аумағына және құрылымына қойылатын талаптарды пысықтау
7. Қорытындылау кезеңі Білім алушылардың білімдерін жеке-жеке бағалау
8. Үй тапсырмасын беру кезеңі 1. Ауруханаішілік аурулардың алдын алуы бойынша сызба түрінде схемасын құрастыру.
2. Тақырып бойынша сөзжұмбақ құрастыру.


Қосымша №1

«Миға немесе ойға шабуыл» сұрақтары:

1. Еңбек гигиенасы нені зерттейді?
2. Еңбек гигиенасының негізгі міндеті қандай?
3. Зиянды өндірістік факторлар дегеніміз не?
4. Мамандыққа байланысты ауру дегеніміз не?
5. Жұмыс кезінде ағзада қандай өзгерістер болады?
6. Шаршау мен зорығу дегеніміз не және олардың алдын алуы?
7. Өндірістік микроклимат, оның гигиеналық мағынасы
8. Өндірістік шу мен дірілдің гигиеналық мағынасы.
9. Шу мен дірілдің алдын алуында қандай шаралар жүргізіледі?
10.Өндірістік шаң, оның гигиеналық мағынасы
11. Шаң ауруларының алдын алуында қандай шаралар жүргізіледі?

Жауаптары:

1. Еңбек гигиенасы – гигиена ғылымының бір саласы, адамның атқаратын еңбегіне байланысты жұмыстың зиянды әсерін, мамандыққа байланысты аурудың алдын алу, жұмыс қабілетінің жоғары деңгейде сақталуын қамтамасыз ететін ғылыми негізделген тәжірибелік шаралар дайындайды.
2. Еңбек гигиенасының негізгі міндеті – жұмысты ұйымдастыруда және жұмыс жағдайында жоғары деңгейде өнім өндіру мен жұмыстың адам денсаулығына теріс әсерінің болмауын қамтамасыз ететін шараларды дайындау және оны өндіру болып табылады.
3. Зиянды өндірістік факторлар дегеніміз жұмысты ұйымдастыру немесе жұмысты орындау кезінде адамның денсаулығына теріс әсер ететін, жұмыс қабілетін төмендететін, жедел немесе созылмалы улану тудыратын, жалпы аурушаңдықты арттыратын, басқа да теріс әсер ететін факторлар.
4. Мамандыққа байланысты ауру дегеніміз өндірістік зиянды факторлардың әсерінен туындаған ауру.
5. Орындалатын жұмыстың түріне және ауырлығына байланысты адам ағзасында көптеген өзгерістер болады: жоғары жүйке жүйесінде, жүрек қантамыр жүйесінде және т.б.
Оймен істейтін жұмыс кезінде адамның жүйке жүйесінің қозу процесінде мидың көп бөліктеріне, оның ішінде үлкен мидың жұмысына көп күш түседі. Дене еңбегі кезінде орталық жүйке жүйесінен тараған серпіндердің әсерінен бұлшық еттерде өздеріне тән биохимиялық және биофизикалық процестер жүреді, олар бұлшық еттердің жиырылуын туындатады.
Ең алдымен адамның жұмыс қабілеті жайлап көтеріледі (қалыптасу кезеңі), ең жоғары шамаға 1-1,5 сағаттан кейін жетеді, бұл денгейдің ұзақтығы жұмыстың түріне байланысты болады, егер жұмыс жеңіл және жақсы ұйымдастырылған болса, ол денгей ұзағырақ сақталады, бұл денгейді жұмыс қабілетінің жоғары деңгейде сақталуы дейді. Жұмыс ауыр болған сайын адамның жұмыс қабілеті жұмыстың соңына таман төмендейді (шаршау кезеңі).
6. Шаршау адамда ауыр жұмыс, күшті көп жұмсайтын жұмыс және ұзақ төмендеуімен және шаршау сезімімен сипатталады. Шаршау кезінде адам өзін нашар сезінеді, жұмысқа деген қызығушылық пен көңіл бөлу нашарлайды, қимыл үйлесілімділігі бұзылады, жүрегі қағады, тынысы тарылады, жұмыс жасап жатқан бұлшық еттер ауырлық сезінеді.
Шаршау – күрделі физиологиялық процесс, жоғары жүйке жүйесінен басталып, ағзаның барлық жүйесіне таралады. Адам демалғаннан кейін шаршау қайтып, адамның жұмыс қабілеті қалпына келеді.
Зорығу – патологиялық процесс. Зорығу адам ауыр және ұзақ жұмыстан кейін жеткіліксіз дем алғанда және жұмыс қабілеті қайта қалыпына келмеген жағдайда пайда болады. Зорығу неврозға, жүрек қантамыр ауруларына, гипертония, асқазан жарасы ауруларының қозуына әкеліп соғады.
Шаршау мен зорығудың алдын алуында гигиеналық нормативтерді, жұмыс пен демалысты дұрыс ұйымдастыру, технологиялық, санитарлық-техникалық, емдеу-профилактикалық шараларды қолдану жатады.
7. Өндірістік микроклимат өңдірістін технологиясына және мерзімдік метеорологиялық жағдайға байланысты. Дене қатты қызып кеткен кездерде жылу беру және жылу бөлу балансының бұзылуы байқалып, адамның денесінің температурасы 38 градус және одан да жоғары көтеріледі, мұны гипертермия дейді. Мұндай жағдайлар ыстық цехтарда жұмыс істейтіндерде жиі кездеседі. Егер дененің қатты қызуымен қатар су – тұз балансы бұзылса, онда аурудың клиникалық көрініс белгілеріне аяқ бұлшық еттерінің ауырғаны мен сіңірінің тартылуы қосылады. Мұны «тартылу ауруы» дейді. Ыстық бөліп шығармайтын өндіріс орындарында гигиеналық нормативтер бойынша қысқы уақытта цехтың температурасы жеңіл еңбек түрінде 20-23°С, орташа ауыр еңбек түрінде 17-20°С, ал ауыр еңбек түрінде 16-18°С
болу керек. Ауа ылғалдығы 40-60%, ауа жылдамдығы жеңіл жұмыс кезінде – 0,2м/сек, басқа еңбек түрлерінде – 0,5м/сек дейін болу керек.
Ыстық цехтардағы микроклиматты нормада ұстап тұру үшін ыстық бөліп шығаратын пеш, қазандық, басқа да қондырғыларды ыстық өткізбейтін материалдармен қаптау керек, ол жылудың бөлінуін және ауаның қызуын тежейді. Жұмысшыларды жылулық сәуле ағынынан қорғау үшін жылуды өзінің бойына сіңіретін, жылуды шағылыстыратын экрандар қолдану керек.
Төменгі температураның әсерінен, салқындап қалудың алдын алу үшін қабырғалар мен төбелер жақсы жылу ұстайтын материалдан жасалғаны және қалын болғаны дұрыс. Қатты суықтарда ашық аспан астында жұмыс жасайтындар жылы киіммен немесе электр көмегімен қыздырылатын киімдермен қамтамасыз етілуі керек. Жұмысшылар жылынатын арнайы бөлмелер, уақытылы ыстық тамақпен және шаймен қамтамасыз ету керек.
8. Өндірістік процесстің көбі шумен байланысты. Шу дауыстың жиілігіне байланысты есту қабілетіне теріс әсерін тигізуі мүмкін. Қазіргі кезде қолданылып жүрген санитарлық ережелерге сай оймен атқарылатын жұмыс бөлмесінде шудың мөлшері 50 дБ, басқару бөлмелерінде - 60 дБ, шу шығаратын қондырғылар орналасқан бөлмелерде 80-85 дБ –дан көп болмауы керек.
Өндірістік діріл мынадай мамандықтардағы адамдарға әсер етеді: дірілдейтін құралдармен жұмыс істейтіндер – асфальт бұзатындар, пневматикалық құралдармен: бұрғылау, қол бұрғы, пневматикалық немесе булы балғалармен жұмыс істейтіндер, әр түрлі көлік жүргізушілер, трактор, комбайн және бульдозер жүргізушілері. Діріл ауруының бірнеше түрлері болады: дірілдің жергілікті (локальды) түрі – діріл белгілі бір мүшеге әсер еткен кезде байқалады, мысалы, пневматикалық құралмен жұмыс істеген кезде қолға әсер етіп, ангионевроз ауруын туындатады. Ол кезде адамның саусағында сезу қабілеті нашарлайды, терісі боз болып, саусақтары ауырады. Ұратын балғамен жұмыс жасайтындардың тірек-қимыл және бұлшық ет аппараттары зақымдалады. Орталық жүйке жүйесінің және эндокринді жүйенің жұмысының бұзылуы байқалады.
9. Шу мен күрес кезінде ең алдымен шудың шығу себебін анықтап, соны жою керек. Шуды көп шығаратын цехтарды бөлек ғимараттарда, шет жаққа орналастыру керек, мұндай цехтардың қабырғалары шуды бәсеңдететін материалдардан тұрғызылу керек. Шуға қарсы құралдар (антифондар, наушниктер) қолданылады. Дірілдің алдын алуында діріл шығаратын машиналар мен құралдарды дірілді аз шығаратын немесе мүлдем шығармайтын жаңа түрлерін ойлап шығару. Діріл шығаратын құралдармен жұмыс уақытын шектеу. Әр 1 сағат жұмыстан кейін 10-15 мин үзіліс жасалып тұру керек және жұмыстарды бригадалар атқарғаны дұрыс, олар жұмыс кезінде бірін-бірі ауыстырады. Жеке қорғаныс құралдарын қолдану – екі қабатты қолғаптар кию және арнайы дірілді бәсеңдететін аяқ киімдер кию. Жұмыс соңында қолға жылу су ванналарын қабылдап, содан кейін массаж жасау.
10. Өндірістік шаң көптеген өндірістік процесс кезінде пайда
болады: майдалау, тегістеу, егеу, елеу, бөлу, бұрғылау және т.б.
Шаңның адам ағзасына әсері оның химиялық құрамына, ауаның шаңдану
дәрежесіне, шаң бөлшектерінің өлшемдеріне және пішініне байланысты.
Көлемі 10 мкм –ден аз шаңдар ауада ұзақ уақыт қалқып жүреді, олар тыныс
алу жолдары арқылы өкпенің терең жерлеріне барып шөгеді де,
пневмокониоз ауруын туындатады. Шаңның түріне, этиологиясына,
патогенезі және клиникасына байланысты былай бөлінеді: силикоз,
силикатоз, антракоз және аралас шаңдардан болған пневмокониоздар.
11. Көптеген өндірістерде шаңды жою немесе азайту үшін
технологияны өзгерту қажет. Мысалы, құрғақ әдістерді сулы әдістерге
алмастыру, өндірісті механизациялау, герметизациялау, тиімді желдетуді жүргізу, жеке сақтандыру құралдарын қолдану және медициналық тексеру кіреді. Шаңнан қорғайтын респираторлар, маскалар, көзілдіріктер, арнайы киімдер қолдану жатады.
Гигиеналық нормативтер бойынша шаңның деңгейі шектеулі рұқсат етілген
концентрациядан аспауы керек.


Қосымша №2

Сабақтың жоспары:

1. Медициналық мекемелерінің бөлінген жер бөлігіне және аумағына
қойылатын талаптар.
2. Бөлімшелердің, ғимараттар мен жеке ғимараттардың жоспарлы- сәулеттік және құрылымдық шешімдеріне қойылатын талаптар.
3. Бөлімшелердің ішін әрлеуге қойылатын талаптар.
4. Денсаулық сақтау объектілерінің үй-жайлары мен жабдықтарын
күтіп-ұстауға қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық
талаптар
5. Денсаулық сақтау объектілерінде санитариялық-эпидемияға қарсы
(профилактикалық) іс-шараларды ұйымдастыруға және жүргізуге
қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар

Тақырыптың өзектілігі:

Медициналық мекемелерінің жер бөлігіне, аумағына, жоспарлауына және санитарлық-техникалық жабдықтауына қойылатын гигиеналық талаптарын өндеу барысында екі негізгі жағдайға тоқтауымыз керек:
1. ауруханада науқасқа барлық қолайлы жағдай жасалып, емдеу тәртібі сақталып, қоршаған ортаның жағымсыз әсері мен аурухана ішіндегі инфекцияларының алдын алуы;
2. емдеу алдын алу мекемесі – ол медицина қызметкерлерінің радиоактивтік, рентген, лазер сәулесі, ультрадыбыс, әр түрлі дәрі дәрмектер қолданылатын өндіріс ортасы болып табылады.
Халыққа медициналық көмекті әр қарай жетілдіріп дамыту, көп салалы және арнайы ауруханалалардың ұйымдастыруылуымен және оларды жоғары сапалы медициналық және инженерлік жабдықтаулармен қамтамасыз етіп, барлық медициналық-технологиялық және санитарлық-гигиеналық талаптарға сай жұмыс істеуіне байланысты.

Қосымша №3

Тақырыбы: Медициналық мекемелер гигиенасы.

Медициналық мекемелер гигиенасы – ережелер мен нормалардың жүйесін өңдеп шығаратын, науқас адамды емдейтін және ауруханаішілік індетті болдырмауға тиімді жағдай жасайтын гигиена ғылымының бөлімі.
Денсаулық сақтау мекемелерін екі топқа бөлуге болады: а) емдеу-профилактикалық (аурухана, диспансерлер, перзентханалар, поликлиникалар, санаторилер және т.б.); б) санитарлық – профилактикалық (санитарлық-эпидемиологиялық стансиялар, санитарлық ағарту үйлері және т.б.).
Неізгі емдеу-профилактикалық мекеме - аурухана.
Аурухананың негізгі бөлімшелері:
1. Қабылдау бөлімшесі.
2. Палаталық бөлімшелер (терапиялық, хирургиялық, балалар, акушерлік, гинекологиялық, неврологиялық және т.б.).
3. Емдеу-диагностикалық бөлімшелері, оларға кіретін: а) операция блогы; б) анестезиология және реанимация; в) функционалдық диагностика бөлімшесі; г) рентген бөлімшесі; д) реабилитация бөлімшесі; е) қан дайындау бөлімшесі және т.б.
4. Паталогоанатомдық бөлімшесі.
5. Аурухананың басқа да бөлімшелері: орталықтандырылған стерилизация бөлімшесі, аптека, ас дайындау, кір жуатын, гараж және т.б.

Медициналық мекемелеріне қойылатын талаптар Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 17 қантардағы қаулысымен бекітілген № 87 Санитарлық ережелері «Денсаулық сақтау объектілеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар»
Осы ережеде қолданылатын терминдер:
1) антисептик – микробтарды жою мақсатында теріге немесе тінге қолдануға арналған микробқа қарсы химиялық агент;
2) асептикалық режим – микробтардың жараға түсуінің алдын алатын санитариялық-техникалық және санитариялық-гигиеналық іс-шаралар кешені;
3) асептикалық бөлімше – науқаста іріңді инфекция болмағанда медициналық көмек көрсетуге арналған үй-жай;
4) бокс – сырттан науқас келіп түсуіне арналған, жеке есігі бар үй-жай. Оның құрамына: палата, санитариялық торап, ванна және шлюз кіреді;
5) жеке босандыру палатасы немесе бірге болу палатасы – босанатын бір әйелді босандыруға арналған, санитариялық торабы бар, босанған әйел жаңа туған нәрестесімен стационардан шыққанға дейін болатын, жабдықталған үй-жай;
6) медициналық қалдықтарды қауіпсіз жинауға және кәдеге жаратуға арналған контейнер (бұдан әрі – ҚЖКЖК) – медициналық қалдықтарды жинауға және қауіпсіз кәдеге жаратуға арналған су өткізбейтін және тесілмейтін, бір рет қолданылатын сыйымдылықтар;
7) медициналық қалдықтар – медициналық қызметтер көрсету және медициналық мапипуляциялар жүргізу үдерісінде пайда болатын қалдықтар;
8) санитариялық-эпидемияға қарсы режим – денсаулық сақтау объектілерінде инфекциялық және паразиттік аурулардың алдын алу және таратылуы жөніндегі іс-шаралар кешені;
9) обсервациялық бөлімше – жұқпалы аурулардың белгісі бар босанатын әйелдерді жатқызуға арналған перзентхананың бөлімшесі;
10) физиологиялық бөлімше – жұқпалы аурулары жоқ босанатын әйелдерді жатқызуға арналған перзентхананың бөлімшесі

Елді мекендерді жоспарлаудың бекітілген бас жоспарына және жобасына сай ауруханалар тұрғылықты халық тұратын, көгалдандырылған аймақта немесе қала шетінде орналасуы тиіс. Елді мекендер орналасқан жерлерде ауруханаларды орналастыру үшін емдеу және палаталы корпустарды ауруханалар мен перзетханалар ғимаратының қабатына байланысты тұрғын үйлерден кем дегенде 50 м алыс орналастыру қажет:

1) арнайы ауруханалар, немесе сыйымдылығы 1000 орыннан артық кешендер, науқастар ұзақ уақыт жататын, сондай-ақ ерекше тәртіппен жұмыс жасайтын (туберкулездік, психиатриялық) стационарлар қала шетінде немесе шет аудандарда, когалдандырылған жерлерде, тұрғылықты халық тұратын жерлерден кем дегенде 500 метрден кем емес арақашықтықта орналастырылады;
2) аурухана ғимаратын орналастыру, ғимараттары қайта жаңарту мен қайта жабдықтау (қайта жобалау) Мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық органдармен міндетті түрде келісілуі қажет;
3) жер бөлігін таңдаған кезде желдің бас бағытын есепке алу керек. Аурухананы бұрын қоқыс орны болған жерге, ассенизация алаңына, сонымен қатар органикалық, химиялық заттармен бүлінген жерлерге салуға рұқсат етілмейді;
4) ауруханалардың учаскелері темір жолдардан, аэропорттан, автомагистралдардан және қолданылып жүрген нормативтік құжаттарға сәйкес орындалған физикалық факторларға әсер етудің басқа да қуат көздерінен алыс орналасуы қажет;
5) ауруханалардың аумағы көркейтіліп, көгалдандырылуы қажет. Жасыл желектер мен газондардың учаскелерінің жалпы ауданының 60% құрауы керек.
Ауруханалардың жер бөлігі биіктігі 1,6 м кем емес қоршаулармен, ал психиатриялық аурулар ауруханасы биіктігі 2,5 м қоршаумен қоршалуы қажет.
6) аурухана аумағында тегіс, кіріп-шығуға қолайлы жолдар болуы керек.
7) көп бейінді ауруханалардың құрамына кіретін инфекциялық, психиатриялық, тері-венерологиялық, туберкулезге қарсы бөлімшелер жеке тұрған ғимараттарға орналастырылады.
8) жұқпалы аурулар ауруханасының аумағы «таза» және «лас» деген бөлікке бөлініп, олар бір-бірінен жасыл желектер қатарымен бөлінуі қажет.
9) инфекциялық және туберкулезге қарсы бөлімшелерде көлік кіретін (адам кіретін) есік және көлікті дезинфекциялауға арналған алаң көзделуі қажет.
10) аурухана учаскесінде орналасқан ғимаратттар аралығы күн сәулесінің, жарықтың жақсы түсуін қамтамасыз ететін болып, шудан қорғалып, жақсы желдетілуі қажет.
Ауланы тазарту жұмыстары күнделікті жүргізіліп отырылуы тиіс. Тұрмыстық қалдықтар мен қоқыс жинауға қоқысжинағыштар пайдаланылады. Қоқысжинағыштардың қақпағы болу керек және арнайы бөлінген бетондалған немесе асфальтталынған, тазалауға және зарарсыздандыруға ыңғайлы алаңда орналасуы қажет. Қоқысжинағыш орналасқан алаң қоршалуға тиіс. Қоқыс жәшігі орналасқан жердің палаталы және емдеу-диагностикалық корпусқа дейінгі аралығы 25 метрден кем болмауы керек. Жиналған қоқысты және тамақ қалдықтарын күн сайын шығарып тұру қажет.
Аурухана ғимараттарының жоспарлы-сәулеттік және құрылымдық шешімдеріне қойылатын талаптар:
1)Ішкі үй-жайлары қатаң түрде аймаққа бөлінетін (стерилді аймақ,
қатаң режим аймағы, «лас» үй-жайлар аймағы) септикалық және асептикалық операциялық блоктар (бөлімшелер) оқшауланған ғимаратта, ғимараттың жапсарлас блогында немесе оқшауланған секцияларында орналастырылады. Операциялық блокты басқа емдеу корпустарынан тыс орналастырған кезде жылытылған өтпелер көзделуі қажет. Кезек күттірмейтін хирургияға арналған операциялық бөлімшелерді қабылдау бөлімшесінің құрамында орналастыруға болады.
2)Операциялық блоктарды бірінің үстіне бірін орналастырған кезде
септикалық операциялық блоктар асептикалықтан жоғары орналастырылады.
3)Операциялық блоктар (бөлімшелер) әрі-бері өтетін жолда болмауы
тиіс. Персоналдың кіруі санитариялық өткізгіштер арқылы, науқастар үшін шлюздер арқылы көзделеді.
4)Операциялық блокта (бөлімшеде) мынадай үш бөлек ағынның қозғалысы қамтамасыз етілуі тиіс: «стерилді» (хирургтар мен операциялық мейірбикелер), «таза» (науқасты жеткізу, анестезиологтардың, кіші және техникалық персоналдың, таза киім-кешектің, дәрі-дәрмектердің өтуі), «лас» (медициналық қалдықтарды, пайдаланылған киім-кешекті, таңу материалын шығару).
5)Ана мен баланы қорғаудың дербес объектілері мен көп бейінді ауруханалар бөлімшелерінде бөлімшелерді аймаққа бөлу, олардың толу және санитариялық өңдеу кезеңділігі қамтамасыз етілуі тиіс.
6)Перзентханалардың (бөлімдердің) қабылдау бөлімшелерінде босанатын және жүкті әйелдерді санитарлық тексеру екі түрлі жекешеленген ағын арқылы жүргізіледі: физиологиялық бөлімшеде, жүкті әйелдер патологиясы бөлімшесі мен обсервациялық бөлімшеде.
7)Обсервация бөлімі 1 қабатта орналасады және мүмкіндігінше негізгі ғимаратта (қосымша құрылыста), жүкті әйелдер патологиясы, гинекологиялық және физиологиялық бөлімшелердің үстінгі қабатына орналастырылады. Вестбюль мен сүзгіштен басқа, барлық үй-жайларды физиологиялық және обсервациялық бөлімдер үшін бөлек орналастыру қажет.
8)Гинекологиялық, босандыру бөлімшелерінің қабылдау бөлімшелерінде және балалар стационарының қабылдау бөлімшесінде гардеробы мен себезгісі бар, персоналға арналған санитариялық өткізгіштер жабдықталады.
9)Инфекциялық бөлімшелерде жалпы палаталардан басқа бокстар мен жартылай бокстар көзделуі қажет. Бокстар мен жартылай бокстардың құрамына дәретхана мен ваннадан тұратын санитариялық торап, палата мен дәліз арасындағы шлюз кіреді. Бокста сыртқа шығатын тамбур болуы тиіс.
10)Палаталарда төсектер алаңға қатаң сәйкес, бірақ әр палатада төрт төсектен асырмай орнатылады. Палатадағы аурухана төсектері және палатаның жалпы ауданы СНиП –ке сәйкес, 4 төсектен артық болмауы тиіс. Бір жасқа дейінгі балалар палатасында, сонымен қатар обсервациялық акушерлік бөлімшелердің нәрестелер палатасының орны 2 төсектен артық болмауы керек. Палатадағы төсекті терезе қабырғасына паралель орналастыру қажет. Терезесі бар қабырғадан төсекке дейiнгi ара қашықтығы 0,9 метрден кем болмауы керек.
11)Күндізгі стационар жеке блокта орналастырылады және мынадай
үй-жайлар жиынын қамтиды: күту аймағы 10,0 шаршы метр (бұдан әрі - м2), дәрігер кабинеті 10,0 м2, емшара кабинеті 10,0 м2, ересек адам үшін бір төсекке 6,0 м2, бала үшін 4,5 м2 есебінен күндіз болатын палаталар, санитариялық торап.
12)Жаңадан салынып жатқан және жұмыс істеп тұрған ауруханалар
су құбырымен, канализациямен, орталықтандырылған ыстық сумен, жылумен, желдеткішпен (керек болған жағдайда ауаны кондициялау жүйесiмен) жабдықталуы керек. Жылу беру, желдету жүйелерi және ауаны кондициалау үй-жайлардағы микроклимат пен ауа тазалығын гигиеналық нормаларға сәйкес қамтамасыз етуi тиiс. Операция жасайтын бөлмелерден басқа үй-жайлардың барлығында сорып-шығаратын механикалық қондырғышпен қосылған желдеткiштен басқа табиғи желдету болуы тиiс.

Аурухана бөлмелерінің ішкі бетін әрлеу олардың функционалдық тағайындауларына сәйкес орындалуы тиіс. Қабырғалардың, арақабырғалар мен төбе беттері тегіс, ылғалды тазалау мен зарарсыздандыру үшін қолайлы болуы керек.
1. Ағымдық ылғалды дезинфекция жасалатын, ылғалды жұмыс режимі бар үй-жайларда (операциялық, таңып-байлау, босандыру, операция алды, наркоз беретін, емшара, манипуляциялық, микобактериялары көптеген дәрілерге тұрақты туберкулезбен ауыратын науқастарға арналған стационар үй-жайлары, сондай-ақ ванна, себезгі бөлмелері, санитариялық тораптар, клизма жасайтын, лас киім-кешекті сақтауға және бөлшектеуге арналған үй-жай) қабырғалары әшекейлі тақталармен немесе басқа да ылғалға төзімді материалдармен барлық биіктігі бойынша қапталады.
2. Палаталарда, кабинеттерде, дәретханаларда, емшара, таңып-байлау және қосалқы үй-жайларда араластырғыштар арқылы ыстық және суық су келіп тұратын қол жуғыштар орнатылады. Құрал-сайманды өңдеу жүргізілетін кабинеттерде қол жууға және құрал-сайманды өңдеуге арналған жеке раковина көзделеді.
3. Операция алды, таңып-байлау, босандыру залдары, реанимация залдары, емшара кабинеттері, жаңа туған нәрестелер палаталары жанындағы мейiрбикелер постылары, хирургиялық, гинекологиялық кабинеттер, бокстар, жартылай бокстардың шлюздері, зертханалар шынтақ крандары қондырғысы бар қолжуғыштармен, сұйық антисептикалық сабыны мен антисептиктер ерітіндісі бар шынтақ дозаторларымен жабдықталады.
Ана мен баланы қорғау ұйымдарында хирургиялық және инфекциялық стационарларда әрбір бөлімшеге кіреберісте қолды өңдеу үшін антисептігі бар шынтақ дозаторлары орнатылады.
Медицина персоналының қолды өңдеу үшін антисептігі бар жеке дозаторларын пайдалануына қосымша жол беріледі.
4. Жаңа туған нәрестелер палаталарында балаларды жуындыру үшін кең тостағаны бар және араластырғыш арқылы ыстық және суық су келіп тұратын раковина орнатылады.

Денсаулық сақтау объектілерінің үй-жайлары мен жабдықтарын күтіп-ұстауға қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар
1. Үй-жайларды ылғалды жинау (еденді, жиһазды, жабдықты, терезе алдын, есіктерді) Қазақстан Республикасында қолдануға рұқсат етілген жуу және дезинфекциялау құралдарын пайдалана отырып, тәулігіне кемінде екі рет (операция жасалатын орындарда операциялар арасында) жүргізіледі.
2. Медицина жиһазының сыртқы және ішкі беті тегіс болуы және жуу және дезинфекциялау құралдарының әсеріне төзімді материалдардан жасалған болуы тиіс.
3. Қазақстан Республикасында қолдануға рұқсат етілген жуу және дезинфекциялау құралдарын пайдалана отырып палаталы бөлімшелердің үй-жайларын, функционалдық үй-жайларды және кабинеттерді күрделі жинау қабырғаны, еденді, жабдықтарды, мүкәммалды, шамшырақтарды өңдей отырып, айына бір рет және эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша жүргізіледі.
4. Науқас ауруханадан шығарылғаннан кейін, ауыстырылғаннан, қайтыс болғаннан кейін босатылған палатада қорытынды дезинфекция типі бойынша жинау жүргізіледі, төсек жабдықтары (матрастар, жастықтар, көрпелер) камералық дезинфекциялауға және дезинфекциялау ерітіндісімен өңдеуге жіберіледі.
5. Операциялық блокты, таңып-байлау, босандыру залдарын, емшара, манипуляциялық, стерилдеу үй-жайларын, қарқынды терапия палаталарын, асептикалық режимді үй-жайларды ауқымды жинау жабдықты, жиһазды, мүкәммалды өңдеу және дезинфекциялау арқылы аптасына бір рет жүргізіледі.
6. Операциялық, таңып-байлау, босандыру залдарында, реанимация палаталарында, жаңа туған және шала туған нәрестелер мен бір жасқа дейінгі нәрестелер палаталарында, емшара, инфекциялық бокстарда, сүт бөлмелерінде, асептикалық режимді үй-жайларда әрбір жинаудан кейін отыз минутқа ультракүлгін сәулелегіштер қосылады.
7. Экрандалмаған жылжымалы бактерицидті сәулелендіргіш үй-жайдың бір текше метріне (бұдан әрі - м3) 2,0-2,5 вт қуат есебінен орнатылады. Экрандалған бактерицидті сәулелендіргіштер үй-жайдағы адамдарға сәуленің бағытталмауы жағдайында үй-жай көлемінің 1 м3-не 1,0 вт қуат есебінен еденнен 1,8-2,0 метр биіктікте орнатылады. Қарқынды үздіксіз жүктемесі бар үй-жайларда ультракүлгін рециркуляторлар орнатылады.
Шамдарға арналған ажыратқыш үй-жайға кіреберісте орналасады және мемлекеттік және орыс тілдеріндегі «Кіруге болмайды, бактерицидті сәулелегіш қосылып тұр!» деген жарық берілетін тақтамен блокталады.
8. Науқастардың киімдерін ауыстыру жеті күнде кемінде бір рет және ластануына қарай жүргізіледі. Босанған әйелдердің төсек жабдығын ауыстыру әрбір үш күн сайын, іш киімдері, сүлгі және төсем сулықтар күнсайын жүргізіледі.
9. Операциялық, босандыру блоктарында, асептикалық режимдегі үй-жайларда ауруханалық стерилді немесе бір реттік киім-кешек пайдаланылады.
10. Пайдаланылған киім-кешекті жинау тығыз арнайы ыдыста (клеенка, полиэтилен қаптар, жабдықталған киім-кешекке арналған арбалар) жүзеге асырылады. Бөлімшелерде лас киім-кешектерді бөлуге жол берілмейді.
11. Бөлімшелерде лас киім-кешектерді уақытша сақтау (он екі сағаттан асырмай) санитариялық бөлмелерде, осы мақсат үшін арнайы бөлінген үй-жайларда жууға және дезинфекциялауға жеңіл (металл, пластмасса бөшкелер) жабық ыдыста жүзеге асырылады. Лас киім-кешектермен жұмыс істеу үшін персонал ауыстырылатын санитариялық киіммен қамтамасыз етіледі.
12. Таза киім-кешектер арнайы бөлінген үй-жайларда стеллаждарда, шкафтардағы сөрелерде сақталады.
13. Киім-кешектің ауруханадан тыс киім-кешекпен жанасу мүмкіндігін болдырмайтын арнайы технологиялық желілер бөлінген жағдайда, барлық меншік нысанындағы кір жуу орындарында киім-кешекті жууға жол беріледі. Инфекциялық, іріңді хирургиялық және патологиялық-анатомиялық бөлімшелердің киім-кешектері жуу алдында дезинфекцияланады.
14. Стационардың таза және лас киім-кешектерін тасымалдау қаптамаланған күйде арнайы бөлінген көлікте жабық таңбаланған ыдыста («таза» немесе «лас» киім-кешек) жүзеге асырылады.

Денсаулық сақтау объектілерінде санитариялық-эпидемияға қарсы (профилактикалық) іс-шараларды ұйымдастыруға және жүргізуге қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар

1. Қабылдау бөлімшесінде барлық келіп түсетін науқастардың жұтқыншағын қарау, температурасын өлшеу, сырқатнамасына белгі қоя отырып, педикулезге, қышымаға, дерматомикозға тексеру жүргізіледі. Зертханалық зерттеулер жүргізу үшін көрсеткіштер бойынша биоматериал алу жүргізіледі.
2. Инфекциялық ауруға күдіктену кезінде пациентті инфекциялық аурулар бөлімшесіне (ауруханаға) ауыстырғанға дейін қабылдау бөлімшесінің жанындағы диагностикалық палатаға оқшаулайды.
3. Науқастар стационарға келіп түскен кезде қабылдау бөлімшесінде санитариялық өңдеуден өтеді және таза іш киімдер, пижама, аяқ киім жиыны беріледі. Стационарда, туберкулезге қарсы ұйымдарда емделіп жатқан науқастарды қоспағанда, науқастардың үй киімімен жүруіне жол беріледі.
4. Босанатын әйелге айғақтар бойынша тексеруден кейін немесе әйелдің қалауы бойынша санитариялық өңдеу жүргізіледі.
5. Науқастарды емдеуге жатқызу кезінде палаталардың (үш күн ішінде) толықтырылу циклі сақталады.
6. Іріңді-септикалық инфекциямен ауыратын науқастарды іріңді хирургия бөлімшесіне, ол болмаған кезде бөлек оқшауланған палатаға жатқызған жөн.
7. Ірің бөлінетін пациенттерді таңу септикалық таңу бөлмесінде, ол болмаған кезде ірің бөлінбейтін пациенттерді таңып-байлағаннан кейін асептикалық таңу бөлмесінде жүргізіледі.
8. Босандыру палатасында ауаның температурасы кемінде +250С болуы тиіс. Егер мерзімінен бұрын босану күтілетін болса, ауаның температуры кемінде +280С болуы тиіс.
9. Ана мен бала бірге болатын палатада жаңа туған нәрестелер үшін жеке балалар төсектері және жаңа туған нәрестелерге арналған құндақтайтын үстел орнатылады.
10. Секциялық үстелдер, каталкалар, зембілдер және мәйіттерді тасымалдауға арналған басқа да құрал-жабдықтар жуу және дезинфекциялау құралдарына төзімді, су өткізбейтін материалмен қапталады.
11. Еден күн сайын жуу құралдарымен жуылады, қабырға панельдері, есіктер ластануына қарай, бірақ аптасына бір реттен сиретпей жуылады.
12. Персоналдың боксқа кіру есігі арнайы киімді ауыстыру, қолды жуу және дезинфекциялау жүргізілетін шлюздер арқылы инфекциялық емес «шартты таза» дәліз арқылы көзделеді.
13. Инфекциялық аурулар бөлімшесінің бокстарында палатаға шлюздерден әйнектелген жақтаулар, шлюзден палатаға тамақ, дәрілік заттар мен киім-кешекті жеткізуге арналған беру шкафы көзделеді. Боксталған палаталарда осы шкафтар дәлізден палатаға ұйымдастырылады. Науқастардың тамақтануы палатада жүзеге асырылады.
Осы жоғарыда аталған барлық санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды орындаған кезде аурухана ішіндегі жұқпалы аурулардын болмауына себеп болады.
Ауруханада ауырудың пайда болу жағдайларын анықтау мен тіркеу, оларға эпидемиологиялық зерттеу жүргізу, жұғудың механизімі мен себебін, қоздырғыштарды анықтау, оларды жоюға арналған шараларды дайындау және аурухана ішіндегі жұқпалы аурулардың алдын алуын келесі лекцияда жалғастырамыз.
Соңғы жарияланған материалдар тізімі
ТУБЕРКУЛЕЗ-ЖҰҚПАЛЫ ДЕРТ
Тамақтану гигиенасы
Тамақпен улану
Қазақ Тағамтану академиясының атқарып жатқан жұмыстары мен жетістіктері
Медициналық генетика және кейбір тұқым қуалайтын аурулардың алдын алу мен емдеу
Ұрықтың дамуы
ОҚУШЫЛАРДЫҢ БІЛІМ, БІЛІК ЖӘНЕ ДАҒДЫЛАРЫНА ҚОЙЫЛАТЫН ТАЛАПТАР
Үй-жайлардың күтімі
Шу мен дірілдің адамға әсері
Пластикалық түтіктерді утюг құралы арқылы бір-біріне қосу және біріктіру жұмыстары

Автор Сатова Лязат Тилеубаевна

ГККП "Медицинский колледж" акимата г.Астаны

Бөлім: Материалы / Қосымша жинақтар | Көрсетілім: 21716 | Қосты: NA | Ілмек сөздер:
Информация
Посетители, находящиеся в группе Гости, не могут оставлять комментарии к данной публикации.
Бөлімдер
Авторлық бағдарлама
Коучинг жоспарлары
Мектеп әкімшілігі
Мектептен тыс мекемелер
Сыныптан тыс жұмыс
Оқушымен жұмыс
Тәрбие сағаты
Ата-аналармен жұмыс
Қосымша жинақтар
Бастауыш сыныпқа арналған ашық сабақтар
Қазақ тілінен ашық сабақтар
Әдебиеттен ашық сабақтар
Открытие уроки по русскому языку
Уроки литературы
Ағылшын тілінен ашық сабақтар
Биологиядан ашық сабақтар
Химиядан ашық сабақтар
Физикадан ашық сабақтар
Математикадан ашық сабақтар
Информатикадан ашық сабақтар
Тарихтан ашық сабақтар
Географиядан ашық сабақтар
Адам және қоғам пәнінен ашық сабақтар
Психологиядан ашық сабақтар
АӘД пәнінен ашық сабақтар
Өзін-өзі тану пәнінен ашық сабақтар
Құқықтан ашық сабақтар
Экономикадан ашық сабақтар
Музыкадан ашық сабақтар
Технологиядан ашық сабақтар
Дене шынықтыру пәнінен ашық сабақтар
Сызу сурет пәндерінен ашық сабақтар